Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда – ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің м.а. 25.06.2026 № 353/НҚ (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Киберқауіпсіздік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 62) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің м.а. 25.06.2026 № 353/НҚ (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған цифрлық ресурстардың резервтік көшірмелерін цифрлық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасына беру қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің м.а. 25.06.2026 № 353/НҚ (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін ресми жариялау үшін мерзімді баспа басылымдарына жолдауды;
4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Б. Атамқұлов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы
___________ К. Мәсімов
17 сәуірдегі 2018 жыл
| Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2018 жылғы 16 наурыздағы № 45/НҚ бұйрығымен бекітілген |
Цифрлық ресурстардың резервтік көшірмелерін цифрлық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасына беру қағидалары мен мерзімдері
Ескерту. Қағидалары жаңа редакцияда – ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің м.а. 25.06.2026 № 353/НҚ (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы цифрлық ресурстардың резервтік көшірмелерін цифрлық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасына беру қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) "Киберқауіпсіздік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 18-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 62) тармақшасы негізінде әзірленді және цифрлық ресурстардың резервтік көшірмелерін цифрлық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасына берудің тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аса маңызды цифрлық объектілер (бұдан әрі – АМЦО) – жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтауы қолжетімділігі шектелген дербес деректерді және заңмен қорғалатын құпияны қамтитын өзге де мәліметтерді заңсыз жинауға және өңдеуге, әлеуметтік және (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына немесе қорғаныс, қауіпсіздік, халықаралық қатынастар, экономика, шаруашылықтың жекелеген салалары үшін немесе тиісті аумақта тұратын халықтың тыныс-тіршілігі, оның ішінде жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, байланыс, банк саласы, көлік, гидротехникалық құрылысжайлар, құқық қорғау қызметі, "цифрлық үкімет" инфрақұрылымы үшін елеулі теріс салдарға алып келетін цифрлық объектілер;
2) жедел резервтеу – қосымша бағдарламалық және техникалық құралдарды пайдалану және оларды белсенді режимде ұстау және (немесе) нақты уақыт режимінде (немесе 1 сағатқа кідірумен нақты уақытқа жақын) өзгерістерді беруді және ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету;
3) киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) Киберқауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы (бұдан әрі – КҰҮО) – "Мемлекеттік техникалық қызмет" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "МТҚ" АҚ) құрылымдық бөлімшесі;
5) Мемлекеттік техникалық қызмет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған мемлекеттік заңды тұлға;
6) резервтік көшірме – деректер базасын және қажет болған жағдайда қолданбалы бағдарламалық қамтылымды олар жоғалған, зақымдалған, бұзылған немесе заңсыз өзгертілген және жойылған жағдайда бастапқы түрінде қалпына келтіруге арналған деректер базасының және қажет болған жағдайда қолданбалы бағдарламалық қамтылымның электрондық тасымалдағыштағы көшірмесін жасаудың сәтті аяқталған процесінің нәтижесі;
7) ұзақ мерзімді сақтау – екі жылдан артық сақтау мерзімімен цифрлық ресурстардың резервтік көшірмелерін цифрлық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасына бір реттік беру;
8) цифрлық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасы (бұдан әрі – БҰРП) – цифрлық ресурстардың сақталуын қамтамасыз ету және қажет болған жағдайда деректерді қалпына келтіру мақсатында, олардың резервтік көшірмелерін сақтауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен.
9) іске қосусыз резервтеу – деректерді қалпына келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп тұрған немесе сөндірілген цифрлық ресурстан операциялық жүйе құралдарымен резервтік көшірме жасау.
2-тарау. Цифрлық ресурстардың резервтік көшірмелерін цифрлық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасына беру тәртібі
3. АМЦО иесі цифрлық ресурстардың (бұдан әрі – ЦР) резервтік көшірмелерін осы Қағидаларға сәйкес тәртіпте БҰРП-ға береді.
4. "МТҚ" АҚ АМЦО иелеріне ЦР резервтік көшірмелерін БҰРП-ға беру туралы ақпаратты жібереді.
5. АМЦО иелері "МТҚ" АҚ-дан ақпаратты алған сәттен бастап 15 (он бес) жұмыс күннен кешіктірмей "МТ" АҚ-ға әрбір ЦР бойынша:
1) резервтік көшірудің ағымдағы мерзімділігі туралы ақпаратты қамтитын құжаттың көшірмесін;
2) осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысанда ЦР-дың техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді жібереді.
6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылдың 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 385) тармақшасына сәйкес бекітілетін АМЦО тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) және әрбір АМЦО иесінен алынған ақпарат негізінде "МТҚ" АҚ уәкілетті органмен келісім бойынша БҰРП-ға беру үшін ЦР резервтік көшірудің мерзімділігін белгілейді.
7. "МТҚ" АҚ АМЦО иелеріне 20 (жиырма) жұмыс күн ішінде орындау үшін жазбаша ресми түрде мынадай мәліметтер жолдайды:
1) ЦР атауы;
2) БҰРП-ға беру үшін ЦР резервтік көшірудің мерзімділігі;
3) КҰҮО-ға қолжетімділік алу үшін мәліметтер.
8. "МТҚ" АҚ резервтік көшірмелерін беру үшін КҰҮО АМЦО иелеріне КҰҮО-ға қолжетімділік береді.
9. АМЦО иелері өз қаражаты есебінен, АМЦО иелерінің барлық инфрақұрылымының толық жоғалту (жойылу) жағдайларын есепке ала отырып, БҰРП-да сақталатын резервтік көшірмелерді АМЦО-ның қалпына келтіруі үшін жеткілікті көлемде, БҰРП-ға ("МТҚ" АҚ) ЦР резервтік көшірмелерін (сондай-ақ ЦР-ға құжаттама, нұсқаулық көшірмелерін, конфигурация файлдарын) дербес беруді ұйымдастырады. АМЦО-ның резервтік көшірмелерінің берілуі БҰРП-ға резервтік көшірмелерді қабылдау уақытша кейінге шегеру жағдайларынан басқа, "МТҚ" АҚ-дан ресми хабарлама алған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күн ішінде іске асырылады.
10. Резервтік көшірме шифрланған түрде берілген жағдайда, шифрді ашу үшін шифрлау кілттері мен құралды шифрлау жүргізілген құралдар ЦР иелері жағында барлық инфрақұрылым жоғалған жағдайда қалпына келтіру мүмкіндігі үшін электрондық түрде "МТҚ" АҚ-ға беруге жатады.
11. "МТҚ" АҚ ЦР резервтік көшірмелерін қабылдауды:
1) техникалық ресурстардың жетіспеушілігі;
2) техникалық құралдардың АМЦО иелері талап ететін құралдармен үйлеспеуі;
3) серверлік, желілік жабдыққа, деректер базасын басқару жүйесіне және бағдарламалық қамтылымға лицензиялардың болмауы;
4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауы уақытында уақытша тоқтатуды іске асырады.
12. ЦР резервтік көшірмелерін қабылдауды уақытша тоқтату үшін негіз "МТҚ" АҚ уәкілетті орган мен АМЦО иесіне себебін көрсете отырып ЦР резервтік көшірмелерін беру процесін тоқтата тұру қажеттілігі туралы жіберген ақпарат болып табылады. Тоқтата тұру мерзімі осы Қағидалардың 13-тармағында белгіленген беру мерзімдері ескеріле отырып уәкілетті органмен келісуге жатады.
3-тарау. Цифрлық ресурстардың резервтік көшірмелерін цифрлық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасына беру мерзімдері
13. БҰРП-ға ЦР резервтік көшірмелерін беру мерзімдері:
1) бірінші кластағы ЦР және деректер базасы үшін – жедел резервтеу кезінде нақты уақыт (немесе 1 сағатқа кідірумен нақты уақыт режиміне жақын) режимінде және толық аяқталғанға дейін іске қосусыз резервтеу кезінде резервтік көшіруді аяқтау сәтінен бастап 24 сағаттан кешіктірмей резервтік көшірмені беруді бастау;
2) екінші кластағы ЦР үшін – толық аяқталғанға дейін іске қосусыз резервтеу кезінде резервтік көшіруді аяқтау сәтінен бастап 48 сағаттан кешіктірмей резервтік көшірмені беруді бастау;
3) үшінші кластағы ЦР үшін – толық аяқталғанға дейін іске қосусыз резервтеу кезінде резервтік көшіруді аяқтау сәтінен бастап 72 сағаттан кешіктірмей резервтік көшірмені беруді бастау.
ЦР класы Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 14-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес цифрлық объектілер сыныптауышына сәйкес айқындалады.
14. ЦР Тізбеден алынған жағдайда АМЦО иесі "МТҚ" АҚ-дан ақпарат алған күннен бастап 24 сағат ішінде КҰҮО-ға ЦР резервтік көшірмелерін беруді тоқтатады.
| Цифрлық ресурстардың резервтік көшірмелерін цифрлық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасына беру қағидалары мен мерзімдеріне қосымша Нысан |
Цифрлық ресурстардың техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер
№ | ЦР толық атауы | Операциялық жүйе (нұсқа) | ДББЖ / БҚ / ҚБҚ (атауы / нұсқасы) | Деректер қорының өлшемі, Гб | Резервтіккөшірме (дамп) өлшемі, Гб | ДБ көлемінің жоспарлы жыл сайынғы ұлғаюы, Гб жүктеу |
Кестенің жалғасы
Сервердің CPU саны | Сервердің CPU жүктемесі (%) | Сервердің ЖЖҚ көлемі, Гб | Резервтік көшірме құралдары | АМЦО иесі | ЦР класы | ЦР жауапты тұлғасының тегі, аты, әкесінің аты (егер қолжетімді болса)/телефоны |
Ескертпе:
• АМЦО – аса маңызды цифрлық объектілер;
• БҚ – бағдарламалық қамтылым;
• Гб – гигабайт;
• ДББЖ – деректер базасын басқару жүйесі;
• ДБ – деректер базасы;
• ЖЖҚ – жедел жады құрылғысы;
• ҚБҚ – қолданбалы бағдарламалық қамтылым;
• ЦР – цифрлық ресурстар.
