"Әмбебап банк лицензиясы бар банкі, базалық банк лицензиясы бар банкі, ислам банкі сақтауға міндетті пруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың шекті мәндерін және есеп айырысу әдістемелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 28 сәуірдегі № 85 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 3 тамыздағы № 117 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 7 тамызда № 39525 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Әмбебап банк лицензиясы бар банкі, базалық банк лицензиясы бар банкі, ислам банкі сақтауға міндетті пруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың шекті мәндерін және есеп айырысу әдістемелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 28 сәуірдегі № 85 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 38587 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Әмбебап банк лицензиясы бар банкі, базалық банк лицензиясы бар банкі сақтауға міндетті пруденциялық нормативтер мен лимиттерде, олардың шекті мәндерінде және есеп айырысу әдістемелерінде:

      1-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әмбебап банк лицензиясы бар банктер сақтауға міндетті пруденциялық нормативтер мен лимиттер құрамына мыналар кіреді:

      банктің жарғылық және меншікті капиталдарының ең төмен мөлшері;

      меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті;

      тәуекелдің бір қарыз алушыға шаққандағы ең жоғары мөлшері;

      өтімділік коэффициенттері;

      өтімділікті өтеу және нетто тұрақты қорландыру коэффициенттері;

      банктерді Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелерге капиталдандыру;

      банк қаражатының бір бөлігін ішкі активтерге орналастыру коэффициенті;

      леверидж коэффициенті;

      исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға бөлінген активтердің ең төмен мөлшері;

      ашық валюталық позиция лимиттері;

      залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелердің ең төмен мөлшері.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Банктерге арналған нормативтерде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) баланстық құн – бухгалтерлік баланста қарыз бойынша қалыптастырылған провизиялар (резервтер) шегерілгеннен кейін танылатын қарыз сомасы;

      2) залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілетін қамтамасыз ету (TLAC (Total Loss-Absorbing Capacity)) (ТЛАК (Тотал Лосс-Абсорбинг Кэпасити)) – залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелердің ең төмен мөлшері;

      3) инвестициялық қарыз (кредит) – мынадай талаптарға сәйкес келетін қарыз (кредит):

      қарыз (кредит) мерзімі 3 (үш) және одан көп жылды құрайды;

      қарыз (кредит) шартының талаптарымен толық мерзімінен бұрын өтеуге тыйым белгіленген. Қарызды ішінара өтеу қарыз алушының бизнес-жоспарында көзделген мерзімдерде және тәртіппен жүзеге асырылады;

      қарыз (кредит) заңды тұлғаға материалдық өндірісті, өндірістік және көлік инфрақұрылымын құруға, кеңейтуге және жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыруды көздейтін оның бизнес-жоспарына сәйкес беріледі;

      4) кепілдің тұрақсыз түрлері – болашақта түсетін мүлік және ақша (шарттары Банктерге арналған нормативтердің 6-тармағында көзделген банктік қарыз шарты бойынша кепіл болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасасқан мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарты бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған шотқа аударылатын ақша түсімі бойынша мемлекеттік серіктестікке қойылатын талап ету құқықтарын, сондай-ақ Банктерге арналған нормативтердің 7-тармағында көзделген шарттарға сәйкес келген кезде банктік қарыз шарты бойынша кепіл болып табылатын офтейк-келісімшарт, оның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша (мемлекет қатысатын компаниялармен (квазимемлекеттік сектор субъектілерімен жасалған шарттар бойынша келіп түсетін ақшаны қоспағанда), сақтандыру шарттары (Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) рейтингтік агенттігінің "ВВ+" төмен емес рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис), Fitch (Фич) рейтингтік агенттіктерінің ұқсас деңгейдегі рейтингтері бар Қазақстан Республикасының резидент сақтандыру ұйымдарымен, Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) рейтингтік агенттігінің кемінде "А"-дан төмен емес рейтингі немесе Moody’s Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис), Fitch (Фич) рейтингтік агенттіктердің ұқсас деңгейдегі рейтингтері бар Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру ұйымдарымен жасалған экспортты қолдауға мемлекеттік кепілдік берілген Қазақстанның Экспорттық несие агенттігімен жасалған, міндеттемелерді шартсыз және кері қайтарусыз орындау туралы тармақтары бар сақтандыру шарттарын, талаптары Банктерге арналған нормативтердің 6-тармағында көзделген сақтандыру шарттарын қоспағанда) бойынша болашақта түсетін ақшаны қоспағанда), жеке немесе заңды тұлғалардың кепілдіктері (Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) рейтингтік агенттігінің "ВВ+"-тен төмен емес кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис), Fitch (Фич) рейтингтік агенттіктерінің ұқсас деңгейдегі рейтингі бар заңды тұлғалардың кепілдіктерін, Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) рейтингтік агенттігінің "В-"-тен төмен емес кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис), Fitch (Фич) рейтингтік агенттіктерінің ұқсас деңгейдегі рейтингі бар екінші деңгейдегі банктердің кепілдіктерін, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер және олардың еншілес ұйымдары берген кепілдіктерді қоспағанда), материалдық емес активтер, жарғылық капиталға қатысу үлестері немесе Қазақстан Республикасының сауда-саттықты ұйымдастырушыларының және (немесе) халықаралық қор биржалары танитын сауда-саттықты ұйымдастырушылардың ресми тiзiмiне енгiзiлмеген бағалы қағаздар (айналым қаражатын қаржыландырумен байланысты емес мақсаттарға берілген қарыздар бойынша берешегінің есептелген сыйақыларды, салықтық есептеулерді және есептелген амортизацияны (EBITDA) (ЕБИТДА) төлеу жөніндегі шығыстарды шегергенге дейінгі пайдасына қатынасы 4-тен аспайтын заңды тұлғалардың кепілмен қамтамасыз етуге қабылданған жарғылық капиталына қатысу үлестерін және (немесе) бағалы қағаздарын қоспағанда), қағазға басып шығарылған астық қолхаттары (Банктерге арналған нормативтердің 8-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келетін астық қолхаттары бойынша талап ету құқықтарын қоспағанда), Қазақстан Республикасынан тыс жердегі кепілмен қамтамасыз ету (көрсетілген елдердің кепілмен қамтамасыз етудің тиісінше ресімделуін растайтын құқығына сәйкес банктің заң консультанттарының немесе еншілес ұйымдары мамандарының қорытындысы болған кезде Еуразиялық Экономикалық Одақ елдеріндегі кепілмен қамтамасыз етуді қоспағанда);

      5) кепілсіз тұтынушылық қарыз – мыналарды:

      берілетін қарыз сомасын толығымен өтейтін жылжымайтын мүлікке құқықтар кепілімен, міндетті мемлекеттік тіркелуге тиіс жылжымалы мүлік кепілімен қамтамасыз етілген қарыздарды;

      тіркелуге тиіс, берілетін қарыз сомасын толығымен өтейтін эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар кепілімен қамтамасыз етілген қарыздарды;

      берілетін қарыз сомасын толығымен өтейтін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттары бойынша талап ету құқықтары кепілімен қамтамасыз етілген қарыздарды;

      берілетін қарыз сомасын толығымен өтейтін ақша қамтамасыз ету болатын қарыздарды;

      білім беруді кредиттеу жүйесі шеңберінде берілетін қарыздарды;

      тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесінің шеңберінде берілетін қарыздарды қоспағанда, тұтынушылық банктік қарыз;

      6) қарыз – банктің банктік қарыз, лизингтік, факторингтік, форфейтингтік операцияларды жүзеге асыруы, вексельдерді есепке алу және бұрын берілген банктік қарыздар бойынша дебиторлық берешек;

      7) қарыз алушы – қарыз (кредит) шартын жасасқан жеке немесе заңды тұлға;

      8) қоса қарыз алушы – қарыз алушымен бірге қарыз (кредит) шартына қол қоятын және қарыз (кредит) шарты бойынша алған ақшаны қайтару бойынша міндеттемелерді орындауға ортақ жауап беруші ретіндегі жеке немесе заңды тұлға;

      9) офтейк-келісімшарт – өндіруші (өнім беруші) мен тапсырыс берушінің арасындағы жеткізудің құны, саны (көлемі) және мерзімдері бойынша алдын ала келісілген талаптармен болашақта жеткізілетін тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді сату туралы келісім;

      10) провизиялар (резервтер) – қарыздың құнсыздануына құрылған резервтер;

      11) стейблкоин – базалық активі ақша болып табылатын, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын тәртіппен және шарттарда шығарылатын, орналастырылатын, айналысқа енгізілетін және өтелетін цифрлық қаржы активі;

      12) тұрақты Asset Quality Review (Активтер сапасына шолу) (бұдан әрі – AQR) – тәуекелге бағдарланған қадағалау шеңберінде жүзеге асырылатын банктер активтерінің және шартты (ықтимал) міндеттемелерінің сапасын жыл сайын бағалау;

      13) цифрлық қаржы активтері – ақшаны қоспағанда, базалық активі қаржы құралдары (оның ішінде туынды бағалы қағаздарды, туынды қаржы құралдарын, басқа да цифрлық қаржы активін қоса алғанда, бағалы қағаздар), қаржы активі, мүліктік құқықтар (талаптар), тауарлар және (немесе) өзге де мүлік болып табылатын цифрлық активтер;

      14) цифрлық қаржы құралдары – цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында электрондық-цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары;

      15) Supervisory Review and Evaluation Process (Қадағалап талдау және бағалау процесі) (бұдан әрі – SREP) – банктің бизнес моделін, капитал тәуекелдерін, өтімділік тәуекелін, корпоративтік басқару жүйесін бағалауды сандық және сапалық талдау жолымен тәуекелге бағдарланған қадағалау шеңберінде жүзеге асырылатын банктердің қызметіндегі тәуекелдер мен кемшіліктерді бағалаудың жыл сайынғы қадағалау процесі.";

      мынадай мазмұндағы 13-тараумен толықтырылсын:

      "13-тарау. Залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелердің ең төмен мөлшері

      110. Залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелердің ең төмен мөлшерін есептеуге қойылатын талап жүйелік маңызы бар банктерге қолданылады.

      111. Залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдарға Банктер туралы заңның 86-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында айқындалған өлшемшарттарға сәйкес келетін, банктің меншікті капиталының құралдары мен борыштық қаржы құралдарын қоса алғанда, қаржы құралдары жатады.

      Залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдардың құрамына енгізуге арналған борыштық қаржы құралдары мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      банктік салым (депозит) түріндегі борыштық міндеттеме ресімделген жағдайда банктік салым шарты залалдарды жалпы қамту (өтеу) қабілетін қамтамасыз ететін құралдардың құрамына енгізу мақсатында оны ресімдеуге нұсқауды және оның Банктер туралы заңның 86-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы ережені қамтиды;

      борыштық бағалы қағаздар шығарылған жағдайда эмиссия проспектісі залалдарды жалпы қамту (өтеу) қабілетін қамтамасыз ететін құралдардың құрамына енгізу мақсатында оларды шығаруға нұсқауды және осындай құралдардың Банктер туралы заңның 86-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы ережені қамтиды.

      112. Залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдар (TLAC) бойынша міндеттемелердің ең төмен мөлшері кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша алынған активтер, шартты және ықтимал міндеттемелер, нарықтық тәуекелді, операциялық тәуекелді ескере отырып есептелген активтердің, шартты және ықтимал талаптар мен міндеттемелер сомасының мынадай пайыздық мәндерге көбейтіндісі ретінде айқындалады:

      13% – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсан аралығы;

      14% – 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсан аралығы;

      15% – 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсан аралығы;

      16% – 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсан аралығы;

      17% – 2031 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсан аралығы;

      18% – 2032 жылғы 1 қаңтардан бастап.".

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады