ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының ақпараттандыру объектісін пайдалана отырып, электрондық нысанда аукцион өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 шілдедегі № 269 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімнде № 21038 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
Осы бұйрықпен бекітілген Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының ақпараттандыру объектісін пайдалана отырып, электрондық нысанда аукцион өткізу қағидаларында:
1) тармақша жаңа редакцияда жазылсын:
"1) аз зерттелген аумақтар деп шегінде шектеулі өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізілмеген немесе жүргізіліп, олардың нәтижелері бойынша перспективалы шөгінді бассейндер анықталмаған аумақтар танылады;";
мынадай редакциядағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) аукцион залы – аукцион өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ақпараттандыру объектісінің бөлімі;";
11 және 12-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
"11. Аукцион өткізуге арналған өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде, ал аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өткізуге арналған өтініш құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Жеке немесе заңды тұлға үшін құзыретті органға аукцион өткізуге арналған өтінішті жібергеннен кейін, оны жібергеннің ақпараттандыру объектісінде құзыретті органның өтінішті қараудың ағымдағы мәртебесі көрсетіледі.
12. Аукцион өткізуге арналған өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган:
1) аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскелерін қоспағанда, Кодекстің 95-бабына сәйкес жылына 4 (төрт) реттен көп емес аукцион өткізу туралы хабарлама жариялайды;
2) егер мыналар:
өтініш бергенге дейін 3 (үш) жыл ішінде өтініш беруші аукцион өткізуге арналған басқа өтініш берсе, бірақ аукционға қатысушы ретінде тіркелмесе;
мәлімделген учаске Кодекстің 94-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес келмесе, аукцион өткізуге арналған өтінішті қараудан бас тартады.
3) егер өтініш берушіге осы тармақтың 2) тармақшасына сәйкес өтінішті қараудан бас тартылмаса, Кодекстің 94-бабы 2) тармақшасының бірінші бөлігінде белгіленген өтінішті қарау мерзімі өткен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде көмірсутектерді барлау және өндіру мақсаттары үшін аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі бойынша Кодекстің 95-бабына сәйкес аукцион өткізу туралы хабархатты жариялайды.
Аукцион өткізу туралы хабарлама жарияланған жағдайда Кодекстің 96-бабымен бекітілген талаптарға сәйкес аукционға қатысуға өтініш береді.";
17-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"17. Аукционға қатысуға арналған өтініш беру үшін берілетін мерзім аукционды өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап 2 (екі) айды құрайды. Аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі бойынша өтініштерді беру мерзімі хабархат жарияланған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні болып белгіленеді.";
29-тармақтың 8) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
"8) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер тұлғаның барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша ең төмен талаптарды орындау үшін жеткілікті қаржы қаражатының болуын растау үшін мынадай құжаттардың бірі ұсынылады:
барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті мөлшердегі осындай банк шотындағы ақша қалдығы туралы үзінді көшірмені қоса бере отырып, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер тұлғаның банк шотының бар-жоғы және нөмірі туралы екінші деңгейдегі банктің немесе жекелеген банктік операцияларды жүзеге асыратын ұйымның жазбаша растауы;
көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер тұлғаның ақша қарызы туралы немесе көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті қаржыландыруы туралы шарт. Бұл ретте мұндай шарттың міндетті талаптары мынадай болып табылады:
тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын алуға ниеті бар жер қойнауының нақты учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру түріндегі қарыздың нысаналы мақсаты;
қарыз мөлшері хабарламада көрсетілген барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті;
қарыз мерзімі Кодекстің 116-бабының 1-тармағында көрсетілген барлау кезеңінің мерзімінен кем емес.
Қарыз берушіде жеткілікті ақша сомасының болуын растау үшін ақша қарызы немесе көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті қаржыландыру туралы шартқа Кодекстің 93-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген құжаттар қосымша ұсынылады.
Егер бірнеше жер қойнауы учаскелері бойынша қарыз беруші ретінде сол бір тұлға әрекет етсе, мұндай тұлғаның ақшасының болуы жер қойнауының барлық учаскелері бойынша жұмыс көлемі мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды жиынтықта орындау үшін жеткілікті болуы тиіс.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер тұлғаның банк шотында барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша ең төмен талаптарды орындау үшін қажетті ақшасы жеткіліксіз болған жағдайда, Кодекстің 93-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген құжаттар қосымша ұсынылады.";
37-1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"37-1. Осы Қағидалардың 37-2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларымен көзделген жағдайларды қоспағанда, егер белгіленген мерзімде берілген өтінішті қарау нәтижелері бойынша оның Кодекстің 96-бабының талаптарына сәйкес келмейтіні анықталса, құзыретті орган бұл жөнінде өтініш берушіні анықталған сәйкессіздіктерді көрсете отырып, хабардар етеді.
Кодекстің 97-бабының 2-1-тармағына сәйкес өтініш беруші құзыретті органның хабарламасында көрсетілген анықталған сәйкессіздіктерді құзыретті орган хабарлама жіберген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жоюға құқылы.
Өтініш беруші анықталған сәйкессіздіктерді жойғаннан кейін құзыретті органға өтінішті қайта жібереді. Мұндай өтініш осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген сәйкессіздіктерді жою үшін белгіленген мерзім өткенге дейін, бірақ аукцион өткізілетін күнге дейін 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуге тиіс. Осы бөлікке сәйкес қайта берілген өтініш 5 (бес) жұмыс күні ішінде құзыретті органның қарауына жатады. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган осы Қағидалардың 37-2-тармағында көрсетілген негіз бойынша өтініш берушіні аукционға қатысуға жібереді не жіберуден бас тартады.
Аукционды өткізу туралы хабархатта көрсетілген аукционға қатысуға өтініштер беру мерзімінің аяқталуы, егер ол осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде берілсе, осы тармаққа сәйкес қайта өтініш беруден және оны қараудан бас тартуға негіз болып табылмайды.";
6) тармақша жаңа редакцияда жазылсын:
6) өтініш иесіне жер қойнауын пайдалану құқығын беру елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, оның ішінде келісімшарт шеңберінде құқықтар шоғырланған және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқықтары шоғырланған жағдайда, аукционға қатысуға жіберуден бас тартады;";
мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
"7) өтініш беруші Кодекстің 95-бабы 3-1-тармағының екінші бөлігінің талаптарына сәйкес келмесе, аукционға қатысуға жіберуден бас тартады.";
40-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"40. Кодекстің 97-бабы 3-тармағының 4), 6) 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша аукционға қатысуға рұқсат беруден бас тарту өтініш берушіні ағымдағы аукцион шеңберінде қайта өтініш беру құқығынан айырады.";
43-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"43. Цифрлық объектінің "Заңды тұлғалар", "Жеке тұлғалар", "Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры" ақпараттық жүйесімен, "Атқарушылық іс жүргізу органдарының цифрлық ақпараттық жүйесі" цифрлық жүйесімен, "Мемлекеттік бірыңғай басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі" цифрлық жүйесімен, "Орталықтандырылған біріздендірілген жеке шоттар" цифрлық жүйесімен және салық органдарының ақпараттық жүйелерімен ақпараттық өзара іс-қимылы болған кезде, аукционға қатысуға арналған өтініште қатысушы көрсететін деректер осындай ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы растауға жатады.";
47-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"47. Аукцион аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген күні өткізіледі.
Аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион осы Қағидалардың 36-тармағында көрсетілген аукционға қатысуға арналған өтініштерді қарау үшін берілген мерзім аяқталған күннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде өткізіледі.";
57 және 58-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
"57. Аукцион қорытындыларының тізілімі негізінде қол қою бонусының ең көп мөлшерін ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болып танылады.
Егер аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өткізуге бір ғана қатысушы жіберілген болса, онда қол қою бонусының бастапқы мөлшерін осындай тұлға төлеген жағдайда, мұндай қатысушы аукционның жеңімпазы деп танылады.
58. Әрбір объект бойынша аукцион қорытындылары аукцион өткізілетін күні аукционның нәтижелері автоматты түрде шығарылады. Хаттаманың электрондық көшірмесі ақпараттандыру объектісінде көрсетілген жеңімпаздың электрондық поштасына жіберіледі.";
60-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"60. Аукцион қорытындылары оны өткізген күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.";
67 және 68-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
"67. Аукцион Кодекстің 101 және 102-баптарында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен өткізілмеген немесе жарамсыз деп танылады.
Кодекстің 101-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі бойынша өткізілетін аукционға қолданылмайды.
68. Аукционды өтпеді деп тану туралы хабарландыру аукцион аяқталған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында орналастырылуға тиіс.";
75-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"75. Аукционды ұйымдастыру және өткізу барысында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен белгіленген тәртіппен шешіледі.".
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақтың қырық екінші және қырық үшінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі |
Е. Аккенженов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және цифрлық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
