Цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2026 жылғы 29 сәуірдегі № 49 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 30 сәуірде № 38613 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.05.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Т. Сулейменов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
2026 жылғы 29 сәуірдегі
№ 49 Қаулымен бекітілді

Цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және онда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына (бұдан әрі – цифрлық активтер нарығының субъектілері) қатысты шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі айқындалады.

      2. Қағидаларда "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ұғымдар пайдаланылады.

      3. Ұлттық Банк мынадай бір және одан да көп факторлар:

      1) тәуекел деңгейі;

      Тәуекел деп азаматтардың, инвесторлардың (цифрлық активтерді ұстаушылардың) құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы, цифрлық активтер нарығы субъектілерінің Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы, бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасында белгіленген талаптарды орындамауы және (немесе) толық орындамауы, сондай-ақ цифрлық активтер нарығы субъектілерінің цифрлық қаржы активтері платформасының, цифрлық активтердің сауда платформасының жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша не цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметтерін көрсету бойынша өз міндеттемелерін орындау қабілетінің нашарлауы нәтижесінде қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіру түріндегі теріс салдардың туындау ықтималдығы түсініледі.

      2) таңдалған шектеулі ықпал ету шарасын қолдану нәтижесінде жағдайды өзгерту мүмкіндігі;

      3) цифрлық активтер нарығының субъектілері, олардың клиенттері мен контрагенттері үшін бұзушылықтар мен салдарлар сипаты;

      4) бұзушылықтардың жиілігі мен ұзақтығы;

      5) цифрлық активтер нарығының субъектілері жол берген бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олар қабылдаған (жоспарлаған) оларды жасауға ықпал еткен талаптарды жою шаралары;

      6) Ұлттық Банктің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін цифрлық активтер нарығының субъектілеріне қолданылған шектеулі ықпал ету шараларының, санкциялардың болуы;

      7) цифрлық активтер нарығы субъектілерінің басшы қызметкерлерінің жол берілген бұзушылықтар туралы хабардар болуы;

      8) қолданылатын тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін талдау;

      9) цифрлық активтер нарығы субъектілерінің цифрлық қаржы активтері платформасының, цифрлық активтердің сауда платформасының жұмыс істеуін қамтамасыз ету не цифрлық активтер қызметтерін көрсету бойынша жалпы мүмкіндігі болған кезде цифрлық активтер нарығының субъектілеріне қатысты шектеулі ықпал ету шарасын қолданады.

      4. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және цифрлық активтердің сауда платформасы операторының цифрлық қаржы активтері платформасының, цифрлық активтердің сауда платформасының жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша өз міндеттемелерін орындау қабілетін талдау Ұлттық Банкке ұсынылатын цифрлық қаржы активтерін шығару және (немесе) олардың айналымы (айналысы) жөніндегі мәліметтер, Ұлттық Банкке ұсынылатын цифрлық активтердің қызметтері туралы есептілік, цифрлық қаржы активтері платформасының, цифрлық активтердің сауда платформасының жұмыс істеуін бағалау материалдары (өзін-өзі бағалау), цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және цифрлық активтердің сауда платформасының операторы жүргізген цифрлық қаржы активтері платформасының және цифрлық активтердің сауда платформасының жұмыс істеу тиімділігін қатысушылардың ұсынылатын қызметтердің сапасына қанағаттануы тұрғысынан талдау, тексеру нәтижелері және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың келіп түскен жолданымдары, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің болуы жөніндегі талаптардың орындалуын талдау нәтижелері негізінде айқындалады.

      5. Цифрлық активтер нарығының субъектілеріне қатысты Ұлттық Банк Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы, қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы, бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін шектеулі ықпал ету шараларының мынадай түрлерін қолданады:

      1) орындалуы міндетті жазбаша нұсқама жіберу;

      2) жазбаша ескерту шығару;

      3) жазбаша келісім жасау.

      6. Ұлттық Банк қолданылған шектеулі ықпал ету шараларының есебін жүргізеді және цифрлық активтер нарығы субъектісінің атауын және қолданылған ықпал ету шарасының түрін қоса алғанда, қолданылған шектеулі ықпал ету шаралары туралы ақпаратты өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады.

      7. Бір шектеулі ықпал ету шарасын қолдану басқа да шектеулі ықпал ету шараларын қолдануды жоққа шығармайды.

      8. Цифрлық активтер нарығының субъектісі Ұлттық Банкті жазбаша нұсқамада, жазбаша ескертуде, жазбаша келісімде көрсетілген мерзімдерде шектеулі ықпал ету шарасының орындалғаны туралы хабардар етеді.

      Хабарлама бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жою күнін қолданудың шектеулі ықпал ету шарасын қолданғаннан кейін айқындалған 5 (бес) жұмыс күні ішінде Ұлттық Банкке жіберіледі.

      Егер шектеулі әсер ету дәрежесінде белгіленген бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ оларды жасауға ықпал еткен шарттарды жою мерзімі бір айдан асатын болса, цифрлық активтер нарығының субъектісі растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, бұзушылықтарды жоюға бағытталған шарттар мен іс-шаралардың кезең-кезеңмен орындалғаны туралы Ұлттық Банкті ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 5 (бесінші) күніне дейін хабардар етеді.

      9. Цифрлық активтер нарығының субъектісі шектеулі әсер ету шарасын қолдану туралы Ұлттық Банктің тиісті құжатында көзделген шарттар мен іс-шараларды орындау мерзімінің басталуы оны іс жүзінде алған кездегі күні болып есептеледі.

2-тарау. Орындалуы міндетті жазбаша нұсқама жіберу

      10. Жазбаша нұсқама цифрлық активтер нарығының субъектісі анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде жоюға бағытталған, орындалуы міндетті түзету шараларын қабылдау туралы және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) белгіленген мерзімде ұсыну қажеттігі туралы нұсқау болады.

      11. Түзету шаралары жазбаша нұсқамада көрсетіледі және орындауға міндетті мынадай:

      1) цифрлық активтер нарығының субъектісі цифрлық активтер қызметтерін көрсетуге бағытталған шарттық міндеттемелерді жасасқан клиенттер, контрагент және (немесе) көрсетілетін қызметтер провайдерлері, үшінші тұлғалар алдындағы міндеттемелерді орындау бойынша;

      2) Қазақстан Республикасының цифрлық активтер, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру туралы, бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында белгіленген талаптардың, сондай-ақ оларды жасауға ықпал ететін себептер мен (немесе) шарттардың анықталған бұзушылықтарын жою бойынша;

      3) цифрлық активтер нарығының субъектісі қойылатын Қазақстан Республикасының цифрлық активтер, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру туралы, бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында белгіленген талаптарды орындау бойынша шараларды білдіреді.

      12. Цифрлық активтер нарығының субъектісі жазбаша нұсқама белгіленген мерзімде Ұлттық Банкке бұзушылықтардың сипаттамасын, олардың жасалуына ықпал еткен себептерді және (немесе) жағдайларды, жоспарланған іс-шаралар тізбесін, оларды жүзеге асыру мерзімдерін, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдарды көрсете отырып, іс-шаралар жоспарын ұсынады.

      13. Ұлттық Банк іс-шаралар жоспары ұсынылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде оны қарайды және келіспеген жағдайда ол бойынша цифрлық активтер нарығының субъектісі жоспарланған іс-шараларды не оларды орындау мерзімдерін түзету және нақтыланған іс-шаралар жоспарын Ұлттық Банк белгілеген мерзімде ұсыну қажеттігі туралы нұсқауды қамтитын өз қорытындысын жібереді.

      14. Ұлттық Банк осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қорытынды жібермеген жағдайда, іс-шаралар жоспары қабылданды деп есептеледі.

      15. Ұлттық Банк цифрлық активтер нарығының субъектісі қабылдаған іс-шаралар жоспарын орындауын бақылауды жүзеге асырады.

      Цифрлық активтер нарығының субъектісі іс-шаралар жоспарында көрсетілген іс-шаралардың орындалғаны туралы олар орындалған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей Ұлттық Банкке жазбаша хабарлайды.

      16. Жазбаша нұсқама цифрлық активтер нарығы субъектісі басшысына жеткізіледі.

      17. Цифрлық активтер нарығының субъектісі басшысы жазбаша нұсқаманы алған күннен бастап 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде цифрлық активтер нарығының субъектісі атқарушы органының барлық мүшелерін жазбаша нұсқаманың шығарылғаны туралы хабардар етеді.

      18. Цифрлық активтер нарығының субъектісі өздеріне тәуелсіз себептер бойынша жазбаша ұйғарымда және (немесе) іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімде бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жоя алмайтын жағдайда, Ұлттық Банкке жазбаша нұсқамада және (немесе) іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзім басталғанға дейін 20 (жиырма) жұмыс күн бұрын себептерін түсіндіре отырып, бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жоюдың ұсынылған мерзімдері көрсетілген хат және (немесе) жоспарланған іс-шараларды орындаудың ұсынылған мерзімдерін көрсете отырып, өзгертілген іс-шаралар жоспарын жібереді.

      Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім жазбаша ұйғарым жіберілген күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен кем болса, цифрлық активтер нарығының субъектісі Ұлттық Банкке жазбаша ұйғарымда белгіленген мерзімге дейін себептерін түсіндіре отырып, бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жоюдың ұсынылған мерзімдері көрсетілген хат жібереді.

      Ұлттық Банк цифрлық активтер нарығы субъектісінің хатын қарау нәтижесі бойынша 5 (бес) жұмыс күні ішінде цифрлық активтер нарығы субъектісінің хатында көрсетілген мерзіммен келісу не келіспеу туралы шешім қабылдайды не басқа ақылға қонымды мерзімді белгілейді және жазбаша ұйғарымға өзгерістер жібереді және (немесе) іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзіммен келісетіні туралы немесе іс-шаралар жоспарында басқа ақылға қонымды мерзімді белгілеу туралы немесе жазбаша ұйғарымда және (немесе) іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімді өзгертуге келіспейтіні туралы хабарлайды.

3-тарау. Жазбаша ескерту шығару

      19. Ұлттық Банк осы ескерту шығарылғаннан кейін 1 (бір) жыл ішінде Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын ұқсас бұзушылықты анықтаған жағдайда Ұлттық Банктің цифрлық активтер нарығы субъектісіне санкция қолдану мүмкіндігі туралы хабарлауы жазбаша ескерту болады.

      20. Жазбаша ескерту цифрлық активтер нарығы субъектісінің басшысына жіберіледі.

      21. Цифрлық активтер нарығы субъектісінің басшысы жазбаша ескерту алған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде цифрлық активтер нарығы субъектісінің атқарушы органының барлық мүшелеріне жазбаша ескерту шығару туралы хабарлайды.

4-тарау. Жазбаша келісім жасау

      22. Ұлттық Банк цифрлық активтер нарығы субъектісімен анықталған бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жою және осы бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жою жөніндегі шаралардың тізбесін, оларды жою мерзімдерін көрсете отырып, бекіту және (немесе) анықталған бұзушылықтар және (немесе) себептер, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайлар жойылғанға дейін цифрлық активтер нарығы субъектісі қабылдайтын шектеулердің тізбесін бекіту қажеттігі туралы жазбаша келісім жасайды.

      Жазбаша келісім цифрлық активтер нарығы субъектісінің басшысымен немесе олардың орнындағы адамдармен жасалады.

      Жазбаша келісімге цифрлық активтер нарығы субъектісі міндетті түрде қол қояды.

      23. Жазбаша келісімде анықталған бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жою шараларының тізбесі және оларды орындау мерзімдері және (немесе) цифрлық активтер нарығы субъектісі қабылдайтын міндеттемелердің тізбесі көрсетіледі. Цифрлық активтер нарығының субъектісі жазбаша келісімге қол қоя отырып, оның шарттарын орындау міндеттемелерін қабылдайды.

      24. Цифрлық активтер нарығының субъектісі өзіне тәуелсіз себептер бойынша бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жазбаша келісімде белгіленген мерзімде жою алмайтын жағдайда Ұлттық Банкке жазбаша келісімде белгіленген мерзімге дейін 20 (жиырма) жұмыс күні бұрын себептерін түсіндіре отырып, бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жоюдың ұсынылған мерзімін сипаттай отырып, хат жібереді.

      Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім жазбаша келісім жіберілген күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен кем болса, цифрлық активтер нарығының субъектісі Ұлттық Банкке жазбаша келісімде белгіленген мерзімге дейін себептерін түсіндіре отырып, бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жоюдың ұсынылған мерзімін сипаттай отырып, хат жібереді.

      Ұлттық Банк цифрлық активтер нарығы субъектісінің хатын қарау нәтижесі бойынша 5 (бес) жұмыс күні ішінде цифрлық активтер нарығы субъектісінің хатында көрсетілген мерзіммен келісу не келіспеу туралы шешім қабылдайды не басқа ақылға қонымды мерзімді айқындайды және цифрлық активтер нарығы субъектісімен бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жоюдың жаңа мерзімін көрсете отырып, қосымша жазбаша келісім жасайды немесе жазбаша келісімде белгіленген мерзімді өзгертуге келіспейтіні туралы хабарлайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады