Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін "бонус-малус" жүйесі бойынша коэффициентті есептеу және қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 140 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 14 шілдеде № 13928 болып тіркелді.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 102 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 102 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін "бонус-малус" жүйесі бойынша коэффициентті есептеу және қолдану қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 102 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 30 мамырдағы
№ 140 қаулысымен
бекітілген

Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін "бонус-малус" жүйесі бойынша коэффициентті есептеу және қолдану қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.12.2025 № 82 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін "бонус-малус" жүйесі бойынша коэффициентті есептеу және қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 43-бабының 18-2) тармақшасына және "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңы) 19-бабының 10-тармағына сәйкес әзірленген және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (бұдан әрі – көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру) бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін "бонус-малус" жүйесі бойынша коэффициентті есептеу және қолдану тәртібін айқындайды.

      Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар мен терминдер Заңда және Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңда көрсетілген мағыналарда қолданылады.

      "Бонус-малус" жүйесі бойынша коэффициенттерді (бұдан әрі – коэффициент) белгілеу мақсатында көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын (бұдан әрі – міндетті сақтандыру шарты) жасасу кезінде азаматтығы және (немесе) жеке басы төмендегі құжаттармен расталатын және (немесе) куәландырылатын адам Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғасы болып танылады:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтының жеке куәлігі;

      2) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;

      3) Қазақстан Республикасында туылғаны туралы куәлік;

      4) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат;

      5) азаматтығы жоқ адамның куәлігі.

      2. Міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтанушыға (сақтандырылушыға) Қағидаларға қосымшаға сәйкес коэффициенттер (бұдан әрі – коэффициент) белгіленіп, тиісті сыныптар (бұдан әрі – сынып) беріледі.

      Сақтандырушының коэффициенттерді қолдануы үшін сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайлары) туралы ақпарат не сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайлары) туралы ақпараттың болмауы, сондай-ақ сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқордан (бұдан әрі – дерекқор) және (немесе) мемлекеттік дерекқорлардан сақтандырушы алған, Қағидаларда көзделген өзге де ақпарат негіз болып табылады.

      "Бонус-малус" жүйесі бойынша коэффициенттерді есептеу және беру үшін қажетті мемлекеттік дерекқорлардан алынған мәліметтерді сақтандырушы дерекқорға береді.

      Ақпарат беруші болып табылатын сақтандырушы ақпарат беру жөніндегі талаптарды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде белгіленген жауаптылықта болады.

      3. Сақтанушыға (сақтандырылушыға) сақтандыру сыныбы берілген кезде оның кінәсінен болған сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайлары), сондай-ақ жасалған міндетті сақтандыру шарттарының санына қарамастан, сыныптың алдыңғы өзгерген күнінен бастап міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандырылған күндер және Қағидаларда көзделген өзге де ақпарат есепке алынуға жатады.

      Сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған сақтандыру жағдайының (сақтандыру жағдайларының) басталуы және ол (олар) бойынша сақтандыру төлемі жүзеге асырылған, Қағидалардың 7, 10, 11, 12, 13 және 14-тармақтарында белгіленген талаптар ескеріле отырып, Қағидаларға қосымшаға сәйкес сақтанушының (сақтандырылушының) сыныбының төмендеуіне әкеп соғады. Бұл жағдайда ең төменгі сынып M2 сыныбы болып табылады.

      Сыныпты одан жоғары сыныпқа өзгерту бір уақытта мынадай шарттар орындалған кезде жүзеге асырылады:

      дерекқорды қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйымда сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайлары) туралы және сыныптың соңғы өзгерген сәтінен бастап дерекқорда есепке алынған ақпараттың болмауы;

      кемінде күнтізбелік екі жүз жетпіс күн мерзімге сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершілігін үздіксіз сақтандыру туралы ақпараттың болуы талап етілетін Қағидалардың 4 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жасалған міндетті сақтандыру шарттарының санына қарамастан, сақтанушының (сақтандырылушының) міндетті сақтандыру шарты бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандырылған сыныптың соңғы өзгерген күнінен бастап кемінде күнтізбелік екі жүз жетпіс күн туралы дерекқорда ақпараттың болуы.

      Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамдар үшін сыныптар бұл құқықтан айыру мерзімі ішінде көтерілмейді. Сыныпты неғұрлым жоғары сыныпқа өзгерту үшін көлік құралын басқару құқығынан айырылған жағдайда, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған күнге дейін жасалған міндетті сақтандыру шарттарының санына қарамастан, сақтанушының (сақтандырылушының) міндетті сақтандыру шарты бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандырылған сыныптың соңғы өзгерген күнінен бастап күндер есепке алынады.

      Осы тармақтың төртінші бөлігінде және Қағидалардың 7, 8, 9, 12, 13, 14-тармақтарында көрсетілген ақпарат есептеу күннің алдындағы күні ақпарат болмаған жағдайда, осы ақпаратқа сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорға қолжетімділік не оны ағымдағы күнгі жағдай бойынша мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау арқылы алу мүмкіндігі болған кезде бонус-малус коэффициенттерін есептеу кезінде қолданылады.

      4. Міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтанушыға (сақтандырылушыға) алғаш рет көтеретін жиырма пайыз коэффициенті қолданыла отырып, 3-сынып беріледі.

      Егер дерекқорда сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша кемінде күнтізбелік екі жүз жетпіс күн мерзімге бұрын үздіксіз сақтандырылғанның болуы туралы ақпарат болмаған жағдайда, міндетті сақтандыру шарты алғаш рет жасалған болып есептеледі.

      5. Мотокөлік құралының иесімен алғаш рет міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде Қағидалардың 6-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сақтанушыға (сақтандырылушыға) 3-сынып беріледі.

      Егер дерекқорда сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша кемінде екі жүз жетпіс күнтізбелік күн мерзімге бұрын үздіксіз сақтандырылғанның болуы туралы ақпарат болмаған жағдайда, міндетті сақтандыру шарты алғаш рет жасалған болып есептеледі.

      6. Қазақстан Республикасының аумағына уақытша кірген (әкелінген) көлік құралдарының иелерімен міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде 13-сынып беріледі.

      7. Сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған және қаза табуға әкеп соққан және сақтандыру төлемі жүзеге асырылған сақтандыру жағдайының басталуы Қағидалардың 6, 8 және 9-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтанушының (сақтандырылушының) сыныбын ең төменгі сыныпқа – М2 төмендетуге әкеп соғады.

      8. Қағидалардың 6 және 9-тармақтарында көзделген адамдарды қоспағанда, заңды тұлғамен, дара кәсіпкермен және шаруа қожалығымен міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде 3-сынып беріледі.

      9. Қағидалардың 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші жеңіл автомобильдер мен жеңіл автокөлік құралдарын жалға беру, жеңіл автомобильдер мен жеңіл автокөлік құралдарын лизингке беру, автобустармен тасымалдау, сондай-ақ такси қызметін жүзеге асыру жөніндегі қызметтерге сәйкес келетін заңды тұлғамен, дара кәсіпкермен және шаруа қожалығымен міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде көтеретін сексен пайыз коэффициентін қолдана отырып, 3-сынып беріледі.

      10. Сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған сақтандыру жағдайын Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңның 22-2-бабына сәйкес сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы реттеу кезінде сақтанушыға (сақтандырылушыға) Қағидаларға қосымшада көзделген сыныптан 1 сыныпқа артық сынып беріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі мынадай:

      сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған екі немесе одан да көп сақтандыру жағдайлары басталған;

      егер сақтанушының (сақтандырылушының) сынып алатын сәтінде қолданыстағы сыныбы М1 немесе М2 болған;

      Қағидалардың 14-тармағының ережелері қолданған жағдайларда қолданылмайды.

      11. Сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған сақтандыру жағдайының нәтижесінде жәбірленушінің (жәбірленушілердің) мүлкі бойынша сақтандыру төлемінің сомасы екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (сақтандырылушыға) осы Қағидаларға қосымшада көзделген сыныптан 1 сыныпқа артық сынып беріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі мынадай:

      сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған екі немесе одан да көп сақтандыру жағдайлары басталған;

      егер сақтанушының (сақтандырылушының) сынып алатын сәтінде қолданыстағы сыныбы М1 немесе М2 болған;

      егер сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған сақтандыру жағдайы жойылуға әкеп соқтырған;

      Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңның 22-2-бабына сәйкес сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі қолданылған;

      Қағидалардың 14-тармағының ережелері қолданған жағдайларда қолданылмайды.

      12. Сақтандыру төлемі жүзеге асырылған сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған сақтандыру жағдайы көлік құралын тіркеу аумағынан тыс жерде басталған кезде сақтанушыға (сақтандырылушыға) Қағидаларға қосымшада көзделген сыныптан 1 сыныпқа кем сынып беріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі мынадай:

      егер міндетті сақтандыру шартын жасасу сәтінде көлік құралын тіркеу аумағына сәйкес келетін түзету коэффициентін есептегенде көлік құралын тіркеу аумағы бойынша коэффициенттің мөлшері сақтандыру жағдайының басталу аумағына сәйкес келетін түзету коэффициентін есептегенде көлік құралының сақтандыру жағдайының басталу аумағы бойынша коэффициенттің мөлшерінен артық болған;

      міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған екі немесе одан да көп сақтандыру жағдайлары басталған жағдайларда қолданылмайды.

      Осы тармақтың мақсаттары үшін көлік құралын тіркеу аумағы бойынша коэффициент Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңның 19-бабының 3-тармағында көзделген мәндерде қолданылады, түзету коэффициенті Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңның 19-бабының 3-1-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен мәндерде қолданылады.

      13. Сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған және сақтандыру төлемі жүзеге асырылған сақтандыру (сақтандыру) жағдайы (жағдайлары) басталған кезде және сақтанушының (сақтандырылушының) жиынтығында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) жауапкершілік көзделген мынадай жол жүру қағидаларын үш және одан да көп бұзу болған кезде сақтанушыға (сақтандырылушыға) Қағидаларға қосымшада көзделген сыныптан 1 сыныпқа кем сынып беріледі:

      1) Кодекстің 592-бабының 3-бөлігінде жауапкершілік көзделген көлік құралының белгіленген қозғалыс жылдамдығын сағатына қырықтан алпыс километрге дейінгі шамаға арттыру;

      2) Кодекстің 592-бабының 3-1-бөлігінде жауапкершілік көзделген көлік құралының белгіленген қозғалыс жылдамдығын сағатына алпыс және одан да көп километрден астам шамаға арттыру;

      3) Кодекстің 592-бабының 4-бөлігінде жауапкершілік көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған көлік құралының белгіленген қозғалыс жылдамдығын сағатына жиырмадан қырық километрге немесе сағатына қырықтан алпыс километрге дейінгі шамаға арттыру;

      4) Кодекстің 592-бабының 5-бөлігінде жауапкершілік көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған көлік құралының белгіленген қозғалыс жылдамдығын сағатына алпыс және одан да көп километрден астам шамаға арттыру;

      5) Кодекстің 596-бабының 3-бөлігінде жауапкершілік көзделген, жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу;

      6) Кодекстің 599-бабының 1-бөлігінде жауапкершілігі көзделген, Кодекстің 607-бабының 1-бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, бағдаршамның тыйым салу сигналына немесе реттеушінің тыйым салу қимылына жол жүру;

      7) Кодекстің 599-бабының 2-бөлігінде жауапкершілік көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, Кодекстің 607-бабының 1-бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, бағдаршамның тыйым салу сигналына немесе реттеушінің тыйым салу қимылына жол жүру;

      8) Кодекстің 600-бабының 1-бөлігінде жауапкершілік көзделген, қозғалыста артықшылыққа ие көлік құралдарының жүргізушілерін қоспағанда, жаяу жүргіншілерге немесе жол жүрісіне өзге де қатысушыларға жол беру туралы жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамау;

      9) Кодекстің 600-бабының 2-бөлігінде жауапкершілік көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, Кодекстің 600-бабының 1-бөлігінде жауапкершілік көзделген, қозғалыста артықшылыққа ие көлік құралдарының жүргізушілерін қоспағанда, жаяу жүргіншілерге немесе жол жүрісіне өзге де қатысушыларға жол беру туралы жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамау;

      10) Кодекстің 606-бабының 1-бөлігінде жауапкершілік көзделген, жол жүрісіне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзуы, яғни қозғалыстың басқа қатысушыларын қозғалыс жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүрлеуі;

      11) Кодекстің 606-бабының 2-бөлігінде жауапкершілік көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, Кодекстің 606-бабының 1-бөлігінде жауапкершілік көзделген, жол жүрісіне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзуы, яғни қозғалыстың басқа қатысушыларын қозғалыс жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүрлеуі;

      12) Кодекстің 590-бабының 5-бөлігінде жауапкершілік көзделген, Кодекстің 590-бабының 6-бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына жауап бермейтін көлік құралдарын басқару, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар немесе жағдайлар болған кезде;

      13) Кодекстің 590-бабының 6-бөлігінде жауапкершілік көзделген, тежегіш жүйесінің, рульдік басқарудың, тартқыш-тіркеме құрылғысының ақаулары бар көлік құралдарын басқару.

      Осы тармақтың ережелерін қолдану үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулылар және (немесе) айыппұл төлеу қажеттілігі туралы нұсқамалар алдыңғы сыныптың өзгерген күнінен бастап, міндетті сақтандыру келісімдерінің санына қарамастан, заңды күшіне енген мерзімде ескеріледі.

      Осы тармақтың ережесі сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған екі немесе одан да көп сақтандыру жағдайлары туындаған кезде қолданылмайды.

      14. Сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған сақтандыру жағдайы (жағдайлары) болған кезде және сақтанушыда (сақтандырылушыда) Кодекспен немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі (бұдан әрі – Қылмыстық кодекс) бойынша жауапкершілік көзделген, мынадай жол жүрісі қағидаларының бірін бұзу орын алған кезде, сақтанушыға (сақтандырылушыға) ең төменгі сынып – М2 беріледі:

      1) Кодекстің 608-бабының 1-бөлігінде жауапкершілік көзделген, көлік құралын жүргізушінің алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде тұрған адамға беру;

      2) Кодекстің 608-бабының 3-бөлігінде жауапкершілік көзделген, көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық мас күйінде басқарған жүргізуші, сондай-ақ көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық мас күйіндегі адамға басқаруға беру нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіру немесе қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері жоқ көлік құралдарына, жүктерге, жол және өзге де құрылыстарға не басқа да мүлікке зақым келтіру;

      3) Кодекстің 608-бабының 3-1-бөлігінде жауапкершілік көзделген, көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық мас күйінде басқарған жүргізуші, сондай-ақ көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық мас күйіндегі адамға басқаруға беру, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайларда;

      4) Кодекстің 608-бабының 3-2-бөлігінде жауапкершілік көзделген, көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық мас күйінде басқарған жүргізуші, сондай-ақ көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық мас күйіндегі адамға басқаруға беру нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіру немесе қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері жоқ көлік құралдарына, жүктерге, жол және өзге де құрылыстарға не басқа да мүлікке зақым келтіру, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайларда;

      5) Қылмыстық кодекстің 345-1-бабында жауапкершілік көзделген, жол қозғалысы ережелерін немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық мас күйінде басқарған адамдардың бұзуы.

      Осы тармақтың ережелерін қолдану үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулылар және (немесе) айыппұл төлеу қажеттілігі туралы нұсқамалар алдыңғы сыныптың өзгерген күнінен бастап, міндетті сақтандыру келісімдерінің санына қарамастан, заңды күшіне енген мерзімде ескеріледі.

      15. Қағидалардың 10, 11, 12 және 13-тармақтарында айқындалған бірнеше шарттарға сәйкес келетін сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен болған сақтандыру жағдайы басталған кезде осы тармақтардың ережелері Қағидалардың 10, 11 және 12-тармақтарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, бірмезгілде қолданылады.

      16. 13-сыныпта 5 жылдан астам үздіксіз тұрған сақтанушы (сақтандырылушы) жеке тұлғалар үшін сақтандырушы тәуекелдерді және (немесе) деректер базасында қамтылған деректерді өзіндік бағалау негізінде айқындалатын коэффициентті қолданады. Бұл ретте қолданылатын коэффициент 13-сынып үшін Қағидаларға қосымшада белгіленген мәннен аспауы және нөлге тең болмауы тиіс .

      13-сыныпта 5 жылдан астам үздіксіз тұрған сақтанушы (сақтандырылушы) жеке тұлғалар үшін сақтандырушының тәуекелдерін меншікті бағалау сақтандыру жағдайының туындау ықтималдығына әсер ететін параметрлерге негізделеді және сақтандырушының директорлар кеңесі бекітеді.

      Егер 13-сыныпта 5 жылдан астам үздіксіз тұрған сақтанушы (сақтандырылушы) жеке тұлғалар үшін қолданылған коэффициент 13-сыныпқа арналған Қағидаларға қосымшада белгіленген коэффициенттің мәніне тең болмаған жағдайда, қолданылған коэффициентті сақтандырушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрбір сақтанушы (сақтандырылушы) бойынша дерекқорға енгізеді.

  Көлік құралдары иелерінің
азаматтық-құқықтық
жауапкершілігін міндетті
сақтандыру бойынша
сақтандыру сыйлықақысын
есептеу үшін "бонус-малус"
жүйесі бойынша есептеу және
коэффициентті қолдану
қағидаларына
қосымша

Міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде тиісті сыныпты бере отырып, "бонус-малус" жүйесі бойынша коэффициенттер:

Сынып

Коэффициент мөлшері

Сақтанушының (сақтандырылушының)кінәсінен сақтандыру жағдайларының болуын есепке ала отырып, міндетті сақтандыру шартын жасасу кезіндегі сынып

сақтандыру жағдайы 0

сақтандыру жағдайы 1

сақтандыру жағдайы 2

сақтандыру жағдайы 3

сақтандыру жағдайы 4 және одан көп

1

2

3

4

5

6

7

М2 сыныбы

3,50

М1

M2

M2

M2

M2

М1 сыныбы

3,00

М

M2

M2

M2

M2

М сыныбы

2,45

0

M2

M2

M2

M2

0 сыныбы

2,30

1

M2

M2

M2

M2

1-сыныбы

1,55

2

М

М1

М2

M2

2-сыныбы

1,40

3

1

М

М1

M2

3-сыныбы

1,00

4

1

М

М1

M2

4-сыныбы

0,95

5

2

0

М1

M2

5-сыныбы

0,90

6

3

0

М

M2

6-сыныбы

0,85

7

4

1

М

M2

7-сыныбы

0,80

8

4

1

М

M2

8-сыныбы

0,75

9

5

2

М

M2

9-сыныбы

0,70

10

5

2

0

M2

10-сыныбы

0,65

11

6

3

0

M2

11-сыныбы

0,60

12

6

3

0

M2

12-сыныбы

0,55

13

6

3

0

M2

13-сыныбы

0,50

13

7

3

0

M2

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкінің Басқармасының
2016 жылғы 30 мамырдағы
№ 140 қаулысына
қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасының нормативтік
құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының
кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық
элементтерінің тізбесі

      1. "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі қызметті ұйымдастыруды және жүзеге асыруды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасының 2010 жылғы 1 наурыздағы № 27 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6159 тіркелген, 2010 жылғы 7 шілдеде Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағының № 12 жарияланған).

      2. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі көрсететін мемлекеттік қызметтердің бизнес-процестерін оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 261 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10211 тіркелген, 2015 жылғы 26 ақпанда "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі көрсететін мемлекеттік қызметтердің бизнес-процестерін оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 5-тармағы.

      3. "Қазақстан Республикасының қаржы нарығы және қаржы ұйымдары мәселелері бойынша кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 12 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13308 тіркелген, 2016 жылғы 14 наурызда "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығы және қаржы ұйымдары мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 3-тармағы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады