Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 8 шiлдедегi № 343-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      1) 129-баптың 16-тармағы 2) тармақшасындағы "бақылауды жүзеге асыруға қолданылмайды." деген сөздер "бақылауды;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) нотариаттық қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға қолданылмайды.";

      2) 138-бап 120) тармақшасындағы "сақталуына жүзеге асырылады." деген сөздер "сақталуына;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 121) тармақшамен толықтырылсын:

      "121) Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасының сақталуына жүзеге асырылады.".

      2. 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне:

      1) 135-бап мынадай мазмұндағы 20-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "20-1) мемлекеттік сатып алу және "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын сатып алу туралы міндеттемені орындау туралы;";

      2) 252-бапта:

      төртінші бөліктің екінші және үшінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "Санкция беруді: сот орындаушысының қаулысына қолтаңбасымен куәландырылатын "Санкциялаймын" деген мөртабанды басу арқылы прокурор; ұйғарым шығару арқылы сот жүзеге асырады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда, судья – атқарушылық әрекеттерді жүргізуге санкция беруден бас тарту туралы ұйғарым, ал прокурор қаулы шығарады.

      Сот орындаушысының электрондық құжат түрінде ұсынылған қаулысына санкция беруді прокурор – өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландыру арқылы, ал сот электрондық түрде ұйғарым шығару арқылы жүзеге асырады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда, судья – санкция беруден бас тарту туралы электрондық түрдегі уәжді ұйғарым, ал прокурор электрондық құжат түріндегі қаулы шығарады.";

      бесінші бөлікте:

      бірінші абзац алып тасталсын;

      екінші абзацтағы "қаулыға санкция беруден бас тарту туралы соттың" деген сөздер "қаулыны санкциялау мәселесі бойынша сот" деген сөздермен ауыстырылсын.

      3. "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) бүкіл мәтін бойынша:

      "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі", "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің", "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен", "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне", "Әділет министрлігіне бекітуге" деген сөздер тиісінше "уәкілетті орган", "уәкілетті органның", "уәкілетті органмен", "уәкілетті органға", "уәкілетті органға бекітуге" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "заңнамалық актілерінде", "заң актiлерiмен", "заң актiлерiнде", "басқа да заң актiлерiмен", "заң актiлерiне" деген сөздер тиісінше "заңдарында", "заңдарында", "заңдарында", "басқа да заңдармен", "заңдарға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) мынадай мазмұндағы 2-2-баппен толықтырылсын:

      "2-2-бап. Нотариат саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган

      Нотариат саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – нотариаттық қызмет саласында мемлекеттік реттеуді, лицензиялауды және мемлекеттік бақылауды, сондай-ақ нотариат туралы заңнамада көзделген өзге де функцияларды атқаратын мемлекеттік орган.";

      3) 4-бапта:

      3-тармақта:

      екінші бөлік "нотариустардың" деген сөзден кейін "қағаз түріндегі" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Нотариустардың электрондық түрдегі құжаттары Қағидаларға сәйкес міндетті түрде нотариаттық цифрлық архивте қалыптастырылуға тиiс.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Нотариаттық цифрлық архив – бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйенің электрондық түрдегі нотариаттық құжаттарды жинауға, сатып алуға, жиынтықтауға, ретке келтіруге, сақтауға, есепке алуға және пайдалануға арналған құрауышы.";

      4) 4-1-бапта:

      1-тармақ "өңдеу" деген сөзден кейін ", сақтау" деген сөзбен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе осы Заңның 92-1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы негізінде атқарушылық жазба жасауға арналған өтінішті нотариустарға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бөледі.";

      3-тармақтағы "нотариаттық электрондық репозиторийде уақытша сақтауға орналастырылуға тиіс және белгіленген мерзім өткеннен кейін нотариаттық электрондық архивке берілуге" деген сөздер "нотариаттық цифрлық архивте орналастырылуға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Осы Заңда белгіленген жағдайларда аумақтық әділет органы және нотариаттық палата нотариаттық цифрлық архивке қолжетімділікті Қағидаларда көзделген тәртіппен басқа нотариусқа береді.";

      8-тармақ алып тасталсын;

      5) 4-2-баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 4) тармақшасындағы "электрондық репозиторийден" деген сөздер "цифрлық архивтен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 6-баптың 1-тармағында:

      төртінші бөліктегі "Заңда" деген сөз "1.1. Заңда" деген сөздермен ауыстырылсын;

      бесінші бөлікте:

      үшінші абзацта:

      "сондай-ақ" деген сөзден кейін "Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіптік жарамсыздығына байланысты судьяның атқаратын лауазымына сай еместігі туралы шешімі негізінде өкілеттігін тоқтатқан судьяны қоспағанда, теріс себептер бойынша" деген сөздермен толықтырылсын;

      орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      алтыншы абзацтағы "нотариаттық" деген сөз "осы Заңның 11-бабының 2), 5) және 8) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша лицензиясынан айырылған, сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл өткен соң нотариаттық қызметпен айналысуға қайта үміттенуге құқығы бар адамдарды қоспағанда, нотариаттық" деген сөздермен ауыстырылсын;

      жетінші абзацтағы "палатасының тізілімінен шығарылған" деген сөздер "палатасы мүшелерінің тізілімінен шығарылған не адвокаттар алқасына мүшелігі тоқтатылған" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 7-баптың 4-тармағында:

      екінші бөлік "нотариустарда" деген сөзден кейін "өздерінің тіркелген (тұрғылықты) жері бойынша" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы Заңның 6-бабының 1-1-тармағында белгiленген талаптарға сай келетiн және тағылымдамадан өтуге ниет бiлдiрген адам нотариустардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеде тізбесі белгіленетін құжаттарды қоса бере отырып, тағылымдамадан өтуге жіберу туралы өтінішпен аумақтық нотариаттық палатаға өтініш білдіреді.";

      8) 8-баптың 5-тармағында:

      бірінші абзацтағы "құқығына", "айналысуға" деген сөздер тиісінше "құқығына арналған", "айналысу құқығына арналған" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1) тармақша "әкесінің аты" деген сөздерден кейін "(егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе)" деген сөздермен толықтырылсын;

      9) 10-бапта:

      2-тармақта:

      1), 2) және 2-1) тармақшалар алып тасталсын;

      10) тармақшадағы "18-бабының 1-тармағы 11) тармақшасының" деген сөздер "18-бабы 13) тармақшасының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      10) тармақшадағы "сақтамаған жағдайларда, алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады." деген сөздер "сақтамаған;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11), 12) және 13) тармақшалармен толықтырылсын:

      "11) нотариаттық әрекеттерді жүзеге асыруы кезінде нотариус Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа бірнеше (он екі ай ішінде екі және одан көп) рет тартылған жағдайларда, алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.

      Егер бұрын жасалған тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жаза белгіленген тәртіппен алып тасталған болса, тәртіптік теріс қылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды;

      12) нотариус Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзған;

      13) нотариус осы Заңның 4-3-бабында көзделген нотариаттық әрекеттерді жасағаны туралы мәліметтерді бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйеге енгізу мерзімдерін бірнеше (он екі ай ішінде екі және одан көп) рет бұзған жағдайларда, алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.";

      2-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жалпы негіздерден басқа, нотариус лицензиясының қолданысы:

      1) нотариус мемлекеттік қызметте болған;

      2) нотариус мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен ақы төленетiн, тұрақты немесе жұмыстан босатылатын негiзде өз қызметiн атқаратын Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты немесе мәслихат депутаты болып сайланған;

      3) нотариус мерзімді әскери қызметті өткерген;

      4)  өз өкілеттігін орындамауы туралы нотариустың өтінішінде көрсетілген кезеңге тоқтатыла тұрады.";

      мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:

      "2-2. Нотариус лицензиясының қолданысы мынадай жағдайларда көрсетілген мерзімге:

      1) нотариаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензиядан айыру туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайда – сот актісі заңды күшіне енгенге дейін;

      2) прокурор қылмыстық іс бойынша нотариусқа қатысты айыптау актісін жасаған жағдайда – үкім заңды күшіне енгенге дейін;

      3) прокурор айыптау хаттамасын, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекіткен және қылмыстық істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабы (баптары) бойынша сотқа жіберу туралы шешім қабылдаған, сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 617-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен процестік келісім жасаумен аяқталған жағдайда – сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Нотариус лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған жағдайда аумақтық әділет органы мен нотариаттық палата, нотариаттық цифрлық архивті қоса алғанда, нотариустың қағаздағы және электрондық түрдегі құжаттарын Қағидаларда көзделген тәртіппен басқа нотариусқа беру жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.";

      10) 11-бапта:

      2) тармақша "бірнеше" деген сөзден кейін "(екі және одан көп)" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) нотариус нотариаттық әрекеттер жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын бiрнеше (екі және одан көп) рет бұзғанда;";

      мынадай мазмұндағы 3-1), 5-2) тармақшалармен және 8) тармақшадағы "жүзеге асырғанда нотариус лицензиясы кері қайтарылып алынады." деген сөздер "жүзеге асырғанда;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) нотариус Қазақстан Республикасының заңнамасын мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіріп бұзғанда;";

      "5-2) нотариустың электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін басқа тұлғаларға заңсыз беру фактісі анықталғанда;";

      "9) нотариус Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бірнеше (екі және одан көп) рет бұзғанда нотариус лицензиясы кері қайтарып алынады.";

      11) 12-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Нотариус лицензиясының қолданысы тоқтатылған жағдайда аумақтық әділет органы мен нотариаттық палата, нотариаттық цифрлық архивті қоса алғанда, нотариустың қағаздағы және электрондық түрдегі құжаттарын басқа нотариусқа немесе жеке нотариаттық архивке беру жөнінде, сондай-ақ лицензияны лицензиарға беру үшін алып қою және нотариустың мөрін жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.";

      12) 15-баптың 4-тармағының төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Нотариус нотариаттық қызметті жүзеге асыруды тоқтату туралы хабарламаны аумақтық әділет органына жібергенге дейін, нотариаттық цифрлық архивті қоса алғанда, өз сақтауында болатын қағаздағы және электрондық түрдегі барлық құжатын басқа нотариусқа немесе жеке нотариаттық архивке беруге, нотариустың мөрін аумақтық нотариаттық палатаға тапсыруға міндетті.";

      13) 17-бапта:

      8) тармақша "рәсімдерін" деген сөзден кейін ", оның ішінде Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасына сәйкес медиатор ретінде медиацияны" деген сөздермен толықтырылсын;

      10) тармақшадағы "алуға құқылы." деген сөздер "алуға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:

      "11) сенімгерлік басқаруға берілген және коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы өзінің меншігіндегі үлестерден (акциялар пакеттерінен) және өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, пайдаланылуы кіріс әкелетін өзге де мүліктен кіріс алуға құқылы.

      Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариаттық түрде куәландырылуға тиіс.

      Нотариус өзіне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенімгерлік басқаруға бермеуге құқылы.";

      14) 18-баптың 7), 7-1), 8), 9), 10), 10) және 11) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) өз лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған жағдайда, нотариаттық цифрлық архивті қоса алғанда, қағаздағы және электрондық түрдегі құжаттарын Қағидаларда көзделген тәртіппен басқа нотариусқа беруге;

      8) мөрін лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған кезеңде – аумақтық әділет органына, лицензияның қолданысы тоқтатылған жағдайда аумақтық нотариаттық палатаға тапсыруға;

      9) өз лицензиясының қолданысы осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 4-1) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған жағдайда, нотариаттық цифрлық архивті қоса алғанда, өз сақтауында болатын қағаздағы және электрондық түрдегі барлық құжатын басқа нотариусқа беруге;

      10) өз тегінің, атының, әкесінің атының (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және өзінің үй-жайы орналасқан жердің өзгеруі жөніндегі мәліметтерді бір ай ішінде аумақтық әділет органына ұсынуға;

      11) бір ай бойы нотариаттық қызметті жүзеге асырмаған жағдайда, бес жұмыс күні ішінде аумақтық әділет органына және нотариаттық палатаға хабарлауға;

      12) жеке тұлғалардың мәмілелері мен шарттары жөніндегі мәліметтерді Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған нысан бойынша, белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік кіріс органдарына ұсынуға;

      13) кәсіби біліктілігін арттыруға міндетті.";

      15) 19-баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, оның ішінде ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға немесе ақы төленетін өзге де қызметпен айналысуға;";

      "3) мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен ақы төленетiн, тұрақты немесе жұмыстан босатылатын негiзде өз қызметiн атқаратын Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты немесе мәслихат депутаты болып сайланған жағдайда нотариус міндеттерін орындауға;";

      16) 21-бапта:

      3-тармақтағы "92-1-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында" деген сөздер "54-бабында және 92-1-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5-тармақта:

      бірінші бөліктегі "іс-әрекеттер" деген сөз "әрекеттер тиісті нотариаттық округтің шегінде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші бөліктегі "және нотариаттық әрекеттерді тіркеу тізілімінде", "оның ішінде" деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Егер тұлға нотариаттық әрекеттің жасалуына "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш білдірсе, онда нотариустың үй-жайы орналасқан жер осы нотариаттық әрекеттің жасалу орны болып есептеледі.";

      17) 24-1-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "24-1-бап. Нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясы"

      1-тармақта:

      үшінші бөліктегі "Нотариус" деген сөз "Алынбаған тәртіптік жазасы жоқ нотариус" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші және бесінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.

      Бір адам бір реттен артық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының төрағасы бола алмайды.";

      3-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) лицензиарға және (немесе) Республикалық нотариаттық палатаға нотариусты лицензиясынан айыру жөнінде талап қоюды дайындау туралы өтінішхат бере отырып, нотариаттық палатадан шығару.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Өзіне қатысты шағым қаралып жатқан адамның нотариаттық палатаға мүшелігі, егер оған қатысты тексеру жүргізіліп жатса немесе тәртіптік іс жүргізу қозғалса – тексеру немесе тәртіптік іс жүргізу аяқталғанға дейін, ал бұзушылықтар анықталған жағдайда нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясы бұзушылық туралы және тәртіптік жазалау шарасын қолдану туралы істі қарауды аяқтағанға дейін тоқтатылмайды.";

      18) 24-2-баптың 1-тармағында:

      төртінші бөліктегі "Нотариус" деген сөз "Алынбаған тәртіптік жазасы жоқ нотариус" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:

      "Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.

      Бір адам бір реттен артық Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының құрамында бола алмайды.";

      19) 26-баптың 5-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Нотариаттық палатаның жарғысында көзделген мүшелік жарналарды қоспағанда, нотариаттық палаталардың кіру жарнасын немесе өзге де жарналар мен төлемдерді алуына жол берілмейді.";

      20) 26-2-баптың 1-тармағында:

      бірінші бөлік "мүшесі болған" деген сөздерден кейін "және алынбаған тәртіптік жазасы жоқ" деген сөздермен толықтырылсын;

      үшінші бөліктегі "қатарынан екі мерзімнен" деген сөздер "бір реттен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      21) 27-баптың 1-тармағының 4) тармақшасындағы және 1-1-тармағының 7) тармақшасындағы "жекеше" деген сөз алып тасталсын;

      22) 29-баптың 4-тармағында:

      бірінші бөлік "мүшесі болған" деген сөздерден кейін "және алынбаған тәртіптік жазасы жоқ" деген сөздермен толықтырылсын;

      үшінші бөліктегі "қатарынан екі мерзімнен" деген сөздер "бір реттен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      23) 5-тараудың тақырыбы мен 31-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау. Әділет органдарының нотариатты реттеу саласындағы құзыреті

      31-бап. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау – аумақтық әділет органының мемлекеттік бақылау субъектілерінің қызметін нотариат туралы заңнамада белгіленген талаптардың сақталуы тұрғысынан тексеру жөніндегі қызметі.

      2. Жеке практикамен айналысатын нотариустар және аумақтық нотариаттық палаталар нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілеріне жатады.

      3. Мемлекеттік бақылау субъектісінің қызметі нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау объектісіне жатады.

      4. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылаудың мақсаты – мемлекеттік бақылау субъектілері өздерінің кәсіби міндеттері мен өкілеттіктерін, оның ішінде осы Заңға сәйкес жеке нотариаттық архивтерді құру, олардың нотариаттық құжаттарды жинақтау, сақтау және пайдалану жөніндегі функцияларын ұйымдастыру бойынша өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде заңдылықты қамтамасыз ету және жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету.

      5. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылаудың міндеттері:

      1) мемлекеттік бақылау субъектілерінің халыққа құқықтық қызмет көрсету саласындағы заңдылықты сақтауын қамтамасыз ету;

      2) анықталған құқық бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды қабылдау;

      3) нотариат туралы заңнаманың талаптарын бұзушылық профилактикасы және олардың алдын алу.

      6. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылаудың нысанасы – нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілері қызметінің нотариат туралы заңнаманың талаптарына сәйкестігі.

      7. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылауды аумақтық әділет органының лауазымды адамдары жүзеге асырады.

      8. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау жоспарлы және жоспардан тыс жүргізілетін тексерулер түрінде жүзеге асырылады.

      9. Мемлекеттік нотариустың және аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарының нотариаттық әрекеттерінің заңдылығын және іс жүргізу қағидаларын сақтауын мемлекеттік бақылауды аумақтық әділет органы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      10. Нотариустардың және аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарының, салықтық міндеттемелерді орындауды және салықтық есептілік ұсынуды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын сақтауын мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

      11. Аумақтық әділет органдары өз құзыреті шегінде ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын нотариаттық әрекеттерді жүзеге асыратын нотариустардың қызметіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын қаржыландыру қауіп-қатерлерін анықтау тұрғысынан талдау мен мониторинг жүргізеді.";

      24) 31-1-бап алып тасталсын;

      25) мынадай мазмұндағы 31-2, 31-3 және 31-4-баптармен толықтырылсын:

      "31-2-бап. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілерінің нотариат туралы заңнамада белгіленген талаптарды сақтауы тұрғысынан жүргізілетін тексерудің түрлері

      1. Мемлекеттік бақылау субъектілеріне қатысты жоспарлы тексерулерді аумақтық әділет органы автоматтандырылған режимде қалыптастырылатын және уәкілетті орган бекіткен жоспарлы тексерулерді жүргізудің жартыжылдық жоспарына сәйкес жылына екі реттен жиілетпей жүзеге асырады.

      Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілерінің нотариат туралы заңнамада белгіленген талаптарды сақтауы тұрғысынан жүргізілетін тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) тексеру жүргізуді бастау алдындағы үш жылдағы мемлекеттік бақылау субъектілерінің нотариат туралы заңнамада белгіленген талаптарды сақтауы тұрғысынан жүргізілетін жоспарлы тексерулер;

      2) мемлекеттік бақылау субъектілерінің нотариат туралы заңнамада белгіленген талаптарды сақтауы тұрғысынан жүргізілетін, тексеру жүргізуге негіз болған мәселелер бойынша жоспардан тыс тексерулер.

      2. Жеке практикамен айналысатын нотариусты жоспарлы тексеру жүргізудің жартыжылдық жоспарына енгізудің негіздері:

      1) алдыңғы тексерулердің нәтижелері;

      2) мемлекеттік органдар мен ұйымдар ұсынатын мәліметтерді талдаудың нәтижелері;

      3) соттың мемлекеттік бақылау субъектісіне қатысты заңды күшіне енген жеке ұйғарымы және (немесе) жеке қаулысы;

      4) жеке практикамен айналысатын нотариустың кінәсі көрсетіліп, жеке практикамен айналысатын нотариус куәландырған мәмілені жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген сот актісі;

      5) жеке практикамен айналысатын нотариустың нотариаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензиясы қолданысының тоқтатыла тұруы;

      6) мемлекеттік бақылау субъектісінің әкімшілік жауаптылыққа тартылуы;

      7) жеке практикамен айналысатын нотариустың тәртіптік жазасының болуы.

      Аумақтық нотариаттық палаталарды жоспарлы тексеру үш жылда бір рет жүзеге асырылады.

      Жоспарлы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын қалыптастыру үшін талдау жасау кезінде алдыңғы жылғы ұқсас кезеңмен салыстырылатын деректер пайдаланылуы мүмкін.

      Әділет органдары деректерді талдауды алдыңғы жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, құқық қорғау органдары мен соттар ұсынған мәліметтер, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, аумақтық нотариаттық палаталардан алынған мәліметтер, сондай-ақ мемлекеттік бақылау субъектісінің қызметі туралы басқа да құжаттар және (немесе) мәліметтер бойынша жүзеге асырады.

      3. Уәкілетті орган жоспарлы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарын аумақтық әділет органдарының жоспарлы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарлары негізінде тексеруді жүргізу жылының алдындағы жылдың 10 желтоқсанынан кешіктірмей және ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 маусымына дейін қалыптастырады және бекітеді.

      Жоспарлы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспары уәкілетті органның интернет-ресурсында тексеруді жүргізу жылының алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан және ағымдағы күнтізбелік жылдың 20 маусымынан кешіктірілмей орналастырылады.

      Жоспарлы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспары мыналарды қамтиды:

      1) жоспардың бекітілген күні және нөмірі;

      2) мемлекеттік органның атауы;

      3) тексерілетін мемлекеттік бақылау субъектісінің атауы, оның орналасқан жері;

      4) тексеру нысанасы;

      5) тексеруді жүргізу мерзімдері;

      6) жоспарға қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы.

      Жоспарлы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мемлекеттік бақылау субъектісі мәртебесінің өзгеруі, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауы, төтенше жағдай режимінің енгізілуі, эпидемияның таралуы, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер, инфекциялық, паразиттік аурулар ошақтарының, уланудың, радиациялық авариялар мен соған байланысты шектеулердің туындауы немесе туындау қатері жағдайларында жүзеге асырылады.

      Бұл ретте аумақтық әділет органдары жарты жылда бір рет ағымдағы күнтізбелік жылдың 5 шілдесінен және есепті жылдан кейінгі жылдың 5 қаңтарынан кешіктірмей, уәкілетті органға нотариустар мен аумақтық нотариаттық палаталарды жоспарлы тексерулер туралы есепті, сондай-ақ нотариустар мен аумақтық нотариаттық палаталарды жоспардан тыс тексерулер туралы есепті уәкілетті орган бекітетін нысандар бойынша ұсынады.

      4. Арнаулы білімді қажет ететін мәселелерді түсіндіру үшін тексерулер жүргізу кезінде мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандары, консультанттары мен сарапшылары тартылуы мүмкін.

      5. Жеке практикамен айналысатын нотариустарды жоспарлы тексерулер нотариат туралы заңнамада белгіленген талаптардың сақталуы тұрғысынан:

      1) нотариаттық іс жүргізу;

      2) бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйені пайдалану;

      3) нотариаттық әрекеттер жасау;

      4) Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуы;

      5) нотариат туралы заңнамада белгіленген өзге де талаптар бөлігінде жүзеге асырылады.

      Аумақтық нотариаттық палаталарды жоспарлы тексерулер нотариат туралы заңнаманың:

      1) жеке нотариаттық архивтерді құру, олардың нотариаттық құжаттарды жинақтау, сақтау және пайдалану жөніндегі функцияларын ұйымдастыру;

      2) жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруын ұйымдастыру;

      3) нотариаттық қызметпен айналысу құқығын алуға үміттенетін адамдардың тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру және олардың біліктілік талаптарына сай келуі;

      4) нотариаттық палатаға мүше болу шарттарын және нотариаттық палатаға мүшелікке қабылдау мен мүшеліктен шығару тәртібін сақтау;

      5) нотариустарға бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйеге қолжетімділікті беру мен тоқтату бойынша талаптарына олардың қызметінің сәйкестігі тұрғысынан жүзеге асырылады.

      6. Жоспардан тыс тексеру нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша және жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған, растайтын дәлелдемелер болған кезде аумақтық әділет органдарының бастамасымен жүргізіледі.

      Анонимдік жолданымдар келіп түскен жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.

      7. Мемлекеттік бақылау субъектілерін жоспардан тыс тексерудің негіздері:

      1) мемлекеттік бақылау субъектілерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;

      2) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіру не нұқсан келтіру қатері туралы нақты фактілер бойынша прокурордың талаптары мен ұсынымдары;

      3) нотариат туралы заңнаманың талаптарын бұзудың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары.

      8. Аумақтық әділет органы тексерулерді жүргізу кезінде осы Заңды және осындай қызметті реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды басшылыққа алады.

      31-3-бап. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілерінің нотариат туралы заңнамада белгіленген талаптарды сақтауы тұрғысынан тексеруді жүргізу тәртібі

      1. Тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде тексеру жүргізіледі.

      Тексеруді тағайындау туралы акт екі данада жасалады және оған аумақтық әділет органының басшысы қол қояды.

      Тексеруді тағайындау туралы акт аумақтық әділет органында электрондық құжат айналымы арқылы тіркеледі.

      Жоспарлы тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасы мемлекеттік бақылау субъектісіне табыс етілген немесе хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы немесе жеткізілгенін тіркеп-белгілеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жіберілген кезде тиісті түрде жеткізілген деп есептеледі.

      Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:

      1) актінің күні мен нөмірі;

      2) аумақтық әділет органының атауы;

      3) тексеруді жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;

      4) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың тексеру жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;

      5) мемлекеттік бақылау субъектісінің атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі, мемлекеттік бақылау объектілерінің тізбесі;

      6) тағайындалған тексерудің түрі;

      7) тексеруді жүргізу мерзімі;

      8) тексеру жүргізудің негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексерілуге тиіс Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері;

      9) тексеруді жүргізу кезеңі;

      10) нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау субъектісінің осы Заңның 31-4-бабында көзделген құқықтары мен міндеттері;

      11) актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген лауазымды адамның қолтаңбасы және аумақтық әділет органының мөрі;

      12) мемлекеттік бақылау субъектісінің тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны туралы немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы.

      Аумақтық әділет органының тексеру жүргізуге келген лауазымды адамы мемлекеттік бақылау субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіні, өзінің мемлекеттік лауазымын растайтын құжат болып саналатын сәйкестендіру картасын ұсынады.

      Тексеруді тағайындау туралы актіні мемлекеттік бақылау субъектісіне табыс еткен күн тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.

      Тексеруді жүргізу мерзімі:

      жоспарлы тексерулер бойынша – жиырма жұмыс күнінен;

      жоспардан тыс тексерулер бойынша – жеті жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      Тексеру жүргізу мерзімін ұзарту тексеруді ұзарту туралы актімен ресімделеді. Тексеруді ұзарту туралы актіде тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және ұзарту себебі көрсетіледі.

      2. Лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) тексеруді жүргізуіне кедергі келтіргені үшін мемлекеттік бақылау субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.

      3. Аумақтық әділет органының лауазымды адамы (лауазымды адамдары) тексеруді жүргізу нәтижелері бойынша тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.

      4. Тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі:

      1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;

      2) аумақтық әділет органының атауы;

      3) тексеруді тағайындау туралы актінің (бар болса, мерзімді ұзарту туралы қосымша актінің) күні мен нөмірі;

      4) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;

      5) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың тексеру жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;

      6) мемлекеттік бақылау субъектісінің атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі, тексеру жүргізу кезінде уәкілетті өкіл қатысқан кезде оның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы, мемлекеттік бақылау объектілерінің тізбесі;

      7) тексеру жүргізудің күні, орны және кезеңі;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтардың болуы немесе болмауы туралы, оның ішінде олардың сипаты туралы мәліметтер;

      9) бұзушылықтарды жою туралы нұсқама, онда төмендегі мерзімдер:

      жоспарлы тексеру бойынша – он бес жұмыс күні белгіленіп, осы Заңның талаптарына сәйкес, белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты және анықталған бұзушылықтардың тізбесін аумақтық әділет органына ұсыну қажеттілігіне нұсқау жасалады;

      жоспардан тыс тексеру бойынша – жеті жұмыс күні белгіленіп, осы Заңның талаптарына сәйкес, белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты және анықталған бұзушылықтардың тізбесін аумақтық әділет органына ұсыну қажеттілігіне нұсқау жасалады.

      Анықталған бұзушылықтарды жою мүмкін болмаған жағдайда, бұзушылықтарды жою мерзімі белгіленбейді, бұл жөнінде тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетіледі.

      Бұл ретте мемлекеттік бақылауды жүргізген лауазымды адамдар бес жұмыс күні ішінде бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген бұзушылықтардың жойылуының анық фактісін бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе арқылы да, нотариаттық іс материалдары бойынша да анықтайды;

      10) мемлекеттік бақылау субъектісінің, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамдардың тексеру нәтижелері туралы актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны, олардың қол қойғаны немесе қол қоюдан бас тартқаны туралы мәліметтер;

      11) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы.

      Тексеру нәтижелерімен байланысты құжаттар бар болса, осындай құжаттар немесе олардың көшірмелері тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі.

      5. Тексеру нәтижелері туралы актінің электрондық түрдегі бірінші данасы мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға және оның аумақтық органдарына жіберіледі, қағаз жеткізгіштегі екінші данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер жасау үшін тексерілетін мемлекеттік бақылау субъектісіне қол қойғызып табыс етіледі немесе электрондық түрде жіберіледі, үшінші данасы аумақтық әділет органында қалады.

      Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда мемлекеттік бақылау субъектісі не оның уәкілетті өкілі ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын жазбаша түрде баяндайды.

      Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол жөнінде тиісті белгі жасалады.

      Аумақтық әділет органы тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік бақылау субъектісінің тексеру нәтижелері туралы ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын қарауға және үш жұмыс күні ішінде уәжді жауап ұсынуға міндетті.

      Тексеру нәтижелері туралы актіні қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалып, оған тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адам (лауазымды адамдар) және мемлекеттік бақылау субъектісі не оның уәкілетті өкілі қол қояды.

      6. Тексеру нәтижелері туралы актіні мемлекеттік бақылау субъектісіне табыс еткен күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.

      Тексеру нәтижелері туралы акт тексеруді тағайындау туралы актіде немесе тексеру мерзімдерін ұзарту туралы актіде көрсетілген тексеру мерзімдері аяқталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей табыс етіледі (жіберіледі).

      Тексеру нәтижелері туралы акт мемлекеттік бақылау субъектісіне табыс етілген немесе хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы немесе жеткізілгенін тіркеп-белгілеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жіберілген кезде тиісті түрде жеткізілген деп есептеледі.

      7. Мемлекеттік бақылау субъектілері бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймаған кезде аумақтық әділет органы анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жоюға мәжбүр ету туралы сотқа талап қоюмен жүгінуге міндетті.

      8. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын адамдар бақылау іс-шараларын жүзеге асыру кезінде мәлім болған нотариаттық әрекеттерді жасау құпиясын сақтауға міндетті. Бұл адамдар құпияны жария еткенi және нотариусқа келтiрген нұқсан үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      31-4-бап. Нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілерінің құқықтары мен міндеттері

      1. Мемлекеттік бақылау субъектілері аумақтық әділет органының тексеру жүргізуге келген лауазымды адамдарын мынадай жағдайларда:

      1) осы Заңның 31-3-бабы 1-тармағының сегізінші және тоғызыншы бөліктерінде белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін, тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, мерзімді ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген мерзімдер асып кеткенде не өтіп кеткенде;

      2) тексеруді жүргізу тиісті өкілеттіктері жоқ лауазымды адамдарға тапсырылғанда;

      3) тексеру жүргізудің негіздері болмағанда;

      4) тексеру тағайындау туралы акт болмағанда немесе ұсынылмағанда;

      5) жоспарлы тексеруді тағайындау кезінде хабарлама болмағанда, сол сияқты тексерудің басталғаны туралы хабарлау мерзімдері сақталмағанда, тексеруге жібермеуге құқылы.

      2. Мемлекеттік бақылау субъектілері:

      1) тексеруді тағайындау туралы актіні алғаннан кейін аумақтық әділет органының лауазымды адамдарының үй-жайға кедергісіз кіруін және нотариаттық құжаттарға, оның ішінде бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйеге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге;

      2) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексеру жүргізу кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне жол бермеуге;

      3) тексерудің міндеттері мен нысанасына сәйкес, аумақтық әділет органының лауазымды адамдарына тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ цифрлық жүйелерге қолжетімділік беруге;

      4) тексеру нәтижелері туралы актімен танысу үшін аумақтық әділет органының лауазымды адамдарының шақыруы бойынша келуге міндетті.

      3. Аумақтық әділет органдары тексеруді жүзеге асыру кезінде мемлекеттік бақылау субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған жағдайда, мемлекеттік бақылау субъектісі аумақтық әділет органының және оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібімен жоғары тұрған мемлекеттік органға шағым жасауға құқылы. Сотқа жүгінім осы тәртіп сақталғаннан кейін берілуі мүмкін.

      4. Егер аумақтық әділет органы жоспарлы немесе жоспардан тыс тексерулерді мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын осы тарауда белгіленген талаптарды бұза отырып жүргізген болса, осындай тексерулер жарамсыз деп танылады.

      Жоспарлы немесе жоспардан тыс тексеруді жарамсыз деп тану жоғары тұрған мемлекеттік органның немесе соттың осы тексеру актісінің, тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың күшін жоюына негіз болады.

      Мемлекеттік бақылау субъектісінің жоспарлы немесе жоспардан тыс тексерудің жарамсыздығына байланысты актінің күшін жою жөніндегі, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың күшін жою жөніндегі өтінішін жоғары тұрған мемлекеттік орган өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.";

      26) 33-баптың 2-тармағының 10) тармақшасы "және" деген сөзден кейін "нотариаттық цифрлық архивті қоса алғанда, қағаз түріндегі және электрондық түрдегі" деген сөздермен толықтырылсын;

      27) 39-баптағы "Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтетiн" деген сөздер алып тасталсын;

      28) мынадай мазмұндағы 39-1-баппен толықтырылсын:

      "39-1-бап. Нотариаттық әрекеттерді жасау тәсілдері

      1.  Өсиеттерді куәландыру мен осы Заңның 34-бабы 1-тармағының 10) және 11) тармақшаларында көрсетілген нотариаттық әрекеттерді қоспағанда, нотариаттық әрекеттер өтініш білдірген адамның жеке қатысуымен немесе "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы қашықтан жасалуы мүмкін.

      2. "Цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы қашықтан жасалуы мүмкін нотариаттық әрекеттер Нотариустардың нотариаттық іс-әрекеттер жасау қағидаларында айқындалады.

      Нотариаттық әрекеттер бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе өңдейтін аутентификациялауды анықтау арқылы, дербес деректерді өңдеу үшін тиісті техникалық және ұйымдастырушылық шараларды пайдалану, сондай-ақ деректерді жария тіркелімдерге және цифрлық жүйелерге тиісті түрде берудің техникалық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

      Биометриялық сәйкестендіру кезінде биометриялық деректердің эталондық базасының биометриялық деректерін жинау, сақтау, өзгерту, пайдалану, жою, бұғаттау және беру қағидаларына, сондай-ақ цифрландыру саласындағы уәкілетті орган бекітетін биометриялық сәйкестендіруді жүргізу тәртібіне сәйкес биометриялық деректердің эталондық базасы пайдаланылады.

      Көрсетілген шаралар бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе арқылы қамтамасыз етілуге тиіс.";

      29) 46-баптың 1-тармағындағы "олардың атынан нотариаттық іс-әрекеттер" деген сөздер "олардың атынан, оның ішінде басшылары, құрылтайшылары және акционерлері нотариустың жақын туыстары болатын заңды тұлғаларға қатысты нотариаттық әрекеттерді" деген сөздермен ауыстырылсын;

      30) 54-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Тіркелуге тиіс жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару және кепілге қою туралы шартты куәландыру осы мүліктің орналасқан жері бойынша жүргізіледі.";

      31) 60-баптың 2-тармағы "құралдары" деген сөзден кейін "және бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе" деген сөздермен толықтырылсын;

      32) 9-тарау мынадай мазмұндағы 72-1-баппен толықтырылсын:

      "72-1-бап. Өсиетті орындаушының, өсиет жүктелген өкілдің өкілеттігін куәландыру туралы куәлік беру

      Өсиет қалдырушы мұрагері емес, өзі өсиетте көрсеткен адамға (өсиетті орындаушыға, өсиет жүктелген өкілге) өсиетті орындауды тапсырған жағдайда, нотариус өсиетті орындаушының, өсиет жүктелген өкілдің өтініші бойынша оның өкілеттігін растау үшін өсиетті орындаушының, өсиет жүктелген өкілдің өкілеттігін куәландыру туралы куәлікті береді.

      Куәлікте өсиетті орындаушы, өсиет жүктелген өкіл, оның өкілеттігінің туындау негіздері, сондай-ақ оған берілген өкілеттіктердің көлемі көрсетіледі.";

      33) 92-1-бапта:

      2-тармақта:

      2) тармақшадағы "орындау мерзімі" деген сөздер "мемлекеттік сатып алу және "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын сатып алу туралы шартты қоспағанда, орындау мерзімі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Өндіріп алушы осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген талап бойынша атқарушылық жазбаны жасау үшін борышкердің міндеттемені орындамағаны туралы жазбаша мойындауын нотариусқа ұсынуға тиіс.

      Жазбаша мойындау бір немесе бірнеше құжаттарда білдірілуі мүмкін, олар атқарушылық жазба жасалған кезде борышкердің берешегі бар екенін, оның мөлшерін және борышкердің өндіріп алынуға жататын соманы мойындауын куәландыруға тиіс.";

      34) 92-2-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте осы Заңның 92-1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы бойынша атқарушылық жазба өндіріп алушының (жеке тұлғаның) өтініші негізінде – жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық түрде, ал өндіріп алушы заңды тұлға болған жағдайда электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық түрде жасалады.";

      3-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Атқарушылық жазба осы Заңның 92-1-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшалары негізінде борышкердің (жеке немесе заңды тұлғаның) тіркелген жері бойынша жасалады.";

      35) 92-3-бапта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) борышкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның туған күні, тіркелген жері, жеке сәйкестендіру нөмірі не заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, тіркелген жері және деректемелері;";

      6) тармақша "әрекеттеріне" деген сөзден кейін ", пошталық шығыстарға" деген сөздермен толықтырылсын;

      10) тармақшадағы "тәртібі қамтылуға тиіс." деген сөздер "тәртібі;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:

      "11) нотариустың атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тартуына сот тәртібімен борышкердің шағым жасау құқығы қамтылуға тиіс.";

      36) 92-6-бапта:

      1-тармақтағы "белгілі тұрғылықты (тұрған) немесе" деген сөздер алып тасталсын;

      1-1-тармақтың бірінші бөлігінде:

      2) тармақшадағы "соңғы белгілі тұрғылықты" деген сөздер "тіркелген" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) жеткізілгенін тіркеп-белгілеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын, оның ішінде "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы және (немесе) абоненттік нөмірге қысқа мәтіндік хабар түріндегі хабарламаларды пайдалану арқылы жіберілген болса, ол алынды деп есептеледі.";

      37) 92-8-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Өндіріп алушы мәлімдеген талаппен келіспеудің себептері борышкердің қарсылығында көрсетілмеген жағдайда немесе ол мерзімі бұзыла отырып берілсе, нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тартады.";

      2-тармақтың үшінші бөлігі "жоймаса" деген сөзден кейін "және (немесе) мәжбүрлеп орындату үшін сот орындаушысына берілсе" деген сөздермен толықтырылсын.

      4. "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" 2015 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      37-бапта:

      2-тармақтың 3) тармақшасындағы "мүдделерін" деген сөз "заңды мүдделерін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. "Адвокаттардың, заң консультанттарының жеке тұлғалардың заңды мүдделерін қорғауы мен білдіруі" ең төмен әлеуметтік стандарты адвокаттардың, заң консультанттарының конституциялық іс жүргізуде Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды мүдделерін білдіруі; Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың заңды мүдделерін қорғауы мен білдіруі тәртібін белгілейтін нормаларды қамтиды.".

      5. "Адвокаттық қызмет және білікті заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 15-бапта:

      бірінші бөлік мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін конституциялық іс жүргізуде білдіру;";

      екінші бөліктегі "мүдделерін" деген сөз "заңды мүдделерін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 26-бапта:

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген тәртіппен жолданымдары бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған Қазақстан Республикасының азаматтары адвокаттың немесе заң консультантының мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегімен қамтамасыз етіледі.";

      4-тармақтағы "және 3-тармақтарында" деген сөздер ", 3 және 3-1-тармақтарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 33-баптың 3) тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерiн конституциялық іс жүргізуде білдіруге, заң көмегiн сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн құзыретiне тиiстi мәселелердi шешу кiретiн барлық соттарда, мемлекеттiк, өзге де органдар мен ұйымдарда қорғауға және бiлдiруге;";

      4) 45-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) жолданымдары бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған Қазақстан Республикасы азаматтарының өкілдері ретінде конституциялық іс жүргізуге қатысады;";

      5) 76-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-1) жолданымдары бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін білдіруге;".

      2-бап.

      1. Осы Заң 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағы 4) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарын және 34) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Мыналар:

      1) осы Заңның 1-бабының 3-тармағы 17) тармақшасының төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтарының талаптары бұрын нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының төрағалары мен мүшелері лауазымдарын атқарған, сондай-ақ осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін сайланған нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының төрағалары мен мүшелеріне қолданылады;

      2) осы Заңның 1-бабының 3-тармағы 18) тармақшасының талаптары бұрын Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының төрағалары мен мүшелері лауазымдарын атқарған, сондай-ақ осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін сайланған Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының төрағалары мен мүшелеріне қолданылады;

      3) осы Заңның 1-бабының 3-тармағы 20) тармақшасының талаптары бұрын нотариаттық палаталардың төрағалары лауазымдарын атқарған, сондай-ақ осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін сайланған нотариаттық палаталардың төрағаларына қолданылады;

      4) осы Заңның 1-бабының 3-тармағы 22) тармақшасының талаптары бұрын Республикалық нотариаттық палатаның төрағалары лауазымын атқарған, сондай-ақ осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін сайланған Республикалық нотариаттық палатаның төрағаларына қолданылады деп белгіленсін.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады