"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 47-бабының 1-тармағына, "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабы 4-тармағының 2-бөлігіне және 34-бабының 8-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) басқару органы – мыналарда:
екінші деңгейдегі банкте;
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында;
сақтандыру брокерінде;
өз қызметін Қазақстан Республикасында тіркелген филиалы арқылы жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде;
өз қызметін Қазақстан Республикасында тіркелген филиалы арқылы жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында;
өз қызметін Қазақстан Республикасында тіркелген филиалы арқылы жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерінде тұрақты жұмыс істейтін акционерлік қоғамның директорлар кеңесі не өзге құзыреті ұқсас орган;
2) белгіленбеген сыйақы – қаржы ұйымының басшы қызметкеріне оның қызметінің нәтижелеріне байланысты, белгіленген сыйақыдан тыс төленетін (берілетін) өтемақы және (немесе) ынталандырушы сипатындағы ақшалай және (немесе) өзге де төлемдердің нысандары, оның ішінде қосымша ақылар, үстемеақылар, сыйақылар, бонустар, сондай-ақ қаржы ұйымының акциялары және (немесе) бағалы қағаздары түріндегі материалдық көтермелеулер;
3) белгіленген сыйақы – басшы қызметкердің біліктілігін, сондай-ақ ол атқаратын функциялардың күрделілігін, санын, сапасын және шарттарын ескере отырып айқындалатын, қаржы ұйымының басшы қызметкерінің өз міндеттерін орындағаны үшін белгіленген еңбекақы мөлшері (негізгі жалақы) және (немесе) негізгі сыйақы;
4) қаржы ұйымы – екінші деңгейдегі банк, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерінің филиалы;
5) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган.
2. Қаржы ұйымы еңбекақы төлеу, ақшалай сыйақыларды, сондай-ақ өзінің басшы қызметкерлерін материалдық көтермелеудің басқа да түрлерін есепке жазу жөніндегі ішкі саясатты (бұдан әрі – ішкі саясат) әзірлеуді, енгізуді жүзеге асырады және өзектендіруді қамтамасыз етеді.
Ішкі саясаттың ережелері банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының бас бухгалтерінің орынбасарына қатысты қолданылмайды.
3. Ішкі саясат:
1) қаржы ұйымының бизнес-жоспарына, мақсаттарына, стратегиясына, бағыттарына, қызмет ауқымына, қаржылық перспективаларына және корпоративтік басқару жүйесіне сәйкес келуге;
2) корпоративтік басқарудың тиімді жүйесін және қаржы ұйымының тәуекелдерді басқару жүйесін құруға жәрдемдесуге;
3) акционерлердің (қатысушылардың) мүдделеріне сәйкес келетін және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған қаржы ұйымының басшы қызметкерлері жұмысының тиімділік көрсеткіштеріне және қаржы ұйымының тиімді қызметіне негізделуге;
4) мыналарды:
ішкі саясаттың мақсаттары мен міндеттерін;
қаржы ұйымының басшы қызметкерлеріне сыйақыны есепке жазу қағидаттарын;
қаржы ұйымы басшы қызметкерлерінің белгіленген және белгіленбеген сыйақысының құрылымын (құрамын);
басшы қызметкерлерге сыйақы мөлшерін арттыру тәртібін;
басшы қызметкерлер жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін;
қаржы ұйымының лицензияланатын қызмет түрімен айналысатын құрылымдық бөлімшелердің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын басшы қызметкерлерге тәуекелдер деңгейі сақталған, қаржы ұйымы айқындаған мәндер шегінде капитал сақталған жағдайда стратегияға, бизнес-жоспарға және кірістер немесе айқындалған жұмыстарды орындау бөлігінде басқа да ішкі жоспарлы құжаттарға қол жеткізуіне қарай еңбекақы төлеу жүйесін;
белгіленбеген сыйақы төленбейтін шарттарды қамтуға;
5) басқару органының мүшелері болып табылатын барлық тәуелсіз директорлардың келісімі болған кезде басқару органы бекітуге (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сақтандыру брокерінің қызметіне қолданылмайды) тиіс.
4. Ішкі саясат мынадай міндетті талаптарды көздеуге тиіс:
1) қаржы ұйымының әрбір басшы қызметкеріне белгіленбеген сыйақының мынадай бөліктерінің біреуін:
белгіленбеген сыйақының 50 (елу) пайызын құрайтын белгіленбеген сыйақының бір бөлігін; немесе
белгіленбеген сыйақының жиынтығында қаржы жылы ішінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 7500 еселенген мөлшерінен асатын бөлігін төлеуді тоқтата тұру.
Белгіленбеген сыйақының тоқтатыла тұрған бөлігі тең үлестерге бөлінеді, олардың әрқайсысы белгіленбеген сыйақының тоқтатыла тұрған бөлігі сомасының үштен бірінен аспайды және кемінде үш жылды құрайтын кезең ішінде әрбір он екі ай өткен соң төленеді.
Белгіленбеген сыйақының тоқтатыла тұрған бөлігі қаржы ұйымының белгіленбеген сыйақының тоқтатыла тұрған кезекті бөлігін төлеудің алдындағы қаржы жылының нәтижелері бойынша зияны болған кезде қаржы ұйымының атқарушы органының басшысына, сондай-ақ лицензияланатын қызмет түрімен айналысатын құрылымдық бөлімшелердің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын басшы қызметкерлерге төленбейді.
Белгіленбеген сыйақының кезекті тоқтатыла тұрған бөлігін төлеу алдындағы қаржы жылының нәтижелері бойынша қаржы ұйымының зияны болған кезде, көрсетілген бөлікті басшы қызметкерлерге төлеу қаржы ұйымының қызметі шығынсыз болатын келесі жылға дейін тоқтатыла тұрады.
Белгіленбеген сыйақы бойынша төлемдерді қалпына келтіру қаржы ұйымында шығын болмаған кейінгі жылдары жүргізіледі.
Белгіленбеген сыйақының тоқтатыла тұрған бөлігін төлеуге қаржы ұйымы кепілдік бермейді және есепті кезең аяқталғанға дейін басшы қызметкердің еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған (өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған) жағдайда жүзеге асырылмайды.
2) басшы қызметкерге қаржы ұйымының акциялары түрінде белгіленбеген сыйақы төленген жағдайда қаржы ұйымының осы акцияларды кері сатып алу міндеттемесінсіз басшы қызметкердің қаржы ұйымының акцияларын кемінде 3 (үш) жыл иеленуі (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сақтандыру брокерінің қызметіне қолданылмайды).
5. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасы кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасы кейбір қаулыларының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулыларының жекелеген құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
6. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
8. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
| Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2026 жылғы 3 сәуірдегі № 43 Қаулыға қосымша |
Күші жойылды деп танылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасы кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасы кейбір қаулыларының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулыларының жекелеген құрылымдық элементтерінің тізбесі
1. "Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу, ақшалай сыйақылар, сондай-ақ материалдық көтермелеудің басқа да түрлерін есептеу жөніндегі ішкі саясатына қойылатын талаптарды белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 74 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7525 болып тіркелген);
2. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 202 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8686 болып тіркелген) бекітілген Зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 3-тармағы.
3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 127 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14277 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының сақтандыру қызметін реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 16-тармағы.
4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 195 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17551 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы нарығының мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 2-тармағы.
5. "Екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу, ақшалай сыйақылар, сондай-ақ материалдық көтермелеудің басқа да түрлерін есептеу жөніндегі ішкі саясатына қойылатын талаптарды және екінші деңгейдегі банктердің және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының барлық басшы қызметкерлеріне төленген кірістер туралы есептіліктің нысанын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 74 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 26 тамыздағы № 148 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19308 болып тіркелген);
6. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу, микроқаржылық қызмет және коллекторлық агенттіктер мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 наурыздағы № 28 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20265 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу, микроқаржылық қызмет және коллекторлық агенттіктер мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 3-тармағы.
7. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 17 ақпандағы № 34 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22239 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 3-тармағы.
