Әмбебап банк лицензиясы бар банктің, ислам банкінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының және Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкі филиалының цифрлық қаржы активтерімен мәмілелер жасасу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 28 сәуірдегі № 87 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2026 жылғы 29 сәуірдегі № 50 бірлескен қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 30 сәуірде № 38606 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 4-тармағының үшінші және төртінші бөліктеріне және 10-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Әмбебап банк лицензиясы бар банктің, ислам банкінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының және Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкі филиалының цифрлық қаржы активтерімен мәмілелер жасасу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Заң департаментімен бірлесіп осы бірлескен қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бірлескен қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бірлескен қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарларына жүктелсін.

      4. Осы бірлескен қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
_________Т. Сулейменов
      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
_________М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкінің Төрағасы
2026 жылғы 29 сәуірдегі
№ 50 мен Қазақстан
Республикасының Қаржы
нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2026 жылғы 28 сәуірдегі
№ 87 бірлескен қаулысымен
бекітілген

Әмбебап банк лицензиясы бар банктің, ислам банкінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының және Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкі филиалының цифрлық қаржы активтерімен мәмілелер жасасу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әмбебап банк лицензиясы бар банктің, ислам банкінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының және Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкі филиалының цифрлық қаржы активтерімен мәмілелер жасасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 4-тармағының үшінші және төртінші бөліктеріне және 10-тармағының екінші бөлігіне сәйкес әзірленді және цифрлық қаржы активтерімен көрсетілген мәмілелер жасасу тәртібін, мәмілелер жасасуға жол берілетін цифрлық қаржы активтерінің тізбесін, сондай-ақ осындай цифрлық қаржы активтеріне қойылатын талаптарды айқындайды.

2-тарау. Мәмілелер жасасуға жол берілетін цифрлық қаржы активтерінің тізбесі

      2. Мыналар:

      1) базалық активі ақша болып табылатын цифрлық қаржы активтері (стейблкоиндар) (бұдан әрі – стейблкоиндар);

      2) базалық активі борыштық эмиссиялық бағалы қағаздар және исламдық бағалы қағаздар болып табылатын цифрлық қаржы активтері (бұдан әрі – қамтамасыз етілген цифрлық қаржы активтері);

      3) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында электрондық-цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары (бұдан әрі – қаржы құралдары) әмбебап банк лицензиясы бар банк және Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы мәмілелер жасауға жол берілетін цифрлық қаржы активтері болып табылады.

      3. Мыналар:

      1) стейблкоиндар;

      2) базалық активі исламдық бағалы қағаздар болып табылатын цифрлық қаржы активтері;

      3) қаржы құралдары ислам банкі және Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкінің филиалы мәмілелер жасауға жол берілетін цифрлық қаржы активтері болып табылады.

      Ислам банкі және Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкінің филиалы цифрлық қаржы активтерімен мәмілелерді Банктер туралы заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға қайшы келмейтін бөлігінде исламдық банк операцияларының қағидаттарын сақтай отырып жасайды.

3-тарау. Цифрлық қаржы активтерімен мәмілелер жасасу тәртібі

      4. Әмбебап банк лицензиясы бар банк, ислам банкі, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкінің филиалы цифрлық қаржы активтерімен мәмілелерді цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының цифрлық платформасында жасайды.

      5. Әмбебап банк лицензиясы бар банк, ислам банкі, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкінің филиалы мынадай талаптар сақталған кезде өздерінің стейблкоиндарымен, сондай-ақ банктің еншілес ұйымдары не банк холдингі де шығарған цифрлық қаржы активтерімен және (немесе) қаржы құралдарымен қамтамасыз етілген стейблкоиндармен мәмілелер жасайды:

      1) мәміле жасау туралы шешімді банктің директорлар кеңесі қабылдайды.

      Көрсетілген шешімде сатып алынатын бағалы қағаздардың бағасы мен көлемі айқындалады. Шешімге банктің тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшесінің көрсетілген бағалы қағаздарды сатып алуға байланысты тәуекелдерді (оның ішінде өтімділікті жоғалту тәуекелін және пайыздық тәуекелді) бағалауымен, сондай-ақ банктің директорлар кеңесі бекіткен, осындай мәмілелерге қолданылатын ішкі саясаттар мен рәсімдердің талаптарын банктің сақтауын растауымен қорытындысы қоса беріледі;

      2) мәмілелер көрсетілген бағалы қағаздарды сатып алу күнгі жағдай бойынша қалыптасқан әділ нарықтық бағамен жасалады;

      3) банк иеленген бағалы қағаздар туралы ақпарат қағаз жеткізгіште және банктің ішкі құжаттарында белгіленген электрондық нысанда жасалады, оған банктің бірінші басшысы немесе көрсетілген ақпаратқа қол қоюға уәкілетті адам, сондай-ақ банктің бас бухгалтері қол қояды және осы ақпарат жасалған күннен бастап 5 (бес) жыл бойы сақталады.

4-тарау. Цифрлық қаржы активтеріне қойылатын талаптар

      6. Әмбебап банк лицензиясы бар банк, ислам банкі, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкінің филиалы мынадай шарттар сақталған кезде стейблкоиндармен мәмілелер жасайды:

      1) эмитент соңғы 3 есепті кезеңде стейблкоиндардың базалық активтерінің бір бөлігін пайдалану есебінен нарықтық құнымен иеленген эмитенттің өтімділігі жоғары активтерін бағалау нәтижелерін жариялау жөніндегі талаптарды сақтайды;

      2) эмитент соңғы 3 есепті кезеңде стейблкоиндардың базалық активтерінің бір бөлігін пайдалану есебінен нарықтық құнымен иеленген эмитенттің өтімділігі жоғары активтерін бағалау нәтижелері бойынша базалық актив қалдықтары құнының стейблкоиндардың нақты көлеміне Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарында және (немесе) стейблкоин шығару шарттарында көзделген арақатынаста сәйкес келмеуі жоқ.

      7. Базалық активі мынадай шарттарға сәйкес келген кезде осы Қағидалардың 2-тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген қамтамасыз етілген цифрлық қаржы активтерімен мәмілелер жасауға жол беріледі:

      1) эмитенті Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылады;

      2) эмитенттің міндеттемелерін орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен қамтамасыз етіледі;

      3) эмитенті борыштық эмиссиялық бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының сауда-саттықты ұйымдастырушының ресми тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары болып табылады;

      4) эмитенті мына халықаралық қаржы ұйымдары болып табылады:

      Азия Даму Банкі (Asian Development Bank);

      Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (Asian Infrastructure Investment Bank);

      Америкааралық даму банкі (Inter-American Development Bank);

      Африканың даму банкі (African Development Bank);

      Еуразияның даму банкі (Eurasian Development Bank);

      Еуропалық инвестициялық банк (European Investment Bank);

      Еуропалық Кеңестің Даму Банкі (Council of Europe Development Bank);

      Еуропа қайта құру және даму банкі (European Bank for Reconstruction and Development);

      Жеке секторды дамыту жөніндегі ислам корпорациясы (Islamic corporation for the Development of the Private Sector);

      Исламдық даму банкі (Islamic Development Bank);

      Скандинавияның инвестициялық банкі (Nordic Investment Bank);

      Халықаралық валюта қоры (International Monetary Fund);

      Халықаралық қаржы корпорациясы (International Finance Corporation);

      Халықаралық қайта құру және даму банкі (International Bank for Reconstruction and Development);

      Қара теңіз сауда және даму банкі (the Black Sea Trade and Development Bank)

      5) эмитенті Standard & Poor’s (Стандарт энд Пурс) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкала бойынша шетел валютасында "ВВВ-"-тен төмен емес тәуелсіз кредиттік рейтингі немесе Moody’s Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис), Fitch (Фич) рейтингтік агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар шет мемлекеттердің орталық үкіметтері және (немесе) орталық банктері болып табылады;

      6) эмитенті борыштық эмиссиялық бағалы қағаздары Қазақстан Республикасы сауда-саттықты ұйымдастырушысының ресми тізіміне енгізілген ("борыштық бағалы қағаздар үшін буфер" санатындағы борыштық эмиссиялық бағалы қағаздарды қоспағанда) немесе "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында жұмыс істейтін қор биржасында жария сауда-саттыққа жіберілген Қазақстан Республикасының резиденті болып табылады;

      7) эмитенті борыштық эмиссиялық бағалы қағаздары Standard & Poor’s (Стандарт энд Пурс) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкала бойынша шетел валютасында "В"-ден төмен емес ең төмен ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody’s Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис), Fitch (Фич) рейтингтік агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының резиденті болып табылады.

      Осы тармақшаның мақсаттары үшін акцияларының (жарғылық капиталдарға қатысу үлестерінің) 50 (елу) пайыздан астамы Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне не ұлттық инвестициялық холдингке тікелей немесе жанама тиесілі ұйымдар шығарған борыштық эмиссиялық бағалы қағаздар Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингі бар борыштық эмиссиялық бағалы қағаздар ретінде танылады;

      8) эмитенті Standard & Poor’s (Стандарт энд Пурс) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкала бойынша "ВВВ"-ден төмен емес не Moody’s Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкала бойынша "Ваа2"-ден төмен емес не Fitch (Фич) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкала бойынша "ВВВ"-ден төмен емес ең төмен ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылады.

      8. Қаржы құралдары Қағидалардың 7-тармағына сәйкес қамтамасыз етілген цифрлық қаржы активтерінің базалық активтеріне қойылатын талаптарға сәйкес келген кезде олармен мәмілелер жасасуға жол беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады