"Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Қарағанды облысының әкімдігінің 2025 жылғы 23 маусымдағы № 34/05 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына, "Қарағанды облысының жергілікті мемлекеттік басқару құрылымын өзгерту туралы" Қарағанды облысы әкімдігінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі № 22/11 қаулысына сәйкес, Қарағанды облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы қоса беріліп отырған Ереже бекітілсін.

      2. "Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" Қарағанды облысы әкімдігінің 2024 жылғы 6 желтоқсандағы № 69/04, "Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" 2023 жылғы 4 тамыздағы № 54/02 қаулылары жойылсын.

      3. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қарағанды облысының әкімі Е. Бөлекпаев

  Қарағанды облысы әкімдігінің
2025 жылғы 23 маусымдағы
№ 34/05 қаулысына
қосымша

"Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі кәсіпкерлік, сауда, өнеркәсіп салалары, индустриялық-инновациялық саясат және өнеркәсіп пен инновацияларды дамыту саласында инвестициялар тарту салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Ведомстволық бағынысты ұйымдары жоқ.

      3. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауымен мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      6. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі, егер оған Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 100008, Қазақстан Республикасы, Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, Әлиханов көшесі, 13.

      10. Осы Ереже Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесіне "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер "Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттер:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) ішкі және сыртқы сауданы (оның ішінде электрондық сауданы) дамыту;

      3) шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолдау;

      4) жетекшілік ететін салалар бойынша мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыру.

      5) Қарағанды облысының тау-кен металлургия саласын дамыту;

      6) Қарағанды облысының химия өнеркәсібін дамыту;

      7) Қарағанды облысының құрылыс индустриясын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту;

      8) Қарағанды облысының фармацевтика өнеркәсібін дамыту;

      9) Қарағанды облысының машина жасауды дамыту;

      10) Қарағанды облысының жеңіл өнеркәсібін дамыту;

      11) жүйе құраушы кәсіпорындардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту;

      12) инвестициялық өнеркәсіптік жобаларды іске асыру және өндірісті жаңғырту;

      13) республикалық және өңірлік даму институттарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;

      14) экономиканың басым салаларын дамытудың маңызды көзі ретінде өнеркәсіп саласында инвестициялар тарту;

      15) Қарағанды облысы бойынша өнеркәсіпке инвестицияларды талдау;

      16) инновацияларды тиімді енгізуді және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуды қолдау;

      17) экономиканың басым секторларындағы ғылыми-зерттеу базасын Қарағанды облысының өндірістік процесімен интеграциялау.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген көлемде өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті құжаттарды, ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қарағанды облысының әкіміне ұсыныстар енгізу;

      Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша әкімдік қаулыларының, әкім өкімдерінің және Мәслихат шешімдерінің жобаларын белгіленген тәртіппен енгізу;

      кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру үшін Қарағанды облысы әкімдігінің жанынан комиссиялар, кеңестер, жұмыс топтары және басқа да консультативтік-кеңесші органдар құруға бастамашылық жасау;

      облыс өкілдерінің қатысуымен, сондай-ақ Басқарма жүзеге асыратын өкілеттіктерге сәйкес өткізілетін кеңестерді, жәрмеңкелерді, көрмелерді, форумдарды ұйымдастыру және оларға қатысу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа талап арызбен жүгіну;

      өзіне берілген мүлікті басқаруды жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыру;

      өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімі мен әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын орындау;

      сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасауға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау;

      15. функциялары:

      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген құзырет шегінде Қарағанды облысында индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау, жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      2) облыс аумағында кәсіпкерлік қызметті және инвестициялық ахуалды дамыту үшін жағдайлар жасау;

      3) жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасайды;

      4) кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының шарттары мен қағидаларына сәйкес сыйақының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, ішінара кепілдік беру, мемлекеттік гранттар беру, микрокредит беру, өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ өңірлік бағдарламалар аясында бюджеттік кредиттер беру тетігін іске асырады;

      5) кәсіпкерлік ортаға, инвестициялық ахуалға және жеке кәсіпкерлікті дамыту инфрақұрылымына талдау жүргізеді;

      6) өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымы объектілерін құруды және дамытуды қамтамасыз ету;

      7) жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен, Ұлттық палатамен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынасын дамыту стратегиясын айқындайды;

      8) жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің қызметін ұйымдастырады;

      9) жергілікті деңгейде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеді;

      10) кәсіпкерлік және өнеркәсіп жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесі бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      11) кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысын ұйымдастырады;

      12) бақылау және қадағалау органдарының бизнес алдындағы есебінің Бірыңғай күнін өткізуді ұйымдастырады;

      13) Басқарма құзыреті аясында облыстағы көтерме сауда нарықтарына баса назар аудара отырып азық түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның қызметін ұйымдастырады;

      14) өңірде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      15) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеді;

      16) тиісті облыста сауда саясатын жүргізуді қамтамасыз ету;

      17) өз құзыреті шегінде ішкі сауда субъектілерінің қызметін реттеуді жүзеге асырады;

      18) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде сауда қызметіне қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды әзірлейді;

      19) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін бекіту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      20) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілетін шекті бөлшек сауда бағасының мөлшерін бекіту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      21) аумақты дамыту бағдарламасы аясында стационарлық сауда объектілерін дамыту үшін іс-шаралар кешенін іске асырады;

      22) Басқарманың құзыреті аясында азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету бойынша қызметтердің жұмысын ұйымдастырады;

      23) облыста көрме-жәрмеңке қызметін ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      24) жанар-жағармай материалдарының бағасы мен көлемінің мониторингін жүзеге асырады;

      25) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша және мерзімдерде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес ұйымдардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту бойынша ақпаратты жинауды, талдауды және индустриялық саясатты мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органға ұсынуды жүзеге асыру;

      26) облыс аумағында өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізбесін қалыптастыру;

      27) заңды тұлғалардың түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      28) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды сақтау;

      29) өз құзыреті шегінде өңірлерде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және орындау;

      30) белгіленген талаптарға сәйкес заңды және жеке тұлғаларға Қарағанды облысының даму институттарына жобаларды ресімдеуге және ұсынуға көмек көрсету;

      31) өнеркәсіпке инвестициялар бойынша мониторинг жүргізу;

      32) жергілікті атқарушы билік деңгейінде шетелдік және отандық инвесторлардың инвестициялық қызметін қолдауды қамтамасыз ету;

      33) облыс үшін басым инвестициялық жобаларды іске асыруды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға инвестициялық преференциялар алуға көмек көрсету;

      34) Қарағанды облысының аумағында өнеркәсіп саласындағы ғылыми қызметті үйлестіруді жүзеге асыру;

      35) өнеркәсіптік кәсіпорындардың тиімділігі мен технологиялық деңгейін арттыруға бағытталған ғылыми зерттеулерді дамытуға және ғылыми әзірлемелерді енгізуге көмек көрсету;

      36) қолданбалы ғылым және ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелері бойынша ғылыми ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен және өзге де мүдделі құрылымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      37) өңірдің ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған ғылыми-практикалық конференцияларды, дөңгелек үстелдерді және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

      38) облыстың жергілікті атқарушы органының тиісті шешімдерінің негізінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге, кен іздеушілікке арналған жазбаша келісімшарттар, лицензиялар және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, темір жолдарды және гидроқұрылыстарды салу (қайта құру) және жөндеу кезінде пайдаланылатын кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге рұқсаттар беру;

      39) жер қойнауын пайдаланушылардың кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге және кен іздеушілікке арналған лицензиялар шарттарының сақталуын бақылау;

      40) жер қойнауын пайдаланушылардың "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде және кен іздеушілкке арналған лицензияда көзделген кен іздестіру шарттарының сақталуын бақылау;

      41) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге берілген лицензиялар және кен іздеушілікке арналған лицензиялар туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету;

      42) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығының кепіл шартын беруді және тіркеуді қамтамасыз ету;

      43) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексінің негізінде жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыруға рұқсат беру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      44) Қарағанды облысында іске асырылатын индустриялық - инновациялық даму саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысты конкурс не тікелей келіссөздер ұйымдастыру;

      45) Қарағанды облысында іске асырылатын индустриялық-инновациялық даму саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша шарттар жасасу;

      46) индустриялық-инновациялық даму саласындағы цифрлық технологияларды дамыту;

      47) Инвестициялар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің; сараптамалық кеңестердің жұмысын ұйымдастыру;

      48) болашақ құрылыс учаскесі астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендігі туралы қорытынды беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      49) пайдалы қазбалар жатқан аумақтарда құрылыс салуға рұқсат беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      50) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексінің негізінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды өзгерту туралы қосымша келісім жасасу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      51) облыстың жергілікті атқарушы органының тиісті шешімдері негізінде (әкімдік отырысы) кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі жер қойнауын пайдалану құқығын (келісімшарттар, лицензиялар) және кен іздеушілікті тоқтатады (кері қайтарып алу);

      52) мемлекеттік органның қызметінде жобалық басқаруды жүзеге асырады;

      53) жетекшілік ететін салалардағы көрсеткіштерге мониторингті, талдауды және болжауды жүзеге асырады;

      54) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады

      18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) Басқарма бөлімдерінің құрылымы мен ережелерін бекітеді;

      4) өз өкілеттігі шегінде бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      5) заңнамада белгіленген тәртіппен қызметкерлерді көтермелейді және оларға тәртіптік жаза қолданады;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;

      7) бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу бойынша шаралар қабылдайды және бұл үшін дербес жауапты болады;

      8) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарма атынан өкілдік етеді;

      9) заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктерін орындау, ол болмаған кезеңде, оны қолданыстағы заңнамаға сәйкес алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Басқарма заңнамамен қарастырылған жағдайда жедел басқару құқығында жекелеген мүлікке ие болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер арқылы сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Басқарма өзгесі заңнамамен белгіленбесе, қаржыландыру жоспары бойынша оған берілген қаражат есебінен сатып алынған, өзіне бекiтілiп берілген мүлiктi өз еркімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқылы емес.

5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады