Павлодар облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы

Жаңа

Павлодар облыстық мәслихатының 2025 жылғы 26 желтоқсандағы № 240/27 шешімі

      Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 14-1-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-9-тармағына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы "Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларын бекіту туралы" № 187 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36186 болып тіркелген) сәйкес, Павлодар облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Павлодар облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесі айқындалсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихаттың төрағасы И. Теренченко

  Павлодар облыстық
мәслихатының
2025 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 240/27 шешіміне
қосымша

Павлодар облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесі

      1. Азаматтардың тұрғын үйді меншікке ипотекалық тұрғын үй несиесін пайдалану арқылы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама аясында, немесе Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығын іске асыру үшін, Павлодар облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін бастапқы жарнаның 100 % мөлшерінде, бірақ 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден аспайтын мөлшерде анықталсын.

      2. Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

      3) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

      4) бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

      5) мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

      6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

      7) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

      8) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;

      9) қандастар;

      10) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

      11) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

      12) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары; 13) толық емес отбасылар;

      14) асырауында кәмелетке толмаған балалары және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, бірақ жиырма үш жасқа толмаған балалары бар жесір әйелдер (тұл ер адамдар) жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады