Болат дайындамаларын әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 221 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 4 мамырда № 38635 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына және 22-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29-бабына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасының аумағынан көліктің барлық түрлерімен Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының кодтары (бұдан әрі – ЕАЭО СЭҚ ТН коды) 7206 - құймалардағы немесе басқа бастапқы нысандардағы темір және легирленбеген болат (7203 тауар позициясындағы темірден басқа), 7207 - темірден немесе легирленбеген болаттан жасалған жартылай фабрикаттарды, 7218 - құймалардағы немесе басқа да бастапқы нысандардағы коррозияға төзімді болат, коррозияға төзімді болаттан жасалған жартылай фабрикаттар, 7224 - құймалардағы немесе басқа да бастапқы нысандардағы легирленген болаттардың басқа түрлері, домендік-конвертерлік тәсілмен өндірілген болат дайындамаларды қоспағанда, легирленген болаттардың басқа түрлерінен жасалған жартылай фабрикаттар әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тыйым "Домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің экспортына айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 27 наурыздағы № 194 қаулысына сәйкес берілген айрықша лицензия болған кезде домендік-конвертерлік тәсілмен өндірілген болат дайындамаларды әкетуге қолданылмайды.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті, Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың 1-тармағының орындалуы бойынша бақылауды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықтың 1-тармағында көрсетілген тыйым салуды енгізу туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны ақпараттандыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Е. Нагаспаев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Көлік министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады