БҰЙЫРАМЫН:
1. "2025 қаржы жылына арналған бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 272 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген 2025 қаржы жылына арналған бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларында:
181-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"181. Мемлекеттік мекеме мынадай:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының резервтерінен қаражат бөлу;
2) Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының және/немесе Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен бұрын қаржыландырылған жобаларды іске асыру шеңберінде азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша қаржыландыру көзі өзгерген жағдайларды қоспағанда, міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспары шегінде бір бюджеттік бағдарлама шеңберінде шарт және/немесе қосымша келісім жасасады. Бұл ретте, негізгі шартты тіркеусіз Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының және/немесе Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен бұрын қаржыландырылған жобаларды іске асыру шеңберінде азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша қосымша келісімдер мемлекеттік қазынашылық органдарында тіркеуге жатады.
Қосымша келісімді тіркеуге арналған өтінімге осы Қағидалардың 207-тармағына сәйкес Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының және/немесе Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен бұрын қаржыландырылған шарт бойынша төленген міндеттемелердің сомасы қосымша көрсетілетін түсіндірме жазба қоса беріледі.
Бұрын республикалық және/немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен қаржыландырылған жобаларды іске асыру шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінген жағдайда, қосымша келісім мемлекеттік қазынашылық органдарында тіркеусіз жасалады.
Мемлекеттік мекеме бір ақша алушымен бірнеше бюджеттік кіші бағдарлама немесе шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша шарт жасасқан кезде шартта әрбір бюджеттік кіші бағдарлама немесе шығыстардың бюджеттік сыныптамасының әрбір коды бойынша бөле отырып, жалпы сома көрсетіледі.
Жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын шарт жасасқан кезде мемлекеттік мекеме жергілікті бюджеттік даму бағдарламаларын іске асыру үшін облыстық, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетте бекітілген мөлшерде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жыл сайынғы сомалары бар бюджеттік кіші бағдарламаларды міндетті түрде көрсетуді қамтамасыз етеді.";
404-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"404. Осы тарауда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
қазынашылық сүйемелдеу – қолма-қол ақшаны бақылау шоттары арқылы төлемдер жүргізу кезінде құрылыспен байланысты бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде аванс беруге бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын Бюджет кодексінің 110-бабына сәйкес ағымдағы бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызмет.
қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде бас мердігер (өнім беруші) – тапсырыс берушімен қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шартта тарап ретінде әрекет ететін заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда) немесе заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум) (бұдан әрі – бас мердігер);
қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде тапсырыс беруші – мемлекеттік мекеме, қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы (бұдан әрі – тапсырыс беруші);
мемлекеттік сатып алулардың қолма-қол ақшаны бақылау шоты – бас мердігердің қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде қаражатты есепке алуына және оларды пайдалануына байланысты шот;
төлем сертификаты – осы Қағидаларға 113-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде төлемдерді жүргізу кезінде төлемді жүзеге асыру үшін негіз болатын, кейіннен мемлекеттік қазынашылық органдарына ұсыну үшін тапсырыс беруші қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде бас мердігерге ұсынатын құжат.";
413 және 414-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"413. Мемлекеттік қазынашылық органдары осы Қағидаларда көзделген тәртіппен бас мердігердің төлемдерін жүргізу кезінде бақылауды жүзеге асырады.
Қазынашылық сүйемелдеуге жататын объектілердің құрылысына байланысты азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеу үшін мемлекеттік қазынашылық органдарына осы Қағидалардың 405-тармағында көзделген тәртіппен мемлекеттік қазынашылықта ашылған бас мердігердің қолма-қол ақшаны бақылау шотының аванстық (алдын ала) төлем сомасы мен деректемелерін көрсете отырып, ағымдағы қаржы жылына көзделген шарт сомасына өтінім беріледі.
Мемлекеттік қазынашылық органы тапсырыс берушінің қағаз жеткізгіште немесе "Қазынашылық-клиент" ақпараттық жүйесі бойынша электрондық түрде тіркеуге берілген, қазынашылық сүйемелдеуге жататын шарттың (қосымша келісімнің) осы Қағидалардың 6-тарауының 5-параграфында көрсетілген талаптарға сәйкестігін және қосымша:
шарт бойынша аванстық (алдын ала) төлемді мемлекеттік қазынашылықта ашылған мемлекеттік сатып алудың қолма-қол ақшаны бақылау шотына аудару туралы талаптың болуына;
электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі арқылы шот-фактураларды жазып беру шарттарының болуына тексеруді жүзеге асырады.
Қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде шарттар жасалған өнім берушілерге авансты қамтамасыз етуді енгізу жөніндегі талап қолданылмайды.
414. Қазынашылық сүйемелдеуге жататын шарттың (қосымша келісімнің) талаптарына сәйкес аванстық соманы төлегеннен кейін мемлекеттік қазынашылық органдарына осы Қағидалардың 215-тармағында көзделген тәртіппен екінші деңгейдегі банкте ашылған бас мердігер шотының деректемелерін көрсете отырып, ағымдағы қаржы жылының қалған сомасына қосымша келісімді тіркеу үшін осы Қағидалардың 215-тармағында көзделген тәртіппен мемлекеттік мекеменің түсіндірме жазбасымен бірге міндеттемені тіркеу туралы хабарламалардың барлық нөмірлері мен күні, шарт талаптарын өзгерту себебі, сондай-ақ оны өзгерткен кезде шарттың сомасы көрсетілген өтінім беріледі.";
417-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"417. Бас мердігердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алумен байланысты төлемдері және (немесе) ақша аударымдары бас мердігердің № 208 қаулыда белгіленген нысан бойынша төлем тапсырмасын қалыптастыру жолымен мемлекеттік сатып алудың қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қалдықтары шегінде жүргізіледі.
Бас мердігердің төлем тапсырмасын қалыптастыруы үшін төлем сертификаты ("Қазынашылық-клиент" ақпараттық жүйесі бойынша қызмет көрсету кезінде түпнұсқадан сканерленген кескін ұсынылады) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінен "Қазынашылық-клиент" ақпараттық жүйесіне интеграцияланған электрондық шот-фактура негіз болып табылады.
Бас мердігердің меншікті қаражаты есебінен мемлекеттік қазынашылықта ашылған мемлекеттік сатып алудың қолма-қол ақшаны бақылау шотынан екінші деңгейдегі банктерде ашылған бас мердігердің шоттарына жүргізілген ағымдағы шығындарды өтеуге жол берілмейді.
Қызметкерлерге жалақыны және басқа да ақшалай төлемдерді, сондай-ақ жеке тұлғаларға олардың екінші деңгейдегі банкте ашылған ағымдағы немесе жинақ шоттарына, міндетті зейнетақы жарналарына, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік жарналарға, ерікті зейнетақы жарналарына және әлеуметтік аударымдарға, міндетті зейнетақы жарналарына және (немесе) жарналарына басқа да төлемдерді аудару бойынша төлемдер жүргізу үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру, "Қазынашылық-клиент" ақпараттық жүйесі бойынша сақтандырудың жинақтаушы түрінің шарттары бойынша төлемдер төлем тапсырмасының электрондық кескініне төлем сертификаты және осы Қағидаларға 140, 141, 142, 143 және 144-қосымшаларға сәйкес төлемдердің электрондық форматындағы ақша алушылардың тізімдері бекітіледі және бас мердігер мен бухгалтердің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады.
Бас мердігердің салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуі төлем тапсырмасы мен төлем сертификаты негізінде жүзеге асырылады.
Бас мердігердің мемлекеттік қазынашылықта ашылған мемлекеттік сатып алудың қолма-қол ақшаны бақылау шотынан екінші деңгейдегі банктерде ашылған қосалқы мердігерлердің және (немесе) өнім берушілердің шоттарына аванстық (алдын ала) төлемді аударуы төлем сертификаты негізінде жүзеге асырылады.
Бас мердігердің (консорциумның негізгі қатысушысының) мемлекеттік қазынашылықта ашылған мемлекеттік сатып алудың қолма-қол ақшаны бақылау шотынан екінші деңгейдегі банктерде ашылған консорциумның қатысушыларының шоттарына аванстық (алдын ала) төлемді аударуы төлем сертификаты негізінде жүзеге асырылады.
Бас мердігерлер осы тармақта көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, мемлекеттік қазынашылық органдарына төлем тапсырмасын ұсынуды қамтамасыз етеді.
Бас мердігер төлем тапсырмасын толтырған кезде "Төлемнің мақсаты" жолында төлемнің мақсаты, растайтын құжаттардың атауы, нөмірі және күні көрсетіледі.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
М. Такиев |