Өскемен қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы № 40/9-VIII шешімі

      Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 14-1-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-9-тармағына, "Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36186 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 187 бұйрығына сәйкес, Өскемен қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санаттарының тізбесі осы шешімнің 1,2-қосымшаларына сәйкес айқындалсын.
      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы А. Светаш

  Өскемен қалалық мәслихатының
2025 жылғы "19" желтоқсандағы
№ 40/9-VIII шешіміне
1 қосымша

Тұрғын үй сертификатының мөлшері

      Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалана отырып тұрғынжайды меншігіне сатып алу немесе "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығын іске асыру үшін Өскемен қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттарының бірыңғай мөлшері 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге болып белгіленсін.

  Өскемен қалалық мәслихатының
2025 жылғы "19" желтоқсандағы
№ 40/9-VIII шешіміне
2 қосымша

Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі

      Өскемен қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі айқындалсын:
      Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
      басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
      бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;
      мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;
      жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
      кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;
      қандастар;
      экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
      мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
      толық емес отбасылар;
      асырауында кәмелетке толмаған балалары және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, бірақ жиырма үш жасқа толмаған балалары бар жесір әйелдер (тұл ер адамдар);
      денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде санамаланған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады