Жалпыхалықтық референдум құжаттарын сақтау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 27 мамырдағы № 41/502 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2022 жылғы 27 мамырда № 28240 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 30.06.2026 № 23/37 (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Жалпыхалықтық референдум туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 21-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 30.06.2026 № 23/37 (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жалпыхалықтық референдум құжаттарын сақтау қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 30.06.2026 № 23/37 (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Референдум комиссиялары республикалық референдум құжаттарын сақтау жөніндегі жұмыста осы қаулыны басшылыққа алсын.

      3. Осы қаулы оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Төрағасы
Н. Абдиров

  Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау
комиссиясының Төрағасы
2022 жылғы 27 мамырдағы
№ 41/502 қаулысымен бекітілген

Жалпыхалықтық референдум құжаттарын сақтау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 30.06.2026 № 23/37 (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жалпыхалықтық референдум құжаттарын сақтау қағидалары "Жалпыхалықтық референдум туралы" Конституциялық заңның 21-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және жалпыхалықтық референдум құжаттарын сақтау тәртібін айқындайды.

2-тарау. Жалпыхалықтық референдум құжаттарын сақтау

      2. Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясында (бұдан әрі – Орталық референдум комиссиясы) мынадай құжаттар сақталуға және кейіннен Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне тапсырылуға тиіс:

      Орталық референдум комиссиясының қаулылары, отырыстарының хаттамалары;

      астананың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың референдум комиссияларының референдум нәтижелері туралы хаттамалары;

      Орталық референдум комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері.

      3. Астананың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың референдум комиссиялары Орталық референдум комиссиясының бұқаралық ақпарат құралдарында референдум қорытындылары туралы хабары жарияланғаннан кейін астананың, тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, қалалар мен аудандардың мемлекеттік архивтеріне:

      аумақтық референдум комиссияларының қаулылары мен хаттамаларын;

      аумақтық референдум комиссияларына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін сақтауға тапсырады.

      4. Учаскелік референдум комиссиялары отырыстарының хаттамалары, азаматтардың хаттары, ұсыныстары, өтініштері және басқа да құжаттары кейіннен мемлекеттік архивтерге тапсыра отырып, тиісті аумақтық референдум комиссиясында сақталуға тиіс.

      5. Әскери бөлімдерде құрылған учаскелік референдум комиссияларының құжаттары әскери бөлімдердің істерінде сақталады.

      6. Дауыс беруге арналған бюллетеньдерді мөрленген күйінде, оның ішінде жекелеген жойылған бюллетеньдерді, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері мен оларға қатысты құжаттарды астананың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың референдум комиссиялары Орталық референдум комиссиясына тапсырады, онда референдум қорытындылары жарияланғаннан кейін бір ай бойы құпия ақпарат құқығында сақталады, кейіннен жойылады.

      7. Сақтауға жатпайтын құжаттар белгіленген мерзім өткеннен кейін жойылады.

      8. Жою жағу, балқыту, мөлшері 2,5 шаршы сантиметрден аспайтын бөлшектерге майдалау, ұсақтау, еріту немесе химиялық ыдырату, пішінсіз массаға немесе ұнтаққа айналдыру жолымен жүргізіледі.

      9. Бөгде адамдарды жойылған құжаттармен таныстыруға, олардың мазмұнын қалпына келтіруге мүмкіндік беретіндей толық жоймауға жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады