"Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 30 мамырдағы № 410 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 245 бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 553 және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 598 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 31 желтоқсанда № 37778 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. "Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 30 мамырдағы № 410 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 245 бірлескен бұйрығына, (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17065 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру Қағидалары бекітілсін.";

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген өткен жылы жер қойнауын пайдаланушының өндіруге жұмсаған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бірлескен бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі __________С. Нурбек
      Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрі __________Е. Нагаспаев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау және
реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2025 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 598 мен
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және
құрылыс министрінің
2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 553
бұйрығына қосымша

Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру Қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 212-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесі – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыру барысында тиісті ғылыми әдістермен және құралдармен алынған және кез келген ақпарат жеткізгіште тіркеліп-белгіленген жаңа білім немесе шешімдер, сондай-ақ өндіріске ендірілген ғылыми әзірлемелер мен технологиялар, жаңа бұйымдардың, материалдар мен заттардың модельдері, макеттері, үлгілері;

      2) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;

      3) ғылыми-зерттеу жұмысы – қолда бар білімді кеңейту және жаңа білім алу, ғылыми гипотезаларды тексеру, табиғат пен қоғамның даму заңдылықтарын анықтау, жобаларды ғылыми жалпылау, ғылыми негіздеу мақсатында ғылыми ізденіспен, зерттеулер, эксперименттер жүргізумен байланысты жұмыс;

      4) ғылыми қызмет – зерттелетін объектілерге, құбылыстарға (процестерге) тән қасиеттерді, ерекшеліктер мен заңдылықтарды анықтау және алған білімдерін практикада пайдалану мақсатында қоршаған шындықты зерделеуге бағытталған қызмет;

      5) ғылыми-техникалық қызмет – технологиялық, конструкторлық, экономикалық, әлеуметтік-саяси және өзге де міндеттерді шешу үшін ғылым, техника және өндіріс салаларында жаңа білім алуға және оны қолдануға, нәтижелерді коммерцияландыруды және осы зерттеулерді жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттама әзірлеуді қоса алғанда, ғылымның, технология мен өндірістің біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет;

      6) ғылым саласындағы уәкілетті орган – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында салааралық үйлестіруді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      7) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар – өнімді жасау немесе жаңғырту, тәжірибелік үлгілерге конструкторлық және технологиялық құжаттаманы әзірлеу, тәжірибелік үлгілер мен пайдалы модельдерді дайындау және сынау кезінде орындалатын жұмыстар кешені.

      Осы Қағидаларда қолданылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының ғылым саласындағы заңнамасында пайдаланылатын ұғымдарға сәйкес келеді.

      3. Жер қойнауын пайдаланушы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жыл сайынғы аударымдарды екінші жылдан бастап өндірудің бүкіл кезеңі ішінде жер қойнауын пайдаланушы өткен жылы қатты пайдалы қазбаларды өндіруге жұмсаған бір пайыз мөлшерінде және (немесе) өндірудің бір пайызы мөлшерінде жүзеге асырады.

      4. Егер өндіруге арналған шығындардан жер қойнауын пайдаланушының жылдық жиынтық табысынан жүргізілген аударымдардың сомасы бір пайыздан асқан жағдайда, оның бір бөлігі келесі жылы көрсетілген аударымдарды жүзеге асыру жөніндегі жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерін орындау есебіне есептеледі.

      5. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді есептеу мақсатында алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушы өндіруге жұмсаған шығындарды айқындау жер қойнауын пайдаланушылар Кодекстің 215-бабына және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 24 мамырдағы № 374 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17063 болып тіркелген) бекітілген Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды барлау және өндіру, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде есептерді ұсыну қағидаларына сәйкес пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ол бекітетін тәртіппен ұсынатын пайдалы қатты қазбалар саласындағы жер қойнауын пайдаланушы үшін лицензиялық талаптардың орындалуы туралы есептің деректері негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қатты қазбалар өндіру кезеңінде ғылыми зерттеуді қаржыландыру тәртібі

      6. Өткен жылы жер қойнауын пайдаланушының өндіруге жұмсаған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға ақшалай қаражатты аудару есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей республикалық бюджетке жер қойнауын пайдаланушының өткен жылы қатты пайдалы қазбаларды өндіруге жұмсаған шығындарының 1% мөлшерінде жүзеге асырылады.

      7. Осы Қағиданың мақсаттары үшін Кодекстің 212-бабы 1-тармағының 2)-тармақшасында көзделген ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындау деп жер қойнауын пайдаланушының Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес республикалық бюджетке іс жүзінде жүзеге асырған ақшалай аударымдары танылады.

      8. Тау-кен жұмыстарының жоспарын, жою жоспарын әзірлеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жобалау құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар әзірлеу – Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында және "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға көзделген міндеттемелер шеңберінде ғылыми зерттеулерге жатпайды.

      9. Жер қойнауын пайдаланушылардың осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелердің орындалғанын растайтын құжат "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 59) тармақшасына сәйкес төлем тапсырмасы болып табылады.

      10. "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес құрылатын уәкілетті органның Ғылыми-техникалық кеңесі (бұдан әрі – ҒТК) бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың басым және мамандандырылған бағыттарының тізбесін қалыптастырады, сондай-ақ бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ғылыми-техникалық тапсырмалардың жобаларын қарайды және келіседі.

      11. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген Ғылыми-техникалық тапсырмаларды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 6 қарашадағы № 563 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33613 болып тіркелген) Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық қаржыландыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларының 45-тармағына сәйкес ғылым саласындағы уәкілетті органға жібереді (бұдан әрі – Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидалары).

      12. Жер қойнауын пайдаланушы тиісті көрсетілетін қызметтерді жыл сайын 25 (жиырма бесінші) қазаннан кешіктірмей осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша келесі есепті кезеңге қаржыландыруға жоспарланған ғылыми зерттеулер бағдарламасын ҒТК-ға келісуге жібереді.

      ҒТК ғылыми зерттеулер бағдарламасын осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес ҒТК әзірлеген ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған басым салалық бағыттар тізбесіне сәйкес келуі тұрғысынан қарайды.

      13. ҒТҚ жер қойнауын пайдаланушыдан ғылыми зерттеулер бағдарламасын алған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде келмейтін қаржыландыруға жоспарланған ғылыми зерттеулер бағдарламасын келіседі не пысықтауға жібереді. Ғылыми зерттеулер бағдарламасын пысықтауға жіберген кезде ҒТҚ ұсынымдар бар ҒТҚ отырысын өткізу хаттамасын қоса береді.

      14. Жер қойнауын пайдаланушы ҒТК ұсынымдарын алған сәттен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ҒТК өткізген отырыстың хаттамасына қоса берілген ұсынымдарға сәйкес ғылыми зерттеулер бағдарламасын пысықтайды.

      ҒТК ұсынымдарымен келіспеген кезде жер қойнауын пайдаланушы ғылыми зерттеулер бағдарламасына ұсынымдарды қабылдамау туралы дәлелді негіздемені қоса береді.

      15. Жер қойнауын пайдаланушылардан түскен ақшалай қаражат Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидаларының 4-тарауында көзделген тәртіппен уәкілетті органның ҒТК келіскен ғылыми-техникалық тапсырмалар шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін қаржыландыруға пайдалануға жатады.

  Жер қойнауын
пайдаланушының алдыңғы
жылы өндіруге арналған
шығыстарының бір пайызы
мөлшерінде ғылыми-зерттеу,
ғылыми- техникалық және
(немесе) тәжірибелік-
конструкторлық жұмыстарды
қаржыландыру қағидаларына
қосымша

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысан интернет – ресурста орналастырылған: www.gov.kz/memleket/entities/mps

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысан интернет – ресурста орналастырылған: Жер қойнауын пайдаланушының ғылыми зерттеулерінің _____жылға арналған бағдарламасы

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанның индексі (нысан атауының қысқаша әріптік-цифрлық көрінісі): 1- ҒЗТКЖ-ПҚП

      Кезеңділік: жыл сайын

      Есепті кезең: 20 ______ жыл бойынша

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанды ұсынатын адамдар тобы: пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанды ұсыну мерзімі: 25 (жиырма бесінші) қазаннан кешіктірмей

р/с №

Ғылыми зерттеудің атауы

Орындау мерзімдері

Мақсаты

Аннотация

Өзектілігі

Күтілетін нәтижелер

Болжалды құны (теңге) және іске асыру жоспары

1

2

3

4

5

6

7

8









      ЖСН/БСН

     


      (деректерді жеке адамдар ұсынған жағдайда, сондай-ақ агрегатталған түрде толтырылмайды)

      Жинау әдісі: электронды түрде

      Атауы ____________________________________________________________

      Мекенжайы________________________________________________________

      Телефоны __________________________________________________________

      Электрондық пошта мекенжайы

      Орындаушы ____________________________________ __________________

      тегі, аты және әкесінің аты (бар болса)             қолы,             телефоны

      Басшы немесе оның міндеттерін атқаратын тұлға

      _________________________________________________ _______________

            тегі, аты және әкесінің аты (бар болса)                   қолы

      "Жер қойнауын пайдаланушының ғылыми зерттеулерінің _____жылға арналған бағдарламасы" толтыру бойынша түсініктеме (нысанның индексі: 1-ҒЗТКЖ-ПҚП және кезеңділігі: жыл сайын)

      1. 1-бағанда жұмыстың реттік нөмірі көрсетіледі;

      2. 2-бағанда ғылыми зерттеу жобасының атауы, ғылыми зерттеу жобасының қысқаша мәні көрсетіледі;

      3. 3-бағанда ғылыми зерттеу жобасының басталған күні – аяқталған күні көрсетіледі;

      4. 4-бағанда ғылыми зерттеу жобасының мақсаты көрсетіледі. Бағдарламаның тақырыбына сәйкес қол жеткізуге болатын және жобаны іске асыру нәтижесінде күтілетін шешімнің сипатын көрсететін қысқаша және нақты баяндалады;

      5. 5-бағанда ғылыми зерттеу жобасының жалпы пайымы, орта мерзімді және ұзақ мерзімді нәтижелері көрсетіледі. Аннотация мына сұрақтарға жауап береді: сіз қандай мәселелерді шешесіз, ұсынылған шешімнің жаңалығы қандай, алынған нәтижелер кімге пайдалы болады;

      6. 6-бағанда ғылыми зерттеу жобасының өзектілігі, ғылыми зерттеу жобасының кемшіліктері/артықшылықтары, ғылыми зерттеу жобасы шешуге бағытталған қазіргі проблема көрсетіледі.

      7. 7-бағанда ғылыми зерттеу жобасын іске асырудың негізгі тікелей (қандай жұмыстар жүргізіледі) және жанама (ғылыми зерттеу жобасын іске асыру неге алып келеді) нәтижелері көрсетіледі. Әсерді өлшеу үшін қандай көрсеткіштер пайдаланылады, қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді келешекте осы ғылыми зерттеу жобасының (тікелей немесе жанама) әсер ету ауқымы қандай, ғылыми зерттеу жобасын іске асыру неге әкеледі.

      8. 8-бағанда әрбір іс-шараның болжалды құны, сондай-ақ ұсынылатын қаржыландыру жоспары көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады