"Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Тауар белгісін немесе тауар белгісі ретінде пайдаланылатын белгілемені Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі тауар белгісі ретінде тану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Әділет министрі |
Е. Сарсембаев |
| Қазақстан Республикасы Әділет министрі 2026 жылғы 28 қаңтардағы № 97 бұйрығымен бекітілген |
Тауар белгісін немесе тауар белгісі ретінде пайдаланылатын белгілемені Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі тауар белгісі ретінде тану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Тауар белгісін немесе тауар белгісі ретінде пайдаланылатын белгілемені Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі тауар белгісі ретінде тану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 3-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген немесе халықаралық шарттарға орай қорғалатын тауар белгісін немесе Қазақстан Республикасында құқықтық қорғауы жоқ, белсендi пайдалану нәтижесiнде Қазақстан Республикасында кеңiнен мәлім болған тауар белгісі ретінде пайдаланылатын белгілемені (бұдан әрі – белгілеме) Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі тауар белгісі ретінде тану рәсімінің тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:
1) бюллетень – тауар таңбалары мен тауар шығарылған жерлердің атауларын қорғау мәселелері жөніндегі ресми мерзімдік басылым;
2) жалпыға бiрдей белгiлi тауар белгісі – уәкілетті органның мүдделi тұлғалар дәлелдемелеріне негiзделген шешiмiмен жалпыға бірдей белгілі деп танылған, тауар белгісі ретiнде пайдаланылып жүрген белгiлеме немесе тауар белгісі;
3) өтініш беруші – уәкілетті органға тауар белгісін немесе белгілемені Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі тауар белгісі ретінде тану туралы өтініш берген жеке немесе заңды тұлға;
4) патенттік сенім білдірілген өкіл – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті орган және сараптама ұйымы алдында жеке және заңды тұлғалардың өкілдігін жүзеге асыру құқығы берілген Қазақстан Республикасының азаматы;
5) сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің "Ұлттық зияткерлік меншік институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;
6) тауар белгісін Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі деп тану жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – уәкілетті орган жанындағы тауар белгісін немесе белгілемені Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей білгілі тауар белгісі ретінде тану туралы өтініштерді қарау жөніндегі алқалы орган;
7) тауар белгісін Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі деп тану жөніндегі комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі – Комиссияның жұмыс органы) – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетінің Өнеркәсіптік меншік саласындағы дауларды сотқа дейін қарастыру басқармасы;
8) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі (бұдан әрі – Министрлік).
2-тарау. Тауар белгісін немесе белгілемені Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі тауар белгісі ретінде тану тәртібі
1-параграф. Өтініш беру
3. Тауар белгісін немесе белгілемені Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі тауар белгісі ретінде тану үшін өтініш беруші Комиссияның қарауына тауар белгісін немесе белгілемені Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі тауар белгісі ретінде тану туралы өтінішті уәкілетті органның кеңсесі арқылы қазақ немесе орыс тілінде қағаз немесе электрондық форматта жолдайды.
Өтініш бір тауар белгісіне немесе белгілемеге қатысты болады және келесіні қамтиды:
1) тұрғылықты жері немесе орналасқан жері көрсетіле отырып, өтініш беруші туралы мәліметтер;
2) жалпыға бірдей белгiлi тауар белгісі ретінде мәлімделген тауар белгісінің немесе белгілеменің бейнесі;
3) өтініш берушінің пікірі бойынша тауар белгісі немесе белгілеме жалпыға бірдей белгiлi болған күн;
4) өтініш берушінің пікірі бойынша тауар белгісі немесе белгілеме өздеріне қатысты жалпыға бірдей белгiлi болған тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің тізбесі.
Өтініш берілген тауар белгі немесе белгілеме бейнесінің сапасы оның эстетикалық және (немесе) эргономикалық ерекшеліктерін жоғалтпай пайдалануға мүмкіндік беретін түрде ұсынылады.
4. Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) тауар белгісінің немесе белгілеменің жалпыға бірдей белгiлi екенін растайтын құжаттар, оның ішінде:
пайдаланудың ауқымы мен ұзақтығын растайтын құжаттар (жеткізу, сатып алу-сату, дистрибуция шарттары, шот-фактуралар, жүкқұжаттар, сату есептері, мұрағаттық құжаттар, алғашқы қаптамалар, каталогтар және т.б.);
жарнамалық және маркетингтік материалдар (жарнамалық макеттер, бейнероликтер, баннерлер, сыртқы жарнама және т.б.), оның ішінде жарнамаға жұмсалған шығыстарды растайтындар (шарттар, шоттар, актілер), жарнамалық науқандар туралы деректер;
бұқаралық ақпарат құралдарындағы, оның ішінде интернет-көздеріндегі жарияланымдар мен ескертпелер;
зерттеу компанияларының талдау есептері;
өтініш берілген тауар белгісі немесе белгілеме бойынша тауарлар өндіру және өткізу немесе қызметтер көрсету көлемдері мен айналымы туралы деректерді растайтын қаржылық және бухгалтерлік құжаттар, оның ішінде өнімге қатысты айналымдар;
сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшаларына кіру статистикасы;
іздеу сұраулары туралы деректер (Google Trends, Яндекс Вордстат);
саладағы сыйлықтар мен марапаттар туралы, тауарлар немесе брендтердің танымал рейтингтеріне ену туралы мәліметтер;
көрмелерге, конкурстарға және басқа да іс-шараларға қатысу сертификаттары;
серіктестерден, контрагенттерден, сауда желілерінен хаттар мен растаулар;
маркетплейстердің тауар белгісі немесе белгілеме бойынша тауар немесе қызметтің сатылымы мен танымалдығы туралы деректері;
салалық мамандардың сараптамалық қорытындылары.
2) өтінішті өкіл берген жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен берілген сенімхаттың көшірмесі;
3) тауар белгісінің немесе белгілеменің танымалдығы туралы әлеуметтік және (немесе) маркетингтік зерттеудің (тұтынушылрға сауалнама) нәтижелері.
5. Өтінішке өтініш беретін тұлға қол қояды және қол қойылған күні көрсетіледі. Заңды тұлға атынан өтінішке лауазымын көрсете отырып ұйымның басшысы немесе уәкілетті тұлға қол қояды. Өтінішке мұндай тұлғаның лауазымы мен өкілеттіктерін растайтын құжаттардың көшірмелері де қоса беріледі.
Өтініш сенімхат бойынша өкіл арқылы берілсе өтінішке сенімхат бойынша өкіл қол қояды.
6. Тауар белгісін немесе белгілемені жалпыға бірдей белгілі деп іс жүзінде тану мәліметтер маркетингтік және социологиялық зерттеулер жүргізу кәсіби тәжірибесі, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес әдістемесі бар, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын мамандандырылған тәуелсіз ұйым өткізетін тұтынушыларға сауалнама нәтижелерімен есеп түрінде расталады.
Сауалнама республикалық маңызы бар қаланы, астананы және кемінде бес облыстық маңызы бар қаланы қамтиды. Бір елді мекендегі респонденттердің жалпы саны кемінде екі жүз адамды құрады.
7. Өтініш беруші өтініш материалдарына оны қарау аяқталғанға дейін кез келген кезеңде түзетулер, толықтырулар мен нақтылаулар енгізеді.
2-параграф. Өтінішті тіркеу және қабылдау
8. Келіп түскен өтініш уәкілетті органның кеңсесінде тіркеліп, оған кіріс нөмірі беріледі, содан кейін белгіленген тәртіппен Комиссия төрағасы – Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне, Комиссия төрағасының орынбасары – Министрліктің Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасына, Комиссияның жұмыс органы басшысына және Комиссияның жұмыс органының жауапты орындаушысына (бұдан әрі – Комиссия хатшысы) қарауға жіберіледі.
Тауар белгісін немесе белгілемені Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі тауар белгісі ретінде тану туралы өтініш келіп түскен күннен бастап Комиссия хатшысы бес жұмыс күні ішінде өтініштің және оған қоса берілетін құжаттардың Қағидалардың 3, 4-тармақтарында көрсетілген мазмұны мен тізбесі бойынша талаптарына сәйкестігін тексереді.
9. Егер:
1) өтініш және қоса берілетін құжаттар Қағидалардың 3, 4-тармақтарында көрсетілген мазмұны мен тізбесі бойынша талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке қол қойылмаса не оған қол қоюға өкілеттігі жоқ тұлға қол қойса;
3) өтініш Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген немесе халықаралық шарттарға орай қорғалатын, басқа жеке немесе заңды тұлғаның атына рәсімделген тауар белгісіне қатысты болса, өтінішті қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда Комиссия хатшысы өтінішті қарауға қабылдаудан бас тарту туралы өтініш берушіге хабарлама жібереді.
Өтінішті қарауға қабылдаудан бас тарту оған болған себептердің жойылғаннан кейін өтінішті қайта беруге кедергі болып табылмайды.
10. Қағидалардың 3, 4-тармақтарында көрсетілген құжаттарды тексерудің нәтижесі оң болған жағдайда, Комиссия хатшысы өтінішті және қоса берілген құжаттарды сараптама ұйымына жолдайды.
Сараптама ұйымы келіп түскен өтініш туралы мәліметтерді бюллетеньде жариялайды.
Бюллетеньде мәліметтер жарияланғаннан кейін, Комиссия хатшысы үш жұмыс күн ішінде өтініш берушіге бюллетеньдің атауы, нөмірі және жарияланған күні көрсетілген жариялану туралы хабарламаны жолдайды.
11. Өтініш беруші немесе оның өкілі қарау барысының кез келген сатысында берілген өтінішті қайтарып алу туралы өтінішхат бере алады. Өтінішті қараусыз қалдыру туралы шешім Комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді.
3-параграф. Өтінішті қарау мерзімдері
12. Бюллетеньде жарияланған күннен бастап үш ай өткен соң Комиссия екі ай ішінде өтінішті және оған қоса берілетін материалдарды қарауды жүргізеді.
13. Уәкілетті органға үш ай ішінде өтініш берушінің тауар белгісін немесе белгілемені жалпыға бірдей белгілі деп тану туралы өтінішіне қарсы мүдделі тұлғалардың, оның ішінде өтініш берушінің тауар белгісімен немесе белгілемесімен бірдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас, бiртектес тауарларға және (немесе) көрсетілетін қызметтерге қатысты қорғалатын немесе мәлімделген, өтініш беруші өзiнiң тауар белгісін немесе белгілемесін жалпыға бірдей белгiлi деп тануға өтiнiшхат берген күннен неғұрлым ертерек басымдығы бар тауар белгілерінің иелері тарапынан қарсылық түскен жағдайда Комиссия хатшысы қарсылықтың түскен күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде мұндай қарсылықтың түскені туралы өтініш берушіге хабарлама жолдайды.
Өтініш беруші қарсылыққа жауапты уәкілетті органның кеңсесі арқылы оны алған күннен бастап бір ай ішінде жолдайды.
14. Өтінішті қарау мерзімі өтініш берушінің жазбаша өтініші бойынша, оның ішінде мүдделі тұлғаның қарсылығына пікір келтіруге қосымша уақыт қажет болған жағдайда, сондай-ақ тауар белгісі немесе белгілемені жалпыға бірдей танылғанын растайтын қосымша мәліметтерді ұсыну қажет болғанда екі айға дейін ұзартылуы мүмкін.
4-параграф. Өтінішті Комиссия отырысында қарау
15. Өтінішті қарауға өтініш беруші немесе оның өкілі (өкілдері) қатысады. Өкілдің (өкілдердің) өкілеттіктері сенімхатпен расталады.
16. Өтініш берушіге немесе оның өкіліне (өкілдеріне) Комиссия отырысының күні мен уақыты туралы отырыс күніне дейін бес жұмыс күні бұрын хабарлама жолданады.
17. Отырыс өтініш берілген тілде бетпе-бет және (немесе) қашықтық форматта өткізіледі.
18. Комиссия отырысы оның мүшелерінің кемінде 2/3 қатысқан жағдайда заңды деп есептеледі.
19. Комиссия тауар белгінің немесе белгілеменің жалпыға бірдей танылғанын растайтын қосымша мәліметтерді ұсынуға қосымша уақыт қажеттігі туралы өтініш берушінің өтінішхаты болған жағдайда отырыс күнін ауыстырады.
20. Өтінішті қарау отырыста төрағалық етуші тұлғанының – Комиссия төрағасының немесе онын орынбасарының сөз сөйлеуінен басталады.
Одан әрі қарау мынадай кезекпен жүргізіледі:
1) өтінішті қарау туралы Комиссия хатшысының сөз сөйлеуі;
2) өтініш берушінің және (немесе) оның өкілінің (өкілдерінің) сөз сөйлеуі;
3) Комиссия мүшелерінің сұрақтары және өтініш берушінің және (немесе) оның өкілінің (өкілдерінің) жауаптары.
21. Комиссия отырысында хатшымен хаттама жүргізіледі, онда отырыстың күні мен уақыты, өтініш келіп түскен жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы, өтініштің қысқаша мазмұны, өтінішті қарау нәтижелері көрсетіледі.
5-параграф. Өтінішті қараудың нәтижелері бойынша Комиссия қабылдайтын шешімдер
22. Өтiнiшті қарау нәтижелерi бойынша Комиссия тауар белгіні немесе белгілемені Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгiлi тауар белгісі деп тану не мұндай танудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды, ол мұндай шешiм қабылданған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде өтініш берушіге жолданады.
23. Комиссияның барлық мүшелері өтінішті қараған кезде тең құқықтарды пайдаланады. Комиссия шешімі отырысқа қатысып отырған оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Қабылданған шешімнің қарар бөлігін төрағалық етуші өтінішті қарауға қатысушы тұлғаларға жария етеді.
24. Қабылданған шешім өтінішті қарауға қатысқан адамдарға ол шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жіберіледі. Комиссияның шешімі берілген өтініштің тілінде жазбаша нысанда баяндалады және кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.
Шешімге Комиссияның барлық мүшелері және хатшысы қол қояды.
25. Егер өтініш берушi ұсынған нақты мәлiметтер тауар белгісінің немесе белгілеменің жалпыға бірдей белгiлi болуы өтініште көрсетiлгеннен өзге күн екенін растаса, тауар белгісі немесе белгілеме нақты күннен бастап жалпыға бірдей белгілі деп танылады.
26. Егер:
1) жалпыға бірдей белгiлi деп тану үшiн мәліметтердің жеткiлiксiз екені;
2) өтiнiш берушiнiң тауар белгісімен немесе белгілемесімен бiрдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас, қорғалатын немесе бiртектес тауарларға және (немесе) көрсетілетін қызметтерге қатысты өзге тұлғаның атына мәлімделген, өтініш беруші өзiнiң тауар белгісін немесе белгілемесін жалпыға бірдей белгiлi деп тануға өтiнiшхат берген күннен неғұрлым ертерек басымдығы бар тауар белгісінің бар екенi анықталса;
3) Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі тауар белгісі ретінде мәлімделген тауар белгісі немесе белгілеме, оның ішінде Заңның 6-бабында белгіленген негіздер бойынша, ажыратылатын реңкiсіне ие болмаса, тауар белгіні немесе белгілемені жалпыға бірдей белгiлi деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
27. Комиссия шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.