Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2026 жылғы 26 қаңтардағы № 76 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 27 қаңтарда № 37892 болып тіркелді

      "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-2-бабының 2-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
Е. Сарсембаев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2026 жылғы 26 қаңтардағы
№ 76 Бұйрыққа қосымша

Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптар

      1. Осы біліктілік талаптары "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 43-бабының 3-тармағында көзделген ұжымдық басқару салаларында қызметті жүзеге асыруға аккредиттеу туралы куәлік алуға үміткер құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарына қойылатын талаптарды белгілеу мақсатында әзірленді.

      Аккредиттеуге үміткер құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымы Заңның 43-бабының 3-тармағында көзделген салалардың әрқайсысы бойынша жеке өтініш береді.

      2. Аккредиттеуге үміткер құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымына мынадай талаптар қойылады:

      1) құқықтарды ұжымдық басқару саласында оған сәйкес мүліктік құқықтарды берген құқықтарды ұжымдық негізде басқару ұйымдарының кемінде 500 мүшесінің болуы;

      2) заңды тұлға ретінде тіркелген кезден бастап мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару саласында қызметін кемінде бес жыл жүзеге асыруы;

      3) ұжымдық басқару саласында жиналған сыйақыны бөлу және төлеу бойынша кемінде жиырма рет расталған жұмыс тәжірибесінің болуы;

      4) ұйымның қызметі туралы авторлардан, пайдаланушылардан, сондай-ақ басқа мемлекеттерде немесе халықаралық конфедерацияларда ұқсас мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардан алынған оң пікірлердің болуы;

      5) тиісті ұжымдық басқару саласы бойынша құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын өзге мемлекеттердің ұқсас ұйымдарымен кемінде бес қолданыстағы мүдделерді өзара білдіру туралы шарттардың болуы;

      6) шетелдік мемлекеттердің мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарына соңғы бес жылда қолданыстағы мүдделерді өзара білдіру туралы шарттардың негізінде сыйақының тиісті сомаларын аударылғанын растайтын құжаттардың болуы;

      7) ұйымның Заңының 46 және 47-баптарында көзделген міндеттерді тиісті түрде орындауы;

      8) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіргені, сондай-ақ заңды қаулыларын, нұсқамаларды және өзге де талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілерінің болмауы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады