"Электрондық үкіметтің" бірыңғай репозиторийнің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Ресубликасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2024 жылғы 29 ақпандағы №110/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 3 шiлдедегi № 377/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 7 шiлдеде № 39232 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Электрондық үкіметтің" бірыңғай репозиторийінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2024 жылғы 29 ақпандағы № 110/НҚ бұйрығына (Мемлекеттік нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркелу тізілімінде № 34101 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бастапқы кодтардың ұлттық репозиторийінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы"

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Киберқауіпсіздік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-1-бабының 19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бастапқы кодтардың ұлттық репозиторийінің жұмыс істеу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

 

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан      Республикасының
Ұлттық қауіпсізідк комитеті

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект
және цифрлық даму министрі
2026 жылғы 3 шілдедегі
№ 377/НҚ
Бұйрыққа қосымша

Бастапқы кодтардың ұлттық репозиторийінің жұмыс істеу қағидалары

      1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы бастапқы кодтардың ұлттық репозиторийінің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Киберқауіпсіздік туралы" Заңының 7-1-бабының 19) тармақшасына сәйкес әзірленген және Бастапқы кодтардың ұлттық репозиторийінің жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аса маңызды цифрлық объектілер (бұдан әрі – АМЦО) – бұзылуы немесе жұмыс істеуін тоқтатуы қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді және заңмен қорғалатын құпияны қамтитын өзге де мәліметтерді заңсыз жинауға және өңдеуге, әлеуметтік және (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайға немесе қорғаныс, қауіпсіздік, халықаралық қатынастар, экономика, шаруашылықтың жекелеген салалары үшін немесе тиісті аумақта тұратын халықтың тыныс-тіршілігі үшін, оның ішінде жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау инфрақұрылымы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, байланыс, банк саласы, көлік, гидротехникалық құрылыстар, құқық қорғау қызметі, "цифрлық үкімет" үшін елеулі теріс салдарларға алып келетін цифрлық объектілер.

      2) бағдарламалық қамтамасыз ету – алгоритмдерді іске асыратын, белгілі бір функциялардың орындалуын, цифрлық деректерді өңдеуді, сақтауды, ұдайы өндіруді және (немесе) тасымалдауды қамтамасыз ететін, пайдалануға дайын кодтар жиынтығын білдіретін цифрлық объект;

      3) бастапқы код – бағдарламалау тілінде көрсетілген, бағдарламалық қамтылымды құруға және өзгертуге арналған бағдарлама мәтіні түсініледі;

      4) бастапқы кодтарды сақтау – бағдарламалық қамтамасыз етудің сақталуын және қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар жиынтығы;

      5) Бастапқы кодтардың ұлттық репозиторийі (бұдан әрі – БКҰР) – цифрлық объектілердің бастапқы кодтарын сақтау қоймасы;

      6) мемлекеттік техникалық қызмет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған мемлекеттік заңды тұлға;

      7) пайдаланушы – "цифрлық үкімет" цифрлық объектілерінің, аса маңызды цифрлық объектілердің, сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізіліміндегі (бұдан әрі – сенімді БҚ тізілімі) бағдарламалық қамтамасыз етудің (бұдан әрі – БҚ) меншік иесі немесе иеленушісі, БКҰР-ға бастапқы кодтарды беруші;

      8) цифрлық құжат – сұрау салу немесе ұсыну кезінде ұлттық тіркелімдерде қамтылған деректер негізінде цифрлық ортада қалыптастырылатын анық мәліметтерді материалдық емес цифрлық ұсыну.

      9) цифрлық объект (бұдан әрі – ЦО) – цифрлық технологиялар арқылы құрылған, пайдаланылатын немесе берілетін, бірегей цифрлық сипаттамаларға ие және цифрлық орта субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген көлемде иелену, пайдалану не билік ету құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін цифрлық ортаның ерекшеленген элементі.

2-тарау. Бастапқы кодтардың ұлттық репозиторийінің жұмыс істеу тәртібі

      3. Мемлекеттік техникалық қызмет Қазақстан Республикасының "Киберқауіпсіздік туралы" Заңының 14-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес БКҰР-ды пайдалану қызметтерін көрсетеді.

      4. БКҰР мемлекеттік техникалық қызметтің қолжетімділікті шектеуді, рұқсатсыз қосылудан қорғауды және киберқауіпсіздік туралы заңнама талаптарына сәйкестікті қамтамасыз ететін оқшауланған цифрлық инфрақұрылымында жұмыс істейді.

      5. БКҰР-да "цифрлық үкімет" ЦО-ның, АМЦО-ның және цифрлық объектілер тізілімінен БҚ-ның бастапқы кодтары, сондай-ақ аталған объектілерге қатысты техникалық құжаттама, киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақ хаттамасы сақтауға жатады.

      6. Бастапқы кодтарды сақтауға орналастыру үшін пайдаланушы мемлекеттік техникалық қызметке еркін нысанда екі өтінім жібереді: бастапқы кодтарды орналастыруға және сақтауға қабылдауға арналған өтінімді, сондай-ақ БҚ функционалдық мүмкіндіктерін тексеруге арналған өтінімді жібереді.

      7. Мемлекеттік техникалық қызмет өтінімдерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынылған материалдардың толықтығын тексеруді жүзеге асырады.

      8. Ұсынылған материалдардың толық еместігі анықталған жағдайда мемлекеттік техникалық қызмет бір жұмыс күні ішінде анықталған ескертулерді жою және кейіннен өтінімдерді он жұмыс күні ішінде қайта жіберу үшін қайтару себептерін көрсете отырып, өтінімдерді пайдаланушыға қайтарады.

      9. Ұсынылған материалдардың толықтығы расталғаннан кейін мемлекеттік техникалық қызмет бес жұмыс күні ішінде пайдаланушыға мыналарды жібереді:

      1) шарттарға арналған техникалық сипаттамалардың жобаларын екі данадан:

      бастапқы кодтарды сақтауға қабылдауға;

      БҚ функционалдық мүмкіндіктерін тексеруді жүргізуге.

      2) сатып алу тәсіліне байланысты шарттардың жобаларын:

      мемлекеттік сатып алудың веб-порталы арқылы сатып алуды жүзеге асыру кезінде техникалық сипаттаманың жобаларын, олардың негізінде пайдаланушы үш жұмыс күні ішінде тиісті шарттарды мемлекеттік сатып алудың веб-порталына орналастырады, бір көзден тікелей шарт жасасу тәсілімен шарттың жобасын;

      мемлекеттік сатып алудың веб-порталын қолданбай сатып алуды жүзеге асыру кезінде тиісті шарттардың екі данасынан.

      10. Пайдаланушы шартты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде әрбір шарт жобасына екі данасынан қол қояды және қол қойылған әрбір шарттың бір данасын мемлекеттік техникалық қызметке қайтарады.

      11. Мемлекеттік техникалық қызмет пайдаланушы цифрлық құжат түрінде ұсынған бастапқы кодтың БҚ функционалдық мүмкіндіктерінің техникалық құжаттамаға сәйкестігін жеті жұмыс күні ішінде тексеруді жүзеге асырады.

      Аталған тексеру нәтижелері бойынша өтінімнің сәйкес келмеуі жағдайында өтінім анықталған ескертулерді жою және кейіннен өтінімді қайта жіберу үшін қайтару себептерін көрсете отырып, пайдаланушыға қайтарылады.

      БҚ функционалдық мүмкіндіктерінің техникалық құжаттамаға сәйкестігі расталған жағдайда мемлекеттік техникалық қызмет осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен БКҰР-да бастапқы кодтарды сақтауға қабылдауды және орналастыруды жүзеге асырады.

      12. Бастапқы кодтарды БКҰР-ға сақтауға берген пайдаланушылар жасалған шартқа және қызметке бекітілген бағаға сәйкес сақтау қызметтерін жыл сайын төлеуді жүзеге асырады.

      Бастапқы кодтарды сақтау қызметтері уақтылы төленбеген жағдайда мемлекеттік техникалық қызмет төлемді кешіктіру күні шартта көрсетілген байланыс деректері бойынша пайдаланушыны ресми хабардар ете отырып, төлемді кешіктіру күнінен бастап үш ай ішінде оларды уақытша сақтауды қамтамасыз етеді.

      Аталған мерзім өткеннен кейін мемлекеттік техникалық қызмет сақтауды тоқтатады және бастапқы кодтарды жояды.

      13. БКҰР-да орналастырылған бастапқы кодтар шектеулі қолжетімді ақпаратқа жатады және осы Қағидаларда және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, таратуға жатпайды.

      14. Бастапқы кодтарды алу құқығы тек пайдаланушыға ғана беріледі.

      15. БКҰР-дан бастапқы кодтарды беруді мемлекеттік техникалық қызмет пайдаланушының сұрауы бойынша жүзеге асырады.

      16. Бастапқы кодтарды беру туралы сұрауда мыналар қамтылады:

      1) сұрау жіберетін тұлғаның атауы;

      2) БҚ туралы мәліметтер.

      17. Пайдаланушы бастапқы кодтарды алу үшін осы Қағидалардың 16-тармағына сәйкес мемлекеттік техникалық қызметке сұрау жібереді.

      18. Мемлекеттік техникалық қызмет бір жұмыс күні ішінде сұрауды қарайды және бастапқы кодтарды беру не беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      19. Бас тартудың негізі:

      1) бастапқы кодтың меншік иесі немесе иеленушісі болып табылмайтын тұлғаның сұрау жіберу фактісінің анықталуы;

      2) ұсынылған мәліметтердің толық еместігі.

      20. Мемлекеттік техникалық қызмет пайдаланушыға бастапқы кодтарды цифрлық жеткізгіште береді.

      21. Мемлекеттік техникалық қызмет мыналарды қамтитын бастапқы кодтарды берудің есебін жүргізеді:

      1) алушы туралы мәліметтер;

      2) берілген материалдардың тізбесі;

      3) берілген күні.

      22. Пайдаланушы БКҰР-да орналастырылған БҚ бастапқы кодтарының оны пайдалану мерзімі ішінде өзектілігін қамтамасыз етеді.

      23. Бастапқы кодты жаңарту кезінде пайдаланушы осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес өтінім беруі қажет.

      24. БКҰР-ға сақтауға берілген бастапқы кодтардың көлемі өзгерген жағдайда қызметтің құны қайта қаралуға жатады.

      Өзгерістер шарттың талаптарында көрсетіледі немесе шартқа қосымша келісім жасасу жолымен ресімделеді.

      25. Пайдаланушының сұрауы бойынша БКҰР-да бағдарламалық қамтамасыз етудің бастапқы кодтарының бірнеше нұсқасы сақталады.

      Бастапқы кодтардың әрбір қосымша нұсқасын сақтау ақылы негізде жүзеге асырылады.

      Қосымша нұсқаларды сақтау үшін төлем мөлшері мемлекеттік техникалық қызметтің шарт талаптарына сәйкес айқындалады және тиісті шарт жасасу немесе қолданыстағы шартқа қосымша келісім жасасу жолымен ресімделуге жатады.

      26. БКҰР-да бастапқы кодтардың нұсқалары сақтау ресурстарын ұтымды пайдалану қағидатын ескере отырып сақталуы қамтамасыз етіледі.

      27. Қосымша нұсқалар файлдардың толық жиынтығын сақтамай, қалпына келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ететін мұрағат түрінде сақталады.

      28. Мемлекеттік техникалық қызмет бастапқы кодтарды қалпына келтіру мүмкіндігі сақталған жағдайда қысу, дедупликация технологияларын және деректерді сақтауды оңтайландыру әдістерін қолданады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады