Түркістан қаласы әкімдігінің 25 шілдедегі 2023 жылғы № 275 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Түркістан облысы Түркiстан қаласы әкiмдiгiнiң 2025 жылғы 14 тамыздағы № 466 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 31, 37- баптарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Түркістан қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Түркістан қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 25 шілдедегі № 275 қаулысымен бекітілген Түркістан қаласы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесіне осы қаулының қосымшасына сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа редакцияда бекітілсін.

      2. Түркістан қаласы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен жоғарыда көрсетілген Ереженің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      3. Түркістан қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 15 мамырдағы №256 "Түркістан қаласы әкімдігінің 25 шілдедегі 2023 жылғы № 275 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылауды өз құзырымда қалдырамын.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы М.Қозыханұлы

  Түркістан қаласы әкімдігінің
2025 жылғы " ____" тамыздағы
№____ "Түркістан қаласы
әкімдігінің 25 шілдедегі 2023
жылғы № 275 қаулысына
өзгерістер
мен толықтырулар енгізу
туралы"
қаулысына қосымша

Түркістан қаласы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ЕРЕЖЕСІ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Түркістан қаласы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- Бөлім) Түркістан қаласы аумағында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы (салаларындағы) басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлімнің ведомстволары жоқ.

      3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Түркістан қаласы әкімдігінің басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Түркістан қаласы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Тауке хан даңғылы №278В, пошталық индексі 161200 .

      10. Осы ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Бөлімнің қызметін қаржыландыру, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.

      12. Бөлімнің кәсіпкерлік субъектілерімен бөлімнің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Бөлім заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) өз құзыреті шегінде әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, көші-қон, әлеуметтік әріптестік саласындағы салааралық үйлестіру мен әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

      3) өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру;

      4) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сапалы және мерзімінде орындау;

      Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қала әкімдігінің басшыларына қарауға ұсыныс енгізу;

      мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан және азаматтардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      Бөлім құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға;

      Бөлімнің құзыретіне жататын мәселелер бойынша мәжілістер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер және отырыстар өткізуге.

      2) міндеттері:

      ішкі еңбек нарығын қорғау, кедейлікті төмендету, халықтың өмірлік дейгейін, табысын көтеру;

      әлеуметтік қорғау саласындағы нысаналы индикаторларды жоспарлау мен болжамдауды қамтамасыз ету;

      аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектігі бар адамдардың және азаматтардың басқа да санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі шараларды үйлестіру;

      қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету;

      өз құзіреті шегінде халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.

      15. Функциялары:

      1) әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру және мүгедектігі бар адамдарға қайырымдылық көмек көрсетуді үйлестіру;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек көрсетуді үйлестіру;

      3) жергілікті мемлекетті басқару мүдделеріне Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;

      4) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде, еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттарды беру немесе ұзарту, сондай-ақ көрсетілген рұқсаттарды тоқтата тұру және кері қайтарып алу;

      5) мүгедектігі бар адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну;

      6) мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдардың және мүгедектігі бар балалардың санаторийлік-курорттық емделуін, мүгедектігі бар баланы санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін заңды өкілдің санаторийлік-курорттық ұйымда болуын қамтамасыз ету;

      7) мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің қызметтерін қамтамасыз ету;

      8) мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерін қамтамасыз ету;

      9) мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету;

      10) мүгедектігі бар адамдарға қол жетімді орта құруды, әлеуметтік инфрақұрылымдық нысандарды бейімдеу жұмыстарын ұйымдастыру;

      11) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп мүгедектігі бар адамдар арасында сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру;

      12) мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп мәдени-көпшілік және ағарту іс-шараларын ұйымдастыру;

      13) мүгедектігі бар адамдарға қайырымдылық және әлеуметтік көмектің көрсетілуін үйлестіру;

      14) мемлекеттің кәмелетке толғандарға қатысты қорғаншы және қамқоршы тағайындау жөніндегі функцияларын жүзеге асыру;

      15) жеке және заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      16) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі қалалық және өңірлік комиссиялар туралы ережелерді бекіту туралы қала әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      17) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;

      18) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілердің арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің көрсетілуін қамтамасыз ету;

      19) Бөлімге бағынысты мекемелерді кадрмен қамтамасыз ету, әлеуметтік жұмыскерлерді кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру ұйымдастыру және қызметтерін үйлестіру;

      20) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен үйлестіру;

      21) халықтың әлеуметтiк жағынан дәрменсiз топтарына әлеуметтiк көмек көрсетудi үйлестiру;

      22) қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар құру туралы қала әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      23) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, өмірлік қиын жағдайда деп танылған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету;

      24) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарға (отбасыларға) жан-жақты қолдау көрсетудің негізгі бағыттарын әзірлеу мен іске асыруға қатысу;

      25) әлеуметтік әріптестік, еңбек қатынастарын реттеу, үш жақты комиссияның жұмысын үйлестіру, оның келісімдерін түзу, тіркеу жұмыстарын ұйымдастыру;

      26) зейнет жасындағы азаматтарға, көп балалы аналарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету, мүгедектігі бар адамдарға кәсіптік даярлау жұмыстарын үйлестіру;

      27) Бөлімнің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу;

      28) Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік статистикалық есептілікті және мониторингті жүзеге асыру;

      29) уәкiлеттi және тиiстi органдарға әлеуметтiк қорғау, әлеуметтiк қолдау, халықты жұмыспен қамту және бөлімнің құзыретiне жататын басқа да мәселелер бойынша есептер және ақпараттар ұсыну;

      30) халықтың арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттіліктеріне талдау жүргізуді қамтамасыз ету;

      31) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін дамыту жөнінде шараларды қабылдау;

      32) арнаулы әлеуметтік қызметтерді және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру;

      33) қайырымдылық жасаушылар, қайырымдылық ұйымдары қайырымдылық көмек көрсету туралы ұсыныстармен өздеріне жүгінген кезде әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде олардың қызметін үйлестіру;

      34) аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету бойынша жұмыстарды үйлестіру;

      35) қалада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша жұмыстарды үйлестіру;

      36) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жұмыстарды үйлестіру;

      37) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, сондай-ақ жеңiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестiрiлген ардагерлерге өз құзыреті шегінде ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек көрсету;

      38) жалғызбасты қарт азаматтарды, мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды, жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын және басқа да әлеуметтік осал санаттарды әлеуметтік қорғау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      29) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, деректерді басқару жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз ету.

      40) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

3-тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Бөлімді басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Бөлімдегі жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Бөлімнің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) заңнамамен белгіленген тәртіпте Бөлім қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      2) заңнамамен белгіленген тәртіпте Бөлім қызметкерлерін көтермелеуді және тәртіптік жазаға тартуды жүзеге асырады;

      3) өз құзыреті шегінде бұйрық шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттамаға қол қояды;

      4) Бөлім қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      5) мемлекеттік органдарда, басқа ұйымдарда Бөлім мүддесін білдіреді;

      6) Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген штат санының лимиті мен құрылымы шегінде бөлімнің штат кестесін бекітеді;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру бойынша қажетті шаралар қабылдайды және оған дербес жауапты болады;

      8) ерлер мен әйелдердің олардың тәжірибелеріне, мүмкіндіктеріне және кәсіби дайындықтарына сәйкес, мемлекеттік қызметке тең қолжетімдігін қамтамасыз етеді;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.

      Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

      21. Бөлімді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын лауазымды тұлға бөлім басшысы басқарады.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне бекітіліп берілген, өзінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.

      23. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Түркістан қаласы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      26. Бөлімнің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1) Түркістан қаласы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      2) Түркістан қаласы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Отбасын қолдау орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады