Жамбыл облысында ортақ су пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Жамбыл облысы мәслихатының 2025 жылғы 25 қыркүйектегі № 26-7 шешімі

      Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі Су кодексінің 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригациясы министрінің м.а. 2025 жылғы 11 шілдедегі № 171-НҚ "Жалпы су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 36443 болып тіркелген) сәйкес Жамбыл облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Жамбыл облысында ортақ су пайдалану қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыстық мәслихаттың агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихат төрағасы А. Нұралиев

  Жамбыл облыстық мәслихатының
2025 жылғы "25" қыркүйектегі
№26-7 шешіміне қосымша

Жамбыл облысында ортақ су пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Су кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және жеке тұлғалардың Жамбыл облысының аумағында ортақ пайдаланылатын су объектілерінде ортақ су пайдалануды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Ортақ су пайдалануды жеке тұлғалар рекреацияға, туризмге, әуесқойлық (спорттық) балық аулауға және шаруашылық немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес бос уақыттың өзге де нысандарына, сондай-ақ жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға деген жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жүзеге асырады.

      3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.

      4. Ортақ су пайдалану кезінде су объектілерін пайдалану су объектісінің ажырамас бөлігі болып табылатын жария су сервитуты шеңберінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Ортақ су пайдалану тәртібі

      5. Жергілікті атқарушы органдар жеке тұлғалардың ортақ су пайдалану құқығын жүзеге асыру мақсатында:

      1) су обьектілеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      2) ортақ су пайдалану су объектілерінде жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған орындарды айқындайды;

      3) әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүзеге асыру үшін балық шаруашылығы су объектілерінің және (немесе) учаскелерінің және іргелес жағалау белдеуінің учаскелерін айқындайды;

      4) халыққа ортақ су пайдалану бойынша орнатылған шектеулер мен тыйымдар туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.

      6. Су объектісіне тікелей қолжетімділік болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 69-бабына сәйкес қоғамдық сервитут орнатады.

      7. Шектеулер немесе тыйымдар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жариялануға жатады және су объектілерінің жағалауында арнайы ақпараттық белгілер орнату арқылы танысуға қолжетімді болуға тиіс.

      8. Ауыл шаруашылығы жануарларын суару үшін су объектілерін пайдалану санитарлық қорғау аймағынан тыс жерде және суару алаңдары мен су объектілерін ластау мен кірлетудің алдын алатын басқа да құралдар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

      9. Балық шаруашылығы су объектілерінде әуесқойлық (спорттық) балық аулау жеке және (немесе) заңды тұлғаларға, аталмыш су объектісінде көл-тауар шаруашылығын жүргізу құқығы берілген тұлғаларға ұйымдастырылады.

      10. Ортақ су пайдалану объектілерін пайдалану кезінде мыналарға жол берілмейді:

      1) су объектілеріне жеке тұлғалардың қолжетімділігін шектейтін қоршауларды, шлагбаумдарды, тыйым салатын белгілерді және басқа да құралдарды өздігінен орнату;

      2) су объектілерін ластау және кірлету;

      3) шомылуға арналған жерлерде көлікті жуу, киім жуу және жануарларды шомылдыру;

      4) арнайы ақпараттық белгілер орнатылған, ескерту немесе тыйым салу жазулары бар жерлерде шомылу;

      5) арнайы ақпараттық белгілерді өздігінен алып тастау, зақымдау немесе жою;

      6) жанармай және майлау материалдарын сақтау;

      7) көлікті жанармаймен қамтамасыз ету, жуу және жөндеу жұмыстарын жүргізу;

      8) су объектілерінде және олардың жанында кәмелетке толмаған балаларды ересектерсіз қалдыру.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады