Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 27 қарашадағы № 234-VIII ҚРЗ.

      2024 жылғы 10 қазанда Ашғабатта жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі

      өз мемлекеттерінің егемендігін өзара құрметтеу, теңдігі және тәуелсіздігі қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

      екі мемлекет азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын сенімді түрде қорғауды қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән бере отырып,

      қылмыскерлікке қарсы күресте өзара ынтымақтастықты дамытуды қалай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына, сондай-ақ Тараптардың мемлекеттері бір мезгілде қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қылмыстың мынадай түрлеріне қарсы күресте ынтымақтасады:

      1) ұйымдасқан қылмыскерлік;

      2) террористік, экстремистік қылмыстар, террористік және экстремистік қызметті қаржыландыру;

      3) жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру;

      4) жеке адамға, халық денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар;

      5) қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды, улы, ядролық, биологиялық және радиоактивті заттарды пайдалана отырып дайындалған немесе жасалған қылмыстар;

      6) есірткінің, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымы;

      7) заңсыз көші-қонға және адам, адам ағзалары саудасына, сондай-ақ еңбекпен және сексуалдық қанауға байланысты қылмыстар;

      8) жалған валюта, төлем құралдарын, чектер мен бағалы заттарды жасау, қолдан жасалған валютаны, төлем құралдарын, чектер мен бағалы заттарды тарату;

      9) тарихи құндылығы бар мәдени игіліктердің заңсыз саудасы;

      10) жеке меншікке қарсы қылмыстар;

      11) сыбайлас жемқорлық қылмыстары;

      12) экономикалық қылмыстар;

      13) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру;

      14) ақпараттық технологиялар саласындағы, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікке қарсы қылмыстар.

      2. Тараптар өзара келісім бойынша болғызбау, ашу және тергеп-тексеру өз мемлекеттерінің құзыретті органдарының ынтымақтастығын қажет ететін кез келген басқа да қылмыстарға қарсы күресте де ынтымақтасады.

      3. Іздестіруге жататын тұлғалар құзыретті органы іздестіруге бастама жасаған Тарап мемлекетінің аумағынан тыс жерде, бірақ екінші Тарап мемлекеті аумағының шегінде болғанда Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осындай тұлғаларды табу, ұстау, қамауға алу немесе олар туралы ақпарат беру мақсатында барлық қажетті іс-шараларды жүргізеді.

2-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:

      1) сұрау салуларды орындау;

      2) жедел-іздестіру, жедел-анықтамалық, криминалистикалық және архивтік ақпарат алмасу;

      3) қылмыскерліктің алдын алу және оған қарсы күрес саласында тәжірибе алмасу;

      4) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің түрлі салаларында және криминалистикалық техника бойынша өзара ақпарат алу үшін мамандар, сондай-ақ криминалистика және криминология саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін алмасу;

      5) ұйымдасқан қылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы нормативтік құқықтық актілермен алмасу;

      6) мамандарды оқытуда, мамандандыруда әрі техникалық және кәсіптік дағдыларын арттыруда өзара негізде жәрдем көрсету.

3-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдардың тізбесін айқындайды және бұл туралы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарлама жіберген кезде екінші Тарапқа хабарлайды.

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімде көзделген мәселелер бойынша бірімен-бірі тікелей өзара іс-қимыл жасасады.

      Құзыретті органдардың тізбесіндегі өзгерістер туралы Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабардар етеді.

4-бап

      1. Ақпарат және осы Келісімде көзделген әрекеттерді жүзеге асыру туралы сұрау салу Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарына жазбаша нысанда жіберіледі. Сұрау салуда мыналар:

      1) сұрау салынатын мекеменің атауы;

      2) негіздемені айқындайтын дәлелді тұжырым, сондай-ақ сұрау салушы және сұрау салынатын қызмет немесе орган;

      3) көмек сұратуға себеп болған істің сипаттамасы;

      4) сұрау салудың мазмұны және оны орындау үшін қажетті мәліметтер;

      5) шешімнің немесе өзге актінің осы шешімді немесе актіні шығаруға негіз болған заң ережесінің мәтіні бар расталған көшірмесі қамтылуға тиіс.

      Қылмыстардың жолын кесу, алдын алу немесе оларды ашу үшін қажетті сұрау салуларды шұғыл орындау талап етілген жағдайларда Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімді орындау үшін алдын ала ауызша өтініш білдіре алады, ал сұрау салуды кейіннен келісілген арналар арқылы дереу жазбаша растайды.

      2. Егер Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өзгеше уағдаласпаса, сұрау салу, растайтын құжаттар мен кейінгі хабарлар Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік тілдерінде ресімделуге, сұрау салынатын Тараптың тіліне немесе орыс тіліне аудармасы бірге берілуге және келісілген арналар арқылы жіберілуге тиіс.

      3. Егер сұрау салушы Тарап алдыңғы сұрау салу бойынша алынған ақпаратты жеткіліксіз деп есептесе, қосымша ақпаратты тікелей сұрата алады. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары мұндай сұрау салуларды дереу орындайды.

      4. Осы Келісім шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын ақпаратпен алмасу жүзеге асырылмайды.

      5. Егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тарап мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, мемлекет билігінің ұйымдастырылу және қызметі нормаларына немесе басқа да маңызды мүддесіне қауіп төндіретін болса немесе мұндай сұрау салуды орындау оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына немесе халықаралық келісімдердің нәтижесі болып табылатын оның міндеттемелеріне қайшы келетін болса, оның мұндай сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартуға құқығы бар.

      6. Сұрау салынатын Tapaп сұрау салушы Тарапты сұрау салуды орындаудан бас тарту себептеріне немесе оның ішінара орындалуына қатысты дереу хабардар етеді.

5-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар өздерінің осы Келісімді орындауы барысында туындайтын шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес көзделген қаражат шегінде өздері көтереді.

6-бап

      Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды және ынтымақтастықтың өзара тиімді өзге нысандарын әзірлеуге және дамытуға кедергі келтірмейді.

7-бап

      1. Тараптардың кез келгені өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектелген деп таныған, алынған ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету және оны таратпау үшін Тараптар барлық шараларды қабылдайды.

      2. Тараптар алынған ақпаратты сұрау салуда көрсетілмеген мақсатта пайдалануға, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес алынған мәліметтерді, құжаттаманы ақпаратты берген Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа беруге құқылы емес.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды өзара консультациялар және (немесе) келіссөздер арқылы шешеді.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2024 жылғы 10 қазанда Ашғабат қаласында әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының Түрікменстан Үкіметі
      Үкіметі үшін үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады