ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2027 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
"Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-30-бабы 5-тармағының төртінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қатысушыларды қосу талаптарын, қол жеткізу деңгейлерін, дербес деректерді алмасу мен қорғауды қоса алғанда, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шарттары мен тұтынушылық микрокредит беру туралы шарттар бойынша қарыз алушы жеке тұлғалардың берешегін ұжымдық реттеу платформасының жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.
2. Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
| Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2026 жылғы 25 маусымдағы № 97 қаулысымен бекітілген |
Қатысушыларды қосу талаптарын, қол жеткізу деңгейлерін, дербес деректерді алмасу мен қорғауды қоса алғанда, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шарттары мен тұтынушылық микрокредит беру туралы шарттар бойынша қарыз алушы жеке тұлғалардың берешегін ұжымдық реттеу платформасының жұмыс істеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қатысушыларды қосу талаптарын, қол жеткізу деңгейлерін, дербес деректерді алмасу мен қорғауды қоса алғанда, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шарттары мен тұтынушылық микрокредит беру туралы шарттар бойынша қарыз алушы жеке тұлғалардың берешегін ұжымдық реттеу платформасының жұмыс істеу қағидалары мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шарттары мен тұтынушылық микрокредит беру туралы шарттар бойынша қарыз алушы жеке тұлғалардың берешегін ұжымдық реттеу платформасының (бұдан әрі – платформа) жұмыс істеуіне, оның функционалдық мүмкіндіктеріне, ақпараттық өзара іс-қимылына, дербес деректерді алмасуға және оларды қорғауға, ақпараттық қауіпсіздікке, пайдаланушылардың қол жеткізу құқықтарының ара-жігін ажыратуға және ақпаратты сақтауға қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Платформаның жұмыс істеуі Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексін (бұдан әрі – Цифрлық кодекс), "Дербес деректер және оларды қорғау туралы", "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Микроқаржылық қызмет туралы", "Коллекторлық қызмет туралы", "Медиация туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы", "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының заңдарын, сондай-ақ цифрландыру, киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау салаларындағы Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін сақтай отырып жүзеге асырылады.
3. Қағидаларда Цифрлық кодексте көрсетілген, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аудит журналы – пайдаланушылардың әрекеттерін, жүйелік оқиғаларды, деректерге жүгінуді, мәртебелердің өзгеруін, құжаттарды қалыптастыруды, қарауды, қол қоюды және алуды тіркейтін платформаның электрондық жазбаларының жиынтығы;
2) жеке кабинет – платформаның пайдаланушыға оның рөлі мен өкілеттіктері ескеріле отырып ұсынылатын қорғалған бөлімі;
3) платформа – қаржы омбудсманы жанында жұмыс істейтін және ақпараттық жүйе арқылы берешекті ұжымдық реттеуге қатысушылардың өзара іс-қимылын, сондай-ақ берешекті ұжымдық реттеуге өтініштер (бұдан әрі – өтініш) беру, деректерді алмасу, берешектің өлшемшарттарын тексеру, төлемдер кестесін қалыптастыру, құжаттарға қол қою, қатысушыларды хабардар ету және медиация тәртібімен дауды (қақтығысты) реттеу туралы келісімдердің (бұдан әрі – медиативтік келісім) орындалуын мониторингтеу процестерін автоматтандыруды қамтамасыз ететін мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шарттары және (немесе) тұтынушылық микрокредит беру туралы шарттар бойынша қарыз алушы жеке тұлғалардың берешегін ұжымдық реттеу платформасы;
4) платформа операторы – қаржы омбудсманымен жасалған шарт немесе келісім негізінде платформаның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлға.
2-тарау. Платформаға қатысушылар мен оны пайдаланушылар және олардың функциялары
4. Қағидаларға сәйкес платформаға қосылған банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалдары, микроқаржы ұйымдары, тұтынушылық банктік қарыз немесе тұтынушылық микрокредит шарттары бойынша құқықтар (талаптар) берілген коллекторлық агенттіктер (бұдан әрі – коллекторлық агенттіктер), қаржы омбудсманы, жеке тұлғалар платформаға қатысушылар болып табылады.
Платформаны пайдаланушылар ретінде Қағидаларға сәйкес платформаға қолжетімділік алған платформаға қатысушылар, сондай-ақ медиатор, платформа операторы, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган платформаны пайдаланушылар ретінде әрекет етеді.
5. Қаржы омбудсманы платформаны өтініштерді қарау, қатысушылардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру, хаттамаларды қалыптастыру және қол қою, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде берешекті ұжымдық реттеу рәсімдерін мониторингтеу үшін пайдаланады.
6. Платформа операторы платформаны пайдалануды, техникалық сүйемелдеуді және оның үздіксіз жұмыс істеуін, онда өңделетін ақпаратты қорғауды, ақпараттық қауіпсіздікті, конфиденциалдылықты, қол жеткізу құқықтарының аражігін ажыратуды, аудит журналдарын жүргізуді, деректердің резервтік көшірмесін жасауды және қалпына келтіруді, сыртқы цифрлық жүйелермен интеграциялауды, статистикалық және талдамалық ақпаратты қалыптастыруды, сондай-ақ пайдаланушыларға техникалық қолдауды қамтамасыз етеді.
Платформа операторына платформа арқылы қол жеткізуге болатын ақпарат пен деректерді платформа операторы платформаның жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті шектерде ғана өңдейді. Көрсетілген ақпарат пен деректерді өзге мақсаттарда пайдалануға, сондай-ақ оларды платформаның жұмыс істеуінің технологиялық процестері шеңберінен тыс үшінші тұлғаларға беруге жол берілмейді.
Платформа операторы платформада орналастырылатын және өңделетін дербес деректерге, банк құпиясын, микрокредит беру құпиясын, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерге меншік құқығын немесе өзге де заттық құқықтарды алмайды.
7. Банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалдары, микроқаржы ұйымдары (бұдан әрі – кредиторлар), коллекторлық агенттіктер кредитордың, коллекторлық агенттіктің жеке кабинетінде жұмыс істеу үшін уәкілетті пайдаланушыларды тағайындайды және платформа арқылы келіп түскен мәліметтердің уақтылы қаралуын қамтамасыз етеді.
Кредиторлар, коллекторлық агенттіктер платформа арқылы расталатын немесе жіберілетін деректердің дұрыстығын, сондай-ақ уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен электрондық құжаттарға қол қоюын қамтамасыз етеді.
Кредиторлар, коллекторлық агенттіктер платформада жұмыс істеген кезде Қазақстан Республикасының дербес деректер, банк құпиясы, микрокредит беру құпиясы, коллекторлық қызмет және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңнамасының талаптарын сақтайды.
8. Медиатор платформа операторы ұсынған қол жеткізу құқықтары шегінде құжаттармен танысу, медиация рәсіміне байланысты медиативтік келісімдерге қол қою үшін платформаны пайдаланады.
9. Платформаны пайдаланушылар өздері енгізетін мәліметтердің шынайылығын, цифрлық аутентификация құралдарының сақталуын, логиндердің, құпиясөздердің, бір реттік кодтардың, электрондық цифрлық қолтаңба кілттерінің үшінші тұлғаларға берілуіне жол бермеуді қамтамасыз етеді.
3-тарау. Платформаның жұмыс істеуіне қойылатын талаптар
10. Пайдаланушыны платформада бастапқы тіркеу Қазақстан Республикасының цифрландыру және киберқауіпсіздік саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен биометриялық аутентификацияны немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, оны цифрлық аутентификациялау арқылы жүзеге асырылады.
11. Платформада қарыз алушының берешекті ұжымдық реттеуге өтініш беруі, қарыз алушыны және оның міндеттемелерін автоматтандырылған тексеру, кредиторлармен, коллекторлық агенттіктермен мәліметтер алмасу, төлемдердің бірыңғай кестесінің жобасын қалыптастыру, электрондық құжаттарға қол қою, хабарламалар жіберу және өтінішті қарау мәртебелерін көрсету қамтамасыз етіледі.
12. Аудит журналдарын жүргізу, жұмыс және демалыс күндерінің күнтізбесін басқару, электрондық құжаттарды сақтау, сондай-ақ құжаттар мен мәліметтерді жүктеу пайдаланушының қол жеткізу құқықтары шегінде платформада жүзеге асырылады.
13. Платформа регламенттік, профилактикалық, қалпына келтіру, апаттық және өзге де техникалық жұмыстарды жүргізу кезеңдерін қоспағанда, тәулік бойы жұмыс істейді. Платформа операторы пайдаланушыларды жоспарлы техникалық жұмыстар туралы платформада хабарлама орналастыру және хабарламаны жіберу арқылы осындай жұмыстар басталғанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
Апаттық техникалық жұмыстарды жүргізу кезінде платформа операторы пайдаланушыларға платформаның уақытша қолжетімсіздігі мен оның жұмыс қабілеттілігін қалпына келтірудің болжамды мерзімдері туралы хабарлайды. Көрсетілген хабарлама техникалық мүмкіндік болған кезде немесе осындай мүмкіндік қалпына келтірілгеннен кейін дереу жіберіледі.
14. Платформаның пайдаланушы интерфейсі бейімділікті, компьютерлерден және мобильді құрылғылардан қол жеткізуді, өтініштің мәртебесін, қажетті іс-әрекеттерді, оларды жасау мерзімдерін, құжаттарға қол қоймаудың немесе қол қоюдан бас тартудың салдарын, қалыптастырылған құжаттар мен хабарламалар туралы мәліметтерді көрсетуді қамтамасыз етеді.
Платформаның пайдаланушы интерфейсі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамдар, көру, есту, сөйлеу қабілеті бұзылған, сондай-ақ басқа да функционалдық шектеулері бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарын ескере отырып әзірленеді және жұмыс істейді.
15. Пайдаланушыға оның іс-әрекеттерінің тарихын, берілген өтініштерді, қалыптастырылған құжаттарды, хабарламаларды және қарау мәртебелерін қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, қарау мүмкіндігі беріледі.
16. Өтініш беруді, келісімдер ұсынуды, сәйкестендіру мен цифрлық аутентификациялаудан өтуді, "цифрлық үкіметтің" шлюзінен және кредиттік бюролардан мәліметтер алуды, мәліметтерді, құжаттар мен мәртебелерді өзгертуді, құжаттарға қол қоюды, хабарламалар жіберуді және алуды қоса алғанда, барлық іс-әрекеттер платформада цифрлық оқиғалар ретінде тіркеледі және аудит журналында көрсетіледі.
17. Егер мұндай мәліметтер платформада іс-әрекеттердің жасалғанын растайтын болса, пайдаланушылардың іс-әрекеттері, қалыптастырылған құжаттар, өтініштер мен медиативтік келісімдердің мәртебелері туралы мәліметтерді жоюға жол берілмейді.
4-тарау. Платформаны пайдаланушыларды қосу талаптары, жеке кабинеттерге және қол жеткізудің рөлдік моделіне қойылатын талаптар
18. Пайдаланушылардың платформаға кіруі рөлдік модельді және берілген қол жеткізу құқықтарын ескере отырып, жеке кабинеттер арқылы жүзеге асырылады.
Пайдаланушыны жеке кабинетте тіркегеннен кейін жеке кабинетке алдағы уақытта кіру оны цифрлық растау арқылы жүзеге асырылады.
19. Платформада қарыз алушының, кредитордың, коллекторлық агенттіктің, қаржы омбудсманының, медиатордың, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның берешекті реттеу рәсіміне араласпай талдамалық ақпаратты қарау және қалыптастыру құқығымен пайдаланушының рөлдері көзделеді.
20. Жеке кабинет пайдаланушыға ұсынылған рөл шегінде өтініштер беру, қарау және қарастыру, мәліметтер жіберу және алу, электрондық құжаттар қалыптастыру, қол қою, жүктеу және түсіру, хабарламалар алу, мәртебелер мен іс-әрекеттер тарихын қарау, сондай-ақ қолдау қызметіне жүгінуді қоса алғанда, платформада іс-әрекеттер жасау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
21. Пайдаланушының платформадағы мәліметтерге, өтініштерге, құжаттарға, талдамалық және өзге де ақпаратқа қолжетімділігі берешекті ұжымдық реттеу рәсімі шеңберінде оның өкілеттіктері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті көлемде ғана беріледі.
22. Рөлді өзгертуді, есептік жазбаны бұғаттау, пайдаланушының белсенді сессияларын тоқтату, сондай-ақ кіруді басқару жөніндегі өзге де іс-қимылдарды осындай іс-қимылдарды аудит журналында міндетті түрде тіркей отырып, оператордың ішкі құжаттарында айқындалған тәртіппен платформа операторы жүзеге асырады.
23. Пайдаланушының есептік жазбасын бұғаттау осындай пайдаланушының барлық белсенді сессияларының дереу тоқтауына әкеледі.
24. Платформа қарыз алушының дербес деректерді өңдеуге, кредиттік тарихты құрайтын мәліметтерді жинау және өңдеуге, кредиттік бюролардан және өзге де цифрлық жүйелерден кредиттік есептер алуға, хабарламалар жіберуге, сондай-ақ электрондық құжаттарды қалыптастыруға және сақтауға келісімін цифрлық нысанда алуды және сақтауды қамтамасыз етеді.
25. Қарыз алушының келісімінің күнін, уақыты, оларды ұсыну тәсілін, келісім мәтінінің нұсқасын және пайдаланушының сәйкестендіргішін белгілей отырып, платформада сақталады. Келісімді кері қайтарып алу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен, бұрын қалыптастырылған мәліметтер мен құжаттарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
26. Электрондық құжатқа электрондық цифрлық қолтаңбаны тексеру сәтті өткеннен кейін және платформада қол қойылған электрондық құжат сақталғаннан кейін платформада қол қойылған болып есептеледі.
27. Электрондық құжатқа қол қою кезінде платформа қол қоюшының құжатқа қол қойылғанға дейін оның мазмұнымен танысуын, қол қоюшының қол қоюы жөніндегі іс-қимылды анық растағаннан кейін ғана электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауды, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасау және қолдану туралы хабарламаны қалыптастыруды, электрондық цифрлық қолтаңбаны тексеру, сондай-ақ қол қойылған электрондық құжатты сақтау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Заңды тұлғаның немесе филиалдың атынан электрондық құжаттарға қол қою кезінде платформа Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қол қоюшының өкілеттіктерін тексеруді қамтамасыз етеді.
5-тарау. Дербес деректерді және платформаның ақпараттық қауіпсіздігін қорғау
28. Платформада дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты өңдеу тек платформаның жұмыс істеуі, берешекті ұжымдық реттеу, пайдаланушыларды сәйкестендіру, белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігін тексеру, құжаттарды қалыптастыру, қатысушыларды хабардар ету және медиативтік келісімдердің орындалуын мониторинтеу мақсатында жүзеге асырылады.
29. Платформада Қағидаларда көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті және жеткілікті деректер ғана өңделеді. Мұндай деректерге қолжетімділік пайдаланушыларға тек олардың функцияларын орындау үшін қажетті көлемде беріледі.
30. Платформа операторы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген дербес деректер субъектілерінің келісімін алуды, сақтауды және есепке алуды, сондай-ақ келісім беру және қайтарып алу, деректерге қол жеткізуді және олармен жасалған іс-әрекеттер фактілерін тіркеуді қамтамасыз етеді.
31. Дербес деректерді, банктік құпияны, микрокредит беру құпиясын, кредиттік қызмет, кредиттік тарих құпиясын қамтитын мәліметтерді, заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге дербес деректер субъектісінің келісімімен жол беріледі.
32. Платформа операторы қол жеткізу құқықтарының аражігін ажыратуды, деректерді қорғалу жолымен беруді, кеңейтілген қол жеткізу құқықтары бар пайдаланушылардың көп факторлы аутентификациясын, рұқсатсыз кіруден, автоматтандырылған шабуылдардан, құпиясөздерді, зиянды файлдарды іріктеуден және ақпараттық қауіпсіздіктің өзге де қатерлерінен қорғауды қоса алғанда, дербес деректерді және платформаның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
33. Платформа пайдаланушылардың іс-әрекеттерін, жүйелік оқиғаларды, дербес деректермен, есептік жазбалармен, электрондық құжаттармен, өтініштермен, төлем кестелерімен, медиативтік келісімдермен және ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларымен операцияларды журналға енгізуді қамтамасыз етеді. Аудит журналдары өзгертуден, жоюдан және рұқсатсыз кіруден қорғалады.
34. Дербес деректерді сақтау мерзімі оларды жинау және өңдеу мақсаттарына қол жеткізілген күнмен айқындалады.
Аудит журналдарын сақтау мерзімі платформа операторының ішкі құжаттарында айқындалады.
Сақтау мерзімдері өткеннен кейін мұндай деректер мен мәліметтер белгіленген тәртіппен жойылуға, иесіздендірілуге не мұрағатталуға тиіс.
35. Ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасы анықталған кезде платформа операторы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен оны оқшаулау, оның салдарын жою, платформаның жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру, оқыс оқиғаны құжаттау, платформаға қатысушыларды, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органды және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды хабардар ету жөнінде шаралар қабылдайды.
6-тарау. Сыртқы цифрлық жүйелермен интеграциялауға қойылатын талаптар
36. Платформа кредиттік бюролармен, сәйкестендіру, электрондық цифрлық қолтаңба, хабарламалар сервистерімен, төлем сервистерімен және платформаның жұмыс істеуі үшін қажетті өзге де цифрлық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
37. Платформаны "цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерімен интеграциялау Цифрлық кодекстің 83-бабы 4-тармағында көзделген тәртіппен "цифрлық үкіметтің" шлюзі арқылы жүзеге асырылады.
Ұлттық тізілімдерде қажетті цифрлық мәліметтер болған кезде платформа оларды қарыз алушыдан осындай мәліметтерді қамтитын құжаттарды талап етпей алуды қамтамасыз етеді.
38. Сыртқы цифрлық жүйелермен деректерді алмасу кезінде платформа қорғалған байланыс арналарын, сұрау салудың күнін, уақытын, құрамы мен нәтижесін белгілеуді, қателерді өңдеуді, деректердің артық алынуына жол бермеуді, сондай-ақ сыртқы цифрлық жүйелердің істен шығуы кезінде бұрын қалыптасқан деректердің, құжаттардың, мәртебелер мен аудит журналдарының сақталуын қамтамасыз етеді.
7-тарау. Платформаның функционалдық мүмкіндіктеріне қойылатын талаптар
39. Платформада қарыз алушы мен оның міндеттемелерін автоматтандырылған тексеру кредиттік бюролардан, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мемлекеттік цифрлық жүйелерден алынған мәліметтер негізінде қарыз алушы мен оның міндеттемелерінің "Банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын, қарыз алушы-жеке тұлғаның банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішіне қоса берілетін құжаттардың тізбесін, сондай-ақ банк пен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушы жеке тұлғалардың банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтініштерін қарау нәтижелері туралы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға хабарлау тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 28 сәуірдегі № 83 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 38583 болып тіркелген) белгіленген берешекті ұжымдық реттеу рәсімін қолдану талаптарына сәйкестікті айқыдау үшін қажет болатын көлемде жүзеге асырылады.
Автоматтандырылған тексеруді қолдану кезінде платформа қарыз алушыға оны жүргізу фактісі, алынған мәліметтер көздері, тексеру нәтижесіне әсер еткен негізгі өлшемшарттар туралы ақпаратты көрсету, сондай-ақ тексеру нәтижесі берешекті ұжымдық реттеу рәсімін қолдану мүмкіндігіне әсер ететін жағдайларда қаржы омбудсманының қатысуымен тексеру нәтижесін қайта қарау туралы жолданымды жіберу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
40. Платформа:
1) растау, нақтылау не қабылдамау үшін кредиторларға, коллекторлық агенттікке қарыз алушының міндеттемелері туралы мәліметтер жіберуді, расталған мәліметтер негізінде қаржы омбудсманының кредиттер бойынша міндеттемелерді орындау шарттарын өзгерту (мерзімі өткен берешекті ұжымдық реттеу) туралы шешімдерінің, медиативтік келісімдердің, төлемдер кестелерін өзгерту туралы шешімдерінің жобаларын қалпастыруды, сондай-ақ оны есептеуге әсер ететін деректер өзгерген кезде аудит журналында тиісті іс-әрекеттерді тіркей отырып, төлемдер кестесін қайта есептеуді;
2) қарыз алушының оларға қол қойғанға дейін төлемдер кестесінің жобасымен және электрондық құжаттармен танысуын, платформа қатысушыларының өз өкілеттіктерінің шеңберінде электрондық құжаттарға қол қоюын, өтініштің, медиативтік келісімдердің және төлемдер кестелерінің мәртебелерін көрсетуді, сондай-ақ пайдаланушыларға хабарлама жіберуді;
3) тиісті функционалдық мүмкіндік болған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен платформа арқылы қарыз алушының төлемдер кестесін орындау есебіне төлемдерді енгізу мүмкіндігін, төлемдер кестесіне сәйкес кредиторлар, коллекторлық агенттіктер арасындағы төлемдердің бөлінуін қамтамасыз етеді, бұл ретте енгізілген төлемдер мен олардың бөлінуі туралы мәліметтер қарыз алушының жеке кабинетінде көрсетіледі.
41. Медиативтік келісімді орындауды мониторингтеу осындай функция іске асырылған жағдайда мерзімдерді және келіп түскен төлемдер есебін, төлем мерзімін кешіктіру фактісін айқындауды, еске салу хабарларын жіберуді және төлемдер кестесін орындаудың ағымдағы жай-күйін көрсетуді қамтиды.
8-тарау. Электрондық құжаттарға және ақпаратты сақтауға қойылатын талаптар
42. Платформада қарыз алушының өтінішін, келісімді, бірыңғай төлемдер кестесінің жобасын, кредиторлардың, коллекторлық агенттіктердің шешімдерін, медиативті келісімдерді, хаттамаларды, хабарламаларды және платформа функционалында көзделген өзге де құжаттарды қоса алғанда, берешекті ұжымдық реттеу рәсімдерін жүргізуге қажетті электрондық құжаттар қалыптастырылады және сақталады.
43. Қол қойылған электрондық құжатты өзгертуге тек жаңа нұсқасын қалыптастыру арқылы жол беріледі. Платформа электрондық құжаттардың барлық нұсқаларының сақталуын, олардың тұтастығын тексеруді, қол қою фактісін растауды және оларға тек тиісті қолжетімділік құқықтарына ие пайдаланушыларға рұқсат беруді қамтамасыз етеді.
44. Электрондық құжаттарды, олардың нұсқаларын сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын мерзімдерде жүзеге асырылады.
9-тарау. Платформаның техникалық орнықтылығы және үздіксіз жұмыс істеуі
45. Платформа операторы платформаның техникалық орнықтылығын, қолжетімділігін мониторингтеуді, деректерді резервтік көшіруді және іркілістерден кейін жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.
46. Платформа операторы резервтік көшіру, деректерді қалпына келтіру, сыртқы сервистерден бас тарту кезінде әрекет ету, пайдаланушыларға хабарлау және апаттық жағдайларды құжаттау тәртібін қамтитын платформаның жұмыс істеу үздіксіздігінің және іркілістерден кейін қалпына келтіру жоспарының болуын қамтамасыз етеді.
47. Платформа техникалық іркілістер кезінде өтініштер, қол қойылған құжаттар, келісімдер, мәртебелер, хабарламалар және пайдаланушылардың іс-қимылдары туралы мәліметтерді қоса алғанда, деректердің жоғалуын болдырмайды.
10-тарау. Бақылау, мониторинг және есептілік
48. Платформа операторы пайдаланушылар, өтініштер, мәртебелер, кезеңдерден өту мерзімдері, қол қойылған құжаттар, техникалық іркілістер, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары, пайдаланушылардың шағымдары және платформаның өзге де жұмыс істеу көрсеткіштері туралы мәліметтерді қоса алғанда платформаның жұмыс істеуі туралы есептік және талдамалық ақпаратты қалыптастыруды және сақтауды қамтамасыз етеді.
49. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде талдамалық және есептік ақпаратқа деген қолжетімділікке ие болады.
