Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің тұрғын үй комиссиясының кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 2025 жылғы 29 тамыздағы № 284-НҚ бұйрығы

      Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 77-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Қаржылық мониторинг органдарының тұрғын үй комиссияларының қызметі туралы қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұрғын үй комиссиясы осы бұйрыққа қоса берілген қосымшаға сәйкес құрылсын.

      3. Агенттіктің Кадр жұмысы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың электрондық көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Агенттіктің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Агенттіктің аппарат басшысына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға Ж. Элиманов

  Қазақстан Республикасы
Қаржылық мониторинг агенттігі
Төрағасының
2025 жылғы 29 тамыздағы
№ 284-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Қаржылық мониторинг органдарының тұрғын үй комиссияларының қызметі туралы қағидалар

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Қаржылық мониторинг органдарының (бұдан әрі – ҚМО) тұрғын үй комиссияларының қызметі туралы қағидалар Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 77-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес әзірленді және ҚМО тұрғын үй комиссияларының қызмет тәртібін айқындайды.

      2. ҚМО тұрғын үй комиссиялары (бұдан әрі – Тұрғын үй комиссиясы) қаржылық мониторинг саласындағы уәкілетті органда, сондай-ақ оның облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы аумақтық органдарында құрылатын, ҚМО қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты тұрғын үй мәселелері бойынша шешімдер қабылдау жөнінде өкілеттігі бар және тұрақты негізде жұмыс істейтін алқалы органдар болып табылады.

      3. Тұрғын үй комиссияларының құрамдары бекітіледі:

      Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінде (бұдан әрі – Агенттік) – Агенттік Төрағамен;

      Агенттіктің аумақтық органдарында – олардың басшыларымен.

      4. Агенттіктің аумақтық органдарында Тұрғын үй комиссиясы құрылымдық бөлімшелердің басшыларының арасынан бекітіледі.

      5. Агенттіктің Тұрғын үй комиссиясы тақ саннан кемінде тоғыз адамнан құрылады.

      6. Агенттіктің Тұрғын үй комиссиясының құрамына мыналар кіреді:

      Агенттік Аппаратының басшысы – комиссия Төрағасы;

      Жеке қауіпсіздік департаментінің басшысы;

      Кадр жұмысы департаментінің басшысы;

      Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің басшысы;

      Әкімшілік департаментінің басшысы;

      Тергеу департаментінің басшысы;

      Жедел департаменттің басшысы;

      Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы;

      Превенция және талдау әзірлемелері департаментінің басшысы;

      Тұрғын үй комиссиясының хатшысы.

      7. Тұрғын үй комиссиясының төрағасы немесе мүшелері уақытша болмаған жағдайда, оларды өзара алмастыру қағидаты бойынша, лауазымдық нұсқаулықтар мен міндеттердің бөлінісіне сәйкес тиісті бөлімшелердің өзге қызметкерлері алмастыра алады.

      8. Тұрғын үй комиссиясының хатшысынан басқа барлық мүшелері дауыс беру құқығына ие.

      9. Тұрғын үй комиссиясының хатшысы Агенттіктің кадр бөлімшесінің Тұрғын үй комиссиясы отырыстарына материалдарды дайындауды қамтамасыз ететін қызметкерлерінің арасынан тағайындалады.

2-бөлім. Тұрғын үй комиссияларының міндеттері мен функциялары

      10. Тұрғын үй комиссияларының негізгі міндеті қаржылық мониторинг органдарының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне тұрғын үй төлемдерін қоса алғанда, ақшалай өтемақы төлеуді анықтау, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау жөнінде заңды шешімдер қабылдау болып табылады.

      11. Тұрғын үй комиссиясының функциялары мыналар болып табылады:

      1) ҚМО қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы өтініштерді уақтылы қарауды қамтамасыз ету;

      2) ҚМО қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау, сондай-ақ ақшалай өтемақы төлеу туралы өтініштерін уақтылы қарауды қамтамасыз ету;

      3) ұсынылған құжаттарды тексеру және қарау;

      4) өтініштерді қанағаттандыру туралы шешім қабылдау немесе дәлелді бас тарту шығару;

      5) тұрғын үйді жалдау (қосалқы жалдау) шартын жасасу мәселесін қарау;

      6) ҚМО қызметкерлері мен олардың жылжымайтын мүлкі туралы мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан ақпарат алу;

      7) істерді (материалдарды) жүргізу және сақтау;

      8) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында белгіленген өзге де мәселелерді шешу.

      12. Комиссия Төрағасы:

      1) Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Комиссия отырыстарының өтетін орнын және уақытын айқындайды;

      3) Комиссия отырыстарында төрағалық етеді.

3-бөлім. Тұрғын үй комиссияларының қызмет тәртібі

      13. Тұрғын үй комиссиясы қажеттілігіне қарай, бірақ айына бір реттен сиретпей отырыстар өткізеді.

      14. Тұрғын үй комиссиясының шешіміне шешуші дауыс беру құқығына ие Комиссия мүшелері қол қояды.

      15. Шешуші дауыс беру құқығына ие Тұрғын үй комиссиясының мүшелері Комиссия шешімінде көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына жауапты болады.

      Шешім әрбір ҚМО қызметкері бойынша жеке қабылданады.

      16. Тұрғын үй комиссиясының хатшысы Тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасын (бұдан әрі – хаттама) еркін нысанда жүргізеді.

      Хаттамаға дауыс беру құқығына ие Тұрғын үй комиссиясының барлық мүшелері қол қояды.

      17. Дауыс беру құқығына ие Тұрғын үй комиссиясының мүшелері өздерінің ерекше пікірін жазбаша түрде баяндап, оны отырыс хаттамасына қоса алады, бұл туралы хаттамада тиісті белгі жасалады.

      18. Тұрғын үй комиссиясының шешімдері дауыс беру құқығына ие оның мүшелерінің көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

      19. Тұрғын үй комиссиясының шешімі оған қатысушы дауыс беру құқығына ие комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісінің даусымен қабылданған жағдайда заңды күші бар деп танылады.

      20. Дауыстар тең болған жағдайда шешуші болып Тұрғын үй комиссиясы төрағасының дауысы есептеледі.

      21. Тұрғын үй комиссиясы мемлекеттік мекеме таратылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда өз қызметін тоқтатады.

  Қазақстан Республикасы
Қаржылық мониторинг агенттігі
Төрағасының
2025 жылғы 29 тамыздағы
№ 284-НҚ бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің тұрғын үй төлемдерін беру мәселелері жөніндегі тұрғын үй комиссиясының құрамы

      Комиссия Төрағасы Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Аппаратының басшысы;

      Комиссия мүшелері: Агенттіктің Жеке қауіпсіздік департаментінің басшысы;

      Агенттіктің Кадр жұмысы департаментінің басшысы;

      Агенттіктің Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің басшысы;

      Агенттіктің Әкімшілік департаментінің басшысы;

      Агенттіктің Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы;

      Агенттіктің Жедел департаментінің басшысы;

      Агенттіктің Тергеу департаментінің басшысы;

      Агенттіктің Превенция және талдау әзірлемелері департаментінің басшысы;

      Комиссия хатшысы Агенттіктің Кадр жұмысы департаментінің қызметкері.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады