"Сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 31 мамырдағы № 375 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 29 қыркүйектегі № 728 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 қыркүйекте № 36992 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 31 мамырдағы № 375 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15332 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі 88-бабының 4-1-бөлігіне сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексі (бұдан әрі - ҚАК) 88-бабының 4-1-бөлігіне сәйкес әзірленген және сотталған адамды қылмыстық-атқару жүйесінің бір мекемесінен (бұдан әрі - мекеме) басқа сол түрдегі мекемесіне әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру тәртібін айқындайды.";

      2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Сотталған адамды сол түрдегі басқа мекемеге әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру (бұдан әрі - ауыстыру) қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының (бұдан әрі - ҚАЖ комитеті) жазбаша нұсқауы (бұдан әрі - нарядтар) негізінде жүзеге асырылады.

      3. Сотталған адамның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары мен туыстары (бұдан әрі - туыстары) "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 1-бабына сәйкес айқындалады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Ауыстыру мәселесін қарау үшін сотталған адамның немесе оның туыстарының өтініштері (бұдан әрі - өтініш) негіз болып табылады.";

      5-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сотталған адаммен туыстық байланысын растайтын;";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Егер сотталған адам өзін ауыстыру туралы өз бетінше жүгінген жағдайда, онда өтініште құжаттарды қоса бере отырып, әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдайтын туыстары көрсетіледі.";

      9, 10, 11, 12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. ҚАК-ның 88-бабы 4-1-бөлігінің талаптарына сәйкес сотталған адамды ауыстыру оның келісімімен, заңды күшіне енген сот үкімі немесе сот қаулысы болған кезде жүргізіледі.

      10. Мекеме әкімшілігі сотталған адамға ҚАК, ӘРПК, сондай-ақ осы Қағидалардың талаптарын түсіндіреді және қажет болған кезде оған құжаттармен толықтыруды немесе өтініштің мазмұнын түзетуге ұсыныс жасайды.

      11. Сотталған адамның өтініші және оған қоса берілген құжаттар мекеме әкімшілігі арқылы ҚАЖ комитетіне өтінішті мекеме әкімшілігі алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жолданады.

      Мекеме әкімшілігі сотталған адамның өтінішіне мынадай құжаттарды (еркін нысанда):

      сотталған адамның жеке ісі бойынша анықтаманы;

      сотталған адамның басқа мекемеге ауысу мүмкіндігі туралы медициналық анықтаманы;

      сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстары туралы анықтаманы қоса береді.

      ҚАК-ның 95-бабымен белгіленетін мінез-құлқы оң дәрежелі емес немесе теріс мінез-құлық дәрежесіне ие сотталған адам ауысу туралы өтініш жолдаған жағдайда құжаттарға қосымша сотталған адамның ҚАК-ның 88-бабымен және осы Қағидалармен танысқаны туралы еркін нысанда қолхаты қоса беріледі.

      12. Ауыстыру мәселесі бойынша сотталған адамның немесе туысының өтініші бойынша мекеме әкімшілігі сотталған адамның көрсетілген туыстарымен әлеуметтік пайдалы байланысының бар-жоғын (кездесулер, сауқаттар (бандерольдер), хат алысулар, телефон арқылы сөйлесулер) тексереді.

      13. Мекеме әкімшілігі жарты жылда кемінде бір рет сотталған адамдардың қандай адамдармен әлеуметтік пайдалы байланысты қолдайтыны туралы мәліметті анықтау мәніне сауалнама жүргізеді және сотталған адамдардың жеке істеріне түзетулер енгізеді.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Өтініш бойынша шешім қабылдау және сотталған адамды ауыстыру";

      16-тармақта:

      екінші және үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "ҚАК-тың 88-бабының үшінші бөлігіне, төртінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес жіберілген немесе ауыстырылған сотталған адам үшін – теріс мінез-құлық дәрежесінің болмауы;

      жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін жіберілген немесе ҚАК-тың 88-бабының төртінші бөлігінің 4) тармақшасы бойынша ауыстырылған сотталған адам үшін оң мінез - құлық дәрежесінің болуы;";

      17, 18, 19, 20, 21 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Мекеме әкімшілігі ҚАЖ комитетінің ауыстыруға нарядын алғаннан кейін, бір тәулік ішінде сотталған адамды онымен таныстырады және оны басқа мекемеге ауыстырады.

      18. ҚАК-тың 88-бабының екінші және төртінші бөліктеріне сәйкес оның жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу немесе мекемеде құқықтық тәртіпті ұстану үшін ауыстырылған немесе жіберілген сотталған адам егер осындай ауыстыруға себеп болған негіздер болмаса, ауыстыруға жатады.

      19. ҚАК-тың 88-бабының екінші, үшінші немесе төртінші бөліктері негізінде жіберілген немесе ауыстырылған сотталған адам ауыстыру туралы өтініші ҚАЖ комитетіне келіп түскен күні тиісті мекемеде орын болған кезде осы Қағидаларға сәйкес ауыстыруға жатады.

      20. Қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу немесе мекемеде құқықтық тәртіпті ұстап тұру үшін бұрын жіберілген немесе ауыстырылған сотталған адамды ауыстыру мәселелері бойынша өтініштер осындай ауыстыруға бастамашылық еткен ҚАЖ комитетінің жедел қызметі оны қарайды және ол бойынша шешім шығарады.

      21. ҚАК-ның 96-бабына сәйкес мекеме түрі қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге өзгертілген сотталған адамды мекеме әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдайтын туыстары тұратын облыстағы немесе бұрынғы не босатылғаннан кейін оның таңдауы бойынша болжамды тұрғылықты жеріндегі қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде орын болған жағдайда өз бетінше ауыстырады.

      Ұстау орны болмаған жағдайда сотталған адам әлеуметтік пайдалы байланыстарды қолдайтын туыстарының тұрғылықты жеріне немесе бұрынғы не босатылғаннан кейінгі болжамды тұрғылықты жеріне жақын орналасқан қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге ауыстырылады.

      22. Сотталған адамды басқа мекемеге ауыстырғаннан кейін оның жеке ісіне оны мекеме орналасқан облыстың тұрғынына жатқызу бөлігінде түзетулер енгізіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң мен нормашығармашылығын үйлестіру департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
ішкі істер министрі
Е. Саденов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуратурасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады