Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, пайдаланылуын мониторингтеу және бағалау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 24 маусымдағы № 181 бұйрығы

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 163-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, пайдаланылуын мониторингтеу және бағалау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде және алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру үшін жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Ұлттық экономика министрі
С. Жұманғарин

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Ұлттық экономика министрінің
2025 жылғы 24 маусымдағы
№ 181 бұйрығымен
бекітілген

Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, пайдаланылуын мониторингтеу және бағалау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, пайдаланылуын мониторингтеу және бағалау қағидалары Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi 163-бабының 2-тармағына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына берілетін байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, пайдаланылуын мониторингтеу және бағалау қағидаларын айқындайды.

      Қағидалар ізгiлiк, қайырымдылық, әскери, азық-түлiктiк көмектi тарту және бөлу рәсiмдерiне қолданылмайды.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары:

      1) байланысты емес гранттарды тарту және пайдаланудың ашық және тиiмдi процесiн қамтамасыз ету;

      2) байланысты емес гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелерi туралы есептер мен ақпараттарды ұсыну процесін реттеу;

      3) байланысты емес гранттардың пайдаланылуын мониторингтеу және бағалау процесін реттеу және жүйелендiру болып табылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) атқарушы агенттік – байланысты емес гранттардың пайдаланылуын мониторингтеу процесін жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың);

      2) байланысты емес гранттар – Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донордан одан әрі қарыз алуын немесе республикалық және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыруды көздемейтін гранттар;

      3) байланысты емес грант туралы келiсiм – атқарушы агенттік пен донордың арасында жазбаша нысанда жасалған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына өтеусiз қаржылық немесе техникалық көмек берудi көздейтін келiсiм;

      4) бенефициар – осы Қағидаларда көзделген тәртiппен тiкелей байланысты емес гранттарды алатын және пайдаланатын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымы;

      5) грант – донорлар Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына беретін өтеусіз қаржылай немесе техникалық көмек;

      6) жоба – аяқталған сипаты бар белгілі бiр мақсаттарға қол жеткiзуге бағытталған және шектеулi уақыт кезеңі iшiнде байланысты емес гранттар қаражаты есебінен iске асырылатын iс-шаралар жиынтығы;

      7) заттай үлес – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетiн, Қазақстан Республикасы Үкiметiнің грант берген донордан одан әрi қарыз алуын немесе жобаны мемлекеттiк бюджеттен бiрлесiп қаржыландыруын көздемейтін, бенефициардың және/немесе атқарушы агенттiктiң белгiлi бiр жобаны iске асыру шеңберiндегi үлесi (ақшаны қоспағанда);

      8) өңiрлiк жоба – iске асырылуына бiрден артық мемлекеттiң қатысуы көзделетiн жоба;

      9) өтеусіз техникалық көмек – донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына тауарлар жеткізуді, жұмыстар орындауды және қызметтер көрсетуді жүзеге асыруы немесе ұйымдастыруы;

      10) салалық мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзырет шеңберiнде белгiлi бiр қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және iске асыруды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;

      11) уәкілетті орган – байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану және пайдаланылуын бағалау процестерін үйлестіруді жүзеге асыратын бюджет саясаты жөніндегі орталық атқарушы орган.

      4. Байланысты емес гранттар көмек беру түрлерi бойынша былайша бөлінедi:

      1) жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету – мемлекеттік ұйымдарға сарапшыларды, консультанттарды (мамандарды), еріктілерді (волонтерлердi) жiберу арқылы зерттеулер жүргiзу, консультациялық және басқа да көмек беру, сондай-ақ тауарларды жеткiзу мен мемлекеттiк ұйымдардың қызметшілерін оқыту түрiндегi көмекті қоспағанда, жұмыстар мен қызметтердiң басқа да түрлерi;

      2) мемлекеттiк ұйымдардың қызметшілерiн оқыту – курстар, семинарлар, тренингтер және оқытудың басқа да түрлерiн жүргiзу және/немесе ұйымдастыру және мемлекеттiк ұйымдар қызметшілерінің білiктiлiгiн арттыру;

      3) тауарларды жеткiзу – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, донордың қаражатына сатып алынған тауарлық-материалдық құндылықтарды өтеусiз негiзде мемлекеттік меншікке беру.

      5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес байланысты емес гранттарды пайдалану барысында бенефициардың және/немесе атқарушы агенттіктің байланысты емес грант туралы тиiсті келiсiмде көзделген заттай үлесті беруіне жол беріледі.

      6. Мемлекеттiк ұйымдардың байланысты емес гранттарды тарту мәселелерi бойынша донорларға жүгінуi уәкілеттi органмен келiсу бойынша ғана жүзеге асырылады.

2-тарау. Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, пайдаланылуын мониторингтеу және бағалау тәртібі

1-параграф. Байланысты емес гранттарды тарту

      7. Уәкілетті орган жыл сайын тиiстi қаржы жылының 1 мамырынан кешіктiрмей, сондай-ақ қажеттілігіне қарай атқарушы агенттiктерге олардың өтiнiмдер қалыптастыру кезінде есепке алуы үшiн донорлардың алдағы қаржы жылына байланысты емес гранттар беру туралы ұсыныстары жөніндегі ақпаратты жiбередi.

      8. Атқарушы агенттіктер тиісті қаржы жылының 1 тамызынан кешіктірмей немесе уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде уәкілетті органға алдағы қаржы жылында байланысты емес гранттарды тарту мақсатында жобалардың тізбесін қалыптастыру үшін өтінімдер береді. Атқарушы агенттіктердің көрсетілген мерзімдерден кейін берілген өтінімдерін уәкілетті орган қарамайды.

      Атқарушы агенттіктердің өтінімдері оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің ұсыныстары ескеріле отырып қалыптастырылады.

      Барлық деңгейдегі мәслихаттар аппараттарының өтінімдері тиісті облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) әкімдіктерінің өтінімдерінде көрсетіледі.

      9. Донорлар ұсынған және уәкілетті орган мен атқарушы агенттіктермен келісілген жобалар түсуіне қарай бекітілген тізбеге қосылады.

      10. Атқарушы агенттіктердің өтінiмдердi қалыптастыруы Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының негізiнде айқындаған міндеттердің негізінде жүзеге асырылады.

      11. Атқарушы агенттiктiң өтінiмi:

      1) ұсынылатын жобалардың тiзбесiн және олар бойынша шығыстар сомасын;

      2) жобаның мақсаты, негiзгi iс-шаралары мен оларды iске асыру мерзiмдерi, күтілетiн нәтижелерi көрсетіле отырып, әр жобаға жеке түсiндiрме жазбаны (негiздемені);

      3) ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша алынған және пайдаланылған байланысты емес гранттар туралы ақпаратты қамтиды.

      12. Байланысты емес гранттарды тартуға арналған өтiнімге енгізiлген жобаларды iрiктеудi уәкілетті орган:

      1) ұсынылған құжаттардың толықтығы мен сапасын;

      2) жобалар мақсатының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігiн;

      3) жоба мақсатының Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдары үшін донорлардың байланысты емес гранттар беру саясатына сәйкестігiн ескере отырып жүзеге асырады.

      13. Атқарушы агенттіктердің өтінімдерін қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган тиісті жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей алдағы қаржы жылына арналған жобалардың тізбесін бекітеді, ол бекітілгеннен кейін мемлекеттік органдардан өтінімдердің түсуіне қарай жыл бойы жаңартылуға тиіс.

      14. Жобалардың бекітілген тiзбесi уәкілетті органның байланысты емес гранттарды тарту жөнiндегi iс-шараларды жүргізуі үшін негiз болады.

      15. Уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде донорларға алдағы қаржы жылына арналған жобалардың бекітілген тізбесін және қажет болған жағдайда осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша байланысты емес гранттарды тарту туралы өтінімді жібереді.

      16. Донор жобаны мақұлдаған жағдайда уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде тиiстi атқарушы агенттiкті байланысты емес грант туралы келiсiмдi дайындау, келiсу және оған қол қою жөнiнде iс-шаралар жүргiзу қажеттiгі туралы хабардар етеді.

      17. Донор уәкiлеттi органмен келiсу бойынша тиiстi салалық мемлекеттiк органның оң қорытындысы негiзiнде өңiрлiк жобаны iске асыруға байланысты емес грант берген жағдайда өңiрлiк жобаны iске асыру оны жобалардың тiзбесiне қоспай жүзеге асырылады.

      18. Байланысты емес грант есебiнен өңiрлiк жобаны iске асыру туралы тиiстi келiсiмдi дайындау, келiсу және оған қол қою жөнiндегi iс-шаралар донордың рәсiмдерiн ескере отырып, өңiрлiк жобаны іске асыруға қатысатын елдермен келiсу бойынша жүзеге асырылады.

2-параграф. Байланысты емес гранттарды пайдалану

      19. Тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткiзудi көздейтiн жобаларды iске асыру байланысты емес грант туралы келiсiмнiң шарттарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      20. Тауарлар жобаны iске асыру шеңберiнде жеткiзілген жағдайда тауарлық-материалдық құндылықтар бенефициардың балансына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданады.

      21. Сарапшылар мен консультанттарды (мамандарды) тартуды көздейтін жобаны, оның iшiнде тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткiзу жөнiндегi жобаны iске асыру атқарушы агенттікпен келiсу бойынша бенефициар әзiрлейтін техникалық тапсырмаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Жобаға техникалық тапсырма байланысты емес грант туралы келiсiмнiң шарттарына сәйкес және донормен келiсу бойынша әзiрленедi.

      22. Өңiрлiк жобаға техникалық тапсырма өңiрлiк жобаны iске асыруға қатысатын мемлекеттермен жасалған байланысты емес грант есебiнен өңiрлiк жобаны iске асыру туралы тиiстi келiсiмнің шарттарына сәйкес әзiрленедi.

      23. Жобаны iске асыру процесiнде атқарушы агенттiк:

      1) байланысты емес грант туралы келiсiмде көзделіп қабылданған мiндеттемелердің, сондай-ақ техникалық тапсырмада көзделген iс-шаралардың уақтылы орындалуын;

      2) Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк органдарын, сондай-ақ уәкілетті органды донордың немесе оның уәкілетті тұлғаларының байланысты емес грант туралы келiсiмде көзделген мiндеттемелердi, сондай-ақ техникалық тапсырмада көзделген iс-шараларды орындамағаны туралы уақтылы хабардар етудi;

      3) байланысты емес гранттардың мақсатты және тиiмдi пайдаланылуын;

      4) донордың есебiнен берiлген тауарлық-материалдық құндылықтардың импорты кезiнде кедендiк ресiмдеудiң уақтылы жүзеге асырылуын;

      5) донордың есебiнен берiлген тауарлық-материалдық құндылықтардың уақтылы бенефициардың балансына қабылдануын қамтамасыз етедi.

3-параграф. Байланысты емес гранттардың пайдаланылуын мониторингтеу және бағалау

      24. Тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткiзудi, сондай-ақ сарапшылар мен консультанттарды (мамандарды) тартуды көздейтiн байланысты емес гранттардың пайдаланылуын мониторингтеу және бағалау:

      1) жобалардың iске асырылу барысы, сондай-ақ жобалардың ағымдағы бағалануы туралы ақпаратты атқарушы агенттiктердiң жинауын, өңдеуiн және оны уәкілетті органға ұсынуын;

      2) атқарушы агенттіктің Қазақстан Республикасы мемлекеттiк ұйымдарының байланысты емес гранттарды пайдалану туралы жиынтық ақпаратты жасауын және уәкілетті органға беруін қамтиды.

      25. Атқарушы агенттiктер жарты жылда бір рет есептi айдан кейiнгi айдың оны күнінен кешiктірмей уәкілетті органға:

      1) тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткiзу графигінде (мерзiмiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асырудың ағымдағы жай-күйi туралы мәлiметтердi;

      2) жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асыру барысында қол жеткiзiлген аралық нәтижелер туралы мәлiметтердi;

      3) тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткiзу графигінде (мерзiмiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шаралардың орындалмау не сапасыз орындалу себептерi туралы мәлiметтердi;

      4) тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткiзу графигінде (мерзiмiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асырудың тиiмділiгiн арттыруға бағытталған ұсыныстарды қамтитын ақпарат береді.

      26. Байланысты емес гранттардың пайдаланылуын бағалауды жүзеге асыру мақсатында уәкілетті орган:

      1) атқарушы агенттіктерден және/немесе бенефициарлардан беру мерзімін көрсете отырып, қосымша ақпарат сұратады;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де шараларды қабылдайды.

      27. Атқарушы агенттік жыл сайын тиісті қаржы жылының он бесінші наурызынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарының байланысты емес гранттарды пайдаланғаны туралы ақпаратты бюджет саясаты жөніндегі уәкілетті органға енгізеді.

  Байланысты емес гранттарды
тарту, пайдалану,
пайдаланылуын мониторингтеу
және бағалау қағидаларына
қосымша
Нысан

Байланысты емес гранттарды тартуға өтінім

      1. Мемлекеттік ұйымның атауы

      2. Жобаның атауы

      3. Секторы

      4. Жобаның мақсаты

      5. Жобаны іске асыру қажеттілігінің негіздемесі

      6. Жобаның сипаттамасы (мәселенің немесе проблеманың қысқаша алдыңғы тарихы, қажеттілігі, жеделдігі мен өзектілігі, қамтуы, ауқымы, қолданыстағы мемлекеттік реттеу әдістері)

      7. Жобаның болжамды құны

      8. Донордың рөлі

      9. Күтілетін іс-шаралар

      10. Болжамды нәтижелер

      11. Іске асыру мерзімдері

      12. Аралас қызмет (осы іс-шараға басқа донорлардан грант тартылған ба)

      13. Байланыста болатын адамдар (тегін, атын, әкесінің атын (болған жағдайда), лауазымын, телефон нөмірін және электрондық мекенжайын көрсете отырып).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады