БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бюджеттік кредиттеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 26 маусымдағы № 325 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №36331 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттік кредиттерді беру жөніндегі рәсімдер, оның ішінде оларды беру кезінде қажетті құжаттар тізбесі, сондай-ақ бюджеттік кредит беру тәсілдері, бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету кестесі, бюджеттік кредитті қайта құрылымдау және қарыз алушыны ауыстыру рәсімдері, талап қоюдың ескіру шарттары, бюджеттік кредит бойынша борышты аудару шарттары, кредиторлардың талаптарын тоқтату және бюджеттік кредиттер бойынша кепілдікті тоқтату, бюджеттік кредиттер бойынша бақылау рәсімдерінде:
15-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік кредиттің негізгі шарттарын растайтын құжаттарды толық ұсынбаған, тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштері дұрыс болмаған кезде уәкілетті орган дәлелді бас тартады, ол бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне жіберіледі.";
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Бюджеттік кредитті алу үшін түпкілікті қарыз алушы сенім білдірілген өкілдің (агенттің) ақпараттық жүйесі арқылы электрондық өтінім қалыптастырады.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Сенім білдірілген өкілде (агентте)/қарыз алушыда ақпараттық жүйе болмаған жағдайда бюджеттік кредитті алу үшін түпкілікті қарыз алушы сенім білдірілген өкілге (агентке) өтінімді қағаз немесе электрондық жеткізгіште ұсынады.";
70-тармақтың екінші бөлігіне орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қаржы агенттіктерін міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етусіз республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу қағидаларында:
6-тармақ алынып тасталсын;
көрсетілген Қағидаларға 1 және 2-қосымшалар осы бұйрыққа 1 және 2-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
М. Такиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын мемлекет жүз пайыз қатысатын банктер мен ұйымдар үшін қаржы агенттіктерін міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етпестен республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу өлшемшарттары
р/с № | Атауы | Есеп | Ұсынылатын мәндер | Түсініктемелер |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 |
1 | Меншікті қаражатты пайдалану коэффиценті | МК/НП | > 0,1 | Меншікті қаражатты пайдалану коэффициенті меншікті капиталдың жұмыс операцияларында қаншалықты пайдаланылатындығын көрсетіп отыр. |
2 | Меншікті қаражат көздерінің артығы (жетіспеуі) | МК/ША | > 1 | Меншікті қаражат көздерінің артығы (жетіспеуі). Көрсеткіштің серпіндегі өсуі қаржылық жағдайының жақсару жағына банктің нысаналы бағытталған қызметі туралы куәландырады. |
3 | Капиталдағы пайда үлесінің коэффиценті | (МК-ЖК)/МК | > 0,1 | Капиталдағы пайда үлесінің коэффициенті банк капиталының қандай бөлігі пайда есебінен қалыптасқанын көрсетеді. |
4 | Меншікті капиталдың рентабельділігі (ROE) | Пд/МК | > 0,1 | Меншікті капиталдың рентабельділігі (RОЕ) меншікті капиталды пайдалану тиімділігін көрсетеді |
Ескертпе:
Негізгі қысқартулар:
МК – меншікті капитал
НП – несие портфелі
ША – шашыратылған активтер
ЖК – жарғылық капитал
Пд – пайда
Өзге де қаржы агенттіктері үшін қаржы агенттіктерін міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етусіз республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу өлшемшарттары
р/с № | Атауы | Есеп айырысу | Ұсыны латын мәндер | Түсініктемелер |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 |
1 | Қаржылық тәуелсіздік коэффициенті* | МК/ЖА | 0,3-0,8 | Қаржылық тәуелсіздік коэффициенті қаржы агенттіктерінің қарыздардан тәуелділігін сипаттайды. Меншікті капитал мөлшерін жиынтық активке бөлуден алынған бөлінді ретінде есептеледі. Коэффициент мәнінің төмендеуі қаржы агенттігінің қарыз жүктемесінің өсуін көрсетеді, ол төлемге қабілетсіздік тәуекелін арттырады. |
2 | Пайыздарды жабу коэффициенті | Салық салуға дейінгі табыс және кредиттер бойынша сыйақылар/ есептелген сыйақы сомасы | > 1 | Пайыздарды жабу коэффициенті кредиторлардың ұсынылған кредит үшін пайыздарды төлемеуден қорғалу дәрежесін сипаттайды. Осы көрсеткіш пайыздарды төлеу үшін пайдаланылатын рұқсат етілетін пайданы төмендету деңгейін анықтайды. Салықтарды ұстағанға дейінгі кірісті және кредиттер бойынша сыйақыны кредиттер бойынша есептелген сыйақы сомасына бөлу жолымен есептеледі. |
3 | Ағымдағы өтімділік коэффициенті* | АҚ/ҚМ | 1-2 | Ағымдағы өтімділік коэффициенті айналым қаражатын қысқа мерзімді міндеттемелерге бөлуден алынған бөлінді ретінде есептеледі және қысқа мерзімді міндеттемелерді орындау үшін пайдаланылатын қаржы агенттігінің айналым қаражатының жеткілікті екендігін көрсетеді. |
4 | Таза айналым капиталы | АА-ҚМ | > 0 | Таза айналым капиталы айналым активтері мен қысқа мерзімді міндеттемелер арасындағы айырма ретінде есептеледі. |
Ескертпе:
* даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару және басқаруды оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту үшін құрылған ұлттық басқарушы холдингтері үшін, сондай-ақ агроөнеркәсiп кешені саласындағы ұлттық басқарушы холдингтiң еншiлес ұйымдары үшін маусымдылыққа байланысты қаржылық тәуелсіздік коэффиценті мен ағымдағы өтімділік коэффицентінің ұсынылған мәнінен асуына жол беріледі.
Негізгі қысқартулар:
МК – меншікті капитал
ЖА – жиынтық актив
АҚ – айналым қаражаты
ҚМ – қысқа мерзімді міндеттемелер
АА – айналым активтері