Катонқарағай ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері және оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы

Жаңартылған

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай аудандық мәслихатының 2022 жылғы 4 қазандағы № 21/276-VII шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 10 қазанда № 30080 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 417 "Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, Катонқарағай аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Тұрғын үй сертификаттарының мөлшері және оларды алушылар санаттарының тізбесі осы шешімнің 1, 2-қосымшаларына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат хатшысы Д. Бралинов

  Катонқарағай
аудандық мәслихаты
2022 жылғы 4 қазандағы
№ 21/276-VII шешіміне 1-қосымша

Тұрғын үй сертификатының мөлшері

      1. Қарыз сомасынан 10 %, алайда әлеуметтік көмек түрі ретінде 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден артық емес.

      2. Қарыз сомасынан 10 %, алайда әлеуметтік қолдау түрі ретінде 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден артық емес.

  Катонқарағай
аудандық мәслихатының
2022 жылғы 4 қазандағы
№ 21/276-VII шешіміне 2-қосымша

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай аудандық мәслихатының 14.05.2025 № 27/310-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Катонқарағай ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі айқындалсын:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

      басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

      бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

      мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;

      денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

      жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

      кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;

      қандастар;

      экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

      мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

      толық емес отбасылар;

      асырауында кәмелетке толмаған балалары және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, бірақ жиырма үш жасқа толмаған балалары бар жесір әйелдер (тұл ер адамдар) жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады