Базалық банк лицензиясы бар банк активтерінің жиынтық көлемінің шекті мәнін және базалық банк лицензиясы бар банк қабылдайтын жеке тұлғалар депозиттерінің мөлшерлерін белгілеу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 25 тамыздағы № 124 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 28 тамызда № 39717 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 1-тармағына және 22-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) базалық банк лицензиясы бар банк активтерінің жиынтық көлемінің шекті мәні тиісті айдың соңғы жұмыс күні ретінде айқындалатын әрбір айдың есепті күнінде 500 000 000 000 (бес жүз миллиард) теңгеден аспайтыны;

      2) базалық банк лицензиясы бар банк ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын жеке тұлғалардың банктік шоттарындағы ақшаны қоса алғанда, базалық банк лицензиясы бар банк қабылдайтын жеке тұлғалар депозиттерінің мөлшерлері және олар бойынша күнделікті қалдықтар:

      ұлттық валютадағы жинақтау салымдары (депозиттері) бойынша 20 000 000 (жиырма миллион) теңгеден;

      ұлттық валютадағы өзге де депозиттер (банктік шоттардағы ақшаны қоса алғанда) бойынша 10 000 000 (он миллион) теңгеден;

      шетел валютасындағы депозиттер бойынша (банктік шоттардағы ақшаны қоса алғанда) 5 000 000 (бес миллион) теңгеден аспайтыны белгіленсін.

      Базалық банк лицензиясы бар банк жеке тұлға депозиттерінің бірнеше түрін қабылдаған және (немесе) жеке тұлғаның бірнеше банктік шотын ашқан және жүргізген кезде осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген барлық депозит (банктік шоттардағы ақшаны қоса алғанда) бойынша жиынтық күнделікті қалдық 20 000 000 (жиырма миллион) теңгеден аспайды.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады