ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Электр қондырғыларының техникалық жай-күйін және оларды пайдалану қауіпсіздігін бақылау үшін электр және жылу энергиясын өндіруді, беруді жүзеге асыратын ұйымдар басшыларының, мамандарының техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуіне біліктілік тексерулер жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 18 наурыздағы № 210 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11026 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Электр қондырғыларының техникалық жай-күйін және оларды пайдалану қауіпсіздігін бақылау үшін электр және жылу энергиясын өндіруді, беруді жүзеге асыратын ұйымдар басшыларының, мамандарының техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуіне біліктілік тексерулер жүргізу қағидаларында:
1) және 2) тармақшалар жаңа редакцияда жазылсын:
"1) басшылар – мынадай ұйымдарда төменде аталған лауазымдарды атқаратын адамдар:
электр және жылу энергиясын өндіру, беру негізгі қызмет түрі, оның ішінде жүйелік оператордың:
- бірінші басшы (басқарма төрағасы, бас директор, директор);
- бірінші басшының техникалық мәселелер жөніндегі, өндіріс жөніндегі орынбасары;
- бас инженер;
- ұйымдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің (бөлімінің) басшысы (еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің (бөлімінің) басшысы болмаған кезде ұйымның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды қамтамасыз етуге жауапты адам);
- өндірістік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам;
Электр және жылу энергиясын өндіру, беру негізгі қызмет түрі болып табылмайды:
- энергетикалық бөлім басшысы;
- энергетикалық бөлім басшысының орынбасары;
- бас инженер;
- ұйымдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің (бөлімінің) басшысы (еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің (бөлімінің) басшысы болмаған кезде ұйымның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды қамтамасыз етуге жауапты адам);
- өндірістік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам;
2) білімді біліктілік тексеру – электр қауіпсіздігі бойынша рұқсат тобын алу, арттыру немесе растау үшін энергетикалық ұйым персоналының өз құзыретіне жататын электр энергетикасы және/немесе жылу энергетикасы салаларындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын білуін тексеру;";
11-тармақтың 4) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
"4) электр энергетикасы немесе жылу энергетикасы саласындағы құқықтық актілердің талаптарын бұзу анықталған кезде мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның нұсқама беруі немесе ұсыным жіберуі оның шарттары болып табылады.";
8) тармақша жаңа редакцияда жазылсын:
"8) дәлелді себепсіз білімін бастапқы немесе мерзімді (кезекті) біліктілік тексеруден өту бойынша осы Қағидаларда белгіленген мерзімдерді бұзу, сондай-ақ өз біліктілігін растамау;";
мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
"9) электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің бағынысты жедел-диспетчерлік персоналының мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган анықтаған электр энергиясын өндіру, беру және тұтыну режимдері бойынша жүйелік оператордың жоғары тұрған жедел-диспетчерлік персоналының өкімдерін орындамауы.";
25-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"25. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.
Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметті көрсету кезінде мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы деректер мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне автоматты режимде түседі.
Көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидаларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актіні бекіткен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Бірыңғай байланыс орталығына енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпарат жібереді және www.gov.kz Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында "Энергетика министрлігі" деген бөлімде орналастырады.";
"Электр қондырғыларының техникалық жай-күйін және оларды пайдалану қауіпсіздігін бақылау үшін электр және жылу энергиясын өндіруді, беруді жүзеге асыратын ұйымдар басшыларының, мамандарының техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуіне біліктілік тексеру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесіне қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Қазақстан Республикасының энергетикалық ұйымдарында персоналмен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 234 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10830 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының энергетикалық ұйымдарында персоналмен жұмыс істеу қағидаларында:
33-9-тармақтың 1) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
"1) электр энергетикасы немесе жылу энергетикасы саласындағы құқықтық актілер талаптарының бұзылуы анықталған кезде мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органнан нұсқама беру немесе ұсыным жолдау;";
33-10-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"33-10. Жылу энергетикасы немесе электр энергетикасы саласындағы құқықтық актілер талаптарының бұзылуы анықталған кезде мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органнан нұсқаманы беру немесе ұсынымды жіберу арқылы білімді кезектен тыс біліктілік тексеруді тағайындау үшін негіздемелерге мыналар жатады:
1) егер осы актілердің нормалары ұйым жұмыскерінің қызметіне өзгерістер енгізетін болса, электр энергетикасы саласындағы жаңа құқықтық актіні қолданысқа енгізу, электр энергетикасы саласындағы құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2) нәтижелері бойынша жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия персонал тарапынан жазатайым оқиғаға әкеп соққан электр энергетикасы саласындағы құқықтық актілер талаптарының бұзылуын анықтаған өндірістегі жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісі;
3) нәтижесінде жабдықтың (электр қондырғыларының, ғимараттардың, құрылысжайлардың) бүлінуі, электр, жылу энергиясын өндірудің, берудің және тұтынудың белгіленген режимінің бұзылуы орын алған ұйым персоналының, соның ішінде автоматика, релелік немесе технологиялық қорғау құрылғыларын баптау бойынша қате іс-әрекеттерінің фактісі;
4) жобалау, құрылыс-монтаждау, жөндеу, іске қосу-баптау, сараптама жұмыстары кезінде, соның ішінде сынаулар мен өлшеулер кезіндегі персоналдың қате іс-әрекеттерінің фактісі;
5) ұйымда электр энергетикасы саласында жұмыс істеу кезінде ұйымның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің техникалық басшылары, жұмыскерлері тарапынан анықталған бұзушылықтар бойынша бақылаудың болмауы және шаралардың қабылданбауы;
6) жабдықты (жаңасын немесе оны реконструкциялаудан кейін) пайдалануға беру, электрлік және технологиялық схемаларды өзгерту кезінде, егер бұл ұйым жұмыскерлерінің қызметінде өзгерістерге әкеп соқса, ұйымның техникалық басшысы шешім қабылдамаған кезде;
7) электр энергетикасы саласындағы сарапшы, жобалау ұйымдарының, соның ішінде өзгерістер мен сынаулар бойынша зертханалардың (электр зертханаларының) мамандары тарапынан электр энергетикасы саласындағы жұмыстар кезінде анықталған бұзушылықтар бойынша;
8) дәлелді себепсіз білімін бастапқы немесе мерзімді (кезекті) біліктілік тексеруден өту бойынша осы Қағидаларда белгіленген мерзімдерді бұзу, сондай-ақ өз біліктілігін растамау;
9) бағынысты жедел-диспетчерлік персонал электр энергиясын өндіру, беру және тұтыну режимдері бойынша жүйелік оператордың жоғары тұрған жедел-диспетчерлік персоналының өкімдерін орындамаған кезде ұйымның техникалық басшысына қатысты.".
3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі |
Е. Аккенженов |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Өтініш
Сізден мені электр қауіпсіздігі бойынша _______________ рұқсат тобын
(рұқсат тобын көрсету)
______________________________ үшін электр қондырғыларының техникалық
(алу, арттыру немесе растау)
жай-күйін және оларды пайдалану қауіпсіздігін бақылау үшін электр және жылу энергиясын өндіруді, беруді жүзеге асыратын ұйымдар басшыларының техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуіне
__________________ біліктілік
(бастапқы, кезекті, кезектен тыс)
тексеруден өтуіме рұқсат беруіңізді сұраймын.
Осы өтінішпен 3 (үш) жыл мерзімге мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі
талаптар тізбесінің 8-тармағында көзделген жинақталатын деректер тізбесімен ұсынылған
ақпараттың дұрыстығын растаймын және жеке деректерді жинауға және өңдеуге, сондай-ақ
рұқсаты шектеулі жеке деректерге қол жеткізуге келісім беремін.
Қосымша:
Ұйымның білімді біліктілік тексеруден өтуге немесе көрсетілетін қызметті алушыны
лауазымға қабылдау немесе ауыстыру туралы 20 ___ жылғы "___" ________ № ___
(ұйымның білімді біліктілік тексеруден өтуге жолдамасының немесе көрсетілетін қызметті
алушыны лауазымға қабылдау немесе ауыстыру туралы өкімдік құжаттың (бұйрықтың)
электрондық көшірмесінің нөмірі) жолдамасы немесе өкімдік құжаттың (бұйрықтың)
электрондық көшірмесі.
Қолы ___________