Қарсы салықтық тексеруді тағайындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі № 548 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 қыркүйекте № 36978 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 157-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қарсы салықтық тексеруді тағайындау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 548
бұйрыққа 1 қосымша

Қарсы салықтық тексеруді тағайындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қарсы салықтық тексеруді тағайындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 157-бабының 2 тармағына сәйкес әзірленді және қарсы салықтық тексеруді тағайындау тәртібін айқындайды.

      2. Қарсы салықтық тексеруді тағайындаудың мақсаты өнім берушілерден және (немесе) сатып алушылардан салық төлеушілер арасында жүргізілген операциялар туралы қосымша ақпарат алу, оларды "Электрондық шот-фактура" ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді, құжаттарды және салық төлеушінің қызметі туралы мәліметтерді пайдалана отырып, жүзеге асыру фактісін растау болып табылады.

      3. Мемлекеттік кірістер органдары қарсы салықтық тексеруді:

      кешенді немесе тақырыптық салықтық тексеру, деңгейлес мониторинг жүргізу барысында;

      тараптардың бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын, салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық немесе құқық қорғау органдарының, халықаралық ұйымдардың сұрау салулары түскен кезінде туындайтын мәселелер бойынша тағайындайды.

      4. Қарсы салықтық тексеру Салық кодексінің 65-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегіндегі кезеңді қамтиды.

2-тарау. Кешенді немесе тақырыптық салықтық тексерулер, деңгейлес мониторинг жүргізу кезінде қарсы салықтық тексеруді тағайындау тәртібі

      5. Тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) өнім берушілері мен сатып алушыларына (бұдан әрі – контрагенттерге) қатысты, сондай-ақ деңгейлес мониторингке қатысушылармен операцияларды жүзеге асырған тұлғаларға қатысты кешенді немесе тақырыптық салықтық тексерулер, деңгейлес мониторинг жүргізу кезінде қарсы салықтық тексерулер тағайындалғанға дейін мемлекеттік кірістер органының салықтық тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамынан немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің электрондық шот-фактуралардың жүйесінен алынған мәліметтерді, салық төлеушінің қызметі туралы құжаттарды (оның ішінде бухгалтерлік құжаттар) және мәліметтерді пайдалана отырып, деңгейлес мониторингті жүзеге асыратын лауазымды адамынан:

      1) салықтық есептілікте өзара есеп айырысуларды көрсетпеу фактілері анықталған негізгі сатып алушылар мен өнім берушілердің тізбесін жүктеу және айқындау;

      2) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шығу көзін айқындау үшін сатып алушылар мен жеткізушілер арасындағы өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеру жүргізу;

      3) салықтық есептілікте өзара есеп айырысуларды көрсетпеу, тауарлардың шығарылған жерінің болмауы, электрондық шот-фактураның үзінді көшірмесін шектеуді қолдану фактілері анықталған сатып алушылар мен өнім берушілерге қатысты қарсы қосалқы тексерулерге сұрау салулар қалыптастыру қажет.

      Мемлекеттік кірістер органдарының кешенді немесе тақырыптық салықтық тексерулер, деңгейлес мониторинг жүргізу кезінде қарсы салықтық тексеруге сұрау салуды орындау мерзімі 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспайды.

      6. Қарсы салықтық тексерулер жүргізуге сұрау салулар мынадай:

      1) электр және (немесе) жылу энергиясын, суды, газды, байланыс қызметтерін жеткізуді жүзеге асыратын (егер аталғандар тауар болып табылмаса);

      2) салықтық мониторингке жататын;

      3) Салық кодексінің 91-бабында айқындалған тәртіппен әрекет етпейтін деп танылған;

      4) іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей және тауарларды тиеп-жөнелтпей электрондық шот-фактураларды жазып беру жөніндегі әрекеттерді жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан;

      5) заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркеуі (қайта тіркеуі), сондай-ақ мәмілелерді жасасуы жарамсыз деп танылған;

      6) Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын және қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асырмайтын жұмыстарды (көрсетілетін қызметтерді) орындаған бейрезидент өнім берушілермен (салық төлеушілермен) өзара есеп айырысулар бойынша қалыптастырылмайды.

      Егер осы Қағидалардың 7-тармағында өзгеше белгіленбесе, Қағидалардың осы тармағында көрсетілген салық төлеушілер қарсы салықтық тексеруге жатпайды.

      7. Қарсы қосалқы тексеруді тағайындау немесе қарсы қосалқы тексеруді жүргізу туралы мемлекеттік кірістер органына сұрау салуды, сондай-ақ деңгейлес мониторинг жүргізу барысында қарсы тексеруді жолдау үшін мемлекеттік кірістер органдары, оның ішінде мынадай:

      1) тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) мәмілелері бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді), мүлікті өткізуден алынған пайданы кіріс есебіне жатқызбау;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұза отырып (оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды қоспағанда, жол берілген түзетулермен, тазартулармен, бұлыңғыр, анық емес қойылған қолдармен, ұйымдардың мөрлерімен, мөртабандарымен), жазбаша нысанда шарт жасаспастан тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алу немесе тауарларды тиеп-жөнелту, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету;

      3) салық төлеушінің тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету үшін экономикалық қажетті мүліктің орналасқан уақытын, орнын немесе материалдық ресурстардың көлемін ескере отырып, мәмілелерді (операцияларды) нақты жүзеге асыра алмауы;

      4) еңбек ресурстарының, негізгі құралдардың, өндірістік активтердің, қойма үй-жайларының, көлік құралдарының болмауына байланысты тиісті экономикалық қызметтің нәтижелеріне қол жеткізу үшін қажетті жағдайлардың болмауы;

      5) егер қызметтің мұндай түрі үшін өзге де шаруашылық мәмілелерді (операцияларды) жасау және есепке алу талап етілсе, кіріс алуға тікелей байланысты шаруашылық мәмілелерді (операцияларды) ғана салық салу мақсаттары үшін есепке алу;

      6) салық төлеуші (салық агенті) бухгалтерлік есепке алу құжаттарында көрсеткен көлемде жүргізілмеген (көрсетілмеген) немесе жүргізілуі (көрсетілуі) мүмкін емес тауарлармен, жұмыстармен немесе көрсетілетін қызметтермен мәмілелер (операциялар) жасау;

      7) өзара талаптарды өтеуді есепке жатқызудың, талап ету құқықтарын басқаға беру жөніндегі операциялардың, тауар алмасу және ақшасыз операция нәтижелерінің бухгалтерлік есепте және (немесе) көрсетілмеуі;

      8) төлемі қолма-қол ақшалай есеп айырысу жүргізілген азаматтық-құқықтық мәміле бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      9) салық салынатын айналым мөлшерін түзету және (немесе) есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету жүргізілген қосымша электрондық шот-фактураларды ұсыну;

      10) тауарларды іс жүзінде жеткізусіз, жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетусіз корпоративтік (жеке) табыс салығы бойынша шығыстарды шегерімге жатқызу және қосылған құн салығы сомаларын есепке жатқызу мақсатында мәмілелер жасасу;

      11) тауардың қосылған құнын ұлғайту, тиісінше есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының есептелген салық сомасынан асып кетуін ұлғайту мақсатында мәмілелер жасасу;

      12) басшысына (құрылтайшысына) қатысты Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабында көзделген құқық бұзушылық бойынша қылмыстық іс тіркелген тікелей өнім берушімен өзара есеп айырысу бойынша қосылған құн салығының сомаларын есепке жатқызу;

      13) үлестес және өзара байланысты тараптармен корпоративтік (жеке) табыс салығы бойынша шығыстарды шегерімдерге жатқызу және қосылған құн салығы сомаларын есепке жатқызу мақсатында мәмілелер жасасу;

      14) мемлекеттік органдардан, оның ішінде құқық қорғау органдарынан салық төлеуден жалтару белгілері мен фактілері туралы ақпарат алу;

      15) Салық кодексінің 173-бабында белгіленген тәртіппен жанама әдістер негізінде салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау.

      8. Өнім берушінің тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, бірақ оларға бастапқы құжаттарды ұсыну мүмкін болмауы анықтаған кезде, қарсы тексеру жүргізуге сұрау салуда осындай өзара есеп айырысуларды тіркеуді жүзеге асыру.

      9. Қарсы тексеруге тоқтатылған сұрау салулар бойынша мәліметтер сұрау салынатын және растайтын құжаттардың көшірмелерімен, оның ішінде сұрау салу тоқтатылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық поштаға қайталап қарсы тексеру бастамашысына жіберіледі.

3-тарау. Тараптардың бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын, салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық немесе құқық қорғау органдарының, халықаралық ұйымдардың сұрау салулары бойынша қарсы салықтық тексерулерді тағайындау тәртібі

      10. Тараптардың бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын, салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық немесе құқық қорғау органдарының, халықаралық ұйымдардың сұрау салулары бойынша қарсы салықтық тексеру тағайындалғанға дейін:

      1) Қазақстан Республикасы мен қарсы салықтық тексерулер жүргізу мүмкіндігін көздейтін сұрау салуды жолдаған мемлекет арасында қолданыстағы халықаралық шарттың болуын анықтау;

      2) сұрау салу мазмұнының халықаралық шарттың талаптарына сәйкестігін тексеру, сұрау салуда оның негіздерін, мақсаттарын, сұрау салынатын ақпараттың тізбесі, қарсы салықтық тексеру жүргізу қажеттігінің негіздемесі, сондай-ақ тиісті халықаралық келісімде көзделген өзге де мәліметтер белгілеу;

      3) дербес деректерді қорғау жөніндегі нормаларды, салық төлеушінің құқықтарының сақталуын және тексерулер жүргізуге жол берілуін қоса алғанда, сұрау салудың ұлттық заңнамаға сәйкестігі мәніне ішкі құқықтық бағалау жүргізу қажет.

      Сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда сұрау салынатын мемлекеттің құзыретті органдары сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органдарын тексеру жүргізу уақыты мен орны, уәкілетті органдар немесе лауазымды адамдар туралы, сондай-ақ сұрау салынатын мемлекеттің аумағында тексеру жүргізу үшін белгіленген рәсімдер мен шарттар туралы қысқа мерзімде хабардар етуге міндетті. Тексеруді жүргізуге қатысты барлық шешімдерді сұрау салынатын мемлекет қабылдайды.

      11. Қарсы салықтық тексерулер жүргізуге арналған сұрау салулар қарауға жатпайды және егер олар халықаралық келісімдерге қайшы келген жағдайда іске асырылмайды.

      Мемлекеттік кірістер органдарының тараптардың бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын, салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық немесе құқық қорғау органдарының, халықаралық ұйымдардың сұрау салулары бойынша қарсы салықтық тексеруге сұрау салуды орындау мерзімі 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспайды.

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 548
бұйрыққа 2-қосымша

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешім шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 197 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №16479 болып тіркелген).

      2. "Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешім шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 197 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 12 қарашадағы № 1249 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19605 болып тіркелген).

      3. "Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешім шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 197 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 14 сәуірдегі №338 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22551 болып тіркелген).

      4. "Тақырыптық және қарсы тексерулер тағайындау мен хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешім шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 197 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 24 наурыздағы № 305 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27212 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады