Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 15 шiлдедегi № 209-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      320-бапта:

      төртінші және бесінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Көппәтерлі тұрғын үй мүлкінің меншік иелері бірлестігі төрағасының, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқарудың тікелей бірлесіп басқару түріндегі нысанын таңдаған кезде кондоминиум объектісін басқару субъектілерінің Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген жағдайларда екінші деңгейдегі банктерде кондоминиум объектісін басқаруға арналған ағымдағы шотты және (немесе) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға арналған жинақ шотын ашу мерзімдерін бұзуы –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      5. Көппәтерлі тұрғын үй мүлкінің меншік иелері бірлестігі төрағасының, кондоминиум объектісін басқару субъектілерінің кондоминиум объектісін басқару бойынша ай сайынғы және жылдық есептерді ұсынудың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген мерзімдерін бұзуы –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.";

      алтыншы бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.";

      мынадай мазмұндағы жетінші, сегізінші, тоғызыншы және оныншы бөліктермен толықтырылсын:

      "7. Көппәтерлі тұрғын үйді салуды немесе реконструкциялауды жүзеге асыратын тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) құжаттарды тұрғын үй инспекциясына немесе пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару нысанын немесе пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқарудың тікелей бірлесіп басқару түріндегі нысанын таңдаған кезде кондоминиум объектісін басқару субъектісін таңдағаннан кейін қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде қабылдау-беру актісі бойынша ұсынудың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген мерзімдерін бұзуы –

      жеке тұлғаларға – бір жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      8. Көппәтерлі тұрғын үй мүлкінің меншік иелері бірлестігі төрағасының, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқарудың тікелей бірлесіп басқару түріндегі нысанын таңдаған кезде кондоминиум объектісін басқару субъектісінің кондоминиум объектісін басқару нысандары немесе кондоминиум объектісін басқару субъектісі ауысқан немесе кондоминиум объектісін басқару жөніндегі өз қызметін тоқтатқан кезде құжаттаманы және өзге де техникалық құралдар мен жабдықтарды қабылдау-беру актісі бойынша ұсынудың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген мерзімдерін бұзуы, сол сияқты қабылдау-беру актісіне қол қоюдан бас тартуы –

      жеке тұлғаларға – елу, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      9. Осы баптың жетінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) –

      жеке тұлғаларға – екі жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      10. Осы баптың сегізінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –

      жеке тұлғаларға – бір жүз, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.";

      мынадай мазмұндағы ескертпемен толықтырылсын:

      "Ескертпе. Осы баптың төртінші, бесінші, алтыншы, сегізінші және оныншы бөліктерінде көзделген құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұл сомасын кондоминиум объектісін басқаруға қаражатты есепке жатқызуға арналған ағымдағы шоттағы, сондай-ақ кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жинақ шотындағы ақша есебінен төлеуге болмайды.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады