Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 13.05.2025 № 231-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрық 01.01.2016 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 35-15) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармақ 333) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 13.05.2025 № 231-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесін жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы нормативті құқықтық актілерінің эталонды бақылау банкіне енгізу үшін елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық түрдегі осы бұйрықтың көшірмелерін жолдауды;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.
Министр | А. Мұхамедиұлы |
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 368 бұйрығымен бекітілген |
Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесін қалыптастыру және жүргізу қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 13.05.2025 № 231-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесін қалыптастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 35-15) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармақ 333) тармақшасына сәйкес әзірленіп, Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесін (бұдан әрі – Ұлттық тізбе) жүргізу тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұрасы (бұдан әрі – МЕММ) – ұрпақтан ұрпаққа берілетін және материалдық емес мәдени құндылық болып табылатын салттар, түсiнiктер мен пайымдардың нысандары, бiлiм мен дағдылар, сондай-ақ олармен байланысты құралдар, заттар;
2) материалдық емес мәдени мұраны сақтаушылар – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларын жасауда, сақтауда және қайта жаңғыртуда маңызды рөл атқаратын, мәдени әртүрлілікті байытатын және адамдардың шығармашылық қабілетін дамытатын жергілікті және этникалық қоғамдастықтар, топтар және кейбір жағдайда жекелеген адамдар;
3) уәкілетті орган – мәдениет саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
4) Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесі – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасының мәдени құндылықтар тізбесі.
3. Материалдық емес мәдени құндылықтарға мына элементтер (бұдан әрі –элемент):
1) МЕММ жеткізгіші ретінде тілді қоса алғанда, пайымның ауызша дәстүрлері мен нысандары;
2) қазақ тілінің сөздік қоры;
3) орындаушылық өнерлер;
4) салттар;
5) әдет-ғұрыптар;
6) мейрамдар;
7) табиғат пен әлемге жататын білім және салттар;
8) дәстүрлі кәсіптермен байланысты білім және дағдылар жатады.
4. Ұлттық тізбені қалыптастыру мен жүргізудің мақсаты МЕММ элементтерінің сақталуын, қорғалуын, құжатталуын, сәйкестендірілуін және жалпы халық арасында насихатталуын қоса алғанда, оның өміршеңдігін қамтамасыз ету, оларды жаңғыртудағы рөлін арттыру болып табылады.
2-тарау. Ұлттық тізбені қалыптастыру және жүргізу тәртібі
5. Ұлттық тізім бұл халықтың әдет-ғұрпын, оны көрсету және білдіру түрлерін, білімдері мен дағдыларын, сондай-ақ олармен байланысты құралдар мен заттарды қамтитын және ұрпақтан-ұрпаққа берілетін Қазақстан халқының мәдени құндылықтарының тізімі болып табылады.
6. Ұлттық тізімді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қалыптастырады және жүргізеді.
7. Ұлттық тізім мәдени құндылықтарды зерделеумен айналысатын жеке және заңды тұлғалардың МЕММ элементі туралы қажетті мәліметтері көрсетілген өтінім негізінде қалыптастырылады.
8. Ұлттық тізімді қалыптастыру кезінде уәкілетті орган өтінімді қабылдау басталғанға дейін кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын Ұлттық тізімге енгізу үшін өтінім қабылданатыны жөнінде хабарландыруды өз Интернет-ресурсында орналастырады.
9. Мәдени құндылықтарды зерделеумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар Ұлттық тізімге енгізу үшін осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінімді уәкілетті органға қағаз тасымалдағышта және электронды тасымалдағышта NKN-Perechen@gmail.com электронды мекенжайына жолдайды, оған міндетті түрде МЕММ элементінің фотосуреттері, бейне немесе аудиоматериалдары (таныстыру үшін) қоса беріледі.
10. Уәкілетті орган өтінім келіп түскен күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күн ішінде Ұлттық тізімге енгізу бойынша ұсынымдық сипаттағы шешімді (бұдан әрі – ұсыным) алу үшін материалдарды уәкілетті орган жанынан құрылған мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия (бұдан әрі – комиссия) мүшелеріне жолдайды.
11. Комиссия мүшелері өтінімді алғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде МЕММ элементі туралы мәліметтердің маңыздылығы мен сабақтастығы, сондай-ақ МЕММ элементтерін Қазақстан аумағында тұратын этностар, топтар немесе жекелеген тұлғалар өздерінің мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде танып қолдануын айқындау бөлігінде қарастырып, талдайды.
12. МЕММ элементін Ұлттық тізімге енгізуді айқындау жөніндегі ұсыным мәдениет саласындағы уәкілетті орган жанынан құрылған құрамына тарих, мәдениет және өнер салаларындағы танымал қайраткерлер, ғалымдар мен сарапшылар, сондай-ақ шығармашылық бірлестік өкілдері кіретін комиссия отырыстарында ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
13. Комиссияның ұсынымы негізінде уәкілетті орган 10 (он) жұмыс күні ішінде МЕММ элементтерін Ұлттық тізімге енгізеді.
14. Ұлттық тізімге енгізілген әрбір МЕММ элементіне тіркеу нөмірі беріледі.
15. Бекітілген Ұлттық тізім уәкілетті органның ресми Интернет-ресурсында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде орналастырылады.
Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесін қалыптастыру және жүргізу қағидаларына қосымша |
Нысан
Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесі
№ | МЕММ элементінің толық атауы | МЕММ элементінің түрі | МЕММ элементінің сипаттамасы (қандай да бір этносқа тиесілігі, сондай-ақ жанры, пайда болу тарихы, МЕММ-ны сақтаушылар және тағы басқа сипаттайтын мәліметтер) |
МЕММ элементі |
Фотосуреттер, видео немесе аудио | МЕММ элементінің сақталу деңгейі |
Ұлттық тізімге МЕММ элементін енгізген мәдени құндылықтарды зерделеумен айналысатын жеке және заңды тұлға |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
Ескерту:
МЕММ – материалдық емес мәдени мұра.
ТАЖ – тегі, аты-жөні (болған жағдайда).