"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 97-бабының 5-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабы, 1-тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес, Райымбек аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Райымбек ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.
2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Райымбек аудандық мәслихатының "Әлеуметтік-мәдени, даму, құқық, қоғамдық бірлестіктермен жұмыс және бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Райымбек аудандық мәслихатының төрағасы | С. Мусирбаев |
| Райымбек аудандық мәслихатының 2024 жылғы 20 тамыздағы № 29-160 шешіміне қосымша |
Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі
Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 5-тармағына, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шілдедегі № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) және Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес әзірленді.
1-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі
1.Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінде Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларының 2-тармағында көрсетілген негізгі ұғымдар пайдаланылады.
2. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) тегін негізде көрсетіледі. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Райымбек ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – уәкілетті орган) көрсетіледі.
3. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.
Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар 10 (он) пайыз мөлшерінде белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
4. Тұрғын үй көмегі көрсетілген аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
5. Аз қамтылған отбасы (азамат) (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына (бұдан әрі – портал) тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.
2-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі
6. Тұрғын үй көмегі өтініш берген тоқсанда құжаттарды ұсыну уақытына қарамастан ағымдағы тоқсанға тағайындалады және көрсетіледі.
7. Аз қамтылған отбасы (азамат) (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "электрондық үкімет" веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш және Қағидалардың 2-қосымшасы Мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағына сәйкес құжаттарды ұсынады.
Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді. Меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші ақпараттық жүйелер арқылы алады.
8. Көрсетілетін қызметті беруші Қағиданың 2-қосымшасы Мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 9-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартады.
Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 6 (алты) жұмыс күнін құрайды.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - Алматы облысы Райымбек аудандық мәслихатының 01.07.2026 № 59-313 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).9. Тұрғын үй көмегін алушылар уәкілетті органды тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе оның мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы олар туындаған күннен бастап хабардар етеді.
Алушылар тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы хабарламаған жағдайда, қайта есептеу келесі тоқсанда жүргізіледі (анықталған фактісі бойынша).
Артық төленген сомалары ерікті түрде, ал бас тартылған жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға жатады.
10. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде алаңның нормасы есепке алынады:
1) бір отбасы мүшесіне – пайдалы алаңы 18 (он сегіз) шаршы метрден кем емес, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады;
2) Қазақстан Республикасының аумағында жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген жалғыз тұратын азаматтар үшін – пайдаланатын алаңына қарамастан 30 шаршы метр, бірақ нақтыдан асырмай.
11. Коммуналдық қызметті тұтыну нормалары тиісті уәкілетті орган қолданатын коммуналдық қызметтерді босату нормаларына баламалы.
12. Коммуналдық қызметтерді тұтыну тарифтерін қызмет жеткізуші ұсынады.
13. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін көрсетілетін қызметті беруші мынадай нормалар шегінде есептейді:
1) тұтынушылар үшін газбен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметті тұтыну нормалары пәтерде бір адамға он бес текше метрден аспайды;
тұрғын үйді жылытуға жеке тұрғын үйдің тұтынушылары үшін газбен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметті тұтыну нормалары бір шаршы метрге он бес текше метрден аспайды;
2) табиғи монополиялар саласындағы қызметті реттейтін өңірлік уәкілетті орган белгілеген нормаларға сәйкес тұтынушы үшін электрмен жабдықтау қызметін тұтыну нормалары;
3) тұтынушы үшін сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерінің нормалары:
бір адамға төрт текше метрден аспайтын суық су;
бір адамға екі текше метрден аспайтын ыстық су;
4) есептеу аспаптары бар тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметін тұтыну нормалары айына бір шаршы метрге нөл бүтін мыңнан жиырма бес гигакалориядан аспайды.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 27-бабының 34) тармақшасына сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігі бекітетін бір шаршы метр үшін есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметін тұтыну нормалары;
5) қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және әкету (қоқыс шығару) бір адамға алты жүз елу теңгеден аспайды;
6) лифттерге қызмет көрсету бір пәтерге мың үш жүз теңгеден аспайды;
7) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемді ұлғайту бөлігінде байланыс қызметтері бір абонент үшін мың үш жүз тоқсан тоғыз теңгеден аспайды;
8) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге бір шаршы метр үшін алпыс теңгеден аспайтын шығыстар;
9) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысы бір шаршы метр үшін жүз жиырма теңгеден аспайды;
10) бір адамға арналған шаршы нормасы бір адамға он сегіз шаршы метр пайдалы алаң, бірақ жалғыз тұратын адам үшін нақты алынатын алаң отыз шаршы метрден аспайды.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - Алматы облысы Райымбек аудандық мәслихатының 01.07.2026 № 59-313 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).3-тарау. Қаржыландыру және тұрғын үй көмегін төлеу
14. Тұрғын үй көмегін төлеуді қаржыландыру Райымбек ауданының бюджетімен тиісті қаржылық жылға қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
15. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың өтініші бойынша тұрғын үй көмегін алушылардың есеп шоттарына екінші деңгейдегі банктер, сонымен қатар банктік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен жүзеге асырылады. Тұрғын үй көмегі тоқсанның соңғы айының 25-і күні төленеді.
