"Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 23 ақпандағы № 62 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2025 жылғы 18 қарашадағы № 313 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 20 қарашада № 37451 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 23 ақпандағы № 62 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31996 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың үлгілік қағидаларында:

      39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "39. Ағаштарды кесуді рұқсат беру рәсімдеріне сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша осы жер учаскесіне қызмет көрсететін ұйымдар жүргізеді.";

      58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "58. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы № 1034 қаулысымен бекітілген Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiне енгізілген жасыл екпелер заңсыз жойылған (кесілген) не олардың құрып кетуіне алып келген бүлінген жағдайда – бір жүз еселенген мөлшерде жүзеге асырылады.";

      59-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "59. Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесіне келтірілген залалдың мөлшерін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 23 ақпандағы № 61 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерлерін есептеуге арналған базалық ставкаларға (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31997 болып тіркелген) сәйкес уәкілетті орган ведомствосының тиісті аумақтық бөлімшелері есептейді.".

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Экология және табиғи ресурстар министрі
Е. Нысанбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
неркәсіп және құрылыс
министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады