Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 2025 жылғы 30 мамырдағы № 103-НҚ бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару және бюджет саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қазақ және орыс тілдерінде жіберу;

      2) осы бұйрықты Су ресурстары және ирригация министрлігінің интернет-ресурсында ресми жарияланғаннан кейін орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және ирригация министрінің
міндетін атқарушы
Е. Ибрайханов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

  Бұйрықпен бекітілген

Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы мемлекеттік тапсырмасының құнын белгілеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезінде бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу тәртібін айқындайды.

2-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу тәртібі

      2. Мемлекеттік тапсырманың құны қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуге, мемлекеттік тапсырманы орындауға жұмсалатын шығыстар, тікелей шығыстар мен жанама шығыстарды негізге ала отырып, мынадай формула бойынша белгіленеді:

      Қ = ∑ЕАТ + ТШ + ЖШ, мұндағы

      Қ – мемлекеттік тапсырманың құны;

      ∑ЕАТ+ТШ – еңбекке ақы төлеу бойынша шығыстар сомасы;

      ЕАТ – қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу;

      ТШ – осы Қағидалардың 4-тармағының 1) тармақшасында көзделген шығыстарды қоспағанда, тікелей шығыстар;

      КР – жанама шығындар.

3-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеуге арналған шығындардың түрлері

      3. Мемлекеттік тапсырма құнына мынадай шығыстар енгізілмейді:

      1) ықтимал шығындарға резервтер қалыптастыру;

      2) өткен кезеңдердің өзге де борыштары мен залалдарын жабу;

      3) демеушілік көмек;

      4) айыппұлдар, өсімпұлдар және тұрақсыздық айыптары.

      4. Тікелей шығындарға мыналар жатады:

      1) мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыратын қызметкерлердің (штаттағы және штаттан тыс) жалақысы;

      2) сыртқы сарапшыларды тарту;

      3) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын материалдарды сатып алу (қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай материалдары, жиынтықтауыштар, кеңсе тауарлары және шығыс материалдары);

      4) жалға алынатын үй-жайларда тікелей мемлекеттік тапсырманы орындау үшін конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу қажет болған жағдайларда жалдау ақысы;

      5) мемлекеттік тапсырманы орындайтын персоналдың іссапар шығыстары (ел ішіндегі және (немесе) елден тыс жерлердегі қызметтік сапарлар);

      6) әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, персоналды әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілердің аударымдары, мемлекеттік тапсырманы орындайтын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары;

      7) байланыс қызметтері (қалааралық телефон сөйлесулері, телефон үшін абоненттік төлем, пошта-телеграф шығындары, факс, электрондық пошта, интернет);

      8) полиграфиялық шығындар (бланк өнімдерін тираждау: сауалнамалар, бағыт парақтары, карточкалар, есептер, тест тапсырмалары, түптеу, құжаттарды тігу және өңдеу);

      9) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын көліктік көрсетілетін қызметтер;

      10) курьерлік қызметтер (материалдарды тарату);

      11) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын аударма қызметтері;

      12) анықтамалықтарды және /немесе анықтамалықтардың бөлімдерін әзірлеу жөніндегі қызметтер;

      13) сақтандыру жөніндегі шығыстар;

      14) банктік қызметтер;

      15) қосылған құн салығы.

      5. Жанама шығыстар көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) өзіндік құнына тікелей жатпайды және мынадай шығыстарды қамтиды:

      1) әкімшілік персоналдың жалақысы;

      2) әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, жұмыс берушілердің әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдары, жұмыс берушінің, әкімшілік персоналдың міндетті зейнетақы жарналары;

      3) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер (мүлік салығы, көлік құралдарына салынатын салық, жер салығы және басқалар);

      4) әкімшілік персоналдың іссапар шығыстары (Ел ішіндегі және (немесе) елден тыс жерлердегі қызметтік сапарлар);

      5) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациясы;

      6) негізгі құралдар мен материалдық емес активтерге қызмет көрсету және жөндеу;

      7) өзге де шығыстар (коммуналдық қызметтер, байланыс қызметтері, ақпараттық қызметтер (жарнаманы қоспағанда), өрт қауіпсіздігі және арнайы талаптардың сақталуы, күзет жөніндегі қызметтер, аудиторлық қызметтер, Банк қызметтері, нотариаттық қызметтер, типографиялық шығыстар).

      6. Мемлекеттік тапсырманы орындау кезіндегі шығыстардың әрбір бабын тапсырыс беруші әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың түрлері бойынша есептеу кезінде бағдар ретінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқорын пайдалана отырып қалыптастырады. Бұл ретте, баға дерекқорында көзделген тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігі үшін нақты орташа бағадан аспайтын бағаға бағдарланады. Деректер базасында бағалар болмаған кезде жоспарланған шығыстарды негіздейтін құжаттар (шарттардың көшірмелері, прайс-парақтар) пайдаланылады.

      7. Бюджеттік кодексінің 16-бабының 3-тармағына сәйкес, Мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты, Бюджеттік кодексінің 16-бабының 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілері мен заңды тұлғалар мемлекеттік тапсырманы қосалқы мердігерлікке берген жағдайда, монополияға қарсы органның қорытындысында мемлекеттік тапсырманы қосалқы мердігерлікке берудің көлемі мен шарттары айқындалады.

      8. Іссапар шығыстарының құны (қонақ үйде тұру, тәулікақы) бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысымен анықталады.

      9. Мемлекеттік тапсырманың құнын есептеу нысанында зерттеу жұмысын орындауға тікелей қатысатын барлық қызметкерлердің штаттық кестеге сәйкес лауазымдары бойынша жалақысы әрбір қызметкер бойынша жеке көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады