"Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін өзге де қызмет түрлері бойынша инвестордың қарсы міндеттемелерін белгілеу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2025 жылғы 15 қазандағы № 107 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 16 қазанда № 37147 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 281-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін өзге де қызмет түрлері бойынша инвестордың қарсы міндеттемелерін белгілеу қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы
А. Амрин

  Қазақстан Республикасы Ұлттық
экономика министрінің міндетін
атқарушы
2025 жылғы 15 қазандағы № 107
Бұйрығымен бекітілген

"Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін өзге де қызмет түрлері бойынша инвестордың қарсы міндеттемелерін белгілеу қағидалары мен мерзімдері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін өзге де қызмет түрлері бойынша инвестордың қарсы міндеттемелерін белгілеу қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 281-бабының 3-тармағына сәйкес әзерленді және "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін өзге де қызмет түрлері бойынша қарсы міндеттемелерді белгілеу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) инвестордың қарсы міндеттемелері – "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыратын инвестордың мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде қабылдайтын міндеттемелері;

      2) өзге де қызмет түрлері – "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін қызмет түрлері;

      3) өзге де қызмет түрлері бойынша инвестор – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, инвестициялық жобаны іске асыратын, өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) уәкілетті орган – тиісті аяда және/немесе салада басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган.

2-тарау. "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін өзге де қызмет түрлері бойынша инвестордың қарсы міндеттемелерін белгілеу тәртібі мен мерзімдері

      3. Өзге де қызмет түрлері бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде тараптар арасында мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бойынша мемлекеттің, ал қарсы міндеттемелерді орындау бойынша инвестордың міндеттемелері көзделеді.

      4. Инвестордың қарсы міндеттемелері инвестициялық жобада көзделген өзге де қызмет түрлері бойынша белгіленеді:

      1) ауыл, орман және балық шаруашылығы;

      2) құрылыс;

      3) көтерме және бөлшек сауда;

      4) автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу;

      5) көлік және қоймалау;

      6) тұру және тамақтану бойынша қызметтер көрсету;

      7) ақпарат және байланыс;

      8) қаржылық және сақтандыру қызметі;

      9) жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар;

      10) кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет;

      11) әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызмет;

      12) білім беру;

      13) денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету;

      14) өнер, ойын-сауық және демалыс.

      5. Инвестордың қарсы міндеттемелерін Келіссөздер жүргізу жөніндегі комиссиямен (бұдан әрі – Комиссия) мақұлдау бойынша уәкілетті орган белгілейді.

      6. Комиссия қызметінің тәртібі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 наурыздағы № 11-1-4/113 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32095 болып тіркелген) бекітілген Инвестициялар туралы келісімдерді жасасу, өзгерту және бұзу қағидаларына (бұдан әрі – ИТК жасасу, өзгерту және бұзу қағидалары) сәйкес айқындалған.

      7. Инвестордың қарсы міндеттемелерінің орындалу мерзімін уәкілетті орган ИТК жасасу, өзгерту және бұзу қағидаларының 6-тармағында көзделген құжаттардың толық топтамасы (бұдан әрі – құжаттар топтамасы) берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей айқындайды.

      8. Комиссия уәкілетті органнан құжаттар топтамасы келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде инвестордың қарсы міндеттемелерін қарайды және мақұлдайды.

      9. Инвестордың қарсы міндеттемелерінің мерзімдері инвестициялық жобаның сипаты мен ұзақтығына байланысты айқындалады.

      10. Инвестордың қарсы міндеттемелерінің орындалуының жалпы мерзімі 25 (жиырма бес) жылдан аспауға тиіс.

      11. Өзге де қызмет түрлері бойынша инвестордың қарсы міндеттемелерінің рұқсат етілген мерзімдері:

      1) ауыл, орман және балық шаруашылығы – 10 (он) жылға дейін;

      2) құрылыс – 10 (он) жылға дейін;

      3) көтерме және бөлшек сауда – 7 (жеті) жылға дейін,

      4) автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – 7 (жеті) жылға дейін;

      5) көлік және қоймалау – 15 (он бес) жылға дейін;

      6) тұру және тамақтану бойынша қызметтер көрсету – 10 (он) жылға дейін;

      7) ақпарат және байланыс – 25 (жиырма бес) жылға дейін;

      8) қаржылық және сақтандыру қызметі – 7 (жеті) жылға дейін;

      9) жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 7 (жеті) жылға дейін;

      10) кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет – 10 (он) жылға дейін;

      11) әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызмет – 7 (жеті) жылға дейін;

      12) білім беру – 25 (жиырма бес) жылға дейін;

      13) денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 25 (жиырма бес) жылға дейін;

      14) өнер, ойын-сауық және демалыс – 7 (жеті) жылға дейін.

      12. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді және уәкілетті органның инвестордың қарсы міндеттемелерін айқындауы үшін негіз болып табылады.

      13. Инвестициялық жобаның іске асыру мерзімдері өзгерген жағдайларда Комиссия мерзімдерді қайта қарауға тиіс.

      14. Инвестордың қарсы міндеттемелерін орындауын бақылау ИТК жасасу, өзгерту және бұзу қағидаларының 25-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады