Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Батысирригация" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу тәртібі мен шарттарын іске асыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы № 284 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 "Азаматтық қызметшілердің, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесі туралы" қаулысының 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Батысирригация" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары бекітілсін.

      2. "Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты" мемлекеттік мекемесі осы қаулының Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілері эталондық бақылау банкінде оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді.

      Облыс әкімі Н. Төреғалиев

  Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің 2025 "___" ________
№ __ қаулысымен бекітілген

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Батысирригация" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Батысирригация" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – "Батысирригация" КММ) қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 "Азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесі туралы" қаулысының 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Батысирригация" КММ қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу тәртібі мен шарттарын анықтайды.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабының 37) тармақшасына сәйкес еңбекақы – қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасына және жағдайларына байланысты еңбек үшін сыйақы, сондай-ақ өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдер.

      3. Мемлекеттік басқару органы – "Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі, "Батысирригация" КММ-нің жарғысына сәйкес уәкілетті орган болып табылады.

      4. "Батысирригация" КММ қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларын төлеуге арналған бюджет қаражаты мекеменің әрбір қаржы жылына арналған қаржыландыру жоспарында көзделуі тиіс.

2-тарау. Қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу шарттары

      5. Ынталандыру үстемақыларын персоналды ынталандыру және білікті кадрлар құрамын сақтау мақсатында белгіленетін төлемдер болып табылады.

      6. Осы қаулыда көрсетілген "Батысирригация" КММ қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақылары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысында көзделген материалдық көмек пен ынталандыру төлемдерінің қолданыстағы түрлеріне қосымша төлемдер болып табылады.

      7. Ынталандыру үстемақыларын төлеу қызметкерлердің еңбегін ынталандырудың басқа түрлерін (сыйлықақылар, қосымша төлемдер, лауазымдарды қоса атқару, қызмет көрсету аймағын кеңейту, үстеме жұмыс және т.б.) тоқтатуға негіз болмайды.

      8. Ынталандыру үстемақылары күнтізбелік жыл ішінде төленеді.

      9. Ынталандыру үстемақылары еңбекақы төлеудің негізгі көрсеткіштерін талдау, бюджет мүмкіндіктері және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзгеруі негізінде жыл сайын қайта қаралуы мүмкін.

      10. "Батысирригация" КММ қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларын төлеуді қаржыландыру көзі жергілікті бюджет болып табылады.

      11. Мемлекеттік басқару органы мекеменің бірінші басшысының ұсынысы негізінде "Батысирригация" КММ қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларының мөлшерін белгілейді.

3-тарау. Қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу тәртібі

      12. Мемлекеттік басқару органы белгіленген ынталандыру үстемақыларының мөлшері негізінде қосымша бюджет қаражатына қажеттілікті қалыптастырады және бюджеттік өтінімді жергілікті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жолдайды.

      13. Жергілікті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес ынталандыру үстемақыларын төлеуге қажетті бюджет қаражатын жергілікті бюджеттен көздейді және бюджет жобасын Батыс Қазақстан облысының мәслихатына жолдайды.

      14. Уәкілетті орган ынталандыру үстемақыларының мөлшерін белгілегеннен кейін "Батысирригация" КММ директоры қызметкерлерге ынталандыру үстемақыларын төлеу туралы бұйрық шығарады.

      15. "Батысирригация" КММ директоры қызметкерлердің еңбек және/немесе атқарушылық тәртібін бұзуы жағдайында, тәртіптік жаза қолданылу кезеңінде ынталандыру үстемақысын төлеуді тоқтату туралы бұйрық шығарады.

      16. Ынталандыру үстемақылары директорға, директордың орынбасарына, бас инженерлерге, инженерлерге, энергетикке, бас механикке, слесарь-механиктерге, дәнекерлеушіге, машинистерге, жүргізушілерге және учаске бастықтарына төленеді.

      17. Ынталандыру үстемақылары қызметкер сынақ мерзімінде болған кезеңде төленбейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады