ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 93-1-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына және оларды алушыларға мониторинг жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржыландыру процестерін және қаржылық қолдау шараларын ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін оның Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
М. Такиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
| Қазақстан Реcпубликасының Қаржы министрі 2026 жылғы 29 мамырдағы № 437 бұйрығымен бекітілген |
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына және оларды алушыларға мониторинг жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына және оларды алушыларға мониторинг жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 93-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына және оларды алушыларға мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) базалық талаптар – жеке кәсіпкерлікті және оларды алушыларды мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мониторингін жүргізу қағидалары шеңберінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын талаптар;
2) бірінші деңгейдегі жүйе – жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың өтінімдерінің эталондық электрондық тізілімін қамтитын мемлекеттік қолдау шараларының екінші деңгейдегі жүйелерімен интеграцияланған тіркеу жүйесі, мұнда түпкілікті форматтан кейінгі-логикалық бақылау арқылы жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушының жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мониторингін жүргізу қағидалары шеңберінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын базалық талаптарға сәйкестігі айқындалады және олардың алушыларының;
3) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган – бюджетті атқару, республикалық бюджеттің және өз құзыреті шегінде жергілікті бюджеттердің, бюджеттен тыс қорлардың атқарылуы бойынша бухгалтерлік есепке алуды, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептілікті жүргізу саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі (бұдан әрі – әкімші) – бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және олардың нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты, өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген функцияларға, өкілеттіктер мен құзыреттерге сәйкес айқындалатын мемлекеттік орган;
5) екінші деңгейдегі жүйе – жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан өтінімдерді қабылдау, оларды форматтық-логикалық бақылауды қолдана отырып өңдеу және өңделген өтінімдерді бірінші деңгейдегі жүйеге беру олар арқылы жүзеге асырылатын екінші деңгейдегі мемлекеттік немесе мемлекеттік емес цифрлық жүйе;
6) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шарасы – жеке кәсіпкерлікті дамытуға және Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық жағдайлар жасауға бағытталған мемлекеттік ынталандыру құралы;
7) мемлекеттік қолдау шараларын алушы (бұдан әрі – алушы) – Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар;
8) мемлекеттік қолдау шараларының операторы (бұдан әрі – оператор) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген кәсіпкерлік саласында, сондай-ақ азаматтық-құқықтық қатынастар шеңберінде (қаржы ұйымдарын және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қоса алғанда) мемлекеттік қолдау шараларын іске асыратын заңды тұлға, филиал немесе өкілдік, бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын және (немесе) ұсынатын өтеусіз және қайтарымсыз негізде нақты субсидия алушыларды қаржыландыруға уәкілетті агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу саласындағы жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер), "Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 шілдедегі № 645 қаулысына сәйкес мамандандырылған ұйымдар;
9) мемлекеттік қолдау шараларының тізілімі (бұдан әрі – тізілім) - мемлекеттік қолдаудың паспортталған шараларының тізілімін және тіркеу жүйесі арқылы жүргізілетін алушылар бөлінісінде ұсынылған мемлекеттік қолдау шаралары туралы деректермен мемлекеттік қолдау шараларын алуға өтінімдер тізілімін қамтитын бірыңғай мемлекеттік цифрлық дерекқор;
10) салалық мемлекеттік органдар – мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
11) тіркеуші – жалғыз акционері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған, жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары мен оларды алушылардың тізілімін және мониторингін жүргізуді техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін мемлекет болып табылатын заңды тұлға;
12) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін және электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиыны).
2-тарау. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына және оларды алушыларға мониторинг жүргізу тәртібі
3. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын және оларды алушыларды мониторингтеуді (бұдан әрі – мониторинг) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушыларды мониторингтеу жеке кәсіпкерлік субъектісінің бірінші деңгейдегі жүйедегі базалық талаптарға сәйкестігін айқындау арқылы:
1) бастапқы кезеңде – салалық мемлекеттік органның немесе оператордың екінші деңгейдегі жүйеде мемлекеттік қолдау шарасын алуға арналған өтінімді одан әрі қарау туралы шешім қабылдауы үшін;
2) соңғы кезеңде – алушыға төлем бойынша шешім қабылдау үшін жүзеге асырылады.
5. Мониторингті техникалық сүйемелдеуді тіркеуші жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың екі деңгейлі жүйесі шеңберінде жүзеге асырады, ол мыналарды қамтиды:
1) бірінші деңгей – екінші деңгейдегі жүйелермен интеграцияланған, жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың өтінімдерінің эталондық электрондық тізілімін қамтитын тіркеуші жүйе, онда түпкілікті форматтан кейінгі логикалық бақылау арқылы жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушының осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік қолдау шараларын алуға үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын базалық талаптарға сәйкестігі айқындалады;
2) екінші деңгей – жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан өтінімдерді қабылдау, оларды форматтық-логикалық бақылауды қолдана отырып өңдеу және өңделген өтінімдерді бірінші деңгейге беру олар арқылы жүзеге асырылатын салалық мемлекеттік немесе мемлекеттік емес цифрлық жүйелер.
Екінші деңгейдегі цифрлық жүйелер жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға, сондай-ақ тіркеушінің дербес деректерді жинауына, өңдеуіне, сақтауына, түсіруіне жəне пайдалануына келісімін алуды қамтамасыз етеді.
6. Мониторингті техникалық сүйемелдеу шеңберінде тіркеуші мыналарды іске асырады:
1) екінші деңгейдегі салалық мемлекеттік немесе мемлекеттік емес цифрлық жүйелерді бірінші деңгейдегі жүйеге қосуды және олардың арасындағы деректерді автоматтандырылған алмасуды қамтамасыз ететін "Smart Bridge" сервистерінің витринасында жарияланған сервистер;
2) бірыңғай кіру технологиясы (Single Sign-On, SSO) – бірінші деңгейдегі жүйеде авторизациядан өткен пайдаланушыларға логин мен парольді қайта енгізбестен екінші деңгейдегі жүйеге автоматты түрде қол жеткізуге мүмкіндік беретін тетік.
7. Мониторинг мыналарға қатысты жүзеге асырылады:
1) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары;
2) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылар.
8. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын мониторингтеу мынадай талаптар бойынша автоматты тексеру арқылы жүзеге асырылады:
1) тізілімде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шарасының болуы;
2) тізілімде әкімшінің оператормен бюджет қаражатын алушыға аударуға жарамды шартының болуы;
3) мемлекеттік қолдау шараларын төлеу жөніндегі міндеттемелерді жабу үшін әкімшінің немесе оператордың шотында ақша қаражатының жеткіліктілігі.
9. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің базалық талаптарға сәйкестігін тексеру бірінші деңгейдегі жүйені бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ведомствосының салықтық міндеттемелер, кедендік төлемдер туралы мәліметтерін тексеруді қамтамасыз ететін цифрлық жүйелерімен және тиісті саланың мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарының цифрлық жүйелерімен интеграциялау арқылы автоматты режимде жүзеге асырылады.
10. Тексеру нәтижелері бойынша тіркеуші салалық мемлекеттік органға және немесе операторға осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке кәсіпкерлік субъектісінің базалық талаптарға сәйкестігі және (немесе) сәйкессіздігі туралы электрондық хабарлама жібереді.
Салалық мемлекеттік орган және (немесе) оператор тіркеушінің хабарламасы негізінде жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру нәтижелері туралы хабардар етеді.
11. Алушыға ақша қаражатын төлеу жөнінде шешім қабылдау үшін бірінші деңгейдегі жүйе жеке кәсіпкерлік субъектісінің базалық талаптарға сәйкестігін қайта тексеруді жүзеге асырады.
Жеке кәсіпкерлік субъектісі базалық талаптарға сәйкес келген кезде 3 (үш) жұмыс күні ішінде әкімші немесе оператор ақша қаражатын төлеуге арналған жиынтық ведомость негізінде мемлекеттік қазынашылық органдарына алушыға ақша қаражатын төлеу үшін төлем тапсырмасын қалыптастырады.
12. Қалыптастырылған төлем тапсырмасы туралы мәліметтер, оның ішінде алушының базалық талаптарға сәйкестігі және (немесе) сәйкессіздігі туралы хабарламаның нөмірі мен күні мемлекеттік қазынашылықтың цифрлық жүйесінен ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы бірінші деңгейдегі жүйеге жүктеледі.
13. Мемлекеттік қолдау шарасы шеңберінде түпкілікті алушының пайдасына төлемдерді жүзеге асыратын және мемлекеттік қазынашылық органдарында шоты жоқ операторлар ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы бірінші деңгейдегі жүйеге қалыптастырылған төлем тапсырмасы туралы мәліметтердің, оның ішінде алушының базалық талаптарға сәйкестігі және (немесе) сәйкессіздігі туралы хабарламаның нөмірі мен күнінің берілуін қамтамасыз етеді.
14. Жеке кәсіпкерлік субъектісі қаржы орталығының базалық талаптарына сәйкес келмеген кезде оператор және (немесе) әкімші қаржыландыруды жүзеге асырмайды.
15. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мониторинг жүргізуді және оның қорытындыларын қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
16. Мониторинг жүргізу қорытындылары бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне талдау жүргізу үшін тіркеуші жүйе арқылы мониторинг нәтижелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
| Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына және оларды алушыларға мониторинг жүргізу қағидаларына 1-қосымша |
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын базалық талаптар
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын базалық талаптар:
1) банкрот деп танылған салық төлеушілер тізімінде болмауы;
2) тиісті әкімші немесе оператор қалыптастыратын мемлекеттік қолдау шараларын сенімсіз алушылар тізімінде болмауы.
| Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына және оларды алушыларға мониторинг жүргізу қағидаларына 2-қосымша Салалық мемлекеттік органға және (немесе) операторға |
|
| ________________________ |
Базалық талаптарға сәйкестік және (немесе) сәйкессіздік туралы хабарлама
________________________________________________________________________
_________________________________________________________________________
мемлекеттік қолдау шараларын алушының ТАӘ (ол болған жағдайда), ЖСН, атауы, БСН)
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шарасын алуға 20__ жылғы__.__. № ________ жеке кәсіпкерлік субъектісінің электрондық өтінімін автоматты тексеру нәтижелері бойынша (бюджеттік бағдарламаның атауы _______________________________________________) осы бұйрықпен бекітілген мемлекеттік қолдау шараларын алуға үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын базалық талаптарға сәйкестік не сәйкессіздік (қажеттісінің астын сызу) анықталды.
Сәйкессіздіктің себептері (болған жағдайда толтырылады):
____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
___________________________________________________________________
Тіркеушінің ЭЦҚ деректері;
Тіркеушінің ЭЦҚ-мен қол қойылған күні мен уақыты.
20 _ жылғы "__" _____ _____ сағат ____ минут.
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
1. ТАӘ – тегі, аты, әкесінің аты;
2. БСН – бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
3. ЖСН – жеке сәйкестендіру нөмірі;
4. ЭЦҚ – электрондық цифрлық қолтаңба.