ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 13 тамыздағы № 508 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9729 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiнiң 16-бабы бірінші бөлігінің 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидаларында:
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне (бұдан әрі – ҚК) және Қылмыстық-атқару кодексіне (бұдан әрі – ҚАК) сәйкес әрбір сотталғанға мекеме түрiнiң өзгеруі, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуға (бұдан әрі – ШТМББ) өтініш беру не болмаса жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстыру (бұдан әрі – НЖЖА), жазаны өтеудiң бiр жағдайынан басқасына ауыстыру, бас бостандығынан айыру мерзімін шартты түрде қысқартуды қолдану (ШТҚ) тәртiбi түсіндіріледі.";
24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"24. ЖТК мүшелерi жасақ бастығына және психологқа сотталғандармен жасақ буынында жұмыс жасау кезінде көмек көрсетеді, сотталғандардың түзелу (тәртіпті түзеу) мәселелерін шешуге, ұстау режимін сақтауға, оларға заңға бағынушылықтың тұрақты дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді, тәрбиелік және демалыс іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге қатысады, сотталғандармен тәрбиелiк әңгiмелесу жазбасын және ЖТК ұсынымдарын ҚАЖ ОАДҚ арқылы ЖТЖ күнделiгiне және Психологиялық картаға енгiзедi, жеке бағдарламаны, ШТМББ, НЖЖА, ШТҚ-ға, (оның жеке басын сипаттайтын деректер, мінез-құлқы, жазаны өтеу кезінде оқуға және еңбекке деген көзқарасы) дайындауға, мекеме түрiн өзгертуге, сотталғандардың мекемеден тыс жерге шығуына сипаттайтын материалдарды әзірлеуге және іске асыруға қатысады, сотталғандардың ерікті ұйымдарының жұмыстарына көмек көрсетеді, сондай-ақ сотталғандарға көтермелеулер, тәртіптік жазалаулар қолдану мәселелерін қарастырады.";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. Сотталғандарға көтермелеу Қылмыстық-атқару кодексінің 128-бабында көзделген тәртіппен, жақсы мінез-құлқы, еңбекке, оқуға адал қарағаны, ерікті құрылымдардың жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқаны, қылмыспен келтірілген залалдың орнын толтыру жөнінде шаралар қабылдауы үшін қолданылады.
Осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес сотталғанға көтермелеу қолдану туралы өтінішхат және осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес көтермелеуді қолдану туралы қаулы мекеме бастығына не оның орынбасарына тәрбие жұмысы бөлім бастығымен (бөлімше, топ) және мекеменің мүдделі қызметтермен келісім бойынша енгізіледі.
Сотталғанға жұмыс берушінің не сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру қызметінің және мекеменің оқыту орнының еркін нысандағы жазбаша ұсыныстары (бұдан әрі – ұсынылып отырған материалдар) болған кезде қаулыға ЖТК отырысы хаттамасынан үзінді қоса беріледі.
Көтермелеу туралы қаулы қоса берілген материалдармен сотталғанның жеке ісіне тігіледі.
Сотталғандарды көтермелеу туралы қаулылар осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес тиісті журналда жүргізіледі.
Сотталғандарға көтермелеулер мекемеге келгеннен кейін үш айдан ерте емес уақытта, соның ішінде ҚАК 96-бабы тәртібінде басқа мекемеге ауыстырылған жағдайда қолданылады.
Сотталғанға көтермелеу қолданған күннен бастап келесі көтермелеудің арасы үш айдан кем болмайды.
Ерікті ұйымдардың жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысу фото не бейне материалдармен расталады, олар көтермелеу туралы қаулымен бірге сотталғанның жеке ісіне қоса тігіледі.
Заңды бұза отырып сотталғандарға қолданылған көтермелеулер жоғары тұрған лауазымды адамның дәлелді қаулысымен не прокурорлық қадағалау актісі бойынша жойылады.
Сотталған адамға көтермелеуді заңсыз қолдану фактісі қызметтік тергеу жүргізу жолымен белгіленеді.
Қызметтік тексеру "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 58-бабына сәйкес жүргізіледі.
Қызметтік тергеп-тексеру нәтижелері бойынша көтермелеуді қолдануды бұзу фактісі расталған кезде, осы Қағидаларға 30-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сотталған адамды көтермелеудің күшін жою туралы қаулы шығарылады.";
70-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"8) сотталғандарды, оның ішінде кәмелетке толған сотталғандарды ШТМББ, НЖЖА, ШТҚ-ға кешірім жасау, жазаны өтеудің басқа жағдайына ауыстыру және мекеме түрін өзгерту туралы өтінішхатқа сипаттайтын материалдарды (оның жеке басын, жазасын өтеу кезіндегі мінез-құлқын, еңбекке және оқуға көзқарасын сипаттайтын деректер) дайындауды.".
2. "Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9984 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiнiң 16-бабы бірінші бөлігінің 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларында:
50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"50. Сотталғандар сауқаттарды, сәлемдемелерді және бандерольдердi мекемеге келген кезден бастап ала алады.
Сәлемдемелерді сондай-ақ кездесу ұсынған кезде ала алады.
Ұзақ кездесулер кезінде алынатын сәлемдемелер жазаны өтеу шарттарына сәйкес тиісті сәлемдемелер санына енгізілмейді.
Сотталғандардың атына ҚАК-тің 86, 136, 136-1, 138, 138-1, 140, 145 және 151-баптарында көзделген санынан асатын, сондай-ақ босатылған немесе қайтыс болған адамдардың атына сауқаттар мен бандерольдер келiп түскен кезде, олар кері қайтару себебін, төлем сомасын көрсете отырып, жөнелтушілерге қайтарылады. Басқа мекемелерге ауыстырылған сотталғандардың атына келген сауқаттар мен бандерольдер мекеменің есебiнен олардың жаңа ұсталатын жеріне жiберiледi.";
53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"53. Сотталған жүкті әйелдер және бала емізетін аналар азық-түлік сауқаттар мен сәлемдемелерді алуға, мекеме жанындағы дүкендерден немесе электрондық сауда алаңы арқылы ананың және баланың денсаулығын қалыпты жағдайда сақтау үшін қажетті, медициналық қорытындымен анықталған саны мен ассортиментіндегі азық-түлік өнімдерін өз қаражаты есебінен сатып ала алады.";
97 және 98-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"97. Осы Қағидалардың 98 және 99-тармақтарында көзделген кездесулер түскі үзіліс уақытын қоспағанда жұмыс уақытында сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін өткізіледі және ҚАК-ның 92, 136, 136-1, 138, 138-1, 140, 143, 145 және 151-баптарында көрсетілген кездесулер санына есептелмейді.
98. Мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдардағы сотталғандарға кездесулер сотталғандарда медициналық жағынан қарсы көрсеткiштер болмаған жағдайда ҚАК-нің 92, 136, 136-1, 138, 138-1, 140, 143, 145 және 151-баптарында белгіленген нормалары бойынша беріледі.";
104-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"104. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларында ұсталатын сотталғандарға, сондай-ақ тәртiптiк изоляторға, жалғыз адамдық камераға және уақытша оқшаулау үй-жайларында қамалған, мекемелерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздігі аралас мекемеге ауыстырған сотталғандарға жұбайы (зайыбы), жақын туысы қайтыс болған немесе науқастың өміріне қатер төндіретіндей қатты ауырған, оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтірген дүлей зілзала болған айрықша жеке мән-жайларында телефон арқылы сөйлесуге рұқсат беріледі.
Жоғарыда көрсетілген себептер бойынша айрықша жеке мән-жайлардың бары қайтыс болу туралы куәлікпен, медициналық ұйымдардың және жергілікті атқарушы органдардың анықтамаларымен расталады.
Осы телефон арқылы сөйлесулерді ұсынған кезде мекеме әкімшілігі сотталғанның қауіпсіздігін және оқшаулануын қамтамасыз етеді.
Айрықша жеке мән-жайларға әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу жатады. Бұл жағдайда жазаны өтеудің қатаң жағдайларындағы, жалғыз адамдық камерадағы, уақытша оқшаулау үй-жайындағы сотталғандарға жақын туыстарымен телефон арқылы сөйлесу айына бір рет беріледі.
Білікті заң көмегі осы Қағидалардың 95-тармағының және ҚАК-нің 14-бабының бірінші бөлігінің негізінде көрсетіледі.
Адвокатпен телефон арқылы сөйлесу арқылы білікті заң көмегін алу үшін сотталған мекеме әкімшілігіне жазбаша немесе ауызша өтініш береді.
Сотталған адамның адвокатпен телефон арқылы сөйлесуі сотталған адамның жеке ісінде "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарлама болған кезде беріледі.
Бұл ретте адвокат пен сотталған адамға үшінші тұлғалармен келіссөздерді болдырмау туралы ескертіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген телефон арқылы сөйлесуге қойылатын шектеулер жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған сотталған әйелдерге және жас баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға қолданылмайды, олардың телефон арқылы сөйлесу құқығы осы Қағидалардың 101, 102 және 103-тармақтарында белгіленген кезеңділікке сәйкес жас балаларымен байланысып тұру үшін ғана сақталады.";
109-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"109. Мекемелердің балалар үйлерiнде балалары бар сотталған әйелдерге балаларын туыстарына не балалар үйiне орналастыру үшiн бару-қайту жолына қажет уақытты есептемегенде, мекеменiң шегiнен тыс жетi тәулiкке дейiнгi қысқа мерзiмге шығуға, ал мекемеден тыс жерде кәмелетке толмаған мүгедектігі бар балалары бар сотталған әйелдерге олармен кездесуi үшiн жылына дәл осындай мерзiмге бiр рет қысқа мерзiмге шығуға рұқсат етiледі.
Жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған сотталған әйелдердің және жас баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған сотталған ер адамдардың олармен кездесу үшін жылына екі рет қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден тысқары жерге қысқа мерзімге шығу беріледі.";
119-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"119. Жазасын қатаң жағдайда өтеп жатқан сотталғандардың тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алуы, оларға кездесулер, сейілдеулер, телефон арқылы сөйлесулер беру ҚАК-нің 109, 136, 136-1, 138, 138-1, 140, 143, 145, 146 және 151-баптарында көзделген.";
149-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"149. Мекемелерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін тергеу изоляторларына ауыстырылған, оларға ұстау жағдайларына қарамастан күнделікті ұзақтығы бір жарым сағаттық сейілге шығу құқығы берілетін сотталғандарды қоспағанда, мекеменің камераларында ұсталатын сотталғандардың сейілге шығулары ҚАК-нің 111, 134, 136, 136-1, 138, 138-1, 140, 145, 146 және 150-баптарына сәйкес жүргiзiледi.";
159-тармақ мынадай мазмұндағы жетінші бөлікпен толықтырылсын:
"Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын дағдылы және жеңілдетілген жағдайларда өтеп жүрген сотталғандарға, мекемеде тиісті техникалық жағдайлар болған кезде, мекеме әкімшілігімен және жұмыс берушімен келісу бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында білім алуға рұқсат етіледі.".
3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң қызметі және құқықтық нормативтік үйлестіру департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 2-тармағының отыз екінші және отыз үшінші абзацтарын қоспағанда алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі | Е. Саденов |
