ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.02.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
"Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 88) тармақшасына және "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 31.03.2026 № 138 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі |
Ч. Аринов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
| Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі 2025 жылғы 28 тамыздағы № 372 бұйрығымен бекітілген |
Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидалары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидалары" мемлекеттік қызмет көрсету Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 88) тармақшасына және "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 31.03.2026 № 138 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беруді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жүзеге асырады.
2 тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
3. Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат алу үшін (бұдан әрі – рұқсат) дара кәсіпкер немесе заңды тұлға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетілетін қызметті берушіге осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес электрондық құжат нысанында өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беруге өтініш береді, "Е-лицензиялау" Мемлекеттік деректер базасы "цифрлық жүйесіндегі" цифрлық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы жүзеге асырылады.
Процестің сипаттамаларын, көрсетілетін қызметтің нысанын, мазмұны мен нәтижесін қамтитын мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтер осы Қағидаларға 2-қосымшада жазылған.
Дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу, ғимараттың немесе үй-жайдың бар-жоғы, көрсетілетін қызмет алушы жұмыскерлерінің білімі және еңбек қызметі (көрсетілетін қызметті алушы жұмыскерлердің жеке сәйкестендіру нөмірлерін көрсеткен кезде) туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші "цифрлық үкіметтің" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік цифрлық жүйелерден алады.
"Жеке кабинетке" көрсетілетін қызметті алушыға қарау мәртебесі туралы ақпарат мемлекеттік қызметті көрсетуге арналған өтініш, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген ақпарат жіберіледі.
Мемлекеттік қызметті көрсетуге өтініш берілгеннен кейін көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе жұмыскері өтінішті Порталда тіркеуді жүзеге асырады, көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың қабылданғаны туралы хабарлама алады, Көрсетілетін қызметті берушінің басшысы өтініштің орындаушысын айқындайды. Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 31.03.2026 № 138 (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3-1. Көрсетілетін қызметті алушы ұсынған өтініште және (немесе) құжаттарда қателер немесе дәлсіздіктер анықталған, олар нысаны мен мазмұны бойынша талаптарға сәйкес келмеген, көрсетілетін қызметті алушы осы бұйрыққа 2-қосымшамен бекітілген "Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесіне сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші өтініштерді цифрлық күту парағы арқылы қабылдайды.
Бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсету мерзімін 2 (екі) жұмыс күніне тоқтата тұрады және көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсету процесін тоқтата тұру туралы хабарлама жолдайды.
Кемшіліктер жойылған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы алғаш жүгінген күн мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға өтініш және (немесе) құжаттар қабылданған күн болып есептеледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің өтуі анықталған кемшіліктер жойылған кезден бастап қайта басталады.
Анықталған кемшіліктер жойылмаған жағдайда, мемлекеттік қызметті көрсетуді тоқтата тұру мерзімі өткеннен кейін көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу құқығының туындауына қатысы жоқ талаптар осы қызметті көрсетуден бас тартуға негіз бола алмайды.
Ескерту. Қағидалар 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің м.а. 28.08.2026 № 332 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.4. Көрсетілетін қызметті берушінің орындаушысы құжаттарды алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.
Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартқан кезде көрсетілетін қызметті алушыға бас тартудың себептерін көрсете отырып, жауап жібереді. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған кезде көрсетілетін қызметті алушымен тыңдау өткізілмейді.
Көрсетілетін қызметті алушы рұқсат алу үшін құжаттардың толық пакетін ұсынған жағдайда көрсетілетін қызметті берушінің орындаушысы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қойылатын рұқсат беру талаптарына сәйкестік мәніне құжаттарды заңнамада белгіленген тәртіппен қарайды.
Рұқсат беру туралы оң қорытынды болған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес рұқсаттың электрондық нысанын қалыптастырады.
Көрсетілетін қызметті берушінің басшысы бір жұмыс күні ішінде электрондық нәтижеге қол қояды және оны Портал арқылы беруді жүзеге асырады.
Көрсетілетін қызметті беруші "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар қызмет көрсету сатысы туралы деректерді оларды көрсету мониторингінің цифрлық жүйесіне цифрландыру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен енгізуді қамтамасыз етеді.
Цифрлық жүйе істен шыққан жағдайда, электрондық байланыс болмаған немесе хабарламаларды жіберуге кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар туындаған жағдайда көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті бөлімшесі техникалық іркілістер пайда болған кезден бастап көрсетілген себептерді анықтау және жою үшін дереу шаралар қабылдайды (жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін).
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 31.03.2026 № 138 (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.08.2026 № 332 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.5. Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімде өтініш берушілерді осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға тиісті рұқсатты бір мезгілде бере отырып, рұқсат берудегі өз шешімі туралы не Негізгі талаптардың тізбесіне сәйкес рұқсат беруден дәлелді бас тарту туралы хабардар етеді.
6. Рұқсат алу үшін құжаттар, сондай-ақ оның нәтижелері іске қалыптастырылады.
7. Рұқсаттың қолданылуы мынадай негіздер бойынша тоқтатылады:
1) көрсетілетін қызметті алушының рұқсаттың қолданылуын тоқтату туралы сұрай отырып (еркін нысанда) өтініш беруі;
2) көрсетілетін қызметті алушыны тарату;
3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты соттың белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген шешімі (үкімі) болады.
8. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде "цифрлық үкіметтің" операторына, сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығына осы Қағидаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы хабарлайды.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 31.03.2026 № 138 (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі
9. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды көрсетілетін қызметті берушіге, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адамға береді.
Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес шағымы тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Көрсетілетін қызметті берушінің шағымды қарау мерзімі шағым бойынша қосымша зерделеу, тексеру не қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайларда он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.
Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде шағым берген көрсетілетін қызметті алушыға ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа шағымдануға Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағымданғаннан кейін жол беріледі.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 31.03.2026 № 138 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.| Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларына 1-қосымша |
Нысан
| Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасына |
Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және техникалық
қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беруге өтініш
Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 31.03.2026 № 138 (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Сізден қоса беріліп отырған құжаттар тізбесін қарауды және
___________________________________________________________________
(көрсетілетін қызметті алушының атауы) өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау,
баптау және техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат
беруіңізді сұраймын.
Көрсетілетін қызметті алушының орналасқан жері: __________________________
______________________________________________________________________
жеке кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы
куәліктің № және күні___________________________________________________
______________________________________________________________________
Жеке сәйкестендіру нөмірі / бизнес сәйкестендіру нөмірі _____________________
______________________________________________________________________
Цифрлық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді
пайдалануға келісемін.
Басшы ________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе)
____________________ (күні)
| Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларына 2-қосымша |
Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 31.03.2026 № 138 (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің м.а. 28.08.2026 № 332 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.
Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі | ||
1 | Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауын | Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру |
2 | Қызмет берушінің атауы | Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті. |
3 | Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрінің (бар болса) атауын | Жоқ. |
4 | Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету (каналдары) |
Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру: |
5 | Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету мерзімі | 10 жұмыс күні. |
6 | Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету нысаны | Электрондық (ішінара цифрландырылған). |
7 | Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету нәтижесі |
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру; |
8 | Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және мемлекеттік қызметті көрсету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері | Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. |
9 | Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздері |
1) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдар мен объектілердің осы Негізгі талаптардың тізбесінің 8-тармағында көрсетілген рұқсат беру талаптарына сәйкес келмеуі; |
10 | Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі |
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық сұрау салу; |
11 | Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсетуден бас тарту үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздері |
1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігін анықтау; |
12 | Мемлекеттік қызметті, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар |
Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы болған жағдайда, мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық нысанда Портал арқылы алу мүмкіндігі бар. |
| Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларына 3-қосымша |
|
| Нысан |
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің
Өртке қарсы қызмет комитеті Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік гербі
РҰҚСАТ
№ _______________________ |
ОСЫ РҰҚСАТ
________________________________________________________________________________
(көрсетілетін қызметті алушының атауы)
_______________________________________________________________________БЕРІЛДІ
(заңды мекенжайы)
және "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 66-3-бабына сәйкес осы
ұйымға өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және техникалық қызмет көрсету
жөніндегі жұмыстарды орындауға құқық берілгенін куәландырады.
Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және техникалық қызмет көрсету жөніндегі
қызметті жүзеге асыруға берілген рұқсаттар тізілімінде рұқсатты тіркеу күні
______________________________
Төраға___________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)