Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Ж. Мәдиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) жанама (әкімшілік) шығыстар – көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) өзіндік құнына тікелей қатысы жоқ шығыстар;
2) тікелей шығыстар – қызмет көрсетумен тікелей байланысты шығыстар.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу тәртібі
3. Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу кезінде негіздеуші құжаттармен расталған тікелей және жанама (әкімшілік) шығыстар (орындаушының штат кестесі, есептеулер, шарттардың көшірмелері, кемінде 3 (үш) баға ұсынысы) ескеріледі.
4. Мемлекеттік тапсырма нысанында іске асыру жоспарланатын бюджеттік инвестициялық жобалардың құны жобалық-сметалық құжаттама, техникалық-экономикалық негіздеме, қаржы-экономикалық негіздеме және инвестициялық ұсыныс негізінде айқындалады.
5. Тікелей шығыстарға мыналар жатады:
1) қызмет көрсетуге тікелей қатысатын ұйымдар персоналының жалақысы;
2) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;
3) қосылған құн салығы;
4) міндетті сақтандыру түрлері;
5) коммуналдық қызметтер;
6) іссапар шығыстары (ел ішінде және (немесе) елден тыс жерлерге қызметтік сапарлар);
7) тауар-материалдық қорларды сатып алу;
8) жабдықтар мен құралдарды сатып алу және жөндеу;
9) жанар-жағармай материалдарын сатып алу;
10) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациялық аударымдары;
11) көлік қызметтері;
12) полиграфиялық шығыстар (бланк өнімдерін тираждау: сауалнамалар, бағыт парақтары, карточкалар, зерттеу есептері, тест тапсырмалары, құжаттарды түптеу, тігу және өңдеу)
13) үй-жайды жалға алуға арналған шығыстар;
14) банктің көрсетілетін қызметтері;
15) байланыс қызметтері;
16) күзетті қамтамасыз ету қызметтері;
17) қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару;
18) зертханааралық салыстырмалы сынақтар;
19) стационарлық және жылжымалы зертхананың шығыстары (аккредиттеу, инспекциялық тексеру, өлшеу құралдары мен сынақ жабдықтарын, арнайы киімдерді, жеке қорғану құралдарын, шатырларды, ұйықтайтын қаптарды, сынамаларды іріктеуге және сақтауға арналған сыйымдылықтарды тексеру);
20) экспедициялық шығыстар;
21) талдауларды орындауға арналған шығыстар;
22) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін бюджет заңнамасында айқындалған өлшемшарттарға сәйкес келетін өзге де шығыстар.
6. Жанама (әкімшілік) шығыстарға мыналар жатады:
1) әкімшілік персоналдың жалақысы;
2) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;
3) қосылған құн салығы;
4) коммуналдық қызметтер;
5) байланыс қызметтері;
6) үй-жайды жалға алуға арналған шығыстар;
7) міндетті сақтандыру түрлері.
7. Шығыстарды тиімді жоспарлауды қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік шығыстар мемлекеттік тапсырманы орындауға бөлінген тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражаты сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайды.