"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 43-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Уран бойынша стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесін жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Агенттіктің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Агенттіктің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Агенттік Төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 26 ақпаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
|
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы |
А. Саткалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министірлігі
| Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы 2026 жылғы 19 наурыздағы № 39-н/қ бұйрығымен бекітілген |
Уран бойынша стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесін жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Уран бойынша стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 43-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және уран бойынша стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес қолданылады.
3. Уран бойынша стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) Кодекстің 43-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес уран кен орындары мен сирек кездесетін уранды кен орындары бар жер қойнауы учаскелері енгізіледі.
4. Тізбеде әрбір стратегиялық жер қойнауы учаскесі бойынша мынадай ақпарат көрсетіледі:
жер қойнауы учаскесінің атауы;
облысы;
жер қойнауы учаскесі орталығының географиялық координаттары.
Стратегиялық жер қойнауы учаскесі екі немесе одан да көп облыстың аумағында орналасқан жағдайда, пайдалы қазба кен орнының географиялық орталығы орналасқан облыс көрсетіледі.
2-тарау. Тізбені жүргізу тәртібі
5. Тізбені жүргізуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган ұсынатын жер қойнауының мемлекеттік қорының бірыңғай кадастрының мәліметтері негізінде уран өндіру бөлігіндегі жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыретті орган (бұдан әрі – құзыретті орган) жүзеге асырады.
6. Жер қойнауының мемлекеттік қорының бірыңғай кадастрының мәліметтеріне Тізбені өзектендіру қажеттілігіне әкеп соғатын өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осындай өзгеріс және (немесе) толықтыру енгізілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде құзыретті органға осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәліметтерді көрсете отырып, тиісті ақпаратты жолдайды.
7. Құзыретті орган жыл сайын 1 желтоқсаннан кешіктірмей, Кодекстің 72-бабының 6-тармағына сәйкес айқындалатын тәртіппен жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органнан Тізбенің өзектілігін тексеру үшін мәліметтерді сұратады.
8. Құзыретті орган осы Қағидалардың 6 және 7-тармақтарына сәйкес алынған ақпарат негізінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Тізбені өзектендіреді.
