"Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияның нысанын және оны жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 13 қыркүйектегі № 927 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 24 қазандағы № 624 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 24 қазанда № 37228 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияның нысанын және оны жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 13 қыркүйектегі № 927 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24367 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны (270.00-нысан) жасау қағидаларында:

      2 және 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Декларация жыл сайын, Салық кодексінің 633-бабына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындаған жылдан кейінгі келесі жылдан бастап, есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ұсынылады.

      Декларацияны Қазақстан Республикасының азаматтары, резидент-жеке тұлғалар есепті салықтық кезең ішінде мынадай шарттардың біріне сәйкес келген кезде:

      1) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар;

      2) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес инвестициялық портфельді басқаратын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушылары, сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары;

      3) коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларын (қатысушыларын) қоспағанда, жарғылық капиталындағы үлестің (акционерлік қоғам акцияларының) 10 пайыздан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары;

      4) жеке практикамен айналысатын адамдар;

      5) кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістерді қоспағанда, есепті салықтық кезеңде жеке тұлғаның дербес салық салуына жататын кірісті алған жеке тұлғалар;

      6) есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан шетелдік банктердің банк шоттарында жиынтығында айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) 1 000 еселенген мөлшерінен асатын сомада ақшасы бар адамдар;

      7) есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлкі бар адамдар;

      8) есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша меншігінде цифрлық активтері бар адамдар;

      9) Қазақстан Республикасында және (немесе) оның шегінен тыс жерлерде есепті салықтық кезең ішінде құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына қолданыста болатын АЕК-тің 20 000 еселенген мөлшерінен асатын мүлікті:

      мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлікті;

      мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді;

      заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін;

      бағалы қағаздарды;

      туынды қаржы құралдарын (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу жолымен жүргізілетін туынды қаржы құралдарын қоспағанда);

      тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін;

      инвестициялық алтынды сатып алған адамдар;

      10) салық агентіне өзге шегерімдердің алдын ала сомасы түрінде салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініш ұсынған адамдар ұсынады.

      Осы тармақтың екінші бөлігінің 6), 7) және 8) тармақшаларының ережелері ағымдағы есепті кезеңде бір мезгілде осы Кодекстің 630-бабына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндет туындаған адамдарға қолданылмайды.

      Бейрезиденттер болып табылатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар мынадай шарттардың бірі болған:

      1) есепті салықтық кезеңде Қазақстан Республикасындағы көздерден жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерді алған кезде;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру міндеті жүктелген адамдар болып табылса, кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырады.

      3. Декларация:

      1) дара кәсіпкердің кәсіпкерлік қызметтен түсетін, декларациялауға жататын кірістерін қоспағанда, жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістер;

      2) салықтық шегерімдер;

      3) мүлікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде алу және (немесе) иеліктен шығару, оның ішінде өтеусіз негізде алу және (немесе) иеліктен шығару;

      4) жеке табыс салығы (бұдан әрі – ЖТС) бойынша, оның ішінде осы Кодекстің 351-бабында айқындалған салықтық шегерім қолданылған жағдайда, Қазақстан Республикасында тұрғын үй сатып алуға алған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жеке тұлғаның шығыстары туралы мәліметтерді банк мекемелерінің беруіне жеке тұлғаның келісімін көрсете отырып, асып кету сомасын есепке жатқызу және қайтару жөніндегі талап (бұдан әрі – ЖТС бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу және қайтару жөніндегі талап).

      ЖТС бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу және қайтару жөніндегі талап 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап толтырылады.

      5) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттарда жиынтығында республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына қолданыста болатын АЕК-тің 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомадағы ақша;

      6) есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша жеке тұлғаның меншік құқығындағы қолда бар мүлік:

      шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге тіркеуге (есепке алуға) жататын не ол бойынша құқықтар және (немесе) мәмілелер мемлекеттік немесе өзге тіркеуге (есепке алуға) жататын мүлік;

      эмитенттері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тіркелген бағалы қағаздар, цифрлық активтер;

      инвестициялық алтын;

      Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;

      7) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде осы Кодекстің 634-бабының 6-тармағында көрсетілген, басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешегі) және (немесе) жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі (кредиторлық берешегі) туралы ақпаратты жеке тұлғалардың көрсетуіне арналған.";

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Егер Декларацияда 8E жолы белгіленсе "Мүлікті сатып алу (алу) және (немесе) иеліктен шығару туралы және мүлік сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтер" 5-қосымшаны осы Қағидалардың 2-тармағының 1), 2), 3) және 9) тармақшаларында көзделген адамдар толтырады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланған кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады