"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 36-бабының 1-5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған көмірсутектерді барлау және өндіру мақсаттары үшін аумақтарды аз зерттелген аумақтарға жатқызу қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
Е. Нагаспаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект
және цифрлық даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі
| Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 14 сәуірдегі № 176 бұйрығымен бекітілген |
Көмірсутектерді барлау және өндіру мақсаттары үшін аумақтарды аз зерттелген аумақтарға жатқызу қағидасы
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы көмірсутектерді барлау және өндіру мақсаттары үшін аумақтарды аз зерттелген аумақтарға жатқызу қағидасы Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексінің 36-бабының 1-5-тармағына сәйкес әзірленді және көмірсутектерді барлау және өндіру мақсаттары үшін аумақтарды аз зерттелген аумақтарға жатқызу тәртібін айқындайды.
2 тарау. Көмірсутектерді барлау және өндіру мақсаттары үшін аумақтарды аз зерттелген аумақтарға жатқызу тәртібі
2. Аз зерттелген аумақтарды анықтау ресурстық және инфрақұрылымдық көрсеткіштерді және олардың құжаттамалық негіздеу рәсімін қамтитын басымдық тізбесі негізінде жүзеге асырылады:
1) Ресурстық көрсеткіштер - болжамды ресурстар, пайдалы қазбалардың анықталған көріністерінің болуы, геологиялық зертеулердің дәрежесі, аумағында барлау және (немесе) өндіру бойынша қолданыстағы келісімшарттардың болмауы.
2) Инфрақұрылымдық көрсеткіштер - көліктік қолжетімділік, энергетикалық инфрақұрылымның болуы, елді мекендерден қашықтығы.
3) Құжаттамалық негіздеме - геологиялық деректердің құжаттары, ғылыми зерттеулер, мұрағаттық материалдар.
3. Аумақты аз зерттелген аумаққа жатқызуды Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті (әрі қарай - Комитет) Қазақстан Республикасының Республикалық геологиялық қорында сақталатын геологиялық ақпаратты (геологиялық, геофизикалық және бұрғылау материалдарын) талдау негізінде жүзеге асырады.
4. Талдаулар 60 жұмыс күні ішінде:
1) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеулер нәтижелері;
2) жер қойнауын пайдаланушылардың жүргізген жұмыстарының материалдары;
3) Қазақстан Республикасының Республикалық және аумақтық геологиялық қорында сақтауда тұрған геологиялық, геофизикалық және бұрғылау материалдарының нәтижелері бойынша жүргізіледі.
Талдау бес жылда кемінде бір рет жүргізіледі.
5. Аумақтың зерттелу дәрежесін анықтау үшін критерийлер бойынша бағалау жүйесі қолданылады, олардың әрқайсысына аз зерттелу белгілері болған жағдайда 1 балл беріледі.
Бағалау критерийлері:
1) параметрлік, іздеу және барлау бұрғылауының төмен тығыздығы немесе олардың болмауы;
2) заманауи сейсмикалық барлау зерттеулердің (2D/3D) жоқтығын немесе бар деректердің сапасының төмен болуы, деректерді өңдеуге және тұжырымдауға қойылатын заманауи талаптарға сәйкес келмеуі;
3) кешенді тұжырымдамамен расталған, аумақтық геолого-геофизикалық деректермен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі;
4) өнеркәсіптік ағындармен расталмаған, көмірсутекті кен орындарының жоқтығы немесе жеке білінімдердің барлығы;
5) геологиялық құрылымның, стратиграфия, тектоникалық құрылымдардың және мұнайгаз кешендерінің жоғары деңгейдегі нақтылығының жоқтығы;
6) бұрғылау нәтижелерін растамай болжамды әдістермен жүзеге асырылған көмірсутекті ресурстарды бағалау.
6. Аумақ осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген, кемінде төрт өлшемшартқа сәйкес келген кезде аз зерттелген болып саналады.
7. Талдаулар нәтижесі бойынша Комитет аз зерттелген аумақтардың тізбесін:
1) аумақтың атауы, оның шекаралары және ауданын;
2) геологиялық зерттелу санатын;
3) аумақтың геологиялық-геофизикалық зерттелу сипаттамасын;
4) орындалған геологиялық-геофизикалық және бұрғылау жұмыстарының нәтижелерін;
5) мұнай-газдылық перспективаларын бағалауды;
6) мәтіндік және картографиялық материалдарын көрсете отырып қалыптастырады.
8. Зерттелмеген аумақтардың тізбесі Комитеттің құқықтық актісімен бекітіледі және оның ресми интернет-ресурсында, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспай орналастырылады.
9. Аз зерттелген аумақтарға жатқызылған аумақтар туралы мәліметтерді, Комитет аз зерттелген аумақтардың шегінде орналасқан жер қойнауы учаскелерінде, көмірсутектерді барлау және өндіру құқығын беруге ұсынылатын жер қойнауы учаскелерінің тізбелеріне енгізу үшін, көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға жіберуге тиіс.