"Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 42-1-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің әртүрлі ауқымдағы карталарын әзірлеу және қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Көлік министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрлігі
| Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі 2026 жылғы 23 қыркүйектегі № 454 бұйрығымен бекітілген |
Сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің әртүрлі ауқымдағы карталарын әзірлеу және қолдану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің әртүрлі ауқымдағы карталарын әзірлеу және қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 42-1-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің әртүрлі ауқымдағы карталарын (бұдан әрі - СКҚКҚҚҚӘАК) әзірлеу және қолдану тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) көшкін қауіптілігі – адамдардың денсаулығына, инфрақұрылым мен қоршаған ортаға нұқсан келтіруі мүмкін көшкін процесінің туындау қатері;
2) көшкін тәуекелі – әсер ету аймағындағы объектілерге келтірілуі мүмкін залалдың шамасына көбейтілген көшкін жылжуының пайда болу ықтималдығы;
3) қар көшкіні қауіптілігі – тау беткейлерінен қар көшкінінің жүруінен туындайтын, адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін, сондай-ақ қоршаған орта мен экономикаға нұқсан келтіретін қатер;
4) қар көшкіні тәуекелі – ықтимал әлеуметтік, экономикалық және экологиялық залалдың ауқымымен бірге белгілі бір көлемдегі және қарқындылықтағы көшкіннің ықтималдығы;
5) қауіп пен тәуекелді картаға түсіру – қауіп пен тәуекелді бағалау нәтижелерін қауіп дәрежелері мен тәуекел деңгейлерінің кеңістіктік таралуын бейнелейтін картографиялық форматқа (карталар мен цифрлық модельдерге) түрлендірудің ғылыми-әдістемелік процесі;
6) осалдық – объектілердің қауіпті табиғи процестердің әсеріне бейімділік дәрежесі;
7) сел қауіптілігі – тау беткейлері бойымен жоғары жойқын күшпен қозғалатын, судың, лайдың, тастар мен ағаштардың кенеттен пайда болған екпінді ағындарын білдіретін лайлы-тасты тасқындардан төнетін қатер;
8) сел тәуекелі – ықтимал әлеуметтік, экономикалық және экологиялық залалдың ауқымымен бірге белгілі бір көлемдегі және қарқындылықтағы селдің ықтималдығы,
9) сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің әртүрлі ауқымдағы карталары – сел, көшкін және қар көшкіні құбылыстарының орын алуына байланысты қауіп дәрежесі мен тәуекел деңгейі негізінде аумақты аймақтарға бөлуді айқындайтын және бейнелейтін әртүрлі масштабта әзірленетін карталар.
3. СКҚКҚҚҚӘАК тиісті аумақтардағы қауіптер мен қауіп-қатерлерді бастапқы бағалауға арналған.
2-тарау. Сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің әртүрлі ауқымдағы карталарын әзірлеу тәртібі
4. СКҚКҚҚҚӘАК-ті әзірлеу халықаралық стандарттарды, тиісті ғылыми-зерттеу материалдарын және рекогносцирлеу жұмыстарын, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарды ескере отырып жүзеге асырылады.
СКҚКҚҚҚӘАК-ті әзірлеу кезінде картографиялық негіз ретінде мемлекеттік топографиялық карталар мен жоспарлар, базалық және тақырыптық кеңістіктік деректер пайдаланылады.
СКҚКҚҚҚӘАК:
олардың ауқымдылығын, пайда болу жиілігін және таралуын сипаттайтын қауіпті құбылыстардың сандық көрсеткіштері болып табылатын сел, көшкін және қар көшкін қауіптерін бағалау нәтижелері;
сел тасқындарының, қар көшкіндері мен көшкіндердің салдарынан туындауы мүмкін адам өлімі мен материалдық шығындарды ғылыми болжау арқылы алынған сел, көшкін және қар көшкіні қауіп-қатерлерін бағалау негізінде әзірленеді.
СКҚКҚҚҚӘАК-ті әзірлеу геоақпараттық жүйелерді (GIS) және Жерді қашықтықтан зондтау технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Координаттар жүйесі "Мемлекеттік есептеу жүйелерін және картографиялық проекцияларды белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 14 наурыздағы № 208 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген мемлекеттік есептеу жүйелеріне және картографиялық проекцияға сәйкес айқындалады.
СКҚКҚҚҚӘАК-ті әзірлеу кезінде аумақтардың сел ағындарының, көшкіндер мен қар көшкіндерінің қалыптасуына бейімділігін айқындайтын табиғи, геологиялық-геоморфологиялық, климаттық және техногенді факторлары ескеріледі.
СКҚКҚҚҚӘАК-ті әзірлеу кезінде аумақты сейсмикалық аймақтарға бөлу деректері негізінде сейсмоиндукцияланған көшкіндерді, сел мен қар көшкіндерін қоса алғанда, сейсмикалық әсері ескеріледі.
Сел, көшкін және қар көшкіні қауіптері мен тәуекелдерін картаға түсіру құбылыстардың қалыптасу қарқындылығы мен ықтималдылығын, бедердің морфометриялық сипаттамаларын, сел, көшкін, қар көшкіні үшін ықтимал қауіпті ошақтардың, сондай-ақ климаттық жағдайлар және инженерлік практика қолданылатын басқа да параметрлердің болуы негізінде жүзеге асырылады.
СКҚКҚҚҚӘАК мынадай масштабта:
1:500 000 – 1:1 000 000 – шолу;
1:100 000 – 1:200 000 – өңірлік және аумақтық жоспарлау үшін;
1:10 000 – елді мекендерді дамыту мен салуды жоспарлау, объектілер мен қорғаныс құрылыстарын жобалау үшін жасалады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес 1:100 000 масштабтағы СКҚКҚҚҚӘАК "Қызметтік пайдалану үшін" деген белгісі бар, шектеулі таратылатын қызметтік ақпарат тасымалдаушыларына жатқызылады.
Өз міндеттерін орындау барысында карта деректерін пайдаланатын лауазымды тұлғалар олардың белгіленген талаптарға сәйкес қорғалуын, есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етеді.
5. СКҚКҚҚҚӘАК тиісті табиғи процестердің қарқындылығын ескере отырып, белгілі бір кезең ішінде олардың орын алуының сандық немесе санаттық ықтималдығын көрсетеді және жергілікті атқарушы органдар жер пайдалануды реттеу үшін, сондай-ақ нұқсанды болғызбау және қауіпсіздік пен инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.
СКҚКҚҚҚӘАК-да келесі деректер көрсетіледі:
1) нақты нүктеде немесе аумақта белгілі бір қауіп деңгейінің (қарқындылығы, көлемі, жылдамдығы немесе әсер ету ауданы) шектен шығу ықтималдығы;
2) процестердің күтілетін параметрлері – сел ағындарының қарқындылығы, көшкіннің жылжу тереңдігі мен жылдамдығы, қар көшкіндерінің көлемі мен таралу қашықтығы;
3) процестердің дамуына ықпал ететін табиғи факторлардың таралуы (әлеуетті қауіпті беткей учаскелері, борпылдақ материалдардың аккумуляция аймақтары, қар көшкіні ошақтары, сел бассейндерінің су жиналу алаптары);
4) аумақты қауіптілік деңгейі әртүрлі (төмен, орташа, жоғары және өте жоғары) және тәуекел деңгейі әртүрлі (төмен, орташа, жоғары және өте жоғары) аймақтарға бөлу;
5) процестердің қалыптасуына әсер ететін инженерлік-геологиялық, геоморфологиялық, геоботаникалық, метеорологиялық, гидрологиялық, сейсмологиялық және техногендік жағдайлар туралы ақпарат;
6) қауіп-қатерді кейіннен бағалау үшін әсер ету аймағында орналасқан объектілердің, оның ішінде әлеуметтік және маңызды инфрақұрылым объектілерінің жауапкершілік деңгейлері туралы мәліметтер.
6. СКҚКҚҚҚӘАК-ті әзірлеу алты кезеңде жүзеге асырылады:
1) бастапқы деректерді жинау және талдау: геоморфологиялық, геологиялық, гидрологиялық, климаттық, қашықтықтан зондтау деректері және өткен оқиғалар туралы архивтік мәліметтер;
2) қауіпті учаскелерді (беткейлер, бассейндер, қар көшкіні ошақтары және материалдардың жиналу аймақтары) анықтау және оларда жүретін процестерді параметрлеу;
3) қалыптастырушы факторлар мен процестердің жиілік және ықтималдық сипаттамаларын анықтау;
4) әртүрлі сценарийлер үшін әсер ету параметрлерін (қарқындылығын, көлемін, жылдамдығын, таралу қашықтығын) есептеу;
5) белгілі бір уақыт аралығында есептік параметрлерден асып кету ықтималдығын бағалау;
6) картографиялық материалдарды жасау, кеңістіктік деректердің тақырыптық қабаттарын қалыптастыру және картографиялық шартты белгілерді қолдану.
7. Азаматтық қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдар сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерін бағалауды ұйымдастырады.
Сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерін бағалауды "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 12 мамырдағы № 196 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20626 болып тіркелген) сәйкес аккредиттелген ғылыми ұйымдар жүргізеді.
СКҚКҚҚҚӘАК-лар сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерін бағалау нәтижелері негізінде жасалады.
СКҚКҚҚҚӘАК-ті әзірлеу бюджет қаражаты (гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды қоса алғанда), заңды және жеке тұлғалардың қаражаты, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
Қаржыландыру Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жасалатын шарттар негізінде жүзеге асырылады.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің азаматтық қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдары ғылыми ұйымдарға СКҚКҚҚҚӘАК-ті әзірлеу жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылатын аумақтың шекаралар туралы ақпаратты, сондай-ақ онда орналасқан елді мекендердің тізбесін ұсынады.
8. СКҚКҚҚҚӘАК азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті аумақтық органдармен келісіледі.
СКҚКҚҚҚӘАК-лар келісу рәсімі аяқталғаннан кейін он бес жұмыс күні ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің азаматтық қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдарымен бекітіледі.
3-тарау. Сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің әртүрлі ауқымдағы карталарын қолдану тәртібі
9. Бекітілген СКҚКҚҚҚӘАК сел, көшкін және қар көшкіні қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ресми құжат болып табылады және масштабы 1:100 000 болатын СКҚКҚҚҚӘАК-ті қоспағанда, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануға жатады.
10. Бекітілген СКҚКҚҚҚӘАК елді мекендердің бас жоспарларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын, Қазақстан Республикасының жер заңнамасында көзделген жағдайларда құрылыс мақсаты үшін жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту кезінде, сондай-ақ объектілер құрылысына жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде ескеріледі.
11. Бекітілген СКҚКҚҚҚӘАК сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыратын субъектілер ғимараттар мен құрылыстарды салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге арналған жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде есепке алынуға тиіс.
12. СКҚКҚҚҚӘАК жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган тарапынан селдердің, көшкіндер мен қар көшкіндерінің алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау кезінде, оның ішінде:
төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау;
халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау жоспарларын әзірлеу;
инженерлік-қорғау іс-шараларын іске асыру;
объектілерді аумақтық жоспарлау және орналастыру кезінде пайдаланылады.
13. СКҚКҚҚҚӘАК-ті жаңарту осы Қағидаларда көзделген талаптарға сәйкес жаңа деректерді жинау, оларды талдау және картографиялық материалдарды нақтылау арқылы жүзеге асырылады. СКҚКҚҚҚӘАК-ті жаңартуды жергілікті атқарушы органдар кемінде 5 (бес) жылда бір рет, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның деректері негізінде аумақтардың осалдығында жаңа құбылыстар, өзгерістер пайда болған жағдайда жүзеге асырады.
СКҚКҚҚҚӘАК-тің жаңартылған редакциясы бекітілгенге дейін бұрын бекітілген карта қолданылады.