Атбасар ауданының ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебiнен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету қағидаларын және мөлшерін бекіту туралы

Жаңа

Ақмола облысы Атбасар аудандық мәслихатының 2025 жылғы 25 қарашадағы № 8С 33/3 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 27 қарашада № 37485 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабына, "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 18-бабының 5-тармағына сәйкес, Атбасар аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Атбасар ауданының ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебiнен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету қағидалары және мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Атбасар аудандық мәслихатының төрағасы Н.Рахимов

 
  2025 жылғы 25 қарашадағы
№ 8С 33/3
Атбасар аудандық
мәслихатының шешіміне
қосымша

Атбасар ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау Қағидасы және мөлшері

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида Қазақстан Республикасының "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңының 18-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және Атбасар ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына (бұдан әрі-мамандар) бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындайды.

      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдағы шот- банктік шот шарты негізінде банк немесе банктік операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ашатын банктік шот;

      2) коммуналдық көрсетілетін қызметтер – тұтынушыға ұысынылатын, қауіпсіз және жайлы тұру (болу) жағдайларын қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтауды, су бұруды, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқыс әкетуді, лифтілерге қызмет көрсетуді қамтитын қызметтер.

      3. Әлеуметтік қолдауды тағайындауды уәкілетті орган – "Атбасар ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - ММ) жүзеге асырады.

2 тарау. Мамандарға бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері

      4. Коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшылары бекіткен жиынтық тізімдер негізінде мамандардан өтініштер талап етілмей, мемлекеттік ұйымдардың мамандарына бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі (бұдан әрі - тізім), екінші деңгейдегі банктер, қаржы нарығын және қаржы операцияларын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері арқылы мамандардың ағымдағы шоттарына аудару арқылы ақшалай нысанда көрсетіледі.

      5. Мамандарға әлеуметтік қолдау күнтізбелік жылда бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған шығыстарды қаржыландыру Атбасар ауданының бюджетінде ағымдағы қаржы жылына көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      7. Коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдау мерзімі тізім түскен күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      8. ММ қызметкері мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының тізімдерін 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қарайды;

      9. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73 және 74-баптарына сәйкес мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшылары ұсынған тізімдер сәйкес келмеген жағдайда, ММ алдын ала шешім туралы, әлеуметтік қолдау көрсетуден бас тарту туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізудің уақыты мен орны (тәсілі) туралы мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын хабардар етеді.

      Тізімдерді қарау нәтижелері бойынша ескертулер болмаған кезде ММ оң шешім қабылдайды және коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау мамандардың ағымдағы шоттарына төлем төлеуді көрсетеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады