Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2025 жылғы 27 мамырдағы № 90 бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 7-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған бюджеттік қаражатты бөлу бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша қаражатты бөлу ережелері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті өткеру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы
Д. Жазықбай

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрі

      ______ "__" __ 2025 жыл

  Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері
Агенттігі Төрағасының
2025 жылғы 27 мамырдағы
№ 90 бұйрығымен бекітілді

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу қағидалары Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленген және бюджеттік бағдарламаның әртүрлі әкімшілерінің арасында мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу тәртібін айқындайды.

      2. Бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (бұдан әрі – бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі) болып табылады.

      3. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша бөлінетін бюджеттік бағдарлама республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, олардың ведомствалары мен аумақтық бөлімшелері мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есеп-қисаптары бойынша жұмсалатын шығыстарды қамтиды.

      Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдар болып табылады.

2-тарау. Бюджеттік бағдарламалардың әртүрлі әкімшілері арасында бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу тәртібі

      4. Бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша қаражатты бөлу үшін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2025 жылғы 22 сәуірдегі № 185 бұйрығымен бекітілген Бюджеттік сұранымды жасау, ұсыну, қарау қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес жасалатын есеп-қисаптарды жолдайды.

      5. Бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қағидаларға сәйкес бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша есеп-қисаптарды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жолдайды.

      6. Республикалық бөлінетін бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері арасында бөлуге бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша республикалық бюджет туралы заңда көзделген бюджеттік қаражаттар жатады.

      7. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың қаражаттарын бөлу бөлінетін бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бұйрығы (бұдан әрі – Бұйрық) негізінде жүзеге асырылады.

      8. Бұйрықта республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің атаулары және ағымдағы қаржы жылына бөлінген қаржыландыру сомалары көрсетіледі.

      9. Бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемдері өзгерген жағдайда Бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізіледі.

      10. Мемлекеттік қызметтерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша қаражат қаржылық жыл ішінде пайдаланылмаған немесе жартылай игерілмеген жағдайда республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілері Қағидаларға сәйкес республикалық бюджет соңғы рет нақтылағанға дейін бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне есеп-қисаптарды жолдайды.

      11. Бюджет шығындарына секвестр жасау кезінде бюджеттік бағдарлама қаражатын қысқарту республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады