ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 153-1 бабының 3-тармағына сәйкес,БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
| Қазақстан Республикасы Әділет министрі | Е. Сарсембаев |
| Қазақстан Республикасы Әділет министрі 2026 жылғы 10 тамыздағы № 768 бұйрығымен бекітілген |
Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 153-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі (бұдан әрі – Цифрлық жүйе) – атқарушылық іс жүргізуді есепке алуды электрондық нысанда жүзеге асыруға, сот орындаушысының процестік әрекеттерін автоматтандыруға, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу тараптарының атқарушылық іс жүргізу барысында деректер алуына арналған цифрлық жүйе;
2) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін және электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермегендігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы);
3) сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды қабылдау бойынша өздеріне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын және осы Заңда көзделген алып қоюлар үшін, тең құқықтары мен міндеттері бар мемлекеттік сот орындаушысы және жеке сот орындаушысы;
4) жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы (бұдан әрі – Палата) – Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының өңірдегі филиалы;
5) уақытша алмастыру – еңбек немесе оқу демалысы, еңбекке уақытша жарамсыздық кезінде, қызметтік іссапарда болған жағдайларда, сондай-ақ Заңда көзделген міндеттерді орындауға уақытша кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болған кезде басқа жеке сот орындаушысының жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін уақытша жүзеге асыруы;
6) атқарушылық іс жүргізудің тараптары – атқарушылық іс жүргізуге қатысатын өндіріп алушы мен борышкер.
2-тарау. Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру тәртібі
3. Жеке сот орындаушысы болжанатын уақытша болмауына дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы өзін уақытша алмастыру туралы Палатаға өтініш жолдайды.
Жеке сот орындаушысына байланысты емес себептер бойынша көрсетілген мерзімді сақтау мүмкін болмаған жағдайда, өтініш осындай мән-жайлар туындаған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жолданады.
4. Уақытша алмастыру Заңның 152-бабында айқындалған атқарушылық округ шегінде қызметін жүзеге асыратын жеке сот орындаушыларының келісуі бойынша жүзеге асырылады.
Әкімшілік-аумақтық бірлікте (облыстардың қаласы, ауданы, қаладағы аудандар) (бұдан әрі – Аудан) жеке сот орындаушысы болмаған жағдайда, атқарушылық құжатты Палата осы ауданға бекітілген жеке сот орындаушылары арасында бөледі.
Жеке сот орындаушысының кенеттен болмауына байланысты уақытша алмастыру туралы өтінішті жолдау және қабылдау-тапсыру актісіне қол қою мүмкін болмаған жағдайда, атқарушылық іс жүргізулерді беру уақытша алмастыруды жүзеге асыратын жеке сот орындаушысы мен Палата басшысы қол қойған қабылдау-тапсыру актісінің негізінде жүзеге асырылады.
5. Жеке сот орындаушысы Цифрлық жүйе арқылы атқарушылық іс жүргізулерді уақытша алмастыруды жүзеге асыратын жеке сот орындаушысына беруге бастама жасайды.
Цифрлық жүйе автоматты түрде атқарушылық іс жүргізулерді қабылдау-тапсырудың электрондық актісін қалыптастырады, оған атқарушылық іс жүргізулерді беретін жеке сот орындаушысы мен уақытша алмастыруды жүзеге асыратын жеке сот орындаушысы ЭЦҚ арқылы қол қояды және Палата басшысы бекітеді.
6. Атқарушылық іс жүргізулерді қабылдау-тапсырудың электрондық актісінде:
1) алмастырылатын жеке сот орындаушысы және уақытша алмастыруды жүзеге асыратын жеке сот орындаушысы туралы мәліметтер;
2) алмастырудың негізі;
3) алмастырудың басталу күні;
4) берілетін атқарушылық іс жүргізулер туралы мәліметтер көрсетіледі.
7. Қағаз жеткізгіштегі атқарушылық іс жүргізу материалдарын уақытша алмастырылатын жеке сот орындаушысы уақытша алмастыру басталған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде қабылдау-тапсыру актісі бойынша уақытша алмастыруды жүзеге асыратын жеке сот орындаушысына береді.
8. Палата атқарушылық іс жүргізулерді қабылдау-тапсырудың электрондық актісін алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде оны Цифрлық жүйе арқылы бекітеді.
9. Атқарушылық іс жүргізулерді беру Цифрлық жүйе қалыптастырған қабылдау-тапсыру актісінің негізінде Палата арқылы жүзеге асырылады.
10. Атқарушылық іс жүргізу тараптарын жеке сот орындаушысының уақытша алмастырылуы туралы хабардар ету ұялы байланыс абоненттік нөміріне мәтіндік хабарламалар, электрондық пошта арқылы, Цифрлық жүйе арқылы, сондай-ақ хабардар етілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Өндіріп алушы атқарушылық құжаттарды алмастыруды жүзеге асыратын жеке сот орындаушысына уақытша беруге келіспеген жағдайда, атқарушылық құжат және пайдаланылмаған аванстық жарна оның өтініші бойынша қайтарылуға жатады.
11. Алмастыруды жүзеге асыратын жеке сот орындаушысына жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, уәкілетті мемлекеттік органдардың сұрау салуларын қарау жөніндегі міндеттер де қолданылады.
12. Уақытша болмаған жеке сот орындаушысын алмастыру кезінде:
1) өндіріп алынған және жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына түскен ақшалай қаражатты бөлу жөніндегі әрекеттерді қоспағанда, жеке сот орындаушысы мен оны алмастыратын адамның бір мезгілде атқарушылық әрекеттер жасауына;
2) уақытша болмаған жеке сот орындаушысының міндеттерін оны алмастыратын екі және одан да көп адамның бір мезгілде орындауына;
3) жеке сот орындаушысының бір мезгілде бірнеше уақытша болмаған жеке сот орындаушыларын алмастыруына;
4) басқа атқарушылық округтің жеке сот орындаушысын уақытша алмастыруға жол берілмейді.
13. Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру кезеңінде алмастыруды жүзеге асыратын жеке сот орындаушысы Заңда көзделген өзі қабылдаған атқарушылық әрекеттер мен мәжбүрлеп орындату шараларының нәтижесінде ішінара немесе толық орындалған берілген атқарушылық құжаттар бойынша "Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №416 бұйрығымен белгіленген мөлшерде қызметіне ақы алуға құқылы.
14. Алмастырылатын жеке сот орындаушысы, уақытша алмастыруды жүзеге асыратын жеке сот орындаушысы, алмастыру мерзімдері және оның негіздері туралы мәліметтерді мәліметтерді қамтитын жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру туралы есеп Цифрлық жүйеде қалыптастырылады және орналастырылады.
3-тарау. Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру мерзімдерін айқындау, ұзарту және тоқтату тәртібі
15. Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру оның өтінішінде көрсетілген не тиісті құжаттармен расталған уақытша болмау мерзіміне жүзеге асырылады.
Уақытша болмау деп жеке сот орындаушысының жұмыс орнында үш жұмыс күнінен астам уақыт болмауы түсініледі.
16. Уақытша алмастыру мерзімін ұзарту қажет болған жағдайда, жеке сот орындаушысы уақытша алмастыру мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын ұзарту кезеңін көрсете отырып, Палатаға уақытша алмастыру мерзімін ұзарту туралы өтініш жолдайды.
Өтініш қолма-қол, пошта байланысы, электрондық пошта не оның Палатаға келіп түскенін растауды қамтамасыз ететін өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жолдануы мүмкін.
17. Жеке сот орындаушысының қызметі мерзімінен бұрын қайта басталған жағдайда, уақытша алмастыруды тоқтату туралы хабарламаны алмастырылатын жеке сот орындаушысы Цифрлық жүйе арқылы жолдайды.
18. Уақытша алмастыру:
1) уақытша алмастыру туралы өтініште көрсетілген мерзім аяқталған кезде;
2) жеке сот орындаушысының уақытша болмауы мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап тоқтатылады.
Уақытша алмастыруды жүзеге асыратын жеке сот орындаушысының қызметін тоқтата тұруға, қызметін тоқтатуға не лицензиясынан айыруға негіз болатын мән-жайлар туындаған жағдайда, атқарушылық іс жүргізулер "Атқарушылық құжаттарды жеке сот орындаушылары арасында атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 652 бұйрығында белгіленген тәртіппен бөлінеді.
19. Уақытша алмастыру мерзімі аяқталғаннан және алмастырылатын жеке сот орындаушысының қызметі қайта басталғаннан кейін атқарушылық іс жүргізулер Цифрлық жүйе арқылы оған автоматты түрде қайтарылады.
