ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Құрылыс Кодексінің 24-бабының 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Инженерлік- геологиялық іздестірулерді жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) "Инженерлік-геологиялық ізденістер қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі № 509 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді бекіту тізілімінде № 21338 болып тіркелген);
2) "Инженерлік-геологиялық ізденістер қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 10 ақпандағы № 87 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді бекіту тізілімінде № 31900 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іcтepі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
|
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы |
К. Кажкенов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи
ресурстар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және
ирригация министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
| Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 21 сәуірдегі № 192 Бұйрығымен бекітілген |
Инженерлік- геологиялық іздестірулерді жүзеге асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Инженерлік- геологиялық іздестірулерді жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексі 24-бабының 17) тармақшасына сәйкес әзірленді және инженерлік-геологиялық іздестірулерді жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Қағидалар Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық субъектілері үшін сақталуға тиіс.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) орындаушы –тапсырыс берушімен жасалатын шарт немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша құрылыс үшін инженерлік-геологиялық іздестірулерді орындайтын тиісті қызмет түріне лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
2) тапсырыс беруші – қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. Қызметінің мақсатына қарай тапсырыс беруші – жобаның (бағдарламаның) инвесторы, тапсырыс беруші (меншік иесі) не олардың уәкілетті тұлғалары тапсырыс беруші бола алады.
4. Инженерлік-геологиялық іздестірулер жүргізу Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне және Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Құрылысқа арналған инженерлік-геологиялық іздестірулерді "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен берілген тиісті лицензиялары бар жеке және заңды тұлғалар орындайды.
6. Инженерлік-геологиялық іздестірулер жобаланатын құрылыс аумағының (ауданның, алаңның, учаскенің, трассаның) инженерлік-геологиялық жағдайларын кешенді зерделеуді және қала құрылысы қызметін жоспарлауды негіздеу және жобалық шешімдерді әзірлеу кезінде қажетті және жеткілікті материалдарды алу үшін жобаланатын объектілердің геологиялық ортамен өзара іс-қимылы саласындағы олардың ықтимал өзгерістеріне болжам жасауды қамтамасыз етеді.
7. Тапсырыс беруші:
1) өз бетінше не бөгде мамандарды тарта отырып құрылыс үшін инженерлік-геологиялық іздестірулерді орындауға техникалық тапсырма жасайды, оны басшы немесе оны алмастыратын тұлға бекітеді және мөрмен (ол болған кезде) растайды.
Құрылыс үшін инженерлік-геологиялық іздестірулерді орындауға арналған техникалық тапсырма шарттың ажырамас бөлігі болып табылады және оны тапсырыс беруші бекіткен сәттен бастап тараптар үшін міндетті болады.
Инженерлік-геологиялық іздестіру процесінде құрылыстарды салу мен пайдалануға және мекендеу ортасына қолайсыз әсер етуі мүмкін күрделі табиғи және техногендік жағдайлар (жұмыстардың алдыңғы кезеңдерінде және жобалау сатыларында құрылыс объектісі аумағының жеткіліксіз зерттелуіне байланысты) анықталған жағдайда, инженерлік-геологиялық іздестірулерді орындаушы құрылыс үшін инженерлік-геологиялық іздестірулерді орындауға арналған техникалық тапсырмаға қосымша зерделеу және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туралы тапсырыс берушіні хабардар етеді. Егер тапсырыс берушінің бастамасы бойынша құрылыс үшін инженерлік-геологиялық іздестірулерді орындауға арналған техникалық тапсырмаға енгізілген түзетулер пысықтауды талап еткен жағдайда, орындалған жұмыс көлемін ескере отырып, шартқа қосымша келісім жасалады;
2) тапсырыс беруші мемлекеттік емес инвестициялар есебінен қаржыландырылатын жағдайларды қоспағанда, "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылыс үшін инженерлік-геологиялық іздестірулерді орындауға ұйымдарды таңдауды жүзеге асырады және олармен шарттар жасасады;
3) орындаушыға құрылыс үшін, инженерлік-геологиялық іздестірулер үшін бастапқы материалдарды және сыртқы инженерлік желілер трассаларының сызбаларын ұсынады;
4) орындаушыдан техникалық есепті (қорытындыны) қағаз тасығышта кемінде екі данада және электрондық тасығышта екі данада қабылдауды жүзеге асырады.
8. Шарт жасалғаннан кейін орындаушы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес тапсырыс берушінің техникалық тапсырмасы негізінде және бұрын орындалған инженерлік геологиялық іздестірулердің материалдарын және ауданның, алаңның, учаскенің, трассасының табиғи жағдайлары туралы басқа да мәліметтерді барынша пайдалана отырып, сондай-ақ егер ол жүргізілген болса, ауданды далалық зерттеу нәтижелерін ескере отырып, инженерлік-геологиялық іздестірулертер бағдарламасын жасайды.
9. Бағдарлама есептік материалдардың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ететін жұмыстарды орындаудың құрамы мен көлемі, әдістемесі, технологиясы мен дәйектілігі қамтылады, сондай-ақ жұмыстарды ұтымды ұйымдастыруды және белгіленген мерзімде инженерлік-геологиялық іздестірулерді аяқтауды көздейді.
10. Құрылыс үшін инженерлік-геологиялық іздестірулер бағдарламасына техникалық тапсырманың көшірмесі және іздестірулер жұмыстарын жүргізу үшін қажетті басқа да құжаттама қоса беріледі.
11. Тапсырыс берушінің инженерлік-геологиялық іздестіру бағдарламасын жасау туралы талабы болмаған жағдайда, бағдарламаның орнына инженерлік-геологиялық іздестірулер өндірісіне ұйғарым жасалады.
12. Орындалған инженерлік-геологиялық іздестірулердің нәтижелері бойынша тапсырыс берушіге беру үшін техникалық есеп (қорытынды) жасалады. Техникалық есеп (қорытынды) инженерлік-геологиялық іздестірулерге арналған техникалық тапсырмада және бағдарламада көзделген деректерді, сондай-ақ жол берілетін өзгерістердің негіздемелерін қамтиды.
13. Инженерлік-геологиялық іздестірулерді тиісінше орындамағаны және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының және мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарын бұза отырып, техникалық есепті (қорытындыны) ұсынғаны, сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін дәйексіз мәліметтерді не мәліметтерді қасақана ұсынғаны үшін орындаушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 312-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылықта болады.
14. Инженерлік-геологиялық іздестірулердің техникалық есебінің (қорытындысының) қолданылу мерзімі, оларды бекіткен сәттен бастап жобалау құжаттамасын әзірлеу басталғанға дейін:
бірегей құрылыс объектілері бойынша – 6 (алты) айды;
бірегейге жатпайтын құрылыс объектілері бойынша – 36 (отыз алты) айды құрайды.
2-тарау. Инженерлік- геологиялық іздестірулерді жүзеге асыру тәртібі
1- Параграф Жобалау алдындағы құжаттаманы және қала құрылысы жобаларын әзірлеу үшін инженерлік-геологиялық іздестірулер
15. Жобалау алдындағы құжаттаманы әзірлеу үшін инженерлік-геологиялық іздестірулер жобаланатын құрылыс аумағының (ауданның, алаңның, трассаның) инженерлік-геологиялық жағдайларын зерделеуді және кәсіпорындарды, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану кезеңінде осы жағдайлардың өзгеру болжамын жасауды қамтамасыз етеді.
16. Қала құрылысы жобаларын әзірлеу үшін инженерлік-геологиялық іздестірулер (бас жоспар және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы) қала құрылысы жобасының ауқымына сәйкес келетін инженерлік-геологиялық түсірілім ауқымында жүргізіледі.
2-параграф. Жобаны әзірлеу үшін инженерлік-геологиялық іздестірулер
17. Кәсіпорындар, ғимараттар мен құрылыстар құрылысының жобасын әзірлеу үшін инженерлік-геологиялық іздестірулер таңдалған алаңның (учаскенің, трассаның) инженерлік-геологиялық жағдайларын кешенді зерделеуді және жобалық шешімдерді әзірлеу үшін жеткілікті егжей-тегжейлі құрылыс және пайдалану кезеңінде олардың өзгерістерін болжауды қамтамасыз етеді.
18. Инженерлік-геологиялық іздестірулер ғимараттар мен құрылыстардың жинақталуын негіздеу үшін материалдар мен деректерді, конструктивтік және көлемдік-жоспарлау шешімдерін алуды, жобаланатын объектінің бас жоспарын жасауды, инженерлік қорғау, геологиялық ортаны қорғау және халық өмірінің қауіпсіз жағдайларын жасау жөніндегі іс-шаралар мен құрылыстарды әзірлеуді құрылысты ұйымдастыру жобасын қамтамасыз етеді.
19. Таңдап алынған алаң (трасса) аумағының инженерлік-геологиялық жағдайларын кешенді зерделеу кезінде инженерлік-геологиялық іздестірулер жұмыстарының құрамы мен көлемі, олар үшін топырақтың беріктігі мен деформациялық сипаттамаларын, олардың нормативтік және есептік мәндерін зертханалық және (немесе) далалық әдістермен анықтай отырып, жоспарда және тереңдігі бойынша бөліп алу үшін жеткілікті инженерлік-геологиялық элементтерді ескере отырып, сондай-ақ геологиялық ортамен жобаланатын объектінің өзара іс-қимылы саласында жерасты суларының бетонға агрессивтілігі және металдарға коррозиялық белсенділігі талаптарын ескере отырып, гидрогеологиялық параметрлерді, геологиялық және инженерлік-геологиялық процестердің даму қарқындылығының сандық көрсеткіштерін белгілеу анықталады.
20. Жобалау алдындағы құжаттамаға қажетті егжей-тегжейлі инженерлік-геологиялық іздестіру материалдары бар өндірістік және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерді салуға жұмыс жобасын әзірлеу үшін инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары осы Қағидалардың 21, 22 және 23-тармақтарына сәйкес орындалады.
3-параграф. Жұмыс құжаттамасын әзірлеу үшін инженерлік-геологиялық іздестірулер
21. Жұмыс құжаттамасын әзірлеу үшін инженерлік-геологиялық іздестірулер жобаланатын ғимараттар мен құрылыстардың нақты құрылыс учаскелерінің инженерлік-геологиялық жағдайларын айқындау мен нақтылауды және түпкілікті жобалық шешімдерді негіздеу үшін жеткілікті егжей-тегжейлі құрылыс салу мен пайдалану кезеңінде олардың өзгерістерін болжауды қамтамасыз етеді.
22. Инженерлік-геологиялық іздестірулер жобаға сәйкес ғимараттар мен құрылыстарды орналастырудың нақты учаскелерінде, оның ішінде жеке жобалау учаскелерінде және желілік құрылыстар трассаларының табиғи және жасанды кедергілері арқылы өту учаскелерде орындалады.
23. Инженерлік-геологиялық іздестірулер жұмыстарының құрамы мен көлемі ғимараттар мен құрылыстардың (трассалардың) түрін (мақсатын), олардың жауапкершілік деңгейін, инженерлік-геологиялық жағдайлардың күрделілігін, бұрын орындалған іздестірулер деректерінің болуын және инженерлік-геологиялық элементтерді түпкілікті бөліуді қамтамасыз етілуі, олар үшін зертханалық және (немесе) далалық және топырақ қасиеттерінің физикалық, беріктілік, деформациялық, сүзгіштік және басқа да сипаттамаларының әдістерімен анықтау негізінде нормативтік және есептік көрсеткіштерді белгілеу, су тұтқыш жиектердің гидрогеологиялық параметрлерін, геологиялық процестер серпінінің сандық сипаттамаларын нақтылау және ғимараттар мен құрылыстардың негіздерін, іргетастары мен конструкцияларын есептеуді жүзеге асыру үшін, олардың инженерлік қорғалуын негіздеу үшін, сондай-ақ жобаны әзірлеу, келісу және бекіту кезінде туындаған жекелеген мәселелерді шешу үшін басқа да деректерді алу инженерлік-геологиялық ізденістер бағдарламасында белгіленеді.
4-параграф. Ғимараттар мен құрылыстарды салу, пайдалану және кейіннен кәдеге жарату кезеңіндегі инженерлік-геологиялық іздестірулер
24. Инженерлік-геологиялық іздестірулер кәсіпорындарды, ғимараттар мен құрылыстарды салу, пайдалану және кейіннен кәдеге жарату кезеңінде объектінің аумағындағы геологиялық ортаның жекелеген компоненттерінің жай-күйі мен өзгерістері туралы материалдар мен деректер алуды қамтамасыз етеді.
25. Құрылыс кезеңінде құрылыс ойықтарының және құрылыстар негіздерінің геологиялық құжаттамасын жүргізу, сондай-ақ жер жұмыстарын жүргізуге геотехникалық бақылау жүзеге асырылады. Басқа жұмыс түрлері, оның ішінде іздестірулер ұйымының авторлық қадағалауы құрылысқа авторлық қадағалауды жүзеге асыратын жобалау ұйымының техникалық тапсырмасы бойынша орындалады.
26. Құрылыс кезеңінде инженерлік-геологиялық іздестірулерге арналған техникалық тапсырмада құрылыс жұмыстарының орындалу кезеңдері мен мерзімдері туралы деректерді, құрылыстың әрбір кезеңінде қолданылатын техникалық құралдар, міндеттер және бақылау жүргізудің талап етілетін дәйектілігі туралы іздестіру өнімдерін ұсыну және алынған деректерді құрылыс жұмыстарын жүргізумен байланыстыру жөніндегі мәселелерді жедел шешу тәртібі, жұмыстарды қабылдау актілерін келісу, сараптау және бекіту, сондай-ақ оларды жасауға қатысу тәртібін қамтиды.
27. Инженерлік-геологиялық іздестірулер кезінде құрылыс кезеңінде жобалау құжаттамасында қабылданған инженерлік-геологиялық шарттардың қазаншұңқырларды, туннельдерді, ойықтарды және басқа да ойықтарды тексеру мен инженерлік-геологиялық құжаттаманы жүргізу негізінде, қатпарлану сипатын, топырақ құрамын, жерасты суларын сорылуын, осы ойықтардағы топырақтың жай-күйі мен қасиеттерін зерделеу нәтижелері бойынша нақты шарттарға сәйкестігі белгіленеді.
28. Ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану кезеңінде инженерлік-геологиялық іздестірулер:
күрделі құрылыс объектісінің негіздеріне жүктемелерді ұлғайтумен және (немесе) кеңейтумен ұштасқан реконструкциялау (күрделі жөндеу) үшін жобалау құжаттамасын дайындау;
апат алдындағы жағдайдың туындауы және іргетастардың негізін нығайту және ( немесе) нығайту үшін қажеттілік; инженерлік қорғау іс-шараларын жобалау;
аварияның себептерін тексеру және (немесе) оның салдарларынн барынша азайту жағдайларында орындалады.
29. Объектілерді пайдалану кезеңінде инженерлік-геологиялық іздестірулер кезінде (тапсырыс берушінің тапсырмасына сәйкес құрылыс кезеңінде) мынадай міндеттерді шешу мақсатында қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстар іргетастарының негізінде топырақты зерттеу жүргізіледі:
іргетастарға уақытша және тұрақты жүктемелерді ұлғайта отырып, ғимараттар мен құрылыстарды қондыру, реконструкциялау мүмкіндіктері;
деформациялардың себептерін анықтау және олардың одан әрі дамуын болдырмау, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарды қалыпты пайдалану жағдайларын қалпына келтіру үшін шаралар әзірлеу;
ғимараттар мен құрылыстарды салуды ұзақ уақыт консервациялағаннан олардың негізі топырағының жай-күйін, оларды салып бітірудің мүмкіндіктері мен шарттарын анықтау;
ғимарат-жапсарлас құрылыстардың қолданыстағы ғимараттарға жанасу орындарының жай-күйін анықтау және олардың орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу;
жертөлелер мен басқа да жерасты құрылыстарын су басу және су алып кету себептерін анықтау.
30. Ғимараттар мен құрылыстар іргетасы негіздерінің топырағын зерттеу кезінде шурфтар мен ұңғымаларды үңгілеу жүзеге асырылады, зертханалық анықтау үшін топырақ үлгілері мен жерасты суларының сынамалары алынады, зондтау, геофизикалық зерттеулер және басқа да инженерлік-геологиялық жұмыстар орындалады, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстар негіздері топырағының деформациясын және жерасты суларының режимін стационарлық бақылау жүргізіледі.
31. Іргетастар негіздерінің топырағын зерттеу нәтижелері туралы техникалық есепте қосымша гидрогеологиялық жағдайлардың, топырақтың беріктік және деформациялық сипаттамаларының өзгерістерін қоса алғанда, ғимараттарды (құрылыстарды) салу және пайдалану кезеңіндегі геологиялық ортаның өзгерістері және олардың болжамға сәйкестігі туралы мәлімететр келтіріледі және бөлінген инженерлік-геологиялық элементтер топырақтарының нормативтік және есептік көрсеткіштері іргетастар астында және олардың әсер ету аймағынан тыс жерлерде жеке, сондай-ақ олардың өткен жылдардағы инженерлік-геологиялық іздестірулер материалдары бойынша осы ғимараттар мен құрылыстарды сағанға және пайдаланғанға дейінгі мәні келтіріледі.
32. Объектіні (кәсіпорындарды, ғимараттарды немесе құрылыстарды) кейіннен кәдеге жарату кезеңінде инженерлік-геологиялық іздестіру кезінде аумақтарды санациялау ( сауықтыру) және қалпына келтіру (топырақты, жерді қалпына келтіру) жөніндегі жобалық шешімдерді негіздеу үшін материалдар мен деректерді алу жүзеге асырылады.
33. Қаржыландыру көздеріне қарамастан жаңа ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексі 24-бабының 10) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес құрылыс алаңының инженерлік-геологиялық іздестірулерінің техникалық есебіне (қорытындысына) бағалау жүргізіледі.