"Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабына сәйкес Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 11 шілдедегі № 17 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулыға қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 11 шілдедегі № 17 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 28 маусымдағы № 541 қаулысының күші жойылсын.
3. "Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде жіберуді;
2) осы қаулыны алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Шымкент қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуы "Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Р. Ибрагимовке жүктелсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Шымкент қаласының әкімі | Ғ. Сыздықбеков |
Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 4 маусымдағы № 3213 қаулысына қосымша |
|
Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 11 шілдедегі № 17 қаулысымен бекітілген |
"Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомствасы бар.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтык актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтык-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтык қатынастардың тарапы болуға Басқарманың құқығы бар.
7. Басқарма өз құзіретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен, Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Nursultan Nazarbaev даңғылы 10, индекс 160023.
10. Мемлекеттік органның толық атауы-"Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже Басқарманың кұрылтай құжаты болып табылады.
12. Басқарма қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен және жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау бойынша шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мұндай қызметтен түскен қаражат мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. "Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің миссиясы - Шымкент қаласының аумағында автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдауды ұйымдастыру және іске асыру, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, Шымкент қаласының аумағындағы автомобиль жолдары және инфрақұрылым құру саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу.
15. Басқарманың міндеттері:
1) автомобиль жолдары және жол қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) автомобиль көлігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
16. Функциялары:
1) бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыру жоспарының орындалуын қамтамасыз ету;
2) Басқарма қызметкерлерінің қызметін бағалауды жүзеге асыру;
3) жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;
4) жолаушылар көлігін және автомобиль жолдарын дамытудың кешенді және жергілікті бағдарламаларын іске асыруға қатысуға қаржыландыру көздерін іздестіру және инвесторларды тарту;
5) шарттық міндеттемелерді орындау бойынша жұмыстарды үйлестіру;
6) қолданыстағы заңнама негізінде Басқарманың құзыреттілігі шегінде қызметтерді және жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу, қызметтерді және жұмыстарды мемлекеттік сатып алу кезінде келісімшартқа тұру;
7) жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларында қаланы дамытудың бас жоспарын әзірлеуге қатысу;
8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;
9) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау;
10) көлік және жол инфрақұрылымы саласында басқару үшін жаңа технологияларды, жасанды интеллектті, мобильді қосымшаларды және цифрландыруды енгізу;
11) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және жобалау жұмыстарына қатысу, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларының кадрларын оқыту, даярлау және біліктілігін арттыру;
12) ұстап алынған көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені арнаулы алаңдарда немесе тұрақтарда сақтауды жүзеге асыруды ұйымдастыру;
- автомобиль жолдары саласы бойынша:
13) қаланың жолдарын салуды, жөндеуді, қайта құруды, пайдалануды және күтіп ұстауды ұйымдастыру;
14) Шымкент қаласының автомобиль жолдарын және көшелерін салу, қайта жаңғырту және жөндеу, инженерлік құрылыстар элементтерін салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау жөніндегі жұмыстарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес ұйымдастыру;
15) қаланың коммуналдык меншігіндегі жолдарды және жол кәсіпорындарын басқару;
16) Шымкент қаласының автомобиль жолдарын, қаладағы көшелерді салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде бақылауды жүзеге асыру;
17) Шымкент қаласында автомобиль жолдарын, қаладағы көшелерді салу, реконструкциялау, күрделі, орташа жөндеу жұмыстары аякталған жолды пайдалануға қабылдау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру;
18) автомобиль жолдарының арналармен, байланыс және электр беру желілерімен, мұнай құбырларымен, газ құбырларымен, су құбырларымен және теміржолдармен, баска да инженерлік желілер мен коммуникациялардың қиылысуына келісім беру;
19) Шымкент қаласының автомобиль жолдарының белдеулерінде ескерткіштер қоюға, қоршау орнатуға, абаттандыруға және сәнді екпелерді отырғызуға келісім беру;
20) Шымкент қаласының автомобиль жолдарында және белдеулерінде барлық түрдегі жұмыстарды жүргізуге және құрылыстарды орнатуға келісім беру;
21) Шымкент қаласының автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде және жол бойындағы белдеуінде сыртқы жарық түсіру тіреулерін орнатуға келісім беру;
22) Шымкент қаласы жолдарында, елді-мекен көшелерінде жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, енгізу және күтіп-ұстау жөніндегі барлық жұмыс түрлерінің орындалуын және оларды бақылауды қамтамасыз ету;
23) қаланың жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруіне әр түрлі шектеулер енгізу арқылы жол жүрісін ұйымдастырудың арнайы аймақтарын белгілеу;
24) жолдарда жол жүрісін қалпына келтіру үшін жол-көлік оқиғаларының зардаптарын жою;
25) Басқарма құзіретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу;
26) Шымкент қаласының көшелерін салуға, қайта жаңартуға және күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және бекіту;
27) Шымкент қаласының көшелерін орташа, ағымдағы жөндеуге және күтіп ұстауға сметалық құжаттаманы әзірлеу және бекіту;
28) Басқарманың өкілеттіктерінің шегінде көлік инфрақұрылымы нысандарын пайдалануға қабылдау және одан әрі коммуналдык меншікке беру жұмыстарына қатысу;
29) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының жұмыстары мен қызметтер көрсетуін қаржыландыру;
30) Шымкент қаласының ақылы көшелерін (учаскелерін) пайдалану кағидаларын әзірлеу және бекітуді ұйымдастыру;
31) Шымкент қаласының көшелерін (учаскелерін) ақылы негізде пайдалану туралы шешім қабылдауды ұйымдастыру;
32) ақылы жүріп өтудің енгізілуіне байланысты Шымкент қаласының ақылы көшелерімен жүріп өту үшін ақы және мөлшермелерді алу қағидаларын әзірлеу және бекітуді ұйымдастыру;
33) аяқ жолдарды күтіп ұстау және жөндеу, салу;
34) ақылы автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру;
35) ақылы автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру Қағидаларын әзірлеу және бекіту;
36) қаланың көше-жол желісіндегі автомобиль жолдарында автоматтандырылған өлшеу пункттерін орнату;
37) қаланың көшелерінде автоматтандырылған өлшеу пункттерінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларында айқындалған тәртіппен автоматтандырылған өлшеу пункттерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
38) белгіленген тәртіппен аумақтық-көліктік жоспарлау және жол қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі құжаттаманы келісу;
39) көшелерді күтіп ұстау, ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу көзінде орындалатын жұмыстар түрлерінің жіктелуін бекіту;
40) жол учаскелерін қайта өңдеу (ресайклинг) әдісімен жөндеу;
41) жылдам қалыптасатын құйма эмульсия-минералды қоспаны қолдану арқылы беткі өңдеу (төзу қабатын жасау);
42) интеллектуалды көлік жүйесін (ИКЖ) енгізу;
43) жол қозғалысын ұйымдастыру құралдарының, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының (жарықтандыру, радиобайланыс, ИКЖ және басқа да технологиялық және сигналдық байланыс құралдары, кабельдік желі, сондай-ақ бағдаршам нысандары, қозғалысты ұйымдастыру құралдары, диспетчерлік және автоматтандырылған қозғалысты басқару жүйелері) тазалығын сақтау, күтіп-ұстау, оларға күтім жасау және олардың жарамдылығын бақылау, оның ішінде олардың жұмыс істеуі үшін байланыс арналарын жалға алу, сондай-ақ істен шыққан, соның ішінде жол-көлік оқиғаларынан кейінгі жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының элементтерін шығару және кәдеге жарату;
44) Шымкент қаласының автомобиль жолдары мен көшелері бойындағы аялдама павильондарын дамыту, орнату, күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру;
45) жол жүйелерінің, қалалық көліктің барлық түрлерінің тиімді жұмыс істеуі саласындағы қызметті үйлестіру;
46) жолдарда (көшелерде) бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шараларды өткізудің схемалары мен маршруттарын келісу;
47) жол-көлік оқиғаларынан болған шығындардың және жол қозғалысын қамтамасыз етуге арналған бюджеттік шығындардың, сондай-ақ, жолдардағы жазатайым оқиғалардың деңгейін төмендету бойынша қабылданған шаралардың тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру;
48) әуежайларда, вокзалдарда, сауда орталықтарында, базарларда, театрларда, цирктерде, кинотеатрларда, мәдени-демалыс ұйымдарында (саябақтарда, көпшілік демалу орындарында), сондай-ақ алаңдарда, даңғылдарда, көшелерде такси тұрақтарын ұйымдастыру және жабдықтау;
49) қала тұрғындарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ете отырып, жол қозғалысын уақытша шектеу немесе тыйым салу, жолдарда немесе жолдардың жекелеген учаскелерінде оның ұйымдастырылуын өзгерту бойынша шаралар қабылдау;
50) транзиттік автомобиль көлігінің қозғалыс схемалары мен тәртібін келісу;
51) Шымкент қаласының автомобиль жолдарының белдеуіндегі тұрақты орнатылған объектілерде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға жолдың көліктік-пайдалану сапасының төмендеуіне жол бермеу, көлік құралдарының қозғалысы қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтау шарттарын ескере отырып келісім беру;
52) арық жүйесін, жаңбыр суын қабылдағыш кәріз, дренаж, жиектеме арықшаларын орнату, жөндеу немесе алмастыру;
53) Шымкент қаласының көшелеріне жарықтарды орнату және жөндеу;
- жолаушылар көлігі саласы бойынша:
54) Қазақстан Республикасының көлік саласындағы заңнамасына сәйкес жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасын және жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын әзірлеу;
55) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық, қалааралық, қалалық және қала маңындағы тасымалдауды ұйымдастыру, оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар өткізу;
56) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық, қалааралық, қалалық, қала маңындағы автомобильмен тасымалдау маршруттарының тізілімін жүргізу;
57) қалалық және қала маңындағы қатынастарда әлеуметтік мәні бар жолаушылар тасымалдауларын жүзеге асыру кезіндегі тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялауды жүзеге асыру;
58) таксимен тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы хабарлама берген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың тізілімін жүргізу;
59) автовокзалдардың, автостанциялардың және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметті бастағаны немесе тоқтатқаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыру;
60) автовокзалдардың, автостанциялардың және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің тізілімін жүргізу;
61) шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды есепке алу;
62) шағын көлемді өздігінен жүзетін кемелерді басқару құқығына куәліктер беру;
63) Шымкент қаласының теміржол вокзалының қызметін ұйымдастыру, мониторингілеу, күтіп ұстау және дамыту жұмыстарын жүзеге асыру;
64) өз құзыреті шегінде теміржол көлігінің жұмыстарын үйлестіру;
65) "Аэропорт Шымкент" акционерлік коғамының қызметін, иелену және пайдалану құқығымен, ұйымдастыру және мониторингілеу жұмыстарын жүзеге асыру;
66) уәкілетті органның келісімі бойынша жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау Қағидаларын әзірлеу және бекіту;
67) әлеуметтік маңызы бар жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың залалдарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау Қағидаларын әзірлеу және бекіту;
68) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру бойынша бұйрықтарды шығару;
69) әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
70) балама көлік түрлерін дамыту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
71) каршерингті, карпулингті (райдшерингті), велосипедтерді, электрсамокаттарды және қалалық мобильділіктің басқа да балама түрлерін нормативтік реттеу және ынталандыру бойынша ұсыныстар енгізу.
17. Басқармаға жүктелген міндеттерге сәйкес және өз құзіретінің шегінде:
1) соттарда мемлекеттің мүдделерін, барлық меншік нысанындағы ұйымдарда оның мүліктік құқықтарын қорғау;
2) жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы қызметтерді жетілдіру туралы қала әкіміне және атқарушы органдарға ұсыныстар енгізу;
3) мемлекеттік органдардан және басқада мекемелерден Басқармаға жүктелген функцияларды жүзеге асыру мақсатында мәліметтерді сұрату;
4) Басқарманың құзіретіне қатысты қала әкімінің өкімін, қала әкімдігінің қаулысын, шешімін, маслихат шешімдерінің жобаларын даярлауға қатысу;
5) жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуда, инвестицияларды тартуда ортақ стратегияны қалыптастыру және іске асыру;
6) келіссөз жүргізуге және шартқа тұруға;
7) жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарын дамытуға мемлекет тарапынан жағдай жасауға арналған шараларды жүзеге асыру үшін арнайы комиссиялар, кеңестер, жұмыс топтарын немесе басқа да кеңесші органдар құруға бастамашылық таныту;
8) конференциялар, семинарлар, оқудың басқа да түрлерін ұйымдастыруға және автомобиль жолдары мен жол инфрақұрылымының қызметкерлерімен тәжірибе алмасу;
9) оған берілген мүлікті басқаруды жүзеге асыру;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды тұлға ретінде барлық құқықтарды пайдалану.
3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру
18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және онын функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
19. Басқарма басшысын қала әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасыны заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
21. Басқарма басшысының өкілеттігі:
1) мемлекеттік мекеменің жұмыс жоспарларын бекітеді;
2) мемлекеттік мекеменің атынан әрекет етеді;
3) сенімхаттар береді;
4) заңнамамен белгіленген тәртіпте мемлекеттік мекеменің қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жаза береді;
5) өз құзіреті шегінде бұйрықтар шығарады, қызметтік құжаттарға қол қояды;
6) мемлекеттік мекеменің ішкі еңбек тәртібін бекітеді;
7) мемлекеттік мекемеде "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңынын сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
8) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;
9) шарттар жасасады, соның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасайды;
10) Қазақстан Республикасның заңнамалық актілерінде көзделген өкілеттіктерді жүзеге асырады;
11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасының орындалуына дербес жауапты болады.
Басқарма басшысы болмаған кезінде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Басқарма басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес белгілейді.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
23. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
24. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
"Диспетчерлік қызмет орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Басқарма қарамағындағы ұйым болып табылады.